МәдениетРухани жаңғыру

Бақтығалидың «Күзгі әуені»

Облыстық халық шығармашылығы үйінде ҚР мәдениет қайраткері, халықтық «Жазира» ұлт аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі, композитор Бақтығали Жұмалиннің «Күзгі әуен» атты концерті өтті.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған концертте автордың түрлі жанрда жазылған әндері орындалды. Атап айтсақ, Б.Біләлдің сөзіне жазылған композитордың «Күзгі әуен» атты жаңа әні концертті бастап берсе, әрі қарай да «Үмітімді үзіп кеткенде…», «Апа, сені сағындым» сияқты су жаңа әндердің «тұсауы кесілді». Сондай-ақ, кеш барысында халықтық «Жазира» ұлт-аспаптар ансамблі Түркештің «Көңілашар», Құрманғазының «Адай» күйлерін және композитордың «Сағынышпен», «Еске алу композициясы» деп аталатын туындыларын нәшіне келтіріп шырқады.

«Күзгі әуенде», мұнымен бірге, М.Мақатаев, М.Шаханов, Е.Ашықбаев, Н.Қалауов, Г.Шәмшиева, өзге де ақындардың сөздеріне жазылған әндер айтылды. Кеш иесінің, атап айтқанда, «Желтоқсан алаңы», «Ару қалам — Астанам», «Тұсау кесу жыры» әндерін Ақторғын Ноғаева, Нұргүл Рамазанова, Құралай Әленова орындады. Концерт композитордың шәкірті, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Айбат Мақашевтың орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бақыт деген…» әнімен аяқталды.

Айта кетейік, Бақтығали Жұмалин 1994 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын «баян» және «фортепиано» бөлімдері бойынша тәмамдаған. Б.Жұмалиннің әндерін белгілі әншілер А.Нұрмағанбетова, М.Әйтімов, Г.Юсупова, Б.Шадаева, Ж.Арыстанова, Е.Сәдуақасов және т.б. орындайды. Композитордың 200-ден астам туындысы бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button