«Ақтөбе — құтты мекен»

Жетпісінші жылдар: жарыстар, жеңімпаздар, жетістіктер

«Моторлар маңғаз, ал, билік құрды,

Дүрілдеп кетпес жер қалай?

Тракторлармен Шалқұйрық сынды

Шалғында жүзген ерлер-ай!

Сүйегін сайдың сырқыратып кеп,

Сүйретіп берсе, шат қандай.

Бозала таңда бұрқыратып кеп,

Бұлттарды шауып жатқандай.

Құдірет көріп, құмартасың ба?

Қалауың білсін, ырқың-ақ.

Шаң-шаң боп қайтар түн ортасында,

Көздері ғана жылтырап».

1974 жылдың маусымында Қобда ауданының Ильич атындағы колхозына қарасты Үкілі шабындығына жем-шөп әзірлеу науқаны барысын жазуға барған Есенбай ақын, ол кезде облыстық газеттің тілшісі Есенбай Дүйсенбаев өз репортажын осындай өлең жолдарымен аяқтапты. («Коммунизм жолы», 1974 жыл, 25 маусым.) Ал оның «Шалғында жүзген ерлер-ай!» деп сүйсінген кейіпкерлері — Дәулет Тынымкереев, Рысбай Бәйекенов, Қарасай Қазбеков, Мұхамедияр Еспағамбетов, Қошқар Жолышов, Орысбай Сәуірбаев сынды озат механизаторлар еді.

70-жылдардың орта тұсын кейін зерттеушілер тоқыраудың, яғни жүйенің күйреуінің басы санады. Дегенмен, нақ сол тұстағы қайнаған тірліктен енді 15-20 жылдан кейін келетін күйреудің еш белгісі сезілмейді…

 Тыңның 20 жылдығы

Нақ сол жылы бүкіл республикамен бірге, біздің облыс та тың игерудің басталғанына 20 жыл толуын атап өткен болатын. Осыған орай 25 наурызда Ақтөбеде салтанатты жиын өтіп, бір топ еңбеккерлерге мемлекеттік наградалар табыс етілді. Сол кездегі облыс басшысы В.Ливенцовтың салтанатты жиында оқыған баяндамасында мынадай деректер айтылды: 1954 жылы облыста дәнді дақылдар егістігі 363 мың гектарды құраған, ал алынатын өнімнің орташа көрсеткіші әр гектардан 3,8 центнер болды. Тың жерлерді игеру мақсатында жүргізілген зерттеулер қорытындысында Ақтөбе өңірінде 1 миллион 700 мың гектардан астам жер егін салуға жарамды деп табылды. Бұл зерттеулерге Мәскеу ауылшаруашылық академиясы мен жерге орналастыру институты қатысқан. Ресейден, Украина мен Белоруссиядан мыңдаған тың игерушілер келді. Тың игеруді бастаған алғашқы жылы ғана облыс шаруашылықтарына 2,5 мыңнан астам трактор, 680 комбайн, басқа да көптеген техника әперілген. 1956 жылдың өзінде-ақ облыс алдына егіс көлемін 1 миллион 300 мың гектарға жеткізу міндеті қойылған. Ал 20 жыл ішінде облыста 2 миллион гектардан астам жер игерілген. 1974 жылы тек дәнді дақылдар егістігінің көлемі 1 миллион 950 мың гектарды құраған. 50-жылдар ішінде облыста астықтың жыл сайынғы орташа түсімі 140,6 мың тонна болса, 20 жылдан кейін бұл көрсеткіш 1058,4 мың тоннаға, яғни 7,5 есе артқан еді. Осы тұста облыстың әр тұрғынына шаққанда 57,4 пұттан келетін астық жиналған.

(Осындай жоғары көрсеткіштермен қатар қазір тың игерудің табиғатқа, ұлттың демографиясына тигізген зардаптары жөнінде де айтылып жүр. Ол деректер көзі ашық әр оқырманға таныс деп ойлаймыз).

Газет мерейі

1974 жылдың бір айтулы оқиғасы — КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен облыстық «Коммунизм жолы» газетінің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы. Бұл — газет ұжымы ғана емес, оның мыңдаған оқырмандары мен кейіпкерлері үшін де үлкен мерей еді. Мысалы, журналист, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әбдуәли Қарағұлов бастапқыда «Кедей» деген атпен шыққан газетпен алғаш қалай танысқаны жөнінде баяндап, республика астанасынан хат жолдапты: «Бұдан жарты ғасыр бұрын, бүкіл Қарақобда болысында екі-ақ ауылдық мектеп болды. Соның біреуінде оқып жүргенімде, мұғаліміміз Мәмбетырза Айжарықов деген кісі: «Газет деген не екенін білесіңдер ме?» — деп сұрады. Бірде-бір бала «мен білемін» деп қол көтере алмады. Келесі күні ұстазымыз біздерге «Еңбекші қазақ», «Кедей» газеттерінің бірнеше данасын әкеліп көрсетіп, бұлардың қайда шығатынын, не туралы жазатынын түсіндірді. Біз сол 1924 жылдың күзінен бастап, аптасына бір мезгіл мұғаліміміздің әкелген газеттерін оқып тұратын болдық…».

Ал 70-жылдардың алғашқы жартысындағы «Коммунизм жолы» газеті нөмірлерін парақтағанда, Тобық Жармағамбетов, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Қажығали Мұхамбетқалиев, Мұхтар Құрманәлин, Құрал Тоқмырзин, Нұрқайыр Телеуов, Идош Асқар сынды авторлардың аты-жөні-ақ, бұл басылымның қандай марапатқа да лайық екендігін паш етіп тұрғандай болады.

Айқындаушы жылдың чемпиондары

Ол тұста аймақтың ауыл шаруашылығында жетекші сала саналған қой шаруашылығы бойынша ауданның, облыстың чемпиондарын анықтау дәстүрге айналған еді. 1974 жылы, тоғызыншы бесжылдықтың төртінші, яғни айқындаушы жылында екі бірдей шопанға облыс чемпионы атағы берілді: Ойыл ауданы Құрманов атындағы совхоздың аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Бекіш Ғалымов пен Мұғаджар ауданы «Жұрын» совхозының аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Мақсұт Мамытов.

Б. Ғалымов — еділбай тұқымды саулықтардан, ал М.Мамытов цигай қойынан төл алуда облыс бойынша чемпион атанған.

Мақсұт Мамытов бесжылдыққа белгіленген жеке жоспарын төрт жылда орындап, сонымен қатар, 1974 жылы мал төлдету науқанында әр жүз саулықтан 153 қозы алған. Ол саулықтарды қыста төлдетіп, «қой өсірудің нағыз шебері» атанған.

Ал Бекіш Ғалымов қарауындағы сегіз жүз саулықты қытымыр қыстан түгелдей аман алып шыққан. Әр жүз саулықтан 150 қозы өргізіп, оларды да шығынсыз өсірген. Төл алу нәтижесі бойынша бірнеше жыл қатарынан ауданның чемпионы атанған. Б.Ғалымов та өзінің бесжылдық жоспарын төрт жылда орындапты.

Жарыстар, жарыстар…

«Кемелденген социализм» дәуірінде еңбеккерлер, ұжымдар, шаруашылықтар, аймақтар арасындағы социалистік жарыстар өрістей түсті. 70-жылдар ішінде Ақтөбе облысы көрші Торғай облысымен социалистік жарысқа түсті. Торғай астықты өңір еді. Мысалы, 1973 жылы Торғай облысы мемлекетке 104 миллион пұт астық тапсырған. Бұл қазақстандық миллиардтың оннан бір бөлігі болатын. Ақтөбе облысы бұл жылы мемлекетке 40,5 миллион пұт астық тапсырып, халық шаруашылығы жоспарын 109, 5 пайызға орындап шыққан.

Ақтөбе республикадағы өнеркәсібі әлдеқайда ілгері дамыған өңірлер қатарында еді. Айталық, бүкіл КСРО-да шығарылатын медициналық рентген аппараттарының 50 пайыздан астамы «Актюбрентген» зауытының үлесіне тиетін. 1971-1975 жылдар аралығындағы тоғызыншы бесжылдық ішінде КСРО прибор жөндеу министрлігі кәсіпорындары арасындағы социалистік жарыста «Актюбрентген» зауыты 16 рет жүлделі орындардан көрінген.

1974 жылдың қорытындысы бойынша республикадағы қой өсіруші жастар бригадалары арасындағы социалистік жарыста Мұғаджар ауданы «Жұрын» совхозының «Жалын» комсомол-жастар бригадасы (ұстаз-шопаны — Ө.Төлегенов) жеңімпаз болып танылып, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туын иемденді. Ал 1975 жылдың алғашқы тоқсанында Ақтөбе облысы сүт тапсыру мен оның сапасын жақсарту көрсеткіштері бойынша республикада социалистік жарыс жеңімпазы атанды.

Тағы бір мысал, ақтөбелік «Актюбхимпласт» бірлестігінің ұжымы Алматының «Қызыл ту» фирмасы ұжымымен социалистік жарысқа түсіп, 1975 жыл қорытындысы бойынша жеңіске жеткен. Ақтөбеліктер еңбек өнімділігін 1,2 пайыз арттырса, алматылықтардың көрсеткіші 0,5 пайыз ғана болды.

Селодағы құрылыс

Бұл кезеңде ерекше көңіл бөлінген мәселелердің бірі селодағы құрылыс еді.  1971-1973 жылдар арасында ғана облыс шаруашылықтарында 209 сиыр қора, 1063 қой қора, 212 мың тонна астық сақтайтын қойма мен 4155 тұрғын үй салынған. 1974 жылы селолық жерлерде 2200 тұрғын үй, 250 қой қора мен 85 сиыр қора салу көзделген. Селодағы құрылыстың кең қанат жаюына облыс орталығындағы ірі зауыт-фабрикалар қолдау көрсеткен. Бұл ретте «Актюбсельмаш» зауытының тәжірибесі басқаларға үлгі еді. Зауыт 1973 жылы ғана Ырғыз ауданындағы Партияның ХХІV съезі атындағы совхозға 7,5 мың бас қой сыятын 11 қора мен екі пәтерлік бір тұрғын үй салып берген. Ал 1974 жылы бұл кәсіпорын облыс шаруашылықтарында құрылыстар жүргізуге 1,7 миллион сом қаржы жұмсауды жоспарлапты.

Сағыр Қамалов 70 жаста

Облыс жұртшылығы 1975 жылы атап өткен мерейтойлардың бірі Сағыр Қамаловтың 70 жылдығы еді. Сағыр Қамалов — қазақ әдебиетіне 30-жылдары келген буынның өкілі. Ол — Алматыдағы музыкалық училищенің (қазіргі П.Чайковский атындағы музыкалық колледж) алғашқы директоры, сондай-ақ, Қазақ академиялық драма театрының директоры болып қызмет атқарған.

С.Қамалов 1905 жылы бұрынғы Ақтөбе уезінің 9-ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алып шыққан соң, Орынбордағы халық ағарту институтында, одан соң Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтында оқыған.

«Сағырдың әдебиет майданына араласуы да Алматыдағы студенттік кезден басталды. Өлең, әңгіме жазуды бұдан бұрын қолға алса да, өз еңбектерін 1930 жылға дейін баспа бетіне ұсынбайды. Оның бірінші әңгімесі «Таңдағы талап» 1930 жылы баспа бетінде жарық көреді» — деп жазылды «Коммунизм жолы» газетінде. («Коммунизм жолы», 1975 жыл, 10 қазан.) Ал «Ер Тарғын», «Құттықтаймын» және Тайыр Жароковпен бірігіп жазған «Қанды таяқ» пьесалары 1936-1937 жылдары жеке кітап болып басылып шыққан.

Сағыр Қамалов 1938 жылы репрессия құрбаны болды. Әдебиетке ол небәрі сегіз-ақ жыл араласты. Дегенмен, профессор Қажым Жұмалиевтің айтуынша, осы аз уақыт ішінде артына көп еңбек қалдырған.

«А» класына жолдама

1975 жылғы маусымда «Актюбинец» футбол командасы жақсы өнерімен көзге түсті. Сөйтіп, КСРО спорт комитетінің шешімімен, 1976 жылы өз тарихында бірінші рет «А» класының екінші тобында өнер көрсетуге жолдама алды.

«А» класының екінші тобы алты аймаққа бөлінген. Оның ішінде «Актюбинец» екінші аймақта ойнады. Мұнда Қазақстанның — 10; Өзбекстанның — 8, Қырғызстан мен Тәжікстанның бір-бір футбол командалары өзара бақ сынасқан. Қазақстанның 1975 жылғы чемпионы — шымкенттік «Металлург» командасы мен Өзбекстан чемпионы «Новои» командасы да осы топқа түскен.

Жалпы, әр аймақта 20 командадан ойнаған. Сонда, «А» класының екінші тобына КСРО бойынша 120 команда іліккен. Солардың ішінен ең мықты 3 команда ғана бірінші топқа өте алатын.

 Ғарышкер ескерткіші

1976 жылғы 4 маусымда Ақтөбеде ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаевқа ескерткіш-бюст ашылды. Бір қызығы, ескерткіштің тұғыры одан 4 жыл бұрын, 1972 жылғы 19 маусымда орнатылған.

В.Пацаевқа арналған ескерткіштің ашылуына КСРО астанасы Мәскеуден құрметті қонақтар келді. Олар — Кеңес Одағының Батырлары, ұшқыш-ғарышкерлер Николай Рукавишников, Георгий Гречко, Алексей Губарев және Валентин Лебедевтер еді. Салтанатты жиында ақтөбелік ғарышкердің зайыбы Вера Пацаева да сөз сөйлеген. Виктор Пацаев — КСРО заманында Қазақстаннан шыққан екі ғарышкердің бірі. Ол 1933 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келді, ал балалық шағы Алға қаласында өткен.

Ескерткіштің ашылуынан бөлек, Ақтөбе жеріне сол кездегі атақты ғарышкерлердің келуінің өзі үлкен оқиға саналды: жер-жерлерде кездесулер өтті, жылы лебіздер айтылды. Қазіргі күні Пацаев ескерткіші жанында өсіп тұрған ағаштар сол Мәскеуден келген ғарышкерлердің қатысуымен отырғызылған…

  Әзірлеген И.ӨТЕМІС.

Деректер облыстық мемлекеттік музейден алынды.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button