«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

80 миллиард теңгені құрайтын бірқатар меморандумға қол қойылды

Ақтөбе облысында құны 48 миллиард теңгені құрайтын қуаттылығы 700 МВт электр станциясы салынады. Бұл жөнінде Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Туған жер» республикалық форумында белгілі болды.

Әлемнің 21 елінен 300-ге жуық жерлесімізді жинаған шараның ресми ашылуында жалпы сомасы 80 миллиард теңгені құрайтын бірқатар меморандумға қол қойылды.

Бүгінгі таңда Ұлыбритания, Германия, Ресейде және өзге елдерде тұратын, шетелдік бизнес құрылымдарының Ақтөбе өңірінен шыққан  басшылары мен облыс әкімдігі арасындағы келісімдер негізінде өңірде бірқатар ерекше өндірістер тұрғызылатын болды.

Атап айтқанда, «Ақтөбе-ТермоКокс» ЖШС- мен 700 МВт электр станциясын салу және қоңыр көмір кенін игеру жөніндегі ірі жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жалпы құны 48 миллиард теңге тұратын ірі жобаны жүзеге асыру арқылы аймақтағы электр энергиясының тапшылығын толтыруға және сонымен қатар 400-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.

Бұл меморандумға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Mamytskoye Energy Investment Ltd»  компаниясының (АҚШ, Сингапур, Англия) өкілі Асқар Мырзакәрім қол қойды.

Сондай-ақ, 26 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы жел генераторларын, қалақ жасайтын, металл мұнараларды жинақтайтын зауыт құрылысын бастау арқылы 500 жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл жоба «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен байланысты және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Келісім шартқа «Самрұқ Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқарушы директоры С.Түйтебаев және «Юнайтед Энерджи Ақтөбе» ЖШС бас директоры М. Паульз қол қойды.

Ресейлік кәсіпорындармен де бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Айталық, «СТИМ» және «Әдемі» ЖШС (директоры Алексей Дышловой) тоқыма бұйымдарының өндірісін қалпына келтіруге ниетті. Ресей Федерациясының ең ірі тоқыма кәсіпорындары құрылтайшыларының бірі Юрий Бакланов Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Кәсіпкердің бастамасы бойынша «Әдемі» ЖШС базасында тоқыма бұйымдарының бос тұрған өндірісін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұрын Юрийдің анасы осы цехтың басшысы болып қызмет істеген екен.

Мәскеу қаласындағы «Ақтөбе жерлестігі» аймақтық қоғамдық ұйымы  атқарушы директоры Сергей Воробьев облыс әкімдігінің қолдауымен Байғанин және Қарғалы аудандарында кен орындарын игере отырып, контейнерлік үлгідегі цемент зауытын салғысы келеді. Цемент өндірісі шикізатқа импорттық тәуелділікті  болдырмайды және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы облыстың құрылыс индустриясының дамуына серпін береді деп күтілуде.

«Energyprom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инновациялық зерттеулерді, атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлық салаларында пайдалануға арналған өндірістік электр қозғалтқыштарын енгізуді жоспарлауда.

Сондай-ақ Ақтөбе облысынан шыққан іскер азаматтар жол бойында қызмет көрсету мен басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға барынша үлес қоспақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button