Денсаулық

Ақтөбе балалар ауруханасы: көрші облыстың да балалары келіп жатыр

Облыстық балалар клиникалық ауруханасының құрылғанына келер жылы қырық жыл толады. Осы уақытқа дейін аурухана халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ел ықыласына бөленіп келді. Қазір елімізде жүргізіліп жатқан  Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша да мекеме жұртшылықтың сұранысына ие болуда.

Бірыңғай жүйе

1 қаңтардан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгені белгілі. Екі кезеңнен тұратын бағдарламаның алғашқы кезеңі 2010-2015 жылдарды қамтиды. Бірінші кезеңде тегін медициналық көмекті қаржыландыру тетігі қалыптастырылса, екінші кезең, яғни 2016-2020 жылдар аралығында азаматтардың жауапкершілігін арттыру мен дамыту көзделеді. Жаңа бағдарлама еліміздегі емдеу мекемелерінің  арасында бәсекелестікті қалыптастырмақ. Демек, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету саласы жетіледі. Қазір облыстағы ауруханалар осы мақсатта белсенді жұмыс жүргізуде. Ал облыстық балалар клиникалық ауруханасы бүгінгі күні халық сұранысына ие болуда.

Аталған жүйе енгізілместен бұрын, аурухана арнайы дайындықтан өтті. Яғни, мекеме  ішінде ішкі, сыртқы аудитпен айналысатын сапа қызметі ұйымдастырылды. Осы қызмет аурухананы аккредитациядан өткізуге күш салды. Медициналық қызметтің сапасы анықталып, дәрігерлер арнайы дайындықтан өтті. Осы жұмыстардың нәтижесінде аурухана аккредитациядан бірінші кезекте өтті. Жалпы, аккредитациядан өтпеген мекеме мемлекеттік тапсырыс ала алмайды.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша емделушілерге  емхана мен аурухананы таңдау еркі берілген. Осыған орай  жыл басынан бері өзге өңірден, оның ішінде Атырау, Ақтау, Қызылорда облыстарынан науқастар келуде. Мәселен, бес науқас жоспарлы түрде келсе, алтауы ауруханаға жедел түрде түсті. Жалпы, ауруханада қанша орын бос екені туралы ақпарат күн сайын кешкілік медициналық ақпараттық, сараптамалық орталыққа жіберіліп отырады. Осы орталық арқылы барлық емханалар аурухананың қандай бөлімінде қанша орын бар екенін біледі. Осыған орай науқастарды жібереді. Бұл жерде ешқандай қиындықтар жоқ, барлығы өз ретімен жүруде.

Жалпы, аурухана жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өткен жылы мекемеге бірнеше  компьютер алынып, локальды жүйе іске қосылды, — деді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Қожин.

Жаңа технология

Ауруханаға өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген13 миллион 488 мың, ал облыстық бюджеттен бөлінген 9 миллион 428 мың теңгеге заманауи жаңа аппараттар сатып алынған. Оның ішінде жасанды жолмен тыныс алдыратын аппарат, электронды таразы, ота столдары мен көпфункционалды монитор, электр стансасы бар. Мәселен, электр стансасы жарық сөніп қалған жағдайда он секундтың ішінде іске қосылады. Бұған қоса ауруханада медициналық құралдарды залалсыздандыратын «Стеррат-с» аппараты да  жұмыс істеп тұр. Бұлардың ішінде  жаңа туған нәрестелерге арналған жасанды жолмен тыныс алдыратын аппараттың көмегі зор. Сәбилер жедел тыныс жетіспеушілігі, өкпе қабынуы аурулары кезінде осы аппарат арқылы тыныс алады. Ал бұдан бұрынғы аппарат тек ересектер мен үлкен жастағы балаларға арналған болатын. Сондай-ақ ауруханада  «Кювез» аппараты да жұмыс істейді. Аталған аппараттың тиімділігі өте көп. Мәселен, жаңа туған сәбиге ота жасағаннан кейін, оның денсаулығын қайта қалпына келтіру өте қиын. Яғни, сәбиге үлкен күтім қажет. Себебі, нәресте белгілі бір қалыптағы ауада тыныс алуы керек, әрі оның жетіліп кетуі үшін арнайы температура болуы тиіс. Ал аталған аппарттың ішінде бала ағзасының қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан дәрігерлер  бұндай балаларды бірден осы аппаратқа жатқызады. Сонымен бірге жаңа туған  науқас  нәрестелерді перзентханадан тасымалдау да оңай емес екені анық. Сондықтан өткен жылы қалаға осы мақсатқа реномобиль жедел-жәрдем көлігі сатып алыныпты. Көліктің ішінде дәл осындай аппарат орналасқандықтан, сәбилерді  қала іші мен аудан орталығына жеткізуде ешқандай қиындық жоқ.

Ауруханаға 2005 жылдан бастап жаңа аппараттар сатып ала бастадық. Қазіргі күні мекеме алпыс пайызға жаңа технологиямен жабдықталып тұр. Мемлекет тарапынан да осы мақсатқа жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Аппараттардың барлығының сапасы жоғары, заманауи талапқа сай, яғни  АҚШ, Жапония, Германия секілді елдерден әкелінген. Дәрігерлердің барлығы жаңа технологиялармен жұмыс істей алады.  Дегенмен, ғимараттың ескілігі кейде жұмысқа кедергі болатыны анық. Бұған қоса емхана мен зертхана өзге нысанда орналасқан. Сондықтан осы жылдың аяғында Оңтүстік батыс ауданында салынып жатқан 200 орындық жаңа ғимаратқа көшеміз бе деген ойдамыз. Бұл кезде барлығы бір орталықта орналасады. Әрі дәрігерлердің жүйелі жұмыс жүргізуіне мүмкіндік туар еді.  Жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін жаңа аппараттардың да қатары толығады. Яғни, екі миллиард теңгенің көлеміндегі  қаржыға шетелдік  аппараттар әкелінбек. Осыған орай дәрігерлерді қайта даярлап жатырмыз.

Өткен жылы екі рениматолог, үш хирург Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы институттарда  білімін жетілдірді. Яғни, олар жаңа туған нәрестенің ота жасағаннан кейінгі күтіміне  және балалар хирургиясына байланысты оқып келді.  Мәселен, жаңа туған сәбиге ота өте сәтті жасалуы мүмкін. Бірақ оны әрі қарай қадағалау, оған күтім жасау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бұндай жағдайда жоғары білікті дәрігерлер жұмыс істеуі керек. Жалпы, дәрігерлер жаңа аппараттармен жұмыс істеп, әлемдік тәжірибені жетік меңгеруі тиіс. Бұл халыққа жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуді жақсарта  түспек.  Сондықтан біз жыл сайын дәрігерлерді шет елдерде оқытамыз. Нәтижесі де жаман емес.

Сондай-ақ айта кететін бір нәрсе, нейрохирургия, лор, стамотология, урология бөлімдері әлі де жетілдіруді қажет етеді. Қазіргі күні осы бөлімдерде біздің дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, алдағы уақытта  медициналық қызметті жоғарғы сапаға көтеру мәселесі тұр, — деді Нұрлан Қожин.

Қазіргі күні ауруханада 263 адам еңбек етеді. Оның ішінде 46 дәрігер, 115 медбике жұмыс істейді.

Аурулар әртүрлі себептен болады

Облыстық балалар клиникалық ауруханасында емделушілердің барлығына толық жағдай жасалған. Жаңа аппараттармен білікті дәрігерлер халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді. Негізінен ауруханаға бірінші кезекте асқазан, ішек жолдарының паталогиясы бойынша, сосын, өкпесі қабынған, бронхитпен ауыратын, одан соң жарақат алған балалар жиі  түседі. Мекемедегі білікті дәрігерлер науқастардың толықтай емделіп кетуі үшін медицинаның озық әдістерін қолдануда. Мәселен, соңғы жылдары дәрігерлер асқазан, ішек жолдары, соқырішек, перетонит, варикоцеле және  бауыр мен талаққа лапараскопиялық ота жасайды.

Лапараскопиялық  отаның дәстүрлі отамен салыстырғанда айырмашылығы өте көп. Бұндай  отаны жасағанда денеде жара, тыртық қалмайды. Әрі ауруды басу үшін қолданылатын наркоз, өзге де есірткілік дәрі түрлері науқасқа егілмейді. Ота жасалғаннан кейін келесі күні-ақ  науқас жүре бастайды. Жалпы, бұндай әдіс елімізде бұрын  қолданылған жоқ. Соңғы жылдары ғана енгізілген, — деді бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сағидолла Досмағамбетов.

Сағидолла Досмағамбетовтің айтуынша, балалардың бірқатары ата-ананың салғырттығынан сырқатқа шалдықса, басым бөлігі көшеде, үйде, ойын кезінде жарақат алып ауруханаға түседі екен. Оның ішінде бас, аяқ-қол сүйектері сынған, денесін күйік шалған, тіпті химиялық заттарға күйген балалар да кездеседі. Мәселен, былтыр қалада төрт бала жарақаттан қайтыс болған.

Өткен жылы химиялық күйікпен, оның ішінде мүсәтір, марганец қышқылына күйген  балалар тіркелді. Негізінен бұндай жағдай бау-бақша піскен уақытта жиі орын алады. Мәселен, аналар көкөністі тұздағанда бөтелкенің басына емізікті кигізіп, тұздайтын өнімге спиртті өлшеп құяды. Бұл спирттің мөлшерін белгілеуге таптырмайтын әдіс. Осындай кезде бала су деп емізікті сорады. Ал мүсәтір спиртінің аз ғана бөлігі баланың өңешін  күйдіріп жібереді. Егер дер кезінде емдемесе, уақыт өте келе бұл өңештің тарылуына әкеліп соқтырады. Өңештен тамақ өтпей қалуы мүмкін. Ал бұндай жағдайда емдеу ұзақтығы бір жылға дейін созылады.  Қазіргі күні осындай жағдаймен зардап шекккен бір бала емделіп жатыр.

Жалпы, балалар ауруханаға әр түрлі жағдаймен түседі. Оның ішінде өзге облыстан келетіндер де бар. Мәселен,  Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген бір бала ойнап жүріп  басында бармақтай пластмассасы бар  шегені жұтып қойған. Жаңаөзеннің дәрігерлері ота жасап шығара алмай, бізге әкелді. Біздің дәрігерлер тексеру жүргізіп, келесі күні тыныс жолын тесіп, шегені алды. Әлгі зат тыныс жолында әбден бекіп алған екен. Отадан кейін әртүрлі асқынулар болмас үшін баланы бақылауға алдық. Жалпы, жыл сайын тыныс жолдары ауруымен жиырмадан астам бала түседі. Негізінен жаңғақ, қытайдың жанатын кішкентай шамдарын, пластмасса, ине,  тіпті шөп жұтып қойған балалар да тіркеледі. Мәселен, ауданда тұратын бір отбасының  екіден асқан баласы шемішкемен тыныс жолдарын жарақаттаған. Шемішке шағуды білмейтін бала оны шайнап, түкіріп отырғанда тыныс жолына кетіп қалады. Бұны ата-анасы білмей, бізге асқынғаннан кейін алып келді. Ал қаланың бір баласы ойнап жүргенде  арамшөпті аузына салған. Абайсызда ол да тыныс жолына кетіп қалады. Тыныс жолына қадалған тікенді алу оңай болмады. Екі баланың да өкпесінің жартысын алып тастауға мәжбүр болдық. Өйткені қадалған заттың орны іріңдеп, өкпеге зақым келген. Балалар мүгедек болып қалды. Сондықтан ата-аналар балаларын қатаң қадағалап отырғаны жөн, — деді бас дәрігердің орынбасары.

Аталған ауруханада бір айлық нәрестеден бастап 14 жасқа дейінгі балалар емделеді. Олардың 40 пайызы ауданнан келеді. Қазіргі күні ауруханада 130-дан астам бала емделуде. Мәселен, өткен жылы ауруханадан  5 901 науқас емделіп шыққан. Жалпы, 160 орындық аурухананың 120 кереуетті хирургия профиліне арналған. Яғни, оның ішінде травмотология, лапараскопия бөлімдері бар. Осы бөлімдерде өткен жылы 2800 ота жасалған екен.

Емделушілер дән риза

Ақмаңдай ҚОСМАҒАМБЕТОВА:

— Өзім Қобда ауданы Қосөткел ауылында тұрамын. Немерем  бұрын гайморитпен ауырып, қаланың ауруханаларында емделген болатын. Бірақ ауруы дұрыс айықпай,  жуырда қайтадан сырқаттанып, осы ауруханаға келдік. Қазір немерем тәуір. Дәрігерлер мен медбикелер балама  өте жақсы қарады. Уақытында тамақтандырып, дәрілерін берді. Дәрігерлерге ризамын.

Айнагүл ӨТЕПОВА:

— Қызымның қан құрамындағы тромбоциттер көбейіп кеткен. Сондықтан жүйелі ем алу үшін Хромтау аудандық ауруханасының дәрігерлері осында жолдамамен жіберді.  Қазір дәрігерлердің арқасында қызым басын көтеріп, тәуір болып қалды. Әсіресе, Светлана Огай, Сердалы Қарақұлов, Жәмила Ниязова секілді дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Сондай-ақ Гүлмарал Нұртазина, Сания Оспанова секілді медибке қыздардың көмегі ерекше. Қиналғанда қол ұшын созып, науқастың көңілін таба біледі. Жалпы, ауруханада балалардың сапалы ем алып шығуы үшін бар жағдай жасалған. Балаларға беретін тамақтары да өте жақсы. Аурухана дәрігерлеріне алғысымды білдіремін.

Гүлжайнар ДАМБАЕВА:

— Мен Мәртөк ауданынан келдім. Баламның қолтық безі шошынған екен. Бірақ біз асқындырып алғаннан кейін әкеліппіз. Он күн бойы балам жүйелі ем алып, қазір тәуір болып кетті. Дәрігерлер жақсы қарады. Бұйырса, сәрсенбіде шығамыз.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. салеметсизбе Ақтөбе газеті! мен осы аталған мақаланы түгел оқып шықтым, Енди сизден сурарым маган осы емханамен калай хабарласуыма болатынын айтуынызды сураймын! маган тез арада жиберсениз екен! Коп рахмет!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button