Мәдениет

«Өмір шындығынан туған туынды ғана тартымды болмақ»

…«Ақтөбенің» байырғы оқырманы Зияш Телеуованы жақсы біледі. Ол — 40 жыл бойы қолынан қаламын тастамаған журналист, соның ішінде «Ақтөбе» газетінде де ұзақ жылдар еңбек етті.

Сондай-ақ, Зияш Телеуова — детектив жанрында жарық көрген бірнеше шығарманың авторы.

Біз жуырда ғана 70 жасқа толған әріптес апаны мерейтойымен құттықтай барып, сөзге тартқан едік:

 — Дәстүрлі сұрақтан бастасақ: «Сөз өнері дертпен тең» — деген. Сізге жазу дерті кімнен «жұқты»?

— Барша қазақ қаламгерінің рухани азығы, алтын бесігі — ауыл. Мен де солардың бірімін. Белгілі жазушы Дулат Исабеков: «Осы күні жазып жүргенім бала күнгі есімде қалғандарымның жаңғырығы сияқты» — дейді. Қаламгер атаулының не жазса да, көкірегінің көмбесінде жатқан ауыл деген асылдың алтын сынығын сыналап енгізіп кетпейтін жері жоқ. Сол ауылдың тілімен дүниені танып, сол ауылдың тілімен ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқыдық..

Ұзақ жылдар журналистік кәсіпті серік еттім. Оқырмандарымның алдындағы қарызым мен парызымды өтедім деген үміттемін. Ал, кейінгі жылдары жарық көрген кітаптарыма келсем, бәлкім, әр журналистің қоржынында сәл де болса, ақындықтың не жазушылықтың ұшқыны жататын болар? Бәлкім, әдебиетке деген сүйіспеншіліктің, көп оқығанның ықпалы болар? Біз «Лениншіл жас» газеті, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының бірде-бір нөмірін жібермей оқитын едік. Ол кезде очерк жанрына қалам тербеушілер көп болатын. Әңгіме іспеттес, көркемдеп жазылған очерктерді бас алмай, қайта-қайта оқитынбыз. Әрине, біздің ұғымымызда, әдеби кітап оқымайтын, газет оқымайтын адамның тілші болуы мүмкін емес еді…

— Детектив жанрында бірнеше шығармаңыз жарық көрді. Ал туған әдебиетімізде бұл жанрда қалам тербегендер жоқтың қасы…

— Біздің әдебиетімізде өте сирек дегенмен, бұл жанрдың әлем әдебиетінен ойып орын алғанына, тіпті осы жанрдағы туындылардың оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие болғанына аз уақыт өткен жоқ. Мен бастапқыда Агата Кристиді сүйіп оқитынмын. Оған Борис Акунин, Шыңғыс Абдуллаевтар қосылды. Ал қазіргі шытырман оқиғаға толы өмірдің өзі кез келген қаламгерге «мені жаз» деп тұрғандай әсер етеді. Мен алдымен балаларға арнап детектив кітап жаздым. Ол 2009 жылы «Жеті Жарғы» баспасының демеушілігімен жарық көрді. 2013 жылы «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы» атты шығармаларым мемлекеттік тапсырыс арқылы «Жазушы» баспасынан жарыққа шықты. Осы кітаптар электрондық нұсқада «Әдебиет порталына» да енгізілді.

2016 жылы, ұйымдастырушылардың шақыруымен, Алматыда өткен «Полифония» халықаралық әдеби фестиваліне қатыстым. Осы жиынға қатысқан Ресей жазушыларының сұрауымен кітаптарым халықаралық интернет желісіне орналастырылды. Яғни, оларды шетелдік қандастарымыз да оқи алады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы «Балалар әдебиеті» баспасының демеушілігімен жасөспірімдерге арналған «Құлаған үйдің құпиясы» атты детективім жарық көрді.

— Сіздің шығармаларыңызда зұлымдық, жамандық жолындағы кейіпкерлердің барлығы түптің түбінде жеңіліс тауып, басқаларға арнап қазған орларына өздері түсіп, үлкен сәтсіздікке ұшырап жатады. Өмірде де әр жамандықтың соңы осылай аяқталатынына сенесіз бе? 

— Агата Кристидің «Ночная тьма» деген романын бірнеше рет оқып шыққан едім. Бұл шығарманың бас кейіпкерлері — Майкл Роджерс пен Элли. Бірі — өз құлқынының, ал екіншісі — байлығының құлы. Дүниенің соңына түсіп, сол жолда ешкімді аямаған бұлар ақыры өз түптеріне өздері жетіп тынады. Осыған ерекше риза болатынмын.

Әрине, өмірде де, әдебиетте де басқаша жағдайлар кездеседі. Зұлымдар да діттеген мақсаттарына жетіп, шалқып өмір сүріп жатқандай көрінеді. Бірақ ол — уақытша, алдамшы өмір. Уақыты келгенде, зұлымдық жасаған адамның заң алдында болсын, ар алдында болсын, міндетті түрде өз жазасын алатыны сөзсіз. Осыны адамдардың есіне жиі-жиі салып тұру қаламгердің басты борыштарының бірі деп ойлаймын.

— Аудармамен айналысу туралы жоспарыңыз бар ба?

— Мен, негізінен, детектив жанрына келуді аудармадан бастадым. Ресейдің бірнеше жазушысының осы жанрдағы балаларға арнаған шығармаларын аударып шықтым. Сондай-ақ, Агата Кристидің «Тайна семь циферблатов» деген романын аудардым. Алайда оларды жарыққа шығаруға ұсынып көрмеген едім. Жуырда ғана бір журналға ұсындым. Әзірге олардан жауап алғам жоқ.

— Саяхаттаған кездеріңізде ақын-жазушылар музейлеріне баруды ұнатасыз ба? Кімдердің музейінде болдыңыз? Әсерлеріңізбен бөліссеңіз?..

— Отбасы, жұмыс, шығармашлығым бар…  Осы кезге дейін саяхаттауға уақыт таппаған екенмін. Музей демекші, біздің Ақтөбе өңірі де ақын-жазушылардан кенде емес. Соларға арнап Ақтөбеден бір музей ашылса, сол музейде мерейтойлары атап өтіліп, шығармаларын насихаттауға арналған шаралар өткізіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

— Кейде «Шығармашылыққа кеш келдім-ау» деген ой мазаламай ма? 

— Жазу адамының жаза алатындай жағдайы болса, жасқа қарап тұрған ештеңе жоқ секілді. Мысалы, ресейлік Дарья Донцова әдебиетке кеш келді, ал бір сұхбатында жылына (!) он екі кітап жазатынын айтыпты.

— Ал оқырман ретінде қазіргі әдебиетіміз туралы не айтар едіңіз? Кейінгі туындыларды оқисыз ба?

— Қазіргі танымал сайттарға шығып жатқан жаңа туындыларды әрдайым оқимын.

Әдебиет — өмір шындығы. Оқиға желісінде, түпкі мән-мағынасында шындық жоқ, құр сылдыр сөзден құралған шығарма оқырманды тартпайды. Оның өмірден алшақ дүние екенін бірден біле қояды. Сондықтан, меніңше, қазіргі қаламгер романтикадан гөрі, реализмге жақындап, өмірден туған туындылар жазуға ұмтылыс жасауы керек.

— Сіз 40 жылдан астам уақыт баспасөз саласында жемісті еңбек еттіңіз. Отбасында сүйікті жар, бақытты анасыз… Өткенге көз салғанда, қандай да бір өкінішіңіз бар ма?

— Бір өкінішім — орысша оқыған балаларым жазғандарымды жете түсінбейді-ау деген ой. Кеңестік кезеңде орысша білмейтіндер, тіпті оқып-түсінсе де, сөйлеп-жаза алмайтындар «екінші сортқа» жатқызылды. Қазақ тілін ғана меңгергендер білімі мен қабілеті өзінен төмен жандардан төменшіктеп ғұмыр кешуге мәжбүр болды. Содан болар, мен балаларымды орысша оқыттым. Бұл бір менің ғана емес, көптеген замандастарымның басында бар өкініш болса керек. Әлі де болса, туған тіліміз төңірегіндегі кертартпа пікірлер жақсылық жағына өзгерер деген үміттемін. Өйткені тілін ұмытқан адам өз ұлтының толыққанды перзенті бола алмақ емес. Ал өз ұлтыңның перзенті бола алмау — үлкен зауал.

 Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button