Басты жаңалықтарӘлеумет

Сәні мен сәулеті жарасқан саябақ

Ақтөбе қаласының 11-шағын ауданында орналасқан қаржыгерлер мен экономистер саябағының халық игілігіне берілгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Бүгінде бұл орын ақтөбеліктердің тынығып, серуендейтін алаңына айналды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе қаласын көркейтуге, көгалдандыруға қатысты жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — әрбір сала мамандары ашып жатқан саябақ.  Бұған дейін қаланың Батыс-2 шағын ауданында Денсаулық саябағы ашылып, бүгінде халық оның игілігін көріп отырса, қаржыгерлер мен экономистердің шағын саябағы Конституция күнінде пайдалануға берілді. Сәні мен сәулеті жарасқан саябақ бүгінде ақтөбеліктердің қай кезде де тынығып, демалатын орнына айналды.

11-шағын ауданда салынған саябақ орны бұрын бос жатқан алаң болатын. Жол қиылысында орналасқан саябақ кім-кімнің де назарын өзіне аударады. Өйткені, саябаққа егілген жас көшеттер, тротуарлар, ағаштан жасалған орындықтармен қатар, спорттық жаттығулар жасайтын арнайы алаңдар көпшіліктің қызығушылығын туғызуда. Өзге саябақтардан бұл саябақтың бір ерекшелігі — мұнда «100 теңге» түрінде сәулеттік пішін орнатылған. Бұрын-соңды Ақтөбеде мұндай белгі орнатылған орын болған емес. Сондықтан қазір қала тұрғындары саябақта серуендеп қана қоймай, «100 теңгенің» маңында суретке түсіп, оның жасалу үлгісін де қызықтап жүр.

Перизат Әсімбетова, ҚР Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының директоры:

Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан мұндай жобаларды өз басым қолдаймын. Себебі, бұған дейін бос жатқан алаңдар қазір қаланың көркін келтіріп, ажарын айшықтай түсті. Соның бірі — қаламыздың 11-шағын ауданындағы қаржыгерлер мен экономистердің шағын саябағы. Көктемде бұл аумақтың одан әрі көркейетініне сенімім мол. Себебі, бұл жерге әлі талай тал егіліп, гүлдер өсіріледі. Саябақ сәулеті жағынан да ерекше безендірілген. Қазірдің өзінде сәні мен салтанаты жарасқан саябақ халық игілігі үшін қызмет етіп тұр. Әрине, Ақтөбеде бұған дейін де демалып, қыдыратын орындар бар. Алайда халыққа күнделікті көріп жүрген емес, осындай жүзеге асырылған тың идеялардың әлдеқайда қызықтырақ көрінетіні рас. Қала тұрғыны ретінде мен де осы саябақта бірнеше рет болдым. Мұндай жобалардың іске асырылуы, бірінші кезекте қаланың көркін келтіреді. Екіншіден — осындай саябақтарды ашқан ұжымдарда жүздеген қызметкер еңбек етеді. Олардың бойында патриоттық сезім пайда болады әрі істеп отырған қызметін тек күнделікті қағаз түрінде емес, халыққа осындай демалыс орындарын сыйлағаны үшін мәртебесі артады. Бір қызығы — қаламыздағы қаржыгерлер мен экономистердің шағын саябағында «100 теңге» бейнесіндегі сәулетті пішін бар. Мұның өзі ақтөбеліктер үшін үлкен жаңалық. Ақтөбеде ұлттық валютаға байланысты бұрын-соңды мұндай сәулеттік пішін болған жоқ. Шынын айтсам, саябақтағы «100 теңге» бейнесіндегі архитектуралық пішінді  бірінші рет көргенде, жағымды әсер қалыптасты. Қаламыздың қақ төрінде ұлттық валютамыздың жарқырап тұрғаны кім-кімнің де бойында мақтаныш сезімін оятатыны рас. Бір қызығы, ұлттық валюта бейнеленген сәулеттік пішін Ақтөбеден кейін Орал қаласында да жүзеге асырылыпты. Бірақ Оралда біздегідей 100 теңге емес, 1 теңгенің бейнесі бейнеленген (күліп). Егер осындай бос жатқан жерлерге тал егіп, тротуар жасап қана қойса, дәл осындай әсер бермес еді. Сол сияқты, сізбен дәл осындай әңгіме де тумас еді. Мұны ақтөбеліктер үшін орын алған  кезекті бір жаңашылдық деп түсінуіміз керек.   

Осы сәтті пайдаланып, биыл қарашада қаржы саласы қызметкерлері  күніне орай Ақтөбе қаласында банкирлер сквері ашылатынын айтқым келеді. Банкирлер сквері ескі қаладағы кооперативтік колледжге қарама-қарсы орналасқан Әлия Молдағұлова ескерткішінен бастап Тахауи Ахтанов көшесіне дейінгі аумақты қамтиды. Қазір осы жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Қаржыгерлер мен экономистердің шағын саябағында кешкілік адам аяғы көп болады. Мұнда Мәскеу ауданының тұрғындары да тыныстауға келеді. Зейнеткер Дәулетше Әлібеков бұл саябақтың бойымен күн сайын екі рет өтетінін әрі кешқұрым тынығып, демалуға келетінін айтты.

Өзім қаланың Мәскеу ауданында тұрамын. Немерелерімді 11-шағын аудандағы мектепке сабаққа әкелемін. Күніне екі рет осы саябақтың бойымен жүріп өтемін. Бұрын бұл жер бос жатқан алаң еді, көктемде балшығы езіліп, су жиналып, бұл жермен жүру мүмкін болмайтын. Ал қазір қаламыздың сәнін келтіріп, айналаны ажарландырып тұр. Кешкілік немерелерімді ерітіп, осы саябаққа келемін. Салауатты өмір салтын ұстанған жандар үшін мұнда барлық мүмкіндік жасалған. Немерелерім спорттық жаттығулар жасайды. Спортқа онша әуестігім болмағасын, мен мұнда тек тынығу үшін келемін. Халық игілігіне арнап жасап жатқан осындай жұмыстары үшін  билік басындағыларға айтар алғысым шексіз, — дейді Д.Әлібеков.

Іңкәр Жалғасбаева — Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектептің 3-сынып оқушысы. Өзі оқитын мектептің маңында салынған саябақтың бойымен ол күнде өтеді.

Саябақтың ішімен сабаққа барамын. Бұл — қаладағы әдемі жер. Мұнда 100 теңгеге арналған ескерткіш бар. Саябақ іші тап-таза. Өзім екінші кезеңде оқимын. Сабақтан қайтқан кезде бұл жерде ата-әжелер тынығып отырады. Алдағы уақытта сіңлімді ерітіп, ата-анам бәріміз 100 теңгенің қасында суретке түсіп, саябақта серуендейтін боламыз.

 

Саябақ салынып, әсіресе онда спорттық-жаттығулар үшін түрлі құрылғылар орнатылғанда қатты қуанғандардың бірі — Нұрболат Аманов. Грек-рим күресіне қатысатын Нұрболат саябаққа жиі келеді. Жасы 25-гі жігіт — теміржол саласының маманы. Өзі 11-шағын аудандағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Әлі отбасын құрмаған.

Күнде ертесімен әрі кешкілік уақытта саябаққа келіп, мұндағы кермеде тартыламын. Спортшылар үшін бұлшық еттерді қатайтуға арналған пресс, брусья сынды қондырғыларды орнатқанда, өз басым қатты қуандым. Қаламыздың әрбір тұрғыны осындай қоғамдық мүліктерді күтіп ұстауы керек. Бұл — бірінші кезекте өзіміздің денсаулығымызды қорғауға арналған құралдар, — деді Нұрболат.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button