Білім

Жаңа мектеп ашылды

Ақтөбе қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы №62 қазақ орта мектебі ашылды.

Жаңа мектеп үш ауысымдықты жою мақсатында, қаланың ескі бөлігінде, бұрынғы «Сымбат» жеке мектебінің ғимаратында ашылып отыр. 2 қыркүйек күні өткен мектептің ашылу салтанатына мұғалімдер, ардагерлер, ата-аналар мен оқушылар жиналды. Салтанатты жиынға қала әкімі Ілияс Испанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бауыржан Момышұлы сынды халқымыздың ұлы перзентінің есімін иемденген жаңа білім ошағының ғимараты заманауи талапқа сай жабдықталған. Мектеп 500 орындық, 50 мұғалім жұмысқа қабылданып отыр.

Жалпы алаңы 4810 шаршы метр болатын төрт қабатты ғимаратта салтанат залы,  спорт залы, медициналық кабинет, асхана, хореографиялық бөлме, кітапхана бар. 23 кабинет интерактивтік тақтамен жабдықталған, 16 кабинет интернет желісіне қосылған. Осы аудандағы №6, №11, №22, №13 орта мектептерде оқушылар саны жылдан-жылға артып, оларды екі ауысыммен оқыту қиынға түсіп келген еді. Жаңа мектепке аталған білім ордаларынан оқушылар қабылданды. Олар екі ауысыммен оқитын болады.

Мектеп ауласы  қоршалып, асфальтталған, ғимарат автономдық жылу жүйесі арқылы жылытылады.

Білім беру барысында оқушыларды қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқыту тапсырмасы жүзеге асырылады.

А.САРЫБАЙ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button