Басты жаңалықтарЭкономика

9 айда тауар айналымы 146%-ға өскен

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-ыншы отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ Ресейден келген делегация өкілдері, облыстық басқарма басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

Жиында Асқар Мамин инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсететін, сондай-ақ өнеркәсіп пен энергетика саласындағы инвестицияны арттыруға ықпал ететін екі ел арасында индустриалды-инвестициялық әріптестікке бағытталған бағдарлама жасақталғанын атап өтті.

  • Қазақстан алдағы уақытта ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынасты жалғастыра отырып, газ-мұнай саласында екі ел арасындағы әріптестікті тиімді пайдалануға дайын екендігін білдіреді. Сондай-ақ бүгінгі күні екі ел арасындағы маңызды бағыттардың бірі — транзиттік көлік әлеуетін дамыту. «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» автокөлік жолының ресейлік бөлігінің құрылысына байланысты қазіргі кезде арнайы меморандум аясында Қытай елі өз аумағындағы ұзындығы 3 425 шақырым болатын өз жобасын аяқтады, — деді ол.

Бұдан кейін отырыста Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов өз ризашылығын білдіріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізген Ақтөбе облысы Ресей Федерациясымен шекараласып жатқанын, алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану керектігін жеткізді.

Қазір екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс нығайып келеді. Бүгін біз ірі жобаның куәгері болып отырмыз. Бұл — бірлескен жоба. Өнімнің бір бөлігі Ресейде өндірілсе, ал түпкілікті өнім Қазақстан аумағында өндіріледі. Рельстер Ресейдің теміржолдарына төселеді. Сондай-ақ, зауыт өнімдері Орталық Азия елдерінде сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Сондықтан осы кәсіпорынға сәттіліктер тілеймін, — деді И.Шувалов.

Басқосуда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев маңызды іс-шараның Ақтөбеде өткеніне алғысын білдіріп, үкіметаралық комиссия қызметінің тиімділігі мол екендігін атап өтті.

—  Біз, әсіресе, шекаралас аймақтар комиссия тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдауды іс жүзінде сезінеміз. Көптеген мәселелер екі ел басшылары жасаған жағдай мен мүмкіндіктердің арқасында шешілуде, — деді Б.Сапарбаев.

Отырыста Үкіметаралық комиссия мүшелері түрлі салалардағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін қарастырып, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің нақты шараларын белгіледі. Соның ішінде Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясының Орынбор облысы арасындағы шекарада орналасқан «Жиренқопа-Первомайское» өткізу пунктіне халықаралық мәртебе беру мәселесі талқыланды.

Бердібек Сапарбаев бұл қадамның Ақтөбе мен Орынбор облыстары үшін өте өзекті екендігін жеткізді.

  • Бүгінде аталған пункт аптасына үш күн жұмыс жасайды. Пункт тек Қобда мен Соль-Илецк аудандары тұрғындарын, сондай-ақ жеңіл автокөліктерді ғана өткізеді. Біз бекеттің еліміздің өзге өңірлердегі тұрғындары мен жүк көліктері үшін де қолжетімді болып, үнемі жұмыс жасауын сұраймыз, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев «Жиренқопа-Первомайское» өткізу бекетінің мәртебесін кеңейту екі ел арасындағы сауда-саттықтың әрі қарай дамуына тигізетін ықпалы мол екенін жеткізді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық өнеркәсіп, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, білім, мәдениет, т.б. салалар бойынша жолға қойылған. Соның нәтижесінде биылғы жылдың 9 айында тауар айналымы 828 млн долларды құрап, 146%-ға өскен. Оның ішінде Челябинск, Орынбор облыстарымен өзара сауда-саттық үш есеге артқан.

Облыста Ресей капиталы қатысатын 650 компания табысты жұмыс жасайды.

Өзара әрекет етудің үлгісі ретінде ресейлік «Металлоинвест» компаниясынан фасон және рельс прокаты үшін дайындамалар сатып алатын Ақтөбе рельс-арқалық зауыты мен Новотроицк хром қосындылары зауытына хром рудаларын жеткізетін «Қазхром» ТҰК» АҚ айтуға болады.

Алдағы уақытта облыс экономикасына 868 млн доллар инвестициялаған және осы өңірде 1700 жұмыс орнын құрған «Орыс мыс компаниясы» геологиялық барлау, руда кен орындарын өнеркәсіптік игеру мен кәсіпорынды жаңғырту үшін тағы да 230 млн доллар инвестиция салуға ниетті. 2018 жылы әлеуметтік жауапкершілік аясында «Орыс мыс компаниясы» есебінен мүгедек балаларды емдейтін емхана құрылысы басталмақ.

2018 жылы облыста орынборлық «Нан өнімі —2» ЖАҚ-ымен бірлесе нан комбинатын салу жоспарланған. Бұл жобаның инвестиция көлемі — 4,5 млн доллар.

Шара соңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов екі ел арасындағы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

Отырыстан кейін Асқар Мамин, Игорь Шувалов және Бердібек Сапарбаев Назарбаев зияткерлік мектебі мен Шығармашылық академиясын аралады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button