Ұлтымыздың ұлық өнері
Күй — көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнер.
Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жүйелеп, бүгінгі жас ұрпақтың кәдесіне жарату және оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында жасалған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жобасының жүзеге асырылуын ұлттық музыка тарихындағы елеулі оқиға деп бағалаймын.
Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй», — деп жырлағандай, қазақтардың сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты халқымыздың асыл өнерін ұстаған ұлы күйшілердің мол мұрасымен сусындап өсті.
«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» шеңберінде бағзы замандардан келе жатқан күй атасы Қорқыттан бастап Ықыласқа дейінгі қобызға арналған күйлер мен Сармалай бастаған сыбызғы күйлерінің де сараланып осы жинаққа енгізілуі — жобаның құнын арттыра түсетін соны жаңалық.
Еліміздің алуан аймақтарында қалыптасқан Шығыс, Батыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау күй мектептері ғана емес, елімізден тысқары Монғолия, Қытай қазақтарының күй дәстүрлерінің бір жобада тоғысуын терең тамырлы халқымыздың мәдени бірлігінің айқын айғағы деп бағалаған жөн.
Қай замандағы болмасын күй өнеріндегі ортақ сарын — азаттыққа, бостандыққа ұмтылу, ел тәуелсіздігін аңсау. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ күйлері — халқымыздың ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ жүзеге асырған, тәуелсіздікті жақындатқан ең қастерлі құндылық.
Қазақтың Д.Нұрпейісова, Қ.Жантілеуов, Ж.Қаламбаев, Д.Мықтыбаев, Т.Момбеков, Г.Асқаров, У.Бекенов, Қ.Ахмедияров, Ә.Есқалиев, А.Үлкенбаева, т.б дәулескер домбырашылар орындауындағы 1000 күй ұлтымыздың ұлы қазынасы ретінде туған халқының жүрегіне жол тартты. Оның бүгінгі және болашақ ұрпақтың рухани азығы мен игілігіне айналатынына және жаңа ізденістерге бастап алдағы уақыттарда жарасты жалғастығын табатынына кәміл сенемін.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Қазақ халқының күй өнері
Түркі тектес байырғы көшпенділер жасаған өзгеше бітімді өркениеттің тікелей мұрагері, өткен ғасырдың басына дейін, негізінен, көшпенділік өмір салтын ұстанған, кейін тіршілік ыңғайы өзгерсе де, рухани қалыбын сақтап қалған қазақ халқының ең сұлу, сырлы мұрасы – сан-салалы, көп жанрлы дәстүрлі музыкасы.
Күй – халқымыздың сол ұлан-ғайыр музыкалық қазынасының ең бір мол саласы, құрылымы, мазмұны, басқа да көп сипаттары жөнінен кемел дамып, биік өреге жеткен жанрларының бірі.
«Күй» сөзі түркі халықтарының біразында этномузыкалық термин ретінде пайдаланылады. Түпкі, төркін мағынасы «хал, жағдай, көңіл ауаны» сияқты психо-эмоциялық ұғымды білдіреді. Осы атаудың өзінен-ақ күйдің табиғатына жан толқынысының әуендік баламасы іспетті айқын психологизм тән екендігін аңғарамыз. Әлбетте, бұл күй жанрының өзге сипатын: баяндаушылық, суреттеушілік, кейіптеушілік қасиетін жоққа шығармаса керек. Жинақтай айтқанда, күй – құрылымы жағынан шағын болғанымен, мазмұны терең, ойлы, сырлы, әуендік бітімі күрделі, музыкалық формасы кемел, жанрлық заңдылық, белгілері әбден тәптіштелген аспаптық пьеса.
Күйдің қай заманнан бері тартылып келе жатқандығының нақты дерегі жоқ. Бірқатар зерттеушілер күй бағзының бағзысында, әзелгі ғұн, түркі дәуірінде пайда болған деп пайымдайды. Ал орта ғасырларда Қарақорым мен Еділ дария арасын жайлаған жалпақ жұртқа жаппай түсінікті, етене музыка тіліне айналған сияқты деген де пікір бар. Біраз күйлердің тақырыбы, лексикасынан, пішін-құрылымынан, күймен егіздете баяндалатын аңызынан архаикалық сипат, ислам дініне дейінгі наным-сенімнің табы байқалуы осы тұжырымға дәйек бола алса керек.
Домбыра күйлері
Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған және аса биік профессионалдық өреге жеткен саласы – домбыра күйлері.
Домбыра – тым ертеде пайда болып, уақыт озған сайын түрленіп, дамып отырған, екі ішекті, шертпелі хордофон типіндегі аспап. Осы үлгідегі және атауы да, көп ретте, осы «домбыра» сөзіне ұқсас аспаптар татар, башқұрт, өзбек, алтай, қырғыз, түрікпен, мұңғыл, қалмақ, тәжік, халықтарында да сақталған (думбыра, думбара, думбрак, домбр, комуз, т.с.с.). Типологиялық және лексикалық ұқсастық аталмыш музыка аспабының әлмисақтан мәшһүр екендігінің және Орталық Азия халықтарына түгелдей дерлік табиғи болғандығының дәлелі ретінде де айтылады. Ал қазақ домбырасы – жұмсақ, қоңыр үнімен ерекшеленетін, дыбыстық диапазоны 1,5 октавадан 2 октаваға дейін жететін, мүмкіндігі мол, сонымен қатар ел-жер, орындаушылық дәстүр ыңғайына қарай сыртқы пішіні де сан түрлі болып келетін, заманында әр қазақтың дерлік үйінің төрінде тұрған аспап.
Осыншама кең таралғандығы себепті, қазақтың дәстүрлі әндері түгелге жуық домбыраның сүйемелімен айтылады. Алайда домбыра аспабының тембрлік, диапазондық мүмкіндіктерін шегіне жеткізе ашқан жанр – көне ықылымдарда қалыптасып, ХІХ ғасырда өз дамуының шырқау шыңына көтерілген күй жанры еді.
Сахара аймақтарының тарихи, мәдени және жағырафиялық ерекшелігіне, аспапта орындалу техникасына байланысты, қазақтың домбырашылық, күйшілік өнерінде жеті түрлі орындаушылық дәстүр мен мектептер қалыптасты.
Бұл дәстүрлі мектептер Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау, Батыс мектептері деп аталады. Қазақтың домбыра күйлері орындаушылық ерекшелігіне, күйдің құрылымына байланысты шертпе және төкпе деп жіктеледі.
Біз «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» жинағына енген күйшілік мектептердің ретін архаикалық сипатымен ерекшеленетін Шығыс күйшілік дәстүрінен бастауды жөн көрдік.
1. Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі
Шығыс өңірінің күйшілік дәстүрі аймақтық жағынан кең ауқымды қамтиды. Өйткені Шығыс Қазақстан (Семей, Шыңғыстау, Шұбартау, Аягөз, Тарбағатай), Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, сонымен қатар, Монғолияның Баян-Өлгий аймағы қазақтарының күй мұралары осы дәстүрге жатады. Бұл өңірдегі, негізінен, архаикалық үлгідегі аңыз-күйлерден тұратын күйшілік, домбырашылық өнердің тамыры тереңнен бастау алады. Әсіресе, теріс бұрауда (квинта) тартылатын «Шыңырау», «Тауқұдірет», «Ақсақ марал», «Ақсақ қыз», «Ақсақ аю», «Бұлғын-сусар», «Балжыңгер», «Сұрмерген» сияқты күйлер – аңыз-әңгімелерімен астасып жатқан көне жәдігерлер. Шығыс Қазақстан домбыра күйлерінің «Сары өзен», «Беласар», «Қорамжан», «Ащы күй» сынды тағы бір бөлігі – қазақ пен қалмақ шапқыншылығы дәуірінен көрініс беретін тарихи шығармалар. Ал «Салкүрең», «Телқоңыр», т.б. халық күйлері – өте ерте замандардан жеткен туындылар.
Қазақ халқының тарихындағы ең елеулі тұлғалардың бірі – Кетбұға күйші. Қаһарлы Шыңғыс хан заманында өмір сүрген Кетбұғаның ержүрек батыр, ақылгөй би, дәулескер күйші ретінде есімі белгілі. Осы жинаққа енген «Кетбұғаның күйі» («Қара ала белдік мойнымда, сауға, Шыңғыс, сауға») сол дәуірлерден жеткен тарихи туындылардың бірі.
Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлға – қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан Байжігіт күйші. Абылай хан заманында өмір сүрген күйшінің жоңғар шапқыншылығы кезеңіне арналған күйлерін белгілі жазушы, тарихшы М.Мағауин қилы кезең симфониясы, тайғақ кешулі жаугершілік заманның музыкалық шежіресіне теңейді. Жаугершілік заман тынысы ғана емес, бейбіт тұрмыс лебізі де сезілетін Байжігіт күйлерінің тақырыбы әр алуан. Оның «Көкбалақ», «Қайың сауған», «Шаңды жорық» сияқты күйлерінен жаугершілік заманның елесі көрініс берсе, «Ерке атан» күйі мұңды тарихымен есте қалады. Семей өңірінің Шұбартау ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өмір сүрген күйші мұрасы Шұбартау, Аягөз өңірінде сақталған. Біздің заманымызға Байжігіт мұрасының дені Жүнісбай домбырашы арқылы жетті. Байжігіт күйлерін жаздырып, насихаттап жүрген бүгінгі орындаушысы – домбырашы Таласбек Әсемқұлов.
Шығыс күйшілік дәстүрінің бір тармағы – Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік мектептері. Алтай аймағында қалыптасқан күйшілік мектептің көрнекті тұлғаларының бірі Бейсенбі Дөненбайұлы күйлерінің тақырыбы сан түрлі. Бежең (ел арасында осылай атаған) туындылары Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында, Монғолияның Баян-Өлгий өлкесінде және Қазақстанның шығыс өңірінде кеңінен тараған. Бейсенбі күйлері осы жинаққа Уәли Бекенов, Ғабдылхақ Барлықов, Тайыр Белгібайұлы, Тұрсын Кәдейұлы сынды майталман домбырашылардың орындауында алынып отыр.
Сонымен қатар, жинаққа Алтай аймағында өмір сүрген Мүкей, Шақабай Шалап, Тайыр Белгібайұлы сияқты күйшілердің туындылары енгізілді.
Тарбағатай өңірінде өмір сүрген күйшілердің ішіндегі айтулы тұлға – Қайрақбай Шәлекенұлы, домбырашылығымен қатар, сыбызғышы да болған. Қайрақбайдың күйлері баласы Әнжан арқылы жеткен. Әнжанның баласы Заманбек заманында дәулескер күйші болыпты. Қайрақбайдың күйлерін Заманбектен Жұмажан дейтін домбырашы үйреніп, кейінгіге жалғаған. Бұл жинаққа Қайрақбай күйлері Кәсімбай Құсайынұлы, Мұқаш Таңғытұлы сынды күйшілердің орындауында ұсынылып отыр. Сол сияқты Тарбағатай өңірінде болған Бәзғалам, Бейісбай, Масығұт, Кәсімбай Құсайынұлы, Қизат Сейітқазин, Қазен Әбуғазыұлының күйлері де осы жинақтан орын алды.
Шығыс күйшілік дәстүрінің бір бөлігі – Шыңжаң өлкесінің Іле аймағындағы домбырашылық дәстүр. Іле өңіріндегі күйшілік мектептің ірі өкілі – Әшім Дүңшіұлы. Арыдағы Қызылмойын Қуандық, берідегі Мазақ, Тілеміс, Тергеусізден бастап өз заманына дейінгі күйшілердің мұраларын үйреніп, ел ішіндегі ғасырлар бойы тартылып келе жатқан әуендерді меңгерген Әшім күй шертіп, күй шығарумен бірге, ел аузындағы, халық арасындағы күй аңыздарын жинақтап, жүйелеп тартқан өнерпаз, сондықтан болар, оның күйлерінің біразы («Самұрықтың зары», «Желмаяның желісі», «Бөктергі», «Қос келіншек», т.б.) ертедегі аңыз-әңгімелерге құрылған. Күйші шығармашылығында елеулі орын алатын – кеңес тақырыбындағы күйлер. Әшім заманында кеңестен жеті бұтақ күй шығарып шерткен. «Алтын бармақ» атанған Әшім күйлерінің басым көпшілігі майталман домбырашы Камал Мақайұлы арқылы жетіп отыр. Сонымен қоса, Мазақ, Тілеміс, Әтіхан, Әбеуғали, Әліпбек тәрізді ілелік күйшілердің мұралары да тыңдарман қауымға алғаш рет ұсынылып отыр.
2. Жетісу күйшілік дәстүрі (Мөлдір Әлімжанова)
Бұл өңірдің де аспаптық музыкасы қаншалықты қызықты, әрі стильге бай болғанмен, осы күнге дейін түбегейлі зерттеу нысанасынан тыс қалып келеді. Жетісу дәстүрі Шығыс күйшілік дәстүрімен өзектес. Жер жағдайы ұқсас, Алтай мен Алатау аралығында үзілмей, іркес-тіркес жалғасқан тау сауырын қоныстанған елдің мәдени кеңістігі ортақ болғандығы байқалады.
Еліміздің Жетісу өлкесінде ертедегі аңыз күйлермен қатар авторлары ұмыт болып, ел арасында сақталып қалған халық күйлері молынан кездеседі. Мысалы: «Аққу», «Аққудың зары», «Жеті атан – ерке атан», «Мұңлық – Зарлық», «Жетім қыз», «Жетім бала», «Жиренше шешен», «Тепеңкөк», «Шұбар киік», «Ақсақ қыз» сияқты көне күйлер ерте дәуірлерден сыр шертеді. Тамырын тереңнен тартатын Жетісу күйшілік өнерінде, бертін келе, үлкен екі мектептің қалыптасқандығын байқаймыз. Бұл мектептер дәулескер күйші-композиторлар Байсерке Құлышұлы және Қожеке Назарұлы есімдерімен тығыз байланысты. Қожабек, Сатқынбай, Қатшыбай, Темірбек Ахметов арқылы бүгінге жалғасып келген Байсерке күйшінің көп мұрасынан, өкінішке қарай, кезінде жинақталып, жазылып алынбағандықтан, көз жазып қалып отырмыз. Осы бір ұлан-ғайыр күйшілік мектептің жұқанасындай болып жинаққа Байсеркенің «Ұран күй», «Толқытатын күй» деп аталатын туындылары ғана енді. Жетісу күйшілік өнеріне тоқталып, Байсерке күйшінің шығармашылығына қатысты «Ғасырлар пернесі» еңбегінде алғаш А.Жұбанов сөз қозғаған болатын.
Жетісу өңіріндегі тағы бір оқшау көзге түсетін мектеп – Шыңжаң өлкесі күйшілік дәстүрімен сабақтас, Қожеке Назарұлы бастаған домбырашылық үрдіс. Қожеке күйші Жетісудың төрі Қарқара жайлауында дүниеге келген. Қожекенің өмір сүрген заманы аумалы-төкпелі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына бағынбаған Қожеке тағдыр тауқыметімен Қытай асып кетеді. Ол жақта да қиын өмірді бастан кешіп, ақырында озбыр заманның саяси құрбаны болған Күйші мұрасы бүгінге өзінің ұрпақтары ұлы Рақыш, немерелері Шаңия мен Тұрсынғазы, Ясын, жиені Орынбек арқылы жетті. Жетісу күйлерін зерттеуші, күйші Б.Мүптекеев Қожеке күйлерін тақырыптық мазмұн жағынан бірнеше топқа жіктейді:
а) ежелгі жыр, аңыз, шежіре, ертегі сюжетіне құрылған күйлері («Мұңлық-Зарлық», «Қамбархан», «Жиренше шешен»);
ә) табиғат тыныс-тіршілігіне байланысты күйлері («Ағарсынның ақ толқыны», «Сарбарпы бұлбұл», «Сайрам көл»);
б) жеке бастың көңіл ауанына қатысты туған күйлері («Кертолғау», «Күй шақыртқы», «Сағыныш», «Шалқайма», «Нұрғазарын»).
Жинаққа Қожеке, Сыбанқұл мектептерінің өкілдерімен қатар, Бөлтірік, Қосдәулет, Омархан Керімқұлов, Елемес Таласбай сынды күйшілердің, Тіленді, Шортанбай сияқты Жетісу өлкесінде өмір сүрген белгілі тұлғалардың шығармалары да қосылды.




қаржаубай ғалымның айтуына қарғанда Монголяның Хобда аймағы жернің бір үнгірден домбыраның қанқасын тапқан Сол домбыра қанқасының өзі бірнеше мың жылдықыты қурайды .Біз көп жылғы хиристян,ислам, сосын отрашлдық -шапқыншылық кезнде өз төл мәдениетімізді дәстүрімзді сақтай алмағанымыз болмаса қазақтың елде жоқ осы бір куишілік өнер сендер жазып жүрген беріден емес тым арыдан бас талатын сияқты!!
зертеу қажет әліде !!!!домбыраны қоиып қазақтың төл тариқын әлі сандырақтап бір пәтуаға келгеміз жоқ қой!!! қазір әркім өзінше бұрып әкетіп жұр сондықтан түспал түжырмның бәрі бәрін өте абайлап жазу кереу себебі біздің тариқ тым әріде !!!