Мәдениет

Сахнаның сыйлықтары

Өткен сенбіде «Алақай» қуыршақ театры ғимаратында халықаралық театр күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шара болып өтті. Оған қаладағы   барлық театр ұжымдары қатысты.  Әр театр шағын қойылымдарын жұртшылық назарына ұсынды.  Т.Ахтанов атындағы драма театрдың қазақ труппасының балаларға арналған «Үй таңдаған лақ» қойылымындағы Дәметкен Құсайынованың   сүп-сүйкімді лағы қайда барса да  теперіш көреді. Орыс труппасының актерлері «Таланттар қалғып кетуге айналды» деген қалжыңдарының соңын «Театр — тірілердің тірісі!» деп көтеріңкі нотада аяқтап, Ленин атамызды бір еске салды. «Алақай» театры «Бөгетсайдан келген күйшісімен» күлдірді, домбыраны біресе қолымен, біресе башпайларымен тартқан қуыршақ театры артистерінің шеберлігі тәнті етті. Сыған қызының рөлі де көрерменді бір сілкінтті. «Екі езу» эстрадалық миниатюра театры баяғы «Көрші қияметімен» шықты. «Лестница» атты эксперименталды жастар театрының өнері өзгеше болды. Құлағының кемшілігі бар жандардың «Мы вас любим», «Балаганчик» клоунада театрлары тамаша өнер көрсетті.  Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қыдырғали  Ермұханов Т.Ахтанов атындағы   қазақ, орыс драма және «Екі езу» театрларына, актер Орал Байсеңгіровке «Ноутбук» компьютерлерін сыйға тартты. Сахна жұмысшыларына, артистерге Құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлықтар тапсырды. «Актюбинский вестник» газетіндегі әріптесіміз Гүлсім Назарбаева баспасөзде театр өмірін насихаттағаны үшін арнайы сыйлыққа ие болды. Ал театр қойылымдары туралы газеттерде үнемі мақалалар жариялап жүретін Аманжол Қорғанбаевтың еңбегі еленіп, сыйлық алды. Бұл күн шын мәнісінде театр адамдары үшін есте қаларлықтай мереке болды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button