Құқық

Судьялыққа кандидат: жоғары талап тұрғысынан

Елбасының бастамасымен республикамыздың құқық қорғау жүйесінің жұмыс сапасы әлемнің ең озық дамыған өркениетті елдерінің деңгейіне жетуі үшін көптеген өзгерістер іске асырылуда. Соның ішінде сот жүйесі саласында соңғы жылдардың көлемінде айтарлықтай өзгерістер болды. Судья лауазымына кандидаттарға қойылатын талап күшейтілді. Бұрын 25 жасқа толған, жоғары заң білімі бар, заң саласында 5 жыл жұмыс жасаған адамдар судья бола алатын еді. Қазіргі талап бойынша жасы 30-ға толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар; біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқу бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады); медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқ екендігін растаған; полиграфологиялық зерттеуден өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады.

Бұл – өте құптарлық жайт. Себебі қазіргі уақыт талабына сәйкес судья үлкен өмір мектебінен өтіп ысылған, заң саласында түрлі сатыларда жұмыс жасап тәжірибе жинақтаған, өмірді түсінген, қандай дау болса да әділ төрелігін айта алатын, тек заңды ғана басшылыққа алып, ешкімнен қорықпай сот төрелігін әділ атқара алатын адам болуы тиіс. Осындай қатаң сүзгіден өткенде ғана судья лауазымына лайықты кадрлар іріктеледі. Әділ де білікті судьялар өздерінің ғана емес, сот жүйесінің беделін де көтереді. Халықтың пікірінің қалыптасуына да елеулі әсер етеді.

Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлт жоспарында «Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі. Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау. Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған. Сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асырулары тиіс. Судьяларды іріктеу мен тағайындау үдерістері қоғам үшін мөлдір және ашық болады» деп атап көрсеткен болатын.

Сондықтан да судья беделінің биік және кіршіксіз таза болуына – осы аталған өзгерістердің ықпал ететіндігі даусыз.

 

                        Мәлібай ҚОСЫМБЕТОВ,

облыстық соттың судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button