«Ақтөбе — құтты мекен»

Ел есіндегі Бердіқұлов

Халқымыздың ұланасу көшінде ел тізгінін қолына ұстаған талайлар өтіпті-ау мына жалған дүниеден. Биліктің буына піспей, көкірегін кермей, қалың елін кенен ақылымен соңынан ерткен кемел тұлғалар ғана жұрт жадынан өшпейді екен. Қанша жыл айналса да, қанша су ақса да… Олар қатыгездік пен қаталдыққа арқа сүйеген тоталитарлық жүйенің жымысқы саясатын бойларына жақындатпапты, шолақ белсенді болмапты,  адамшылық қадір-қасиетін жоғалтпапты.

Тынымсыз айналған уақыт доңғалағы олардың  бірқатарын бізден  тым-тым алыстатып алып бара жатыр. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деп дана Абай айтпақшы, табиғаттың заңымен ұрпақтар ауысуы, жаңа буынның жаһандану дәуіріне бейімделуі ел үшін ғұмыр кешіп, «жанын арының садақасы еткен шын қайраткерлердің есімдерінің елеусіз қалуына  соқтырмас па екен» деген күдік те ұялайды кейде көңілге.  Облысымыздың  мерейлі тойы қарсаңында сондай бір тұлға туралы алдыңғы буын ағалардан естігендерімізді, шежіре шерткен кітаптардан оқығандарымызды қағазға түсіріп, облыстық газет арқылы жұртшылық назарына ұсынуға ниеттендік.

Алтын жұлдызды аудан

Талай шаңыраққа қара жамылтып, талай ошақтың отын өшірген  соғыс аяқталар тұста – 1945 жылдың сәуір айында Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Нұрқасым Бердіқұлов  тағайындалды.  Сәті түскен сәл нәрсені жақсылыққа жорып, ықыласпен ырым қылатын халық бұл кісіні «жеңісті ала келген басшы» деп ерекше құрметпен қарсы алыпты. Сол кезде Бердіқұлов қырық жасқа енді ғана толған болса да Қызылорда, Павлодар облыстарының  шаруашылық және партиялық жұмыстарында қызмет жасап шыңдалған, тәжірбиесі толысқан шағы екен. Ырғызға келгенге дейін Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген екен. Көзін көргендер ол кісі туралы «сүйегінде билігі бар, тілге шешен, елді соңынан ерте білетін, қараша халықтың бағына жаралған қажырлы адам еді» деп еске  алатын.

Төрт  жыл бойы көзінің жасы кеппей, қайғыдан жүдеген елдің еңсесінің көтерілуін  халық  Бердіқұловтың еншісіне теліді. Қажет кезде қатал да бола білген, бірақ қайырымы ұдайы алда жүрген басшы ел мен жерді  елдің  өз  еңбегімен, төгілген терімен түлетті.  Ол кезде кеңшарлар әлі құрылмаған. Селолық кеңестер біріктіретін ұжымшарлардың бір-біріне жақын, қоңсы орналасқан ауылдарының қара жұмысқа жарамды азаматтарын ұйымдастырып, әр ауылға кезекпен мектеп  пен клуб салдыртыпты. Үмелетіп. Халықтың бастамасымен. Жұртшылықтың өз күшімен.

Осы бір ерекше жаратылған  адамның істеген істерін көзі көргендер жырдай  қылып айтады. Ел аралап жүргенде салынып жатқан құрылыстан бәзбір басшылар секілді көзімен шұқылап кемшілік іздемей, қолына күрек, шелек ұстап бес-он минут өзі де жұмысқа кірісіп кететін көрінеді. Аудан басшысының осындай үлгісін көрген әрі бейбіт күнгі еңбекпен аңсай қауышқан жұрт  жұмысқа қалай ынталанбасын!? Ел өміріндегі осындай серпіліс, игілікті өз қолдарымен жасауға деген ынта-жігер шаруашылық  саласында да, ауылдардың мәдени өмірінде де нақты нәтижелер бере бастады. Бір-екі жыл ішінде барлық ауылдарда мектептер, мәдениет ошақтары салынды. Елдің негізгі кәсібі — мал өнімдерін өндіру артты. Соғыс аяқталған жылы ауданда 47,7 мыңдай ғана мал болса, ол 1948 жылы екі еседен астам өсіп, 104,0 мың басқа жетті. Осындай  зор табыс аудан тарихына алтын әріппен жызылған айтулы оқиғаға негіз  қалады.

Нұрқасым Бердіқұлов басшылық жасаған 1945-1952 жылдары Ырғыздың 23 азаматына кеңес елінің ең жоғарғы құрмет белгісі – Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол кезде бұл оқиға республикада өте сирек кездесетін жақсылыққа баланып, Ырғыз «Алтын жұлдызды аудан» аталған еді. Ал, Киров атындағы колхоздың төрағасы Өтеу Құдайбергенов өңір шежіресінде тұңғыш рет Кремль мандатына ие болып, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.

Осылайша Бердіқұлов Ырғызды көтерсе, Ырғыздың орасан зор табыстары Бердіқұловтың өз атын да асқақтатты. Жоғарыдағы 23 Алтын Жұлдыздың біреуі Нұрекеңнің кеудесін жарқыратты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің іскер ұйымдастырушысы, беделді басшының атағы республикаға танылды.

Ел тағдырын шешкен шешім

Әл-әзірге көзі тірі куәгерлері ортамызда жүргендіктен Нұрқасым Бердіқұловтың Ырғыздағы қолтаңбасын, ерлік істерін уақыт парағы, архив шаңы баса қойған жоқ. Басшының батыл шешімімен басталып, халықтың ықыласымен атқарылған сондай істің бірі мынау еді: Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары Әйтеке би ауданы болған жоқ. Оның қазіргі территориялары Ырғыз және сол кездегі Қарабұтақ аудандарына қарады. Соғыстан кейінгі жылдары әкімшілік-басқару  құрылымдарында түсініксіз, тіпті біріне бірі керағар нәрселер аз болмаған.  Мысалы, Ұзынкөл ауылдық кеңесі (бүгінде Әйтеке би ауданының аумағы), оған қарасты 6 колхоз Ырғыз ауданына бағынышты, ал елді мекендер тұрғындарының құқықтық, заңдылық мәселелерінің барлығы  Қарабұтақ ауданының заң органдарының өкілдігінде  болған. Ырғыздың өзінде сот, прокуратура, ішкі істер органдары бола тұра,  бұл жерлердегі қылмыс, тәртіп бұзушылық  мәселелерімен Қарабұтақтың заң  органдары айналысты, ал олар  өзге ауданның шаруашылық,  тұрмыс жағдайларымен тіпті де  санаспайтын. Ол жылдары елде соғыс кезінде  немістерде  тұтқында болғандар баршылық еді,  оларды  заң орындары жиі-жиі шақырып, жауап алатын, жүргенін-тұрғанын бақылайтын, басқа да ұсақ тәртіп  бұзушылық жағдайларда қарабұтақтық  «қызыл жағалылар» колхоздың күйіп тұрған жұмыстарын тоқтатып тастап, адамдарды жөнді-жөнсіз Қарабұтаққа  шақыртып, не өздері келіп алып кететін. Мұндай жағдайда жылдың төрт мезгілінде бір толас таппайтын, ұшы-қиыры жоқ науқандық жұмыстар  тоқтап қалып отырды,  оны істейтін адамдар Қарабұтақтың милициясы мен прокуратурасында жауапта жүрді. Қарабұтақтың заң органдарының қызметкерлері колхоз басқармасының, не селолық совет төрағасының өтініштерін құлақтарына да ілмейтін болған. Мұндай жағдайлар, әрине, халықтың наразылығын туғызған, әрі екі жақты бағыныста  болу ауыл шаруашылығына зардаптарын да тигізген. Бұл әңгіме аудан басшылығына да айтылған. Сол жылдары Ұзынкөл ауылдық кеңесінің төрағасы болған Саттар Бердібаев ақсақал былай деп еске алатын:

– Қарабұтақтың милициясының Ұзынкөл ауыл советі тұрғындарын  орынды-орынсыз мазалай беретінін, тіпті жергілікті басшылыққа қыр көрсететінін, оның салдары шаруашылық  жұмыстарға тиіп отырғанын Ырғызда өткен бір жиналыста айттым. Екінші рет аудандық партия комитетінің бюросында тағы да осы мәселені ортаға салдым, сол кездегі бірінші хатшы Нұрқасым Бердіқұлов бюроның үстінде бірден қолына телефонды алды да, облыстық совет атқару комитетінің председателімен сөйлесті. Осылай да осылай, екі жақты болып отырмыз, сол колхоздарды  көшіріп алғымыз келеді, соған рұхсат керек,— деді. Аты-жөнін ұмыттым, облисполком председателі «облыстан көмек жоқ, өз күштеріңмен көшіріп алсаңдар рұхсат», – депті.

Бұған алдымен Қарабұтақтың заң органдарынан зәбір көріп шаршаған колхоз басқармалары қуаныпты. Бірақ, көштің бетін бұру үшін халықтың ниеті бұрылуы керек еді. Сондықтан, ауылдық кеңес, ұжымшар басқармалары жұртшылықты үгіттеп, түсінік жұмыстарын  жүргізуге кірісті. Беделді, белсенді колхозшылардың атынан жоғарғы жаққа, екі ауданның басшыларына «Ақши бойы атақонысымыз еді, сол жерге көшкіміз келеді» деген арыздар ұйымдастырылды. 1950 жылы қыркүйек айында ел жадында «кішкентай ауылдардың үлкен көштері» болып сақталған Ұзынкөлдегі халықтың Ырғыз бойындағы Ақшиге қоныс аударуы басталды. Ол заманда техника тапшы, көш көлігі ат, түйе, кейде өгіз жегілген арбалар еді. Ауыл ұсталары қосымша арбалар жасады. Елдің тұрмыс жағдайы төмен уақыт, екі-үш үйдің заты бір арбаға сиятын болған.

Аудандық партия  комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов көш барысын қадағалап, қамқорлық жасап отырған. Аудандағы колхоз басқармаларынан бір-екі арбадан алып беріп көмек жасаған. Сол Ақши ауылы бүгінде аудандағы іргелі, мәдениеті мен экономикасы өркендеген үлкен мекендердің бірі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынып жатқан екі қабатты мектеп үйі жуырда пайдалануға берілмек.

Студенттерге қамқорлық

Отызыншы жылдардың  ойранында осы елдің топырағынан түлеп ұшып, республиканың басшылық  органдарында қызмет жасап жүрген арыстары сталиндік жендеттердің құрбанына айналғаннан кейін Ырғыз халқының еңсесі басылып, балаларын оқытуға да қорқып қалған болатын. Халықтың бойларына  үреймен сіңген осы бір ауыр дағдыдан арылтқан сол кездегі аудан басшысы Нұрқасым Бердіқұлов еді. Жыл сайын мектеп бітіретін жастармен кездесулер өткізіп, олардың таңдаған мамандықтарына оқуға баруларына ықпал етіп қана қоймай, қамқорлық жасапты.  Соның нәтижесінде өткен ғасырдың қырықыншы жылдарының аяғы, елуінші жылдарының басында  бір ғана Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарында ырғыздық 152 жас оқыды. 1951 жылы күзде Бердіқұлов «Коминтерн» ұжымшарының төрағасы Ә.Барысбаев екеуі Алматыға республикалық кеңеске барады. Сол сапарында астанада оқып жүрген ырғыздық жастарды жинап кездеседі, жағдайларымен танысады, ақыл-кеңесін айтады. Сол 1951-1952 оқу жылында Алматыда 77 ырғыздық қыз-жігіттер оқыған екен, барлығының оқу орындарын, тұратын мекен-жайларын жазып алады.

Елге келгесін аудандық мекемелердің басшыларын, ұжымшарлар мен ауылдық кеңестер төрағаларын, мектеп директорларын шақыртып, Алматыдағы жерлес студенттерге көмек көрсету жөнінде  жиналыс өткізген. Сол жиында тыңдаған жұртты тебірентіп, төгілген сөз сөйлепті: «Олар бүгінгі Ырғыздың жастары болғанмен, ертеңгі Қазақстанның маман кадрлары. Біздің бүгінгі ісімізді болашаққа жалғастыратын солар. Ұрпаққа қамқорлық жасау – ең ұлы іс. Алдыңғылардан  «ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын» дейтін сөз қалған. Ендеше, осы жастарға жасаған қамқорлығымыз – болашаққа жасаған қамқорлығымыз. Сол жастар бізден көргенін істеп  өздері де,  кейінгі іні-қарындастарына қамқор болатын болады» дей келіп, әр студентке жиналысқа қатысып отырған бір-бір басшы  қызметкерді бекітіп, жылына бір рет 200 сомнан (сол кездегі ақшамен) ақша аударуды және хабарласып, оқу, тұрмыс жағдайларымен танысып отыруды міндеттепті. Және жыл басында  тапсырмасының орындалуы туралы аудандық поштадан мәлімет алып отырған.

Кейін сол студенттерден берісі  облыс, әрісі республикаға танымал болған азаматтар шықты. Райыс Сүйінтаев, Әмірхан Боқаев, Марат Сейітов, Тасболат Тұяқбаев, Жақсылық Қанымбаев, Әбдір Балмаханов (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты) партиялық және шаруашылық салаларда басшылық қызметтер атқарса, Көбжан Жалдыбаев, Шауқат Құрманғалиев, Сұлтанғали Қадыров, Шубай Бекенов, Әнәпия Омаровтардың есімдері журналистика саласында  танымал болды. Химия ғылымдарының докторы, профессор  Хамит Қыдырбаев, Алашорда қайраткері С.Оразалиннің қызы, жазушы Балғабек Қыдырбекұлының жары Сафура Сейдалина, мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың зайыбы, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген мұғалім Орынша Қарабалина, елдегі тау-кен ісінің көрнекті мамандары Әлсабыр Дәрменбаев, Әзім Дайрабаев, танымал дәрігерлер Марат Сисекенов, Жақсылық Қодаров, Шолпан Ертаева, тағы басқалары Бердіқұловтың сол бір шапағатын көрген, кейін өздері өз салаларының үздігі болған аймаққа танымал тұлғалар еді.

«Жақсы істердің жаршысы» деп қадір тұтып, артынан ерген халықты Нұрекең де ерекше құрметтепті. Ырғызда дүниеге келген екі ұлының есімдерін Ырғызбек, Ырғызбай деп атады. Екеуден көзі тірі Ырғызбай алдыңғы жылы Ырғыздың 170 жылдық тойына арнайы келіп, әкесінің ізі қалған, өзінің кіндік қаны тамған қасиетті жерге тәу етіп, елдің  қуанышына ортақтасып кетті.

Ия, Нұрқасым Бердіқұлов бойына бұрынғының нәрін, өз уақытының асылын сіңірген, ел басқару жауапкершілігіне қабылет-қарымы үйлескен биік тұлға еді. Ел жадында сондай бейнемен сақталып қалды.

Рахымжан ӨТЕМІС,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button