«Ақтөбе — құтты мекен»

Жерлестер форумы мол мүмкіндіктерге жол ашады

Биыл күзде облыста «Ақтөбе — құтты мекен» жерлестер форумын өткізу жоспарланып отыр. Бұл форумға тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар алыс және жақын шетелдерде тұратын Ақтөбе облысының перзенттері де қатыспақ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыстың әрбір перденті туған өлкенің дамуына үлес қосуы керек.

Бүгінгі күні форумды жоғары дәрежеде өткізу үшін нақты жұмыстар қолға алынды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржановадан форумның жергілікті кәсіпкерлер үшін маңызы қандай, ауқымды шараның  облыста кәсіпкерлік саланы дамытуға тигізер пайдасы жайында әңгімелескен болатынбыз.

— «Ақтөбе — құтты мекен» жерлестер форумының жергілікті кәсіпкерлер үшін маңызы қандай?

— Облысымызда қыркүйек айында өтетін бұл маңызды шараға дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл орайда барлық басқарма  өз саласы бойынша тиісті тапсырмалар алды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы да форум қонақтарын шақырып, оларға хабарласып жатырмыз. Яғни, Ақтөбеде туған, бірақ басқа өңірде, елде бизнес саласында жұмыс жасап жатқан азаматтар мен азаматшалар бар. Бүгінгі күні ондай кәсіпкерлерге жолдау жібердік, олар туған жерге деген сүйіспеншілігін, сағынышын білдіріп, шақыртуды қуана-қуана қабыл алып жатыр. Мәселен, Мәскеу қаласында тұратын Ойыл өңірінің перзенті, белгілі кәсіпкер Жарас Баймұханов «Ақтөбе — құтты мекен» форумына отбасымен келетінін айтты. Бүгінгі күні оның Ресей Федерациясында 5-6 компаниясы бар. Бұл кісі иелік ететін кәсіпорындар ағаш материалдармен жұмыс жасайды, яғни ағашты өңдеу, өндіру, сатумен айналысады. Сол сияқты, форумға келетін қонақтардың қатарында Ақтөбе өңірінен түлеген, қазір Астана, Алматы қалаларында өз бизнестерін дамытқан кәсіпкерлер де бар.  Мәселен, биыл Тараз қаласына барған сапарымызда мен ол жақтан Ақтөбенің кәсіпкерін тауып алдым. Ол — «Тараз метталлургиялық зауыты» компаниялар тобын басқаратын Бауыржан Қуаншалиев.  Ол кісі де біздегі өтетін форумға қатысуға ниет білдірді.

Қазір ақтөбеліктер бірқатар елдерде өз бизнесін табысты жүргізіп отыр. Ресейдің Владивосток қаласында ақтөбелік кәсіпкер әйел бар. Ұлты — қазақ. Ол кісінің форумға келіп-келмейтіні әзірге белгісіз, өйткені сол кездері  Канадаға бару үшін виза аштырған. Әрине, кәсіпкерлердің көп жағдайда уақыты тығыз болады. Алайда, жерлестерінің ұмытпай, хабарласқанына ол кісі өз ризашылығын білдірді.

Бұл форум облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы зор болғандықтан, шараның жоғары деңгейде өтуіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсам, соның ішінде біз қолөнер саласындағы кәсіпкерлермен жұмысты күшейтіп жатырмыз. Бұған дейін форум логотипі дайындалды. Сол логотиптің үлгісін пайдаланып,  кәдесыйлар жасау үшін ақтөбелік кәсіпкерлерді осы іске жұмылдырып жатырмыз. Мұны айтып отырған себебім, биыл біз  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен Тараз қаласына бардық. Бүгінде Таразда жергілікті қолөнер жақсы дамыған. Сол сапар ақтөбелік кәсіпкерлер үшін жақсы тәжірибе болды деп есептеймін. Мәселен, тараздық кәсіпкерлер фетрге ұқсас материалдан түрлі бұйымдар жасауға машықтанған. Сол материалдан арнайы логотипі бар сөмке жасалған. Сондай бұйымдарды Ақтөбеге әкеліп,  кәсіпкерлерге көрсеткенмін. Қазір ақтөбелік қолөнершілер сондай бұйымдарды өзімізде де дайындап жатыр. Себебі, қолөнерге қажетті бұйымдардың бәрін жергілікті жерден табуға болады. Матаның да түрі көп. Мұндағы айтпағым, осындай кездесулердің кәсіпкерлік саласын дамытуда пайдасы көп болады. Біз  жан-жақтан алған тәжірибемізді қазір аудандардағы кәсіпкерлерге үйретуге күш салып жатырмыз. Егер облыс әкімі бізді өзге облыстарға тәжірибе жинақтауға бастап барса, ал біз өз кезегімізде кәсіпкерлерді аудандарға апарып, тәжірибе алмастыру бағытында жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі күні аудандарға ай сайын 30-40 кәсіпкер барып, тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Қазір экономиканың осы сатысында алдыңғы қатарды трансфер тәжірибе маңызды рөл атқарады. Сондықтан, осы тәжірибе бізде жақсы жолға қойылған.

— Бұрын-соңды болмаған мұндай форумның облыс экономикасын дамытудағы рөлі қандай?

— Форумға келетін кәсіпкерлерді облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін барынша тиімді пайдаланып қалуымыз керек. Олар — өз саласы бойынша жетістікке жеткен кәсіпкерлер.  Форум аясында табысты кәсіпкерлермен әртүрлі бағытта кездесулер өткізбекшіміз. Себебі, ағылшындарда «өзін-өзі жасаған адамдар» деген түсінік бар. Облысқа келетін қонақтардың әрқайсысының өз тарихы бар. Яғни, ол тарих — кәсіпкерлердің кезінде бизнесті қалай жүргізді, бұл салада кездескен кедергілерді, проблемаларды шешудегі әдіс-тәсілі, ептілігі. Сондықтан форумға келетін мұндай қонақтардың әрқайсысы жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен «мектеп», «университет» десек те болады. Себебі, бизнесті бастаған кәсіпкерлердің 10 пайызы ғана аяғынан тұрып кетеді. Кейін, алдағы уақытта аяғынан тұрған кәсіпкерлердің әрмен қарай жұмыс істеген кезде 10 пайызы ғана жетістікке жетеді. Яғни, кәсіпкер болу әркімнің қолынан келмейді. Ол үшін кәсіпкердің бойында  ішкі түйсігі (интуиция), құбылмалы нарықта бизнесті ілгеріге қарай дамытудағы ептілік қасиеті мықты болуы керек. Сондықтан келетін қонақтардың барлығын, оның ішінде кәсіпкерлерді біз мейлінше пайдаланып, облыста кәсіпкерлік саласының дамуына импульс ретінде қолдануымыз керек. Мәселен, Германия, Америка, Израиль секілді елдерде болғанымда, ол жақтың кәсіпкерлері, биліктегілері осындай кездесулерге көп көңіл бөлетінін аңғардым. Табысты, жетістікке жеткен адамдарды «ментор» ретінде бағалайды.  Яғни, оларды нұсқаушы, тәрбиелеуші деп қарауымыз керек.  Кездесу кезінде мұндай кәсіпкерлер өз саласы бойынша табысқа жетудің құпиясын айтқанда, кейін бұл әңгіме тыңдаушының санасында қалады.  Бара-бара ол адам сондай болуды  ойламағанның өзінде,  интуитивті түрде іштей ұмтыла бастайды. Табысты кәсіпкерлермен кездесу — қарапайым кәсіпкерлерге істі алға жылжытуда көп мүмкіндік береді. Сондықтан форумға келетін кәсіпкерлерді жастармен, студенттермен, жас кәсіпкерлермен, бизнес бастаушылармен кездестіруді міндетті түрде жоспарлап отырмыз. Басқарма тарапынан негізгі алға қойған мақсатымыз да осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалу.

Қазір елімізде «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асыратын «Аға сеньор» жобасы бар. Былай қарағанда, ол да осы жобаға ұқсас. «Аға сеньор» жобасы бойынша жетістікке жетіп жүрген өзге елдің кәсіпкерлері Қазақстанға келіп, оқыту курстарын жүргізеді. Бұл шараны да «Аға сеньор» жобасы ретінде қабылдауға болады. Форум кезінде жергілікті кәсіпкерлер үшін бизнестегі табысты кәсіпкерлерден кеңес алудың мүмкіндігі туады. Бүгінгі күні тек қана технологияның трансферті ғана емес, адами капиталды дамытуымыз керек. Технологияны сатып алуға болады, ол үшін мемлекеттен төмен пайызбен берілетін несие де бар. Ал сол технологияда жұмыс жасайтын адам ғой. Сондықтан адами капиталды дамыту — ең маңызды мәселе. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласында айтылғандай,  адами капиталды дамытуға үлес қосуымыз керек. Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып  жатыр.

Біз көптеген форумдарға қатысамыз, шетелдерден келетін менторлармен кездесеміз. Ақтөбе қаласында өткізілетін форумның қонақтары да біз үшін ментор болып саналады. Яғни, жергілікті кәсіпкерлердің ешқайда бармай-ақ, қажетті ақпаратты, бизнесті дамытудағы тың идеялар мен керекті мәліметті Ақтөбеден алуына жасалып отырған жағдай. Бұл — түсіне білген адамға өте зор мүмкіндік.

Қонақтарды жоғары деңгейде қарсы алу үшін қазір мейрамхана, қонақүй, көлік салаларындағы кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз.

Бұл орайда барлық кәсіпкерлік субъектісі өз қызметін жоғары деңгейде көрсетуі керек. Бір ғана мысал, жақында Астанаға барғанымызда жаңадан ашылған  «Нұрлы жол» теміржол вокзалындағы жоғары дәрежеде көрсетілетін  сервистік қызметке көңіліміз толды. Перронға шыққан кезде қызмет көрсетушілер жолаушыларға сыпайылық танытып, вагонның нөмірі бойынша жөн сілтейді. Сондай қызметті жергілікті жерде де дамытуымыз керек. Бұл трансфер тәжірибе деп аталады. «Театр киімілгіштен басталады» дегендей, қала мәдениетін айқындайтын бірден-бір орын — теміржол мен әуежай. Егер форумға келетін қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, олардың Ақтөбеге көңілі толса, кейін олар тарапынан қарымта шаралардың болатынына сенеміз.

Қазір форумға келетін табысты кәсіпкерлердің бизнес саласы бойынша Ақтөбеде де сол саламен байланысты кәсіпорындарды іріктеп, тараптарды бір-бірімен  кездестірудің мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Жеке кездесулер кәсіпкерге үлкен мүмкіндік береді. Бұл орайда форумға келетін табысты кәсіпкердің қай-қайсысы да ментор болатынына сенімдімін. Менторға кез келген уақытта хабарласып, проблеманы шешудің жолдарын кеңесуге болады. Мұндай кезде ментор да тығырықтан шығудың жолдарын айтып, кеңес береді, жөн сілтейді. Жеке қарым-қатынас бизнес жүргізуде маңызды рөл атқарады. Мұны мен Израильде оқыған кезімде білдім. Себебі, израильдіктерде «networking»  деген түсінік бар. Бұл — бизнестегі заманауи түсінік, яғни байланыс құру дегенді білдіреді. Форум аясында бізде де табысты кәсіпкерлермен  осындай форматта байланыс құрылады. Себебі, бүгінгі күні трансфер технологиядан трасфер тәжірибе  жоғары тұрады. Технология бүкіл әлемде дамыған болатын болса, трансфер тәжірибе қол жеткізе бермейтін мүмкіндік. Себебі, ол адамды іздеп, табуың керек, оның келуін ұйымдастыру қажет. Ал ондай адам Ақтөбеге келген кезде, біз мүмкіндікті мүлт жібермеуіміз керек.

Бердібек Машбекұлының бізді басқа облыстарға, елдерге бастап барғанының өзі облыста кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жол ашады.  Егер кәсіпкер сол елге өзі барса, оған мұндай мүмкіндік тумас еді. Мысалы, Ақтөбе облысы әкімі мен Орынбор облысы губернаторы арасында келісім болғандықтан, ресейліктер бізді жылы шыраймен қарсы алып, ақтөбеліктердің сұрауы бойынша ондағы әртүрлі бизнес орындарын көрудың мүмкіндігі туды. Сол сияқты, Таразда ірімшік шығаратын екі зауытта болдық. Аңғарғанымыз, ол жақта сүт аз. Ал бізде сүт көп болғанмен,  ірімшік өндірілмейді. Ірімшік  бағасы Ақтөбеге қарағанда Таразда әлдеқайда  төмен. Онда өндірілетін отандық өнімнің сапасы шетелден тасымалданатын ірімшіктен әлдеқайда жоғары. Ең бастысы, құрамында ешқандай антиоксиданттар, яғни химиялық қоспаның ешбірі жоқ. Таза ірімшік. Жамбыл облысының екі бірдей ауданында шығарылып жатқан ірімшік  Ресейге импортталады. Яғни, кәсіпорынның Мәскеуде өнімді импорттайтын дилері бар.

Осы сапарда ақтөбелік «Айс» компаниясы мен Тараздың ірімшік өндіретін кәсіпорны басшылары арасында кездесу ұйымдастырылды. Егер алдағы уақытта облыста осындай ірімшік шығарылатын болса, оны біз Таразға жасаған сапарымыздың нәтижесі деп білуіміз керек. Сонымен қатар, Таразда жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, гүл өсіру бизнесі де жақсы жолға қойылған. Бұл бағытта да ақтөбелік кәсіпкерлердің алған тәжірибесі бар.

Сондықтан қыркүйекте өткізілетін «Ақтөбе — құтты мекен» форумы қай салада болмасын өз тиімділігін көрсетуі керек. Ақтөбеде өтетін форум әрбір саланы дамытушылар үшін  мультипликативті эффект беруі тиіс. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер келген қонақтардың арқасында өздеріндегі мүмкіндікті әрмен қарай дамытуға жол ашады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button