Мәдениет

«Батыр атындағы көше»

Иманғали Білтабанов

Ақтөбелік батырлардың бірі  Иманғали Білтабанов 1925 жылы 10 сәуірде Қобда ауданына қарасты Көкөткел ауылындағы шопанның отбасында дүниеге келген.  Әке-шешесінен ерте айырылған ол ағасының қолында тәрбие алады. Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін ұжымшарда мал өсіру бригадасында жұмыс істейді.  Он алты жасында тракторшы курсын бітіріп, соғыс басталған жылдары «Ударник» ауылында трактор жүргізеді.

1943 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, аз уақыт дайындық курсынан өткен соң, майданға қосылады.  1-ші Украин майданында 120-шы атқыштар  дивизиясының  289-атқыштар полкінің  пулеметшілер бөлімін басқарады.

Кейін Ленинград түбіндегі Одер өзені маңында жаумен болған шайқаста ерекше ерлік көрсетеді.

1945 жылдың 26 ақпанында  жау оғынан қаза болады. Опол қаласына жақын маңдағы Флост ауылына жерленген батыр денесін кейін Болевлавец қаласына қарасты Болевлавец селосындағы  фельдмаршал Кутузовтың бейітінің қасына қайта жерлейді.

1945 жылы 10 сәуірде  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен Иманғали Білтабановқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Бүгінде батыр атымен аталатын бірнеше көше бар. Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы Мәскеу ауданында. Бұрын Веерный аталған көшеге 1995 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының №61 өкімімен И. Білтабанов есімі берілді.

Александр Гуцало

Ұшқыш–истребитель Александр Гуцало 1917 жылы  Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Украин. Кейін Краснодар өлкесіндегі Тихорецк училищесінде  білім алады. Оқуды бітірген соң ағаш шебері болып жұмыс жасайды.

1937 жылдан бастап қызыл әскер қатарында қызмет етеді. Грозненский атындағы  әуе атқыштары мектебін тәмамдайды. 1941 жылы Энгельс атындағы әскери-әуе ұшқыштары  мектебін бітіреді.

1941 жылдың желтоқсанында майданға қосылады. 2-ші Белоруссия майданында  845-ші әуе истребительдік полкінің  сапында соғысады. Полк штурманы болады. 494 рет әскери тапсырмамен әуеге көтеріледі. Оның 52-сінде  неміс ұшақтарымен бетпе-бет шайқасады. Жеке өзі жаудың 18 ұшағын құлатқан.

Соғыс аяқталғаннан кейін бір жылдан соң көз жұмады.

Майдандағы ержүректілігі мен аса шеберлігі үшін 1946 жылдың мамыр айында  Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бірнеше орден, медальдармен марапатталады.

Майор  Александр Гуцало білім алған Тихорецк училищесіне батырдың аты беріледі. Және өзінің туған қаласы Ақтөбеде батыр атындағы көше бар. Отарвановка аумағындағы бұл көше бұрын «Аппаратостроителей» деп аталған.

1995 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының №61 өкімімен Гуцало болып өзгертілді.

Михаил Прохоров

Ақтөбе жерінен майданға аттанған тағы бір  батырымыз — Михаил Прохоров. Ол 1915 жылы Қобда ауданына қарасты Новоалексеевка селосында шаруаның отбасында дүниеге келген.

Мектепте орта білім алғаннан кейін есепші болып жұмыс істейді.

1940 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, соғыс басталған жылы майдан даласына аттанады. 2-ші Украин майданында танкке қарсы артеллериялық полктің құрамында болады.

1944 жылы сәуір айында жау әскері елдің батыс бөлігіне басып кіреді. Осы кезде құрамында Прохоров бар полктің алдына қойылған мақсат жау тылына  өтіп Днепр өзеніндегі көпірді  немістерден босатып алу болды.

…Түнде батарея ыңғайлы сәтті  аңдып, қаруларын көпірдің маңайына жасырып үлгереді. Таң ата қызыл  әскерлер жауды жан-жақтан атқылайды. Осы шайқаста Михаил немістің екі зеңбірегін жойып, 30 шақты офицер мен солдаттарды оққа байлайды.

Ал сол жылдың  қыркүйек айында  Венгрия түбіндегі майданда ақтөбелік батыр  қарсы келе жатқан 15 танкінің төртеуін бір өзі істен шығарған. Осындай  ерліктері үшін  1945 жылы   оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. 1945 жылы Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысады.

Соғыстан кейін елге қайтып оралып, әр салада қызмет істейді.1987 жылы көз жұмады.

Қазір біздің қалада батыр есімімен аталатын көше бар. Ол көше 1951 жылға дейін Связистов деп аталған. Кейін халық депутаттарының Ақтөбе қалалық кеңесі атқару комитетінің № 548-30 шешімімен М.Прохоров болып өзгертілді.

Григорий Мясоедов

Григорий Мясоедов та біздің жерлесіміз. 1901 жылы Орынбор қаласының Новосергиевка ауылында дүниеге келген. Ал 1925 жылы Ақтөбе жеріне қоныс аударады. Жоғарғы коммунистік ауылшаруашылық мектебін бітіріп, партия ағарту үйінің меңгерушісі болып қызмет істейді.

1941 жылы майданға аттанады. 895-атқыштар полкінде рота старшинасы болады. 1943 жылы Днепр өзенінің маңында болған үлкен шайқаста ерлікпен қаза табады.

Гомель облысының Крупнейки селосына жерленеді.

Соғыс кезінде көрсеткен ержүректілігі үшін  Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Біздің қалада батыр атындағы көше бар. Көшенің бойында ескерткіш тақта орнатылған. Мәскеу ауданында орналасқан Футбольная көшесі 1962 жылы  халық депутаттарының Ақтөбе қалалық  кеңесі  атқару комитетінің №1897 шешімімен Мясоедов  болып өзгертілді.

Александр Наумов

Мәскеу түбіндегі шайқас соғыс кезіндегі ең күрделі майдандардың бірі болды. Фашистер Мәскеуге Смоленск қаласы арқылы өтуді жоспарлаған. Бұл операция «Тайфун» деп аталыпты. Немістер бұл іске барлық техника мен әскери күштің тең жартысын жұмылдырған.

Осы шайқасқа полковник Александр Наумов басқарған 312-ші атқыштар дивизиясы да қатысқан. Дивизия алғашқы майданды Новгород, Борок, Заречье және Демьянск жерлерінде бастайды. Наумов басқарған дивизияның қатысуымен болған шайқастардың көпшілігі жеңіспен аяқталады.

Аса маңызды тапсырмаларды орындауда,  әскери біліктілік танытып, шебер қолбасшы ретінде танылғаны және көптеген шайқастарда жаудың бетін қайтарғаны үшін Александр Наумовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Наумовтың атында көптеген көшелер бар. Батыр атындағы мектептер мен  оған арналып қойылған ескерткіштер де бірнешеу. Біздің қаламызда да Александр Наумовтың есімімен аталатын көше бар. Бұл  11-шағын ауданда орналасқан көше бұрын Транспортная деп аталған.  2002 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының  №120 шешімімен А.Наумов болып өзгертілді.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button