Басты жаңалықтар

Қобда ауданы бас жүлдені жеңіп алды

 «Туған жерім — нұрлы елім!»

Дүйсенбі күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда «Туған жерім — нұрлы елім!» акциясы аясында өткен облыс аудандары күндерінің қорытындысы шығарылды. Шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жеңімпаздарды құттықтап, сый-сияпат тапсырды.

Салтанатты шара облыс аудандары би ұжымдарының «Шашу» биімен басталды.

Бұдан кейін аудандардан келген өнерпаздар ортада өз өнерлерін көрсетіп, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлады. Сахнаға алғашқы болып Мұғалжар ауданынан келген «Жасын» вокалды-аспапты ансамблі шығып, Б.Жанесованың сөзіне жазылған Н.Бүркіттің «Ақтөбем» әнін орындады. Одан кейін ортада ырғыздық «Әсем наз» би ұжымы «Аманат» биін билеп, Байғанин ауданынан келген «Ақниет» отбасылық ансамблі, алғалық «Ақ жол» вокалдық тобы, сондай-ақ Хромтаудан келген «Замандастар» әжелер тобы халық әндерін шырқады. Шалқар ауданының өнерпаздары театрландырылған әдеби-музыкалық қойылым қойып, ойылдық «Көкжар жұлдыздары» вокалдық тобы А.Бексұлтанның «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындады.

Театрдың кең сахнасында аудандардан келген дәстүрлі әншілер — Қанат Үсенбеков, Әділет Күзенбаев, Айнұр Қосанова, Жанболат Аяповтар әннен шашу шашса, қарғалылық «Ложкари» фольклорлық ансамблі ортада би биледі.

Шарада Әйтеке би ауданынан келген Гүлайым Пірмағамбетова, мәртөктік жас өнерпаз Шәмші Самғатұлы, темірлік өнерлі жұп Мерхат, Нұргүл Шылмурзиндер, сондай-ақ Қобда ауданынан келген «Жігіттер» вокалдық тобы патриоттық әндер шырқап, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

 

Бұдан кейін сахнаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шығып, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

  • Біздің негізгі міндетіміз — ұлтымыздың өнерін, салтын, әдебиетін, дәстүрін келер ұрпаққа жеткізу. Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі — өнерімізге, мәдениетімізге, әдебиетімізге қазіргі заман талабына сай жаңалықтар енгізу. «Туған жерім — нұрлы елім» атты акцияны өткізгендегі мақсатымыз — осы өңірде тұрып жатқан азаматтардың, сондай-ақ Ақтөбе жерінде туып, басқа жерде өмір сүріп жатқан жерлестеріміздің Ақтөбеге, Қазақстанға, жалпы өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру. Биыл жаз бойы облысымыздың барлық ауданы, Ақтөбе қаласының ауылдық округтері облыс орталығында өздерінің күндерін өткізді. Ондағы мақсат — аудандардың мүмкіндіктерін, жетістіктерін қала тұрғындарына жеткізу, қайырымдылық шаралары арқылы өздерінің көмектерін, қолдауларын көрсету, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев биыл аталған акцияға облыс тұрғындарының барлығы атсалысқанын, келер жылы аудан күндері өзгеше өткізілетінін, сондай-ақ акция аясында халық игілігі үшін берілген жаңа ғимараттар толығымен пайдаланылатынын жеткізді.

— Акцияны өткізуде әлі де болса кемшіліктер бар. Ал оның бәрі аудан басшыларына байланысты. Бүгінгі шараға аудандардан абыройлы, белгілі азаматтар келіп отыр. Оларды өз аудандарының жетістіктерін көрсін, аудан әкімдеріне баға берсін деп шақырып отырмыз. Аталған акцияның мақсаты — ауылдағы таланттарды шығару, басқа өңірлерге көрсету. Қарап отырсақ, басқа өңірлерде біздің Жұбановтар сияқты әулет жоқ. Ол топыраққа, киелі жерге байланысты. Сондықтан облыс басшылығы атынан барлық аудан тұрғындарына, өнерпаздарға ерекше алғыс айтамыз. Ақтөбенің абыройы, беделі арта берсін! — деді Б.Сапарбаев.

Құттықтау сөзінен кейін Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің Алғыс хаты мен 1 миллион теңгенің сертификатын аудан күндері аясында спорттық шараларды үздік ұйымдастырғаны үшін «Спорт — денсаулық кепілі» номинациясымен Шалқар ауданына және көрмелерді үздік ұйымдастырғаны үшін «Өркенімен өрісті, қолөнері келісті» номинациясымен Байғанин ауданына табыстады.

Шарада облыс әкімінің Алғыс хаты мен 1 миллион 500 мың теңгенің сертификатын үздік көше мерекесін өткізгені үшін «Тарихи есім — ұрпаққа ұлағат» номинациясымен Ойыл ауданы, бастамашылық жаңа идеялары үшін «Жаңа рух, жаңа серпін» номинациясымен Мәртөк ауданы иеленсе, облыс әкімінің Алғыс хаты және 2 миллион теңгенің сертификатымен «Өнерімен өрісті» номинациясы бойынша Мұғалжар ауданы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін үздік ұйымдастырғаны үшін «Жері байдың елі бай» номинациясымен Темір ауданы марапатталды.

Шара соңында облыс әкімі «Туған жерім — нұрлы елім!» акциясының Бас жүлдесін, сондай-ақ 10 миллион теңгенің сертификатын Қобда ауданына табыс етті.

Сахнаға шыққан аудан өкілдері облыс әкімімен естелік суретке түсіп, барлық ауданнан келген өнерпаздар ортада «Ақтөбе» әнін шырқады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button