«Ақтөбе — құтты мекен»Мәдениет

Сағи ақынмен сырласу

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Туған жер» республикалық форумы аясында «Сағи ақынның сырласы» атты кездесу кеші өтті.

Шараға ақын әуелі Сағи Жиенбаевтың зайыбы Өзипа Жиенбаева, белгілі жазушы, жерлесіміз Қажығали Мұхамбетқалиұлы, белгілі ақындар Ертай Ашықбаев, Жақсылық Айжанұлы, сондай-ақ кітапхана оқырмандары  қатысты.

Кездесу кешінде Сағи Жиенбаев туралы деректі фильм көрсетіліп, көрермендер ақын өмірінен алынған шағын қойылымды тамашалады.

Шарада Сағи Жиенбаев туралы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  Қажығали Мұхамбетқалиұлы өзінің естеліктерін айтып, ақынның өлеңдері жайлы сөз қозғады.

—  Сағи Жиенбаев — қазақ поэзиясында ешкімге ұқсамайтын өзіндік орны бар ақын. Өкінішке қарай, ақын өмірден ерте кетті. Біз ағалы-інілі болып сыйласқан едік. Оның өмірден өткеніне биыл 23 жыл толады. Соған қарамастан қимас аға туралы естеліктер айтсақ, кәдімгідей тығылып тұрып қалатын кездеріміз көп болады.

Сағи ақынның өлеңдері өзгелерге ұқсамайтын. Оның өлеңдерінің барлығы ешкім айтпай, түсіндірмей-ақ өзінен-өзі сөйлеп тұратын, жүрегіңе жақын, шуақ шашып тұратын, — деді ол.

Кеш барысында ақынның зайыбы Өзипа Жиенбаевамен сыр-сұхбат жүргізіліп, Сағи Жиенбаевтың мінезі, отбасы туралы әңгіме өрбіді.

  • Сағидың мінезі жайсаң, ешнәрсеге ашуланбайтын. Өзіндік бір қасиеті — өлеңін үнемі ерте тұрып, өз кабинетінде отырып жазатын. Ешкімге қатты сөз айтпайтын, тіпті балаларға да ұрыспаушы еді. Өлеңінде өзі де айтады ғой: «Қара бір жердің өзін де қаттырақ басқым келмейді» — деп. Сағи адамға қамқор, қайырымды болатын. Ол жылап отырған баланы көрсе, қалтасындағы бар ақшасын беріп кететін. Ол өте балажан еді, — деді Ө.Жиенбаева.

Шарада ақындар Ертай Ашықбаев, Жақсылық Айжанұлы тамаша лирик туралы естеліктер айтты.

— Сағи ағамыздың өлеңіндегі басты нәрсе — мейірім, жан шуағы. Қазір Еуропадағы түрлі ағымдарға еліктеп жазатындардың өлеңдерін оқысаң, өмір сүргің келмей кететін сәттер аз емес. Ал Сағи ағамыз өзінің сонау сұрапыл соғыс жылдары  басынан кешкен қиыншылықтарын жазған өлеңдерін оқығанда да адам өмір сүргісі келеді. Оның өлеңдерінің сондай қасиеті бар, — деді халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button