Денсаулық

Мықты діңгек. Мерейлі мақсат

Базылбек Жақиев — Ақтөбе медицина институтының түлегі, облыстың хирургия саласын дамытуға үлес қосқан  ғалым-хирург, медицина ғылымдарынының докторы, профессор, Ақтөбе облыстық хирургтер қоғамының төрағасы.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  №2 хирургиялық аурулар кафедрасының жетекшісі Базылбек Сағидоллаұлы негізгі еңбегін хирургияға арнады, шәкірттер тәрбиеледі. Қазір хирургияның ең күрделі саласы — трансплантологияны облысымызда дамытуға үлес қосып, осы шаруалардың басы-қасында жүр.

Университеттің алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында ғалымды әңгімеге тарттық.

— Хирургия — медицинаның күрделі саласы. Осы саланы таңдауыңызға не себеп болды?

— Мен бала кезімнен хирург болсам деп армандадым. Сол арманның жетегінде 1976 жылы Ойыл ауданының Саралжын ауылындағы мектепті бітірген соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түстім. Үшінші курста оқып жүргенде госпиталды хирургия кафедрасындағы студенттердің ғылыми үйірмесіне жазылдым. Мақсатым — қалайда хирург болу. Кафедраның оқу базасы ол уақытта облыстық, қазіргі жедел жәрдем ауруханасында болды. Ауруханаға жиі барамын, үйірме жұмысынан қалмай араласып жүрдім.

1979 жылы кафедра жетекшісі болып медицина ғылымдарының докторы,профессор Намаз Ізімбергенов ағамыз келді. Менің хирургияға деген қызығушылығым осы ұстазым келгеннен кейін тіпті күшейді. Ресейдің хирургия мектебінен тәлім-тәрбие алған ғалымның сөйлеген сөзі студенттерге ерекше күш берді. Армандап жүрген хирургияның не екенін түсіне бастадық.  Ой-өрісі кең, бойында барлық адамгершілік қасиеттерді сақтай білген ұстазымыз біздің өмірлік жолымызды таңдап бергендей болды. Үйірмеге келіп жүріп ұстазымның көзіне түсе бастадым, ғылыми жұмыстар бойынша Мәскеу, Минск қалаларына дейін бардым. Ол уақытта субординатура мен интернатураға кез келген студент түсе алмайтын. Оқытушылар хирургияға иекемі бар, ғылыми үйірмеге қатысатын студенттерді ғана  іріктеп алады. Қазір хирургия кафедрасына 117 студент қабылданса, ол кезде  небәрі 20-25 студент қана оқитын.

Оқу бітірген соң Батыс Қазақстан облысының Орда, Камен аудандарында жұмыс істедім. Берілген жолдама мерзімі аяқталған соң, білімімді әрі қарай жалғастыру мақсатында госпитальды хирургия кафедрасына клиникалық ординатураға түстім. Әрине, жақсы тұрмыс үшін сол жерде қалуыма  болар еді, бірақ менің мақсатым —  ғылым жолына түсу және хирургия мамандығын толық игеру болды. Сондықтан Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығында қан-тамырлар хирургиясын және жалпы хирургияның қыр-сырын меңгердім.

— Білікті  маман болу үшін мықты ұстаз керек. Сіздің ұстаздан жолыңыз болған сияқты…

— Өмірден өз орныңды табуға жол бастайтын, тәлім-тәрбие беретін, үлгі-өнеге көрсететін  ұстазың болса  шәкірт үшін бұдан артық бақыт жоқ. Мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Өйткені еңбек жолымның  нұрлы болашағына жол ашқан Намаз Ізімбергенов, Сергей Викторович Лохвицкий сынды ұстаздарымның тәлімі арқасында ғылым жолына қаймықпай бет алдым. Намаз Ізімбергенұлы туралы көп нәрсені айтуға болады. Ол кісінің қарапайымдылығы, адамгершілігі, жан-жақтылығы өз алдына бөлек әңгіме. Ол адамды алыстан тани біледі. Облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде еңбек етіп жүргенімде күні-түні тынбай ота жасаймын, үйреніп келген әдістерімді тәжірибемде қолданамын. Түнгі кезекшілікке шығамын. Менің осы еңбекқорлығымды байқаған Намаз Ізімбергенұлы 1989 жылы кафедраға ассистент қылып қызметке алды. Ғылыммен айналысуыма ықпал етті. 1992 жылы кандидаттық диссератция қорғадым. Намаз ағамыз қашанда талаптылардың тынысын ашып, қанаттандырып жіберуді дәстүрге айналдырған адам. Ұстаздың ақылымен 1994 жылдан бастап  «Әйелдердегі босанғаннан кейін болатын плацент ұлпасын іріңді-септикалық ауруларды емдеуге қолдану» туралы ғылыми жұмыспен айналыстым. Плацентті пайдалана отырып, адам организміндегі микробтарды, токсиндерді тазартуға болатындығын зерттеп дәлелдедік. Осы тақырып бойынша 2003 жылы докторлық диссертация қорғадым. Содан бері 15 жылдай уақыт өтіпті. Әлі күнге дейін ұстазыммен тығыз байланыстамын, бір кафедрада қызмет жасаймыз. Артық кетіп бара жатсам тоқтатып, жетпей жатса ақылын айтып отырады.

— Намаз Ізімбергеновтың шәкірттерінің ішінде осалы жоқ. Ал сіз  шәкірттеріңіздің ішінде кімді мақтанышпен айта аласыз?

— Он бес жылдан бері хирургия кафедраларында жетекшілік етіп келемін. Осы уақыт ішінде бар білгенімді, тәжірибемді кейінгі жастарға үйретуден жалыққан емеспін. Менің жетекшілігіммен 2 докторлық және 3 кандидаттық диссертациялар қорғалды. Шәкірттерімнің барлығы жемісті еңбек етіп жүр. Оның ішінде өзімнің жолымды қуып келе жатқан білікті дәрігер-хирург  медицина ғылымының докторы Мұрат Жақановты ерекше айтамын. Қазір жалпы хирургия кафедрасының жетекшісі, білімді ізденімпаз жігіт. Менің мықты шәкіртімнің бірі — облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы медицина ғылымының докторы Әсет Қалиев. «Болар бала…» демекші, Әсет бесінші курста жүріп-ақ өз бетімен ота жасай бастады. Ауруханадан шықпайтын. Қашан көрсең де операция үстелінің жанында жүретін өте алғыр бала еді. Облыстың бас хирургі болып тұрған жылдары аудандарға өзі барып, халі нашар науқастарға операциялар жасады. Әрине, науқастарды біздерге қалаға әкелуге де болар еді, бірақ оның мақсаты — аудандағы хирургтерді үйрету болды. Ең бастысы заманымыздың соңғы жетістіктерінің бірі лапароскопиялық операцияларды жасауға үйретті. Нәтижесінде  қазір аудан хирургтерінің басым көпшілігі білімді де білікті дәрігерлер. Қазіргі таңда аудан хирургтері науқастарды қалаға жібермей, отаны өздері жасайды. Сонымен бірге жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімшесінің жетекшісі Абдин Жазылбекті  айта аламын,  қазір халықтың алғысына бөленген облыстағы алтын қолды хирургтердің бірі. Мен осындай шәкірттеріммен мақтанамын.

—  №2 хирургиялық аурулар кафедрасы талай шәкіртті білім нәрімен сусындатты. Оның ішінде   медицина ғылымының шыңына шыққан ғалымдардың қатары көп. Кафедраның қазіргі жұмысы қалай жүріп жатыр?

— Кафедра 1961жылы құрылды, алғашқы жетекшісі медицина ғылымының кандидаты Борис Гудимов болды. Кейін Георгий Барсуков, сосын 10 жыл бойына Петр Поляков басқарды. 1979 жылдан бастап Намаз Ізімбергенов жетекшілік етті. Намаз Ізімбергенұлы басқарған 25 жылдың ішінде кафедра айтарлықтай жетістіктерге жетті. Алты ғылым докторы, отыздан аса ғылым кандидаттары шықты. Ауруларды зерттеу, оны емдеу жолдарын анықтау мақсатындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді.

Мәселен, медицинада перитонит деген өте қатерлі, іріңді ауру бар. Көп жағдайда аурудың соңы өлімге әкеледі. Кафедраның білікті мамандары аталған аурудың емдеу жолдары жөнінде жан-жақты зерттеулер жүргізді. Осыған байланысты 1990 жылы кафедра жанынан осы ауруды емдеуге арналған  жедел хирургия және перитонит мәселелері бойынша республикалық орталық ашылды. Еліміздің әр аймағынан науқастар келіп, емделді. Бұл оқу орны үшін үлкен жетістік еді. Ал 2009 жылдан бастап кафедраның жанынан жүкті және босанған әйелдердегі жедел хирургиялық ауруларға көмек көрсету орталығы ашылды. Осы орталықта әйелдерді операциялық әдіспен босандырудан кейінгі іріңді асқынулар, перитонитті емдеу әдістері зерттелуде. Кесар тілігі операциясынан кейінгі перитонитті емдеу барысында біздің елемізде алғашқы рет ағзаны (жатырды) сақтау әдісі енгізілді. Сол жылдардан бері осы кезеңге дейін біздің облысымызда хирургиялық аурулардан ана өлімі тіркелген жоқ.

2004-2006 жылдары  осы бағытта мемлекеттік жоба жүзеге асырылды. Өзіміздің тәжірибемізді негізге ала отырып, ғылыми зерттеулер жасадық. Нәтижесінде біздің атқарған жұмыстар халықаралық сараптама қорытындысы бойынша ең жоғарғы бағаға ие болды. Қай бағытта болмасын ілгерілеушілік бар. Қазіргі таңда мүше трансплантациясы даму үстінде. Соңғы екі-үш жылдықта 30 бүйрек ауыстыру отасы сәтті жасалды. Сонымен бірге кореялық әріптестеріміздің көмегімен бауыр ауыстыру отасын жасап жатырмыз.

Хирургияның тағы бір саласы  — бариатриялық хирургия. Емнің бұл бағытында лапараскопиялық жолмен асқазанды кішірейту, шунттау отасы жасалады. Бұл — артық салмақтан зардап шеккен  және  қант диабетіне шалдыққан азаматтар үшін тиімді әдіс. Осы емдеу әдісі арқылы олар ауруынан айыға алады. Қазір әлем халқының 4-5 пайызы қант диабетімен ауырса, ал семіздіктен дүниежүзінде 100 миллион адам зардап шегеді. Оның 3-5 пайызы морбидті семіздікке шалдыққан. Аурудың бұл түрінде адам семіздіктен мүлде қозғала алмайды. Кейінгі жылдары бұл сырқат біздің елімізде де көбейіп барады. Дер кезінде алдын алмаса, соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан екі жылдан бері бариатриялық хирургияны дамытуға күш салып жатырмыз. Аталмыш тақырып бойынша университетіміздің алпыс жылдық мерейлі тойы аясында Литвадан арнайы шақырылған  ғалым хирург Алмантос Маляцкас келіп шеберлік сабағын өткізеді.

— Соңғы жылдары оқу жүйесінде өзгерістер көп. Ғалым ретінде айтыңызшы, халықаралық оқу жүйесі біздің студенттерге тиімді ме?

— Әрине, заман талабынан қалмау керек. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарына халықаралық білім беру жүйесі енгізіліп жатыр. Университет  балондық жүйе, яғни кредиттік жүйеге көшті. Бұл жүйенің дәстүрлі оқу әдісінен айырмашылығы қандай? Мысалы, біздің кезімізде «студент оқуы, білуі, меңгеруі тиіс» деген қағида болса, бұл жүйеде енді студент өзі ізденуі, ұғынуы керек. 2004 жылы Дублин қаласында қабылданған «Дублиндік дескриптор» жүйесі бойынша студент бес қағида бойынша білім алады. Бірінші, студент білуі және ұғынуы керек. Екінші, білгені мен ұғынғанын қолдана білуі тиіс. Үшінші,  пікірлерін білдіре алуы керек. Төртінші —  коммуникативтік дағдылар, яғни қарым-қатынас жасай білуі тиіс. Бесінші, білім алуға деген қабілеті болуы керек. Шетелде студентке оқытушы «оқы» деп күш көрсетпейді, тек қана бағыт береді. Шәкірт өзі ізденеді. Егер белгіленген кредитті жинай алмаса, келесі кезеңге өтпейді. Ал ол кезеңге көшу үшін қайта қаржы төлеуі тиіс. Сондықтан студент өзі үшін білім алады. Қазір университеттің оқу жүйесі осы қағидаға негізделген. Бұрын оқу жүйесінің үштен бірі студенттің өзіндік жұмысына арналса, қазір екіден үш бөлігі өзіндік жұмыс, бір бөлігі ғана аудиториялық сабаққа арналады. Бұл да студенттің өз бетінше оқып-үйренуне бағытталған. Бірақ қазіргі біздің қоғамға бұндай жүйені бірден енгізу ерте. Себебі, біз оған әлі дайын емеспіз. Студент өзі оқуы керек десек, олар ертеңгі күні ештеңе оқымай шығуы мүмкін. Оның ішінде медицина —  өте күрделі сала, ал дәрігер —  адам өміріне жауапты маман. Сондықтан студент бақылауда болуы тиіс. Осы ретте жаңа жүйені сәл өзімізге икемдедік. Оқу жүйесінің үштен бірі студенттерді оқытушылардың бақылауымен жасалатын жұмыс негізінде жүреді.

Сонымен қатар қазіргі оқыту жүйесінде оқытушы тек қана білім беріп қоймайды, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Жүргізілген жұмыстың нәтижесін тәжірибеге енгізеді. Әрине, қазіргі біздің қоғамда бұл оқытушыға үлкен салмақ түсіретіні анық. Сондықтан университет басшылығы бұл жүктемені де оңтайландырды. Егер оқытушы ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысса, оқыту жүктемесі азайтылады. Жалпы оқу орнында ізденген, қандай да бір нәтижеге қол жеткізген оқытушы да, студент те назардан тыс қалмайды. Оларға ынталандыру сыйлықтары беріліп, әрі қарай еңбектенуіне жағдай жасалады. Мәселен, ғылыми мақаласы шетелдік журналға шыққан оқытушыға 100 мың теңге сыйақы беріледі. Қазір ағылшын тіліне басымдық беріліп жатыр. Егер оқытушы ағылшын тілін жетік меңгерсе, оның еңбекақысына үстеме қосылады. Осылайша басшылық оқытушының біліктілігін арттыруына мүмкіндік туғызып, ынталандырып отырады.

— Университет — батыс аймақтағы сапалы білім беретін медицинадағы жалғыз оқу орны.  Университеттің алпыс жылдығына қандай дайындықпен келдіңіздер?

— Білім мен ғылым — ел болашағының іргетасы десек, діңгегі мықты  оқу оны ғана сапалы білім бере алады. Ақтөбе медициналық институтының іргетасын  Мәскеу, Ленинград, Киев,  Қазан секілді ірі қалалардағы жоғары оқу орындарынан келген мамандар қалады. Нәтижесінде Намаз Ізімбергенов, Раиса Көзденбаева, Қыдырқожа Жаманқұлов, Болат Баспаев секілді мықты дәрігерлер шықты. Олар ұстаздарының жолын жалғастырды. Қазір ел медицинасының дамуына үлес қосқан, ірі орталықтарды басқарып отырған азаматтардың дені ақтөбелік және Ақтөбе медицина институтын тәмәмдағандар. Қазір де Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев, Жеткерген Арзықұлов секілді мықтылардың ізін қуып келе жатқан дәрігерлер аз емес. Оның ішінде Әсет Қалиев, Аслан Ерғалиев, Әсет Елемесов, Мылтықбай Рысмаханов секілді жастарды атап айта аламын.

Университеттің алпыс жылдық мерейтойы аясында осы оқу орнын бітірген түлектерді шақырып отырмыз. Литва, Украина, Ресей елдерінен мықты деген ғалым хирургтер келіп, хирурия, онкология, балалар хирургиясы, анестизиология, нейрохирургия және тағы басқа салалар бойынша  8 шеберлік сабақтарын өткізеді. Сонымен бірге өткізілетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның хирургиялық секциясына кафедралар өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін баяндама түрінде ұсынып отыр.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып әріптестерімді, университеттің қызметкерлерін және түлектерін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  60 жылдық мерейлі тойымен құттықтаймын. Алдағы уақытта  біздің оқу орнымыз жылдан-жылға зор табыстарға жетіп, егемендік алған еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордасы болсын деп тілек айтамын.

Сұхбаттасқан Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button