Рухани жаңғыру

Алашорда арыстары ұлықталды

Қарғалы аудандық сотының ұйымдастыруымен аудандық тарихи-өлкетану мұражайында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талқылауға, сондай-ақ Алашорданың 100 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бисенов, үкіметтік емес ұйымдар өкілі Ә.Жанықұл, сот қызметкерлері, тарихшылар, өлкетанушылар, кітапхана жүйесінің қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты — Мемлекет басшысының мақаласын талқылау, Қазақстанның дамуына үлес қосқан Алашорда арыстары туралы пікір алмасу.

Шараны аудандық соттың төрағасы Нәзира Аманқұлова ашып, «Алашорда: тарих және тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлес» тақырыбында баяндама оқыды. Сот төрағасы Елбасының бағдарламалық мақаласының мақсаты, ондағы басты бағыттар туралы айта келіп, егемен еліміздің тәуелсіз мемлекет болуына үлкен үлес қосқан алашордалық зиялы қауым өкілдерінің тарихтағы орны жайында сөз қозғады.

Бүгінгі тәуелсіздік жағдайында біз өткен ғасырдағы және бүгінгі қазақ зиялы қауым өкілдері арасында өзара байланыс пен сабақтастықты байқаймыз. Бүгінгі күні ұлттық даму стратегиясы Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің барлық бастамалары мен идеяларында айтылып, қоғамдық өмірдің, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы барлық салада осы жағдай сөз болып келеді, — деді ол баяндамасында.

Бұдан кейін шарада мұражай қызметкерлері дайындаған «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты деректі фильм көрсетілді.

Дөңгелек үстел барысында аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері

Қымбат Тасымова Алашорданың тарихы туралы айтып берді. Бұдан соң Ащылысай мектеп-балабақшасының директоры Лариса Ильчевская Елбасының

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған басым бағыттарға тоқталса,

аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асхат Түлкібаев большевиктер партиясының белгілі қайраткері Сәкен Сейфуллин туралы айтып берді.

Шарада аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Бисенов пен үкіметтік емес ұйымдар өкілі Ә.Жанықұл сөз сөйлеп, кезінде Алашорда қозғалысы туралы ақпараттарға тыйым салынғанын, Қазақстанның тарихын оқып-білуге қол жетпегенін, ал еліміз тәуелсіз алғаннан кейін ел тарихы қайта жаңарғанын жеткізді.

Шара соңында жиналғандар аудандық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия жасады.

Кәмшат БАЙХАНОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. «Алашорда арыстарын» ұлықтап, мән-мазмұнды дөңгелек үстел ұйымдастырып жатқан Қарғалы ауданына көп рахмет. Біз және келер ұрпақ тарихты бес саусақтай білуіміз парыз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button