Басты жаңалықтар

Алғашқы слеттің қуанышы

Іскер әйелдер

Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет I облыстық ауыл әйелдері слеті өтті. Шараға Ақтөбе қаласынан және өңір аудандарынан келген 400-ге жуық қыз-келіншек жиналды.

Басқосуда облыс әйелдерінің отбасы жағдайлары туралы өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ өңірдегі қыз-келіншектердің жеке кәсіппен айналысуы, өз істерін бастап, оны жүргізуі жайында жан-жақты кеңестер берілді.

Шараның ашылу салтанатымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ана мен баланы қорғау, ұрпақ тәрбиесі жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Халқымыз қай кезеңде де әйел затына құрмет көрсеткен. Әйел — қоғамның тірегі, отбасының ұйытқысы.

Бүгінгі күні облыста «Аналарға тағзым» атты орталықтың  құрылысы басталды. Бұл Қазақстанда алғаш рет өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосатын орта болмақ, — деді.

Сондай-ақ Е.Нұрғалиев жетістіктермен қатар қоғамдағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Мәселен, Ақтөбеде 9 айдың ішінде 4248 отбасы шаңырақ көтерсе, 1760 ажырасу деректері тіркелген. Жиын барысында осы ажырасу мәселесінің алдын алу шаралары, бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау тақырыптары әңгімеленді.

Қыркүйек айында Астана қаласында өткен халықаралық форумға қатыстық. Сол жиында өңірлерде ауыл әйелдері арасында осындай шаралар өткізуге ұсыныс айтылды. Бұл ұсынысты облыс басшысы қолдап, енді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылу жоспарланып отыр, — деді облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова.

Шараға қатысушы Ырғыз ауданынан келген Нахия Төремұратова кәсіппен айналысушыларға мемлекет тарапынан қолдаудың зор екенін айтады.

Мен өз отбасыммен шағын кәсіпкерлікпен айналысамын. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ырғыз аудандық филиалы арқылы үнемі құқықтық кеңестер алып келемін. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауын сезініп, өзіміздің тұрғын үй аумағынан жер рәсімдеп, несие алдық. Бүгінгі күні «Ғани» моншасын және «Сақтаған» дүкенін салдық. Қазір екеуі де жергілікті тұрғындар үшін үздіксіз қызмет көрсетіп тұр.

Бүгінгідей облыстық әйелдер слетіне қатысқаныма қуаныштымын. Себебі мұндай тағылымы мол жиындар біз секілді кәсіпкерлерге жаңа серпін, күш берері анық, — дейді Н.Төремұратова.

Шара соңында облыстың қоғамдық және саяси өміріне белсене араласқан, ел экономикасының дамуына үлес қосқан бір топ әйелдерге облыс басшысының атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Олардың қатарында Қарғалы ауданынан Кәмшат Байханова, Әйтеке би ауданынан Ләззат Боранбаева,  Ырғыз ауданына Бақыт Ботанова, барлығы 15 адам бар.

Слетке қатысушылар «Жұбановтар әлемі», Жекпе-жек сарайы, Өнер орталығы сынды жаңа ғимараттарды аралады. Сондай-ақ «Ақбөбек» балалар орталығының жұмысымен танысты. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Айман-Шолпан» қойылымын тамашалады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button