Ресми

Жасампаздық — жолымыз

Қазіргі кезде Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігіндегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды лайықты жүргізіп және оның жемісін көріп келе жатқан ел десек артық айтқандық емес.

Қуаныштысы сол, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан ертеңгі ел иесі — өскелең ұрпақтың  бәсекеге барынша қабілетті  елдің азаматы болып өсуі  барысында  атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің  мәжілісінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Тұтастай алғанда, партия жастарды партияға тартуға, жастар проблемаларын, оның ішінде ауыл жастарының проблемаларын шешуге, патриоттық жұмыстарды нығайтуға бағытталған өзінің жастар қанатының іс-қимыл стратегиясын жасауы тиіс», — деп партияға жастармен жұмысты бесінші басым міндет етуі осы сөздердің дәлеліндей.

Бүгінгі күні   жастардың жан-жақты дамып, әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, таңдаған мамандық иесі болуына көптеген жағдай жасалып отыр. Елбасымыздың бастауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Болашақ», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары көрегенді саясаттың жемісі. «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», — деген екен Ш. Уәлиханов. Тәуелсіздік пен жастарға білім беруді саясаттың басты шарты ретінде алға қойған Елбасы қашанда біздің буынға үміт артады.

Көрегенді саясаттың жемісін – Астана қаласы  деп білеміз. Астанамыз — болашаққа зор үмітпен көз жүгірткізетін, ертегі әлеміндей жастықтың, болашақтың шаһары.  «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы — көкірегі ояу, көзі ашық, елінің патриотымын деген жандардың басын қосатын іс-шара. Аталмыш жоба сонымен бірге жастарды отансүйгіштікке, еліне, жеріне деген махаббатын арттыра түсетін мазмұнды іс-шаралар жиынтығы.

Жастарымыз ар-намыс, парызға сенімділік, парасаттылық, Отанымыздың өркендеуі жолындағы жасампаздық сияқты жоғары құндылықтардың  жолын ұстанып өсуі тиіс. Өзіне қатысты талапшылдық, төңірегіндегілерге қатысты адалдық, елге қатысты сенімділік — өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі шешуші сәттер, міне, осылар.

Біздер, «Жас Отан» жастар қанатының бір топ мүшелері, биылғы Жолдауда айтылған алғы күннің міндеттерінің абыройлы орындалуына өз үлестерімізді қосамыз деп берік сеніммен айтқымыз келеді.

А. Бөлекова,

«Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалы

«Жас Отан» жастар қанатының

атқарушы хатшысы,

Г. Мүсірова, Г. ӘБНАСЫРОВА, Н. РАХМЕТОВ, У. ЗАИНОКОВА, А. САЛЫҚОВА, Е. БАДЕЛОВ, М. САБЫРҒАЗИЕВ, И. ОРАЗЫМБЕТОВ, Е. ШЫМА, Н. ЖӘЛЕЛОВ,

«Жас Отан» жастар қанатының мүшелері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button