Құқық

Заңдылық сақталуымен құнды

Прокуратура

Облыстық прокуратурада заңдылықтарды сақтау жөніндегі консультативтік кеңестің мәжілісі болып өтті. Кеңес төрайымы Мәрия Тәжібаева күн тәртібіне ұсынылып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды. «Бүгін біз мемлекеттік органдардың азаматтардың және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау аумағындағы заңдылықтарды нығайтуға қатысты алынып жатқан шаралар туралы қарастырамыз. Қандай кемшіліктер орын алып отыр, соны анықтауымыз керек», —  деп атап көрсетті ол.

Жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Гүлжан Игібаева баяндама жасады.

— Соңғы бес жыл ішінде өкілетті органдарға арыз-шағымдар жазу 86 пайызға азайды. Назар аударарлық жайт, көптеген өтініштер түсінік беру арқылы қанағаттандырылды. Демек, тұрғындар арасында заңдылықтарды түсіндіру жұмыстарына көңіл бөлу қажеттігі байқалады, — деді ол.

Тұрғындар арасында сұрау салу барысында олардың білім беру саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметіне қанағаттанбаушылық деректері байқалды. Көпшілік тұрғындар арыз-шағымдарды қарау ұстанымын өзгерту керек деп санайды.

Кеңес отырысында баяндамашы облыстық басқармалар мен департаменттердің арыз-шағымдармен жұмыс істеу практикасынан деректер келтіріп, талдаулар жасады.

Соңғы үш жыл ішінде арыз-шағымдарды қарау саласында жүргізілген 78 тақырыптық тексеру нәтижесі бойынша тәртіптік жауапкершілікке 85 лауазымды тұлғалар тартылды.

Азаматтардың сенім деңгейін көтеру мақсатында, сондай-ақ олардың мәселелерін оңтайлы шешу үшін шілде айында Құқықтық қызметтер орталығы ашылды. Оның жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдары, адвокаттар мен медаиторлар тартылады.

Жиында биылғы жылы жазда қабылданып, іске қосылған «Прокуратура туралы» жаңа Заңның мәні туралы айтылды. Жаңа Заңның қабылдануымен мемлекеттік органдардың қызметіндегі тексерулер жүргізу негіздемесі қысқартылды, сондай-ақ прокуратура органдарында арыз-шағымдарды қарау тәртібіне өзгерістер енгізілді.

— Жаңа талаптарға сәйкес қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда арыз-шағымдарды қарау тәртібі туралы заңдылықтардың сақталуы мәселесін тексеру біздің жоспарымызға енбейді, — деп атап көрсетті прокуратура қызметкері. Дегенмен барлық мемлекеттік органдар прокуратура аппаратына арыз-шағымдар бойынша жұмыс жағдайы туралы ақпаратты ұсынып отырады. Прокуратурада түскен ақпараттарды талдау жолымен бұл бағыттағы жұмыстарды жақсарту көзделуде.

Кеңес отырысында азаматтардың мемлекеттік органдарға арыз-шағымдарына байланысты облыс прокуратурасында тұрақты мониторинг жүргізу, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдардағы ахуалды зерттеу ұсынылды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button