ДенсаулықӘлеумет

Сұлулық эталоны: «Еуропалық көз»

Кейінгі кезде елімізде сұлулық үшін «пышаққа» түсетін қыз-келіншектердің қатары  көбейді. Әсіресе сән әлемінде «еуропалық көз» синдромы белең алып, азиялық пішінді көздеріне көңілі толмаған арулар ота арқылы жанарын үлкейтіп жүр. Жалпы қазір пластикалық хирургия елімізде қарқынды түрде дами бастады. Бұрын тек бет-әлпетке ота Алматы қаласында жасалатын болса, қазір барлық өңірде бар. Бүгінде бұл қызмет түрі Ақтөбеде де көрсетіледі. Облыстық кеңес беру-диагностикалық орталығындағы пластикалық хирург Айгүл Жапарова ақтөбелік қыз-келіншектердің арасында қандай пластикалық ота жиі жасалатынын айтты.

БЛЕФАРОПЛАСТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Айгүл Жапарованың пластикалық хирургияға ден қойғанына екі жылдан асыпты. Мәскеу, Қазан, Киев қалалары және Қытай мен Оңтүстік Корея елінде оқып келген маман пластикалық отаның қыр-сырымен бөлісті.

Ақтөбеде пластикалық хирургия енді-енді дамып келе жатыр. Бұрын тұрғындар Алматы, Астана қалаларына жиі барса, қазір жергілікті мамандардың да көмегін алады.

 Жалпы қазір сұлулық әлемінде пластикалық ота жасату сәнге айналды. Елімізде бұл  сала бойынша блефаропластика бірінші орында тұр. Блефаропластика — көздің, қабақтың айналасындағы кем-кетікті жою,  көзді үлкейту. Блефаропластиканы жасаған кезде сығыр көздер үлкейеді. Аталған әдіс көздің көру мүмкіндігіне ешқандай әсерін тигізбейді. Аз уақыттың ішінде отаның орны бітіп кетеді.

Қазақтардың көз пішіні кішкентай, азиаттық түрге жатады. Бұндай көз пішініне көңілі толмайтын қыз-келіншектер оны ота арқылы түзетуге тырысады. Қазір менің қабылдауыма 17 жастағы қыздардан бастап, 80-дегі әжеге дейін  келеді. Жас қыздардың көзіне  ота кеспей жасалады. Бұл әдісті «сангапури» деп атайды, яғни 17-20 жас аралығындағы қыздарға ғана жасалады. Ал жиырмадан асқандарға  отаны кесу арқылы жасаймыз. Тері мен оның май қабаты кесіліп, қабақтың үстіне қатпар салынады. Көз айналасындағы кем-кетікті, артық теріні де блефаропластика арқылы алып тастаймыз, — дейді Айгүл Лазарқызы.

Хирургтің айтуынша, жасы 16-17-дегі  қыздар қабылдауға көп келеді. Олар қысық көзден қой көз жасап, ерінді үлбіретіп беруді қалайды. Липофиллинг жасатуға, яғни бөксе, бел, қарын майларын алдыртуға да келетін қыздар көп. Барлығы мінсіз сұлу болуды армандайды. Сондықтан денінің саулығы үшін емес, сұлулық үшін «пышаққа» түседі, әрі бұндай жасанды сұлулыққа деген құштарлық жыл сайын артып келеді. Дәрігердің айтуынша, пластикалық хирургтің көмегіне соңғы кезде жігіттер де жиі жүгінетін болған. Олар құлағын кішірейтіп, қарын майларын алдыртуға жиі келеді.

Пластикалық операция  — латынның «plastikos» сөзінен шыққан. Ол түзету, жөндеу, қалыпқа келтіру деген мағынаны білдіреді. Деректерге сүйенсек, біздің заманымыздан бұрынғы үш мыңыншы жылдықта Тибетте, Үндістанда ринопластика туралы деректер табылған. Пластикалық ота туралы жазбаларды  біздің заманымызға дейінгі үш мыңыншы жылдықта жазылған Мысыр папирустарынан кездестіруге де болады екен.

АРШЫН ТӨС, ҚҰМЫРСҚА БЕЛ, ҚҰРАЛАЙ КӨЗ…

Хирургтің айтуынша, әйелдер қауымы жиі жасататын отаның бірі — ринопластика. Мұрын пішінін өзгерткісі келетін қыз-келіншектер көп көрінеді. Тіпті біреулері өзінің бет-пішініне сай, жарасып тұрған мұрынын ұнатпай, басқа пішінді қалайды екен.

— Бұл — күрделі операция. «Мұрынымды өзгертемін» дегеннің бәріне ота жасала бермейді. Бет-пішініне сай, өзіне жарасып тұрған сау мұрынды бұзу қаншалықты пайдалы? Өзі қалаған мұрын пішіні оның бет-әлпетіне келе ме? Осыны келген пациентке  түсіндіріп айтамын. Хирург алдына келген адамға ненің қажет екенін білуі керек.

Сонымен қатар қазір құлағын кішірейткісі келетіндер көп.  Егер бүрік, қалқан құлақ болса, оны өзгертуге болады. Бірақ өзіне жарасып тұрған құлақты кішірейтуді сұрайтындар бар. Кеше бір әйел келді. Құлағында ешқандай кемістік жоқ. Бірақ ота жасатып кішірейткісі келеді. Егер әйелдің айтқанындай қылып ота жасасам, оның құлағы басына жабысып қалғандай көрінеді. Сондай-ақ  ерінді үлкейту операциясы кезінде адамның өзінің майы және филлер пайдаланылады. Олар  еріннің ерекшелігіне, адамның жасына  қарай қолданылады. Осының барлығын келген адамға жан-жақты түсіндіреміз. Көп жағдайда осы ерекшеліктерді ескермей, өзінің дегенін жасатқысы келетін  адамдар болады, — дейді хирург.

Сондай-ақ сұлулық эталонында омырауды үлкейту ерекше сәнге айналған. Қыз-келіншектер маммопластиканы жарыса жасайтын көрінеді. Айгүл Лазарқызының айтуынша, егер қандайда бір қажеттілік  болмаса, Алланың берген мүшесін қозғаудың қажеті жоқ.

— Омырауды үлкейту сәнге айналды ғой, барлығы аршын төс болуды армандайды. Жиырма жастағы қыздар төсін үлкейтуге келеді.  Маммопластиканы  екі-үш баласы бар әйелдер де жиі жасатады. Себебі баланы емізгеннен кейін сүт безі төмен түседі. Оны көтеру үшін ота жасау керек. Төсі өспей қалған қыздар да келеді. Әрине бұндай кезде амал жоқ,  маммопластика жасатуға кеңес беремін. Ота әйелдің сүт безіне әсер етпеуі тиіс. Сондықтан өте мұқият жасалады. Ота жасатқан әйел кейін бала сүйіп, оны емізе алады. Операция жасаған соң бір айдан кейін ғана спортпен шұғылдануға болады. Қазір импланттардың түрі көп. Бір рет салынған имплант өмір бойы адам денесінде қалады, — дейді Айгүл Жапарова.

ЖАСАНДЫ СҰЛУЛЫҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Айгүл Жапарованың айтуынша, пышақтың астына кез келген адам жата бермейді.  Қант диабеті, тері аурулары бар адамдарға ота жасалмайды. Жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі алты айдың ішінде ота жасатуға мүлде болмайды.

Ал жасанды сұлулықтың құны қанша? Елімізде бұның бағасы әр түрлі. Мәселен, блефаропластика Алматыда 100 мыңнан басталса, Ақтөбеде 45 мың теңгеден жоғары. Ерінді үлкейту 38-70 мың теңге аралығында болса, жақтағы артық майды алу 50 мың теңге тұрады.

— Әр адамның бет-пішіні әр түрлі. Соған сәйкес ота жасалады. Оның құны да әр түрлі болады. Бірақ  қазіргі күні пластикалық ота біреулер айтқандай аса қымбатқа түспейді. Қажетті қаржыны кез келген адам бір жылдың ішіндей жинай алады.  Мәселен, шет елде блефаропластиканы жасату стоматологқа барғанмен бірдей. Кез келген адам жасай береді. Мен бірқатар сырт елдерде оқыдым. Соның ішінде маған қатты әсер еткені Оңтүстік Корея елі болды. Бұл елде пластикалық ота бізден 30-40 жыл бұрын дамыған. Құрал-жабдықтар мен аппараттардың түрі көп. Операция жасауға барлық мүмкіндік бар. Осы елден көп нәрсені үйрендім. Науқаспен сөйлесу, алдыңа келген адамның түріне қарап отырып, жаңа бет-бейнесін жасау, кем-кетігін анықтау  секілді қарапайым әдістерді меңгердім.

Менің негізгі мамандығым — тамыр хирургі. Ал пластикалық операция — хоббиім. Адамдарың бет-әлпетіне ота жасау арқылы ләззат аламын. Егер ол өз ойлағанымдай сәтті шықса,  тіпті қуанамын. Науқаспен бірге күліп, бірге қайғыратын кездер болады.  Кейде пациентке ота ұнамай қалады. Ол кезде «уақыт өтсін, кейін қайта жасап беремін» деп түсіндіріп айтамын. Хирург өзінің жұмысынан қашпауы керек. «Мен істедім, қалғанына жауап бермеймін» деген сөз болмауы тиіс. Әрбір денеге түскен тілікке жауаптысың, — дейді хирург.

Білікті маманның айтуынша, пластикалық хирургияның артықшылығы көп.  Әсіресе,  денесінде, бетінде туа біткен кемістігі бар қыз-келіншектердің ертеңгі өміріне үміт сыйлай алатын —  осы сала. Түрлі табиғи апаттардан, жол апатынан, өрттен зардап шеккен адамдардың бетінде, денесінде қалған тыртықтарды, дақтарды, күйіктің іздерін осы әдіс арқылы кетіруге болады.

«Жасым біразға келді, енді ештеңенің қажеті жоқ» деуге болмайды. Өзіне зияны келмейтін дәрежеде эстетикалық медицинаның  көмегіне жүгінуге болады. Бет-әлпетіндегі кем-кетікті  түзесе, әрі ол өзіне жарасып тұрса, қарсылық жоқ. Бірақ сұлу болудың жөні осы екен деп пластикалық отаға құнығудың қажеті шамалы, соңы оңай тимеуі мүмкін. Қазір 50 жастан бастап,  тіпті 80 жастағы әжелерге дейін келеді. Олардың бұл қадамы қуантады. Себебі әйелдер өздеріне қарай бастады, әдемі болып жүргісі келеді, — дейді Айгүл Жапарова.

Хирургтің айтуынша, өңірде  пластикалық хирургияны дамытуға кедергі болып отырған мәселе  — заманауи құрал-жабдықтардың жоқтығы. Егер Оңтүстік Кореядағыдай әрбір құралға, тіпті пластырьге дейін мән берілетін болса, бұл сала дами түспек.

Кәмшат ҚОПАЕВА

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button