Есімі елі үшін байрақ болған

XVIII-XX ғасырлар аралығы қазақ халқын жойқын сындармен қарсы алды, екі ғасырға жуық уақытқа созылған қалмақ-жоңғар соғыстарынан аман өтсе, алда одан да қауіпті әрі қитұрқы ресейлік отарлау саясаты күтіп тұрған еді. Осындай сын кезеңдер жауынгер тұлғаларды ғана емес, батырлығы, билігі үзілмеген тұтас бір әулеттерді де дүниеге әкелді. Биыл туғанына 230 жыл толғалы отырған Дәуіт Асауұлы да қазақ даласындағы осындай батырлығы мен билігі үзілмеген атақты әулеттердің бірінен тараған болатын.

Дәуіт батыр Үстірт өңірінде дүниеге келген. Шыққан тегіне тоқталсақ, Кіші жүздің Шөмішті Табын руының Қарақойлы-Лабақ бөлігінен, оның ішінде қазаққа танымал болған Барақ әулетінен тарайды. Барақ батырдың немересі болып келеді. Атақты Барақ Сатыбалдыұлы (1743-1840) да өз заманының қаһарманы, ержүрек қолбасшысы болған еді. Ол Сырым Датұлымен бірге 1783-1797 жылдар аралығында көтеріліс басшыларының бірі болған. Сырымның жақын қарулас жолдасы болғандығы туралы көптеген мұрағат құжаттарында айтылады. Дәуіттің әкесі Асау да – Кіші жүз бен Хорезм өңіріне аты шыққан атақты батыр әрі би болған еді. Ол 1822-1835 жылдары Жоламан бастаған көтеріліс көсемдерінің бірі, осы азаттық күресін Жоламанмен бірге басқарды. Асау Барақұлы (1763-1843) – өз кезеңінің белгілі тарихи тұлғасы, ол да көршілес Хиуамен тығыз қарым-қатынас жасаған. Әкелі-балалы батырлардың есімдері ел арасында Асау-Барақ атымен белгілі.
Билігі үш атаға жалғасқан Барақ-Асау-Дәуіт батырлар қазақтың батыс өңірлері мен Хорезмге атақтары кеңінен тараған әулет болып табылады. Алыс Үстірт, Хиуа аралықтарын мекен етсе де, үшеуі де Ресей ықпалына қарсы күрестерге белсене қатысты, олардың ту ұстаған көсемдеріне айналды. Мұрағат деректерінде ағайынды батырлар Асау мен Қитар Барақұлдарының, олардың ұлдары Қадырқұл мен Дәуіт, Шыңдауыл Қитарұлы бастаған сарбаздардың іс-әрекеттері біршама кездеседі. Олар Жаңа Елек шебінің Ветлянский, Сухореченский, Буранный т.б. форпостары мен елді мекендеріне шабуылдарға қатысқан. 1822 жылы 5 желтоқсанда Орынбор Шекара комиссиясы губернатордың жарлығымен ең алдымен ұсталуы тиіс шепке шабуыл жасап жүрген «басты қарақшылар» ішінде Жоламанның өзін, Адай Сүйінқара, Кете Дербісәлі, Табын Құттыбас, Жаналы, Түркебай батырлардың арасында Асау мен Қитар батырларды да көрсеткен (Орынбор обл. мемл. мұрағаты, 6-қор, 10-т., 2781-іс, 153-парақ).
1823 жылы маусымда Жоламан бастаған көтерілісті жазалауға полковник Берг бастаған 2382 адамдық ірі әскери жасақ шығарылады. Оның полковник Милорадович басқаратын 408 адамдық бір тобын Шыңғырлау өзенінің бойында Жоламан бастаған 1 мың сарбаз қоршап алады. Деректерге қарағанда, осы шабуылға басқа сардарлармен бірге Қитар Барақұлы бастаған 200 Шөмішті Табын сарбазы қатысқан. Олардың арасында Дәуіттің де болғаны талас туғызбайды. Бір атап өтерлігі, полковник Милорадович басқарған тептәр казактары сарбаздардың шабуылына төтеп бере алмай Елек бойына кері қайтады. Қазақ әскері Милорадович отрядының жан-жағынан от қойып жүргізбей қойған, шабуыл жасап 24 адамын тұтқындаған. ХІХ ғасырдың 40-50-жылдары Дәуіт бірқатар әлеуметтік-саяси оқиғаларға қатысып, ол басқа да Табын билерімен бірге Ресей мен Хиуа арасында белгілі бір саясат ұстанған. 1848 жылы өздеріне зекет жинауға келген хиуалықтарға орыс тарапына салық төлеп отырғандарын айтса, 1852 жылы патша салық жинаушыларына да толық түтін санын бермеген. Жалпы, Ресей үкіметі Дәуіт ауылдарынан 1850 ж. – 331 үйден, 1851 ж. – 556 (бір деректе 100) үйден, 1852 ж. – 539 үйден, 1853 ж. – 40 және 1854 ж. 93 үйден түтін салығын жинаған. Шөмішті қауымдары ежелден Үстірт, Сам-Матай, Доңызтау өңірлерінде, Хиуа иелігінде – Әмудария өзенінің қос жағалауында, Арал теңізінің батысында, Қоңырат, Көне Үргеніш жерлеріне қыстайтын. Жаз жайлауға солтүстік өңірлерге – Жем, Сағыз, Темір өзендерінің бойларына, кей аталықтары Ұлы Қобда, Елек бойларына дейін келетін. Кей жылдары олар Үстірт, Хорезм өңірлерінен алысқа ұзамаған, түтін санының аз көрсетілген кездері осыған байланысты. Орыс шептерінен алыс орналасуы себепті оларға Ресей ықпалы аса таралған жоқ.
Дәуіт Асауұлының Ресей патшалығының отарлық саясатына қарсы күресі, әсіресе ХІХ ғасырдың 50-жылдарының ортасында айқын көрінеді. 1855 жылы ол Кіші жүздің атақты батыры Есет Көтібарұлымен бірігіп әрекеттер жасайды. Сол жылдың мамыр айында Орынбор әкімшілігі Дәуіт ауылдарынан түтін салығын жинауға Баймағамбет сұлтан бастаған билерді жіберген болатын. Темір өзенінің бойындағы жайлауда отырған Дәуіт патша адамдарын еш жауапсыз 15 күн ұстап, салық төлемейді. Өздеріне қарсы орыс жасағының шыққанын естіген кезде ол салық жинаушылардың қолына ұзын саны 150 ешкі мен ұсақ қозы-лақтарды жинап беріп, осыларды түтін салығы ретінде қабылдауға мәжбүр етеді. Оның патша адамдарына лақ айдатып жіберген әрекеті бүкіл елге тарайды. Дегенмен, бұл мал қабылданып, ақшаға айырбасталып, одан түскен 100 рубль күміс ақша Орынбор Шекара комиссиясына тапсырылған (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 4479-іс, 107-108 пп.).
1855 жылы шілде айының басында Дәуіт батыр Шөмішті Табын, Адай және Таз руларынан құралған 1 мың сарбазбен патша өкіметіне қарсы ашық әрекеттерге көшеді. Ол кезде Орынбор өлкесінің қазақтары Батыс, Орта және Шығыс бөліктер деп аталатын үш бөлікке бөлініп, оларды өлке әкімшілігі бекітетін аға сұлтандар басқаратын. Алдын ала өзара келісім бойынша, Дәуіт батыр Батыс бөліктің аға сұлтаны Мұхамедқали Тәукеұлының ордасына, ал Есет батыр Орта бөліктің аға сұлтаны Арыстан Жантөриннің ордасына бір мезетте шабуыл жасауды жоспарлайды. Алайда, Мұхамедқали сұлтан бұл жоспар туралы дер кезінде естіп, қам жасап үлгереді. Ол өз адамдарымен Қалдығайты өзенінің бойында Қаратөбе деген жерде тоқтап Жайық казак әскерін тосады, олар келген соң 2 мың адаммен Есет бастаған көтерілісшілерге қарай бет алады. Оның ордасын шабу жоспары жүзеге аспаған Дәуіт те шұғыл түрде өз сарбаздарымен Есет жасағын ескертуге әрі көмектесуге сол бағытқа жылжиды (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 5144-іс, 22-п., 4478-іс, 6-7 пп.).
Есет батыр 8 шілде күні Есенбай өзенінің бойындағы Жаңғызағаш деген жерде Арыстан Жантөриннің ордасын шауып, сұлтанның өзімен қоса 10-нан астам адамды өлтірген болатын. Бір атап өтерлігі, Есеттің осы шабуылына Дәуіттің жақын інілері ағайынды Бозай, Аманжол Шыңбайұлдары тікелей қатысқан. Есеттің шабуылынан соң Шөмішті Табын, Адай және Шекті руларының 100 адамнан тұратын үлкен елшілігі Хиуа ханына барып, өздерінің орыс патшалығымен соғысып жүргендерін айтып, Ресейге қарсы көмек сұраған. 1855 жылы қазан айында аға сұлтан М.Тәукеұлы, әскери старшина Серов бастаған казак әскері Дәуіт батырдың ауылына басып кіріп, қақтығыста оның бір ұлы Ербөлекті өлтіреді. Дәуіттің өзі ауылда болмаған. Әскерлер батырдың әйелі Қалыны, ұлы Бекназарды, қызы Тәтішті және жасы 80-ге келген жақын туысы Майдос Айтқазыұлын тұтқындайды. Көптеген малын айдап әкетеді. Орынбор әкімшілігі Дәуіт Асауұлына егер айыбын мойындап өзі келмесе, ұлы мен туысының өлім жазасына кесілетінін, әйелі мен қызының мәңгі қамауда қалатындығын жеткізеді. Тұтқындар алдымен Орынбор түрмесінде ұсталса, кейіннен Оралға жіберіледі. Әскери сот Бекназар Дәуітұлын шпицрутенмен 500 адам арасынан 6 рет өткізіп дүрелеуге, содан соң каторгалық жұмыстарға 15 жылға, Майдос ақсақалды жасына байланысты жазасыз Сібірге қоныстануға үкім шығарады. Кейіннен Бекназардың жазасын жеңілдетіп, 200 адамның арасынан үш рет өткізіп дүрелеп, 5 жылға каторгаға жіберу шешіледі. Бірақ бұл жазалар орындалмаған. Орынбор генерал-губернаторы, қазақ даласы мен Хиуаны отарлау әрекеттерімен көзге түскен В.Перовскийдің өзі Шекара Комиссиясына 5 қарашада жолдаған ұсынысында: «…хотя и можно было бы захваченных в ауле Даута киргизов предать военному суду по полевому уголовному уложению, но при этом по мнению Комиссии, нельзя не принять во внимание и того (түпнұсқада асты сызылған), что Ордынцы те по родству своему с Даутом неизбежно должны были действовать под его влиянием. Почему Комиссия и полагает, не отступая от строгой справедливости, воспользоваться настоящим случаем для обращения Даута Асауова, скрывшегося в глубине степи, к покорности Правительству, объявив ему, что если он не исполнит требования, которые будут предложены ему начальством, не явиться с повинною и обязательством за себя и родичей кочевать впредь спокойно, тогда должен считать уже одного себя причиною тому, – что сын и родственник его понесут позорную смертную казнь, а жена и дочь будут сосланы на всегдашнее заточение…», – деп көрсетеді (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 4478-іс, 287-288 пп.).
Осы мақсатта Оралда ұсталып отырған тұтқындарды Орынборға қайта алдырып, оларға өз аттарынан Дәуітке хат жаздыру көзделеді. Орынборда Бекназар мен Майдос түрме қамалында қатаң күзетте ұсталса, ал әйел адамдар жеке пәтерде полиция бақылауында болады. Өз жақындары жат қолына түссе де, Дәуіт Асауұлы патша адамдары алдына бірден бара қоймаған. 1856 жылдың 4 қаңтарында Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы Григорьев Дәуітке арнайы бірнеше беттік қатынас жолдайды. Онда батыр қатты айыпталады. Құжаттың мәтінінен оның мысын басу, қорқыту анық аңғарылады. Мұнда Дәуіттің бұрынғы іс-әрекеттері де жіпке тізілген, үзінді келтірсек: «Оренбургское Пограничное начальство давно уже слышало, что ты идешь по дурной дороге… За вероломство свое лишился ты скота, жена твоя Калу, дочь Татышь, сын Бикназар и родственник Майдус находятся в наших руках. Вот плоды твоего безумного поведения! …Сделав, спасешь и жену свою, и детей, и родственников… не хочешь – считай одного себя причиною если не увидишь более Калу, Татыши, Бикназара и Майдуса, которые судятся военным судом и при дальнейшем упорстве твоем понесут неизбежное наказание. Не оправдывайся, еще раз повторяю, в своих последних поступках, не присылай ко мне обещаний на бумаге, не оттягивай явки своей с повинною киргизскими изворотами, а прямо исполни то, что советую тебе, и каяться после не будешь…» (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 4479-іс, 224-227 пп.).
Осы қатынаста Комисссия төрағасы Дәуіттің салық жинаушыларға 150 көтерем ешкі мен лақтарды оларды өліммен қорқытып алғызғанын да бетіне басқан. Осындай қаһарлы хабарға қарамастан Дәуіт Орынборға баруға асыға қоймаған. Жақын адамдары тұтқынға түскеннен кейін арада жеті айдай уақыттан соң, 1856 жылы мамыр айында аға сұлтан Тәукеұлы шеп бойындағы Табын билерінің бірі Құлбай Омарұлы мен Шөмішті тармағының белгілі биі Алдаш Байғанаұлын Дәуітті өз ордасына әкелуді міндеттейді. Алдаш би де алдыңғы күзде аға сұлтан ордасына бара жатқан жерінен Серов жасағының қолына түсіп, Орынборда біраз уақыт кепілдікте ұсталған болатын. Осыдан соң жақындары қамауда жатқан Дәуітке өкімет тарапына барудан басқа амалы қалмайды. Мамыр ортасында ол Шөмішті Табынның бір топ билерімен бірге аға сұлтанның ордасына келеді. Қабылдаудан соң Тәукеұлы оларды бірден Орынборға аттандырады. Дәуіт бастаған билер аталған шаһарға 14 маусым күні келеді. Орынборда Дәуіт Асауұлы билерімен бірге Ресей тарапына адалдыққа ант қабылдауға мәжбүр болады. Ант 6 шілде күні қабылданған.
Генерал-губернатор Перовский Дәуіттің өз еркімен келгенін, оның даладағы беделін және оның өкіметке мойынсұнуының алыстағы Шөмішті Табын қауымдарын үкімет билігіне бағындыруда қаншалықты пайдалы болатындығын ескеріп, оған кешірім береді. Бұл туралы өлке басшысы Шекара Комиссиясына 1856 жылғы 2 шілдедегі ұсынысында хабарлаған: «1. Принимая во внимание исключительное нисколько еще неустроенное положение Юго-Западной части Зауральской степи, добровольную явку с повинною Даута Асауова, влияние его между однородцами и пользу какую покорность его может принести к упрочению русской власти над Чумичли Табынцами, я нахожу возможным, согласно с предстательством Пограничной Комиссии, предать прежние поступки этого ордынца забвению и прекратить всякое преследование его и сообщников его за участие в прошлогодном бунте Исета Кутебарова. 2. Но такое прощение Дауту и прибывшим с ним биям даруется с непременным условием чтобы впердь вели они себя как следует верноподанным Его Императорского Величества…» (ҚР ОММ, 4-қор, 1-т., 2792-іс, 10-п.). Губернатор осы ұсынысында Дәуіт Асауұлын Шөмішті Табын руының ірі Қарақойлы тармағының бас биі, ал Алдаш би Асан тармағының бас биі етіп бекітеді. Анттан соң Дәуіттің отбасы мүшелері Шекара Комиссиясының қатысуымен түрмеден босатылып, бірден қайтарылады. Ресей жағына берген антына қарамастан Дәуіт Асауұлы ел басына туған сын кезеңдерде өзінің азаттық күресі жолынан айнымайды.
1869 жылы Батыс Қазақстанда болған көтеріліс кезінде 82 жастағы Дәуіт қолына тағы да қару алып Үстірт, Хиуа өңірлеріндегі көтеріліс көсемдерінің біріне айналады. Бұл көтеріліс далалық облыстарды басқару туралы Уақытша Ережеге қарсы тұтанған еді. Ереже бойынша қазақ даласы облыстар мен уездерге, болыстарға бөлініп, бұрынғы аға сұлтандардың орнына орыс шенеуніктері қойылуы тиіс болатын. Бүкіл қазақ жерлері мемлекеттің меншігі саналып, ол қазақтарға пайдалануға ғана берілетін болып шешілген еді. Қарт батырдың осы күреске қатысуының өзі көтерілісшілерге үлкен рух берген. Зерттеуші Сербариновтің жазуынша, оның есімінің өзі олар үшін байрақ есебінде болған. Бұл көтеріліске Дәуіттің інілері Бозай Шыңбайұлы, Жәнібек Барақұлы, ұлдары Алданазар, Бекназар, Дәрібай және басқа да көптеген жақын туыстары қатысқан. 1869 жылдың басында орыс шебіне жақын Қобда бойында отырған Жылқышы Табын руының билері Мұңайтпас пен Тұрым оңтүстіктегі Шөмішті Табын және Шекті руларына жаушылар арқылы хат жіберіп, Ереже туралы айтып, күреске қосылуға шақырған болатын. Қаңтар айының басында Дәуіттің інісі Жәнібек Барақұлы, Алдаш Байғанаұлы және Шекті-Қабақ руынан белгілі би Әзберген Мұңайтпасұлы мен Есеттің ұлы Назар бастаған адамдар Хиуа ханына келіп қазақтардың патша өкіметіне қарсы шыққандарын айтып көмекке әскер сұрайды.
Хан елшілерді жақсы қарсы алып, наурыз айына қарай өзбектерден, түрікмендер мен қарақалпақтардан тұратын 6 мың адамдық әскер жасақтайды. Бастапқыда бұл әскерге көптеген қазақ руларынан Дәуіт пен Жәнібек бастаған 200 Шөмішті Табын сарбазы ғана қосылады. 1869 жылдың күзіне қарай Елек-Қобда, Орал, Атырау өңірлерінен, Жем, Сағыз, Ойыл бойларынан Уақытша Ережені қабылдамаған 8 мыңға жуық шаңырақ Хиуа иелігіне жақын көшіп келеді. Олардың арасынан 150 адамдық үлкен қауым Хиуа ханымен кездесіп, өздеріне көшіп-қонатын жерлер беруді, үш жылға дейін зекеттен босатуды сұрайды. Хан бұл елшілікті де жылы қарсы алып, хандық тарапынан жерлер беруге ықылас танытады. Осы елшілік құрамында Дәуіттің үлкен ұлы Алданазар, басқа көтеріліс көсемдері Қаналы Арыстанұлы сұлтан, Әзберген би, Беркін Оспанұлы т.б. көптеген беделді адамдар болған. Дәуіт батыр күресті басынан бастап қолдаған еді. Орынбор әкімшілігі қарт биді де өз тараптарына қаратуға тырысқан.
1869 жылдың тамыз айында жаңадан құрылған Елек (Ақтөбе) уезінің бастығы Плотников Дәуіт Асауұлына Қодар есімді биден арнайы хат беріп жібереді. Онда жаңа ереженің маңызы түсіндіріліп, қарт биге уәделер берілгені күмән туғызбайды. Би өз тарапынан уезд бастығына жауап хат жолдайды. Жазалау шаралары кезінде Шөмішті ауылдары біраз қырғынға ұшырайды. Дәуіт Асауұлы елінің бүлініп, барымтаға, шапқыншылыққа ұрынуын мүлдем қаламаған. Ол өз қауымдары арасында тыныштық орнатуға ұмтылған. Бұл оның хатынан айқын көрінеді. Елек уезінің бастығы Плотниковқа жолдаған хатында ол өзара барымталар мен талас-тартыстар салдарынан ел ішінен береке кеткенін, тыныштық іздеген ауылдардың Жемге қарай кетіп, онда орыс әскерінің шабуылына тап болып, көп адамдарының қаза болғанын жазған. Қарт бидің жазуына қарағанда, кейбір ауылдар емін-еркін көшіп-қону еркіндігі жоқтығына күйініп, бұрынғыдай жайлауға Жем бойына барған. Бөкенбай өзенінің жоғары жағында олармен кездескен орыс әскері ештеңенің ақ-қарасын айырмай оларды тас-талқан еткен, көп адамдар өліп, малдарынан айрылған. Осылайша, даланың ең түстігінде орналасқан Дәуіт Асауұлы бастаған ауыл-аймақтар басқа да ауылдармен қатар Жаңа Ережені қабылдауға мәжбүр болған. 1869 жылы қыркүйек айында ережені алғаш болып қабылдаған 656 шаңырақтан тұратын бір болыс жасақталса, 1870 жылға қарай Хиуа өңірінен басқа да ауылдардың келуіне байланысты екінші болыс жасақталған. Кейіннен үшінші болыс құрылған. Жазалаудан қашқан, жаңа тәртіпті қабылдамаған бірқатар шаңырақтардың Хиуа иеліктерінде қалып қойғаны талассыз. Дәуіт батырдың өзі көтерілістен соң бірнеше жылдан кейін, 1874 жылы қайтыс болған. Дәуіт Асауұлы өз заманының қаһарман тұлғаларының бірі ретінде тұтас бір тарихи дәуірді басынан өткізді. Оның өмірі отарлыққа қарсы күреске де, шапқыншылыққа да, ел ішіндегі қым-қуыт оқиғаларға да толы болды. Осылардың бәрінде Дәуіт батыр өзінің биік дәрежесін көрсете алды. Шын мәнінде, оның есімі ел ішінде бағыт көрсетер байраққа айналды. Дәуіт Асауұлы қазіргі Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан аумағында, Қоңырат ауданына қарасты «Хорезм қақпасы» деп аталатын жерде жерленген.
Нұржан ЖЕТПІСБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері.
(Egemen.kz сайтынан алынды).



