Тарих

Дербісәлі бабамыз — дара тұлға

Тарихымызды зерделегенде заманында жарты патша атанған Дербісәлі Беркімбаев есімін алдыңғы қатарда атайтынымыз айқын. Оның ел басқарудағы қайраткерлік қызметі, халыққа жасаған еңбегі туралы күні бүгінге дейін аңыздай айтылады. Бұл ұлы тұлға туралы бұрын да айтылып, жазылып жүр. Сондықтан бұл мақаламызда кейбір мәселелерді қозғағымыз келеді.

Дербісәлінің халыққа жасаған жақсылығының бірі — қазақтарды тура келген қырғыннан алып қалуға ықпал етуі. Бұл жұқпалы ауруға қатысты. ХІХ ғасырда ел ішінде дауасыз дерт көбейіп, халық шошына бастайды. Осындай сәтте үлкен-кішінің жаппай қырылып қалу қаупін сезген ол жергілікті губернатормен ақылдасады. Оларға қолқа салғанымен, бұл басшылық тарапынан салғырттық байқалады. Дербісәлі дереу қосарлап ат жегіп, сонау Петерборға аттанады. Император тағында отырған ІІ-Николай оның ескі танысы болатын. Соны пайдаланып қабылдауына жазылады.

Елі үшін қу жанын шүберекке түйген Дербісәлі қатты күйзеліс үстінде елдегі дерттң жайын мәлімдеп, нақты көмек көрсетуді сұрайды. Патша ағзам көңілі жібіп, өзінің резервінен дәрі-дәрмек (вакцина) бөлдіреді.

Алып-ұшып елге жеткенімен, оның алдынан тағы бір кедергі шығады. Кез келгеннен зардап шегіп, қорқып қалған қазақтар өлтіріп тастауы мүмкін деп ине салдырмайды. Тұйықтан шығар жолды іздеген данышпан Дербісәлі халықты бір алаңға жинап, «ал осы жерде барлығыңның көзінше мені ексін, сендер ертеңге дейін осында ас-суларыңды ішіп, бақылап отырыңдар» дейді. Сөйтіп, өзі ұйымдастырып, жиылған мыңдаған адамға ас бергізеді.

Ертеңіне «Міне, менің әлі аман екеніме көздерің жетті, енді сендер де аман жүргілерің келсе, ектіріңдер» деп елді бауырына тартады. Халқымызды жаппай қырғыннан алып қалған оны елдестері «Жанның арашашысы» деп мақтан тұтқан екен.

Жарты патша атанған Дербісәлінің халық ағарту, елді сауаттандыру ісіне қосқан үлесі де мол. Орынбор өңірінде білім алған, одан біздің қазіргі қолданып жүрген әліппеміздің негізін салушы Ыбырай Алтынсарин Дербісәлімен өте жақсы қарым-қатынаста болғаны байқалады. Және ұлтжанды ел басшысы халыққа керек затты бірден сезген бе, әйтеуір Ыбырайды қолдап, Жайық бойының салаларынан, өзіне қарасты Торғай өңірінде қазақ балаларына арнап мектеп ашу жұмысына көмегін тигізген.

Ғалым Зәкіраддин Байдосовтың тұжырымдамаларына сүйенсек, Дербісәлі Беркімбаевтың осындай еңбектері ұшан-теңіз. Осы және басқа да мол мағлұматтарды тарихшы ағамыздың «Алды кең, арты майса Дербісәлі» атты еңбегінен таба аласыз.

Ал қазіргі облыс орталығы — Ақтөбе қаласының негізі қаланғанда да келешекке үлкен үміт артып, бірінші болып үй тұрғызған ол кейін елді мекен қанатын кеңге жайып, жан-жақтан жұртшылық көшіп келе бастағанда өзінің тұрғын жайын босатып, қазақ балалары оқитын мектеп ашып берген екен. Елдің үлкен ақсақалдары күні кешеге дейін айтып отыратын: «осы Ақтөбе төбесіндегі ескі қазақ мектебі соның ізі емес пе екен?» деп.

Олай болуы мүмкін екендігін де естен шығармаған дұрыс.

Ақтөбе қаласының бой көтергеніне бір жарым ғасырлық кезең де жақындап қалды. Тарихи деректерге көз салсақ, Ақтөбе төбесі мен Құрмыш төбесінің ортасында қала салу туралы мәселе 1867 жылы Орынбор губернаторының кеңсесінде көтерілгенге ұқсайды. Бұл жерде қала салуға осы өңірдегі барлық ру басылары қарсы шығады. Оның басты себебі — қала салғасын жерімізді тартып алады деген орыс патшалығына сенімсіздіктен туады.

Елек бойында салынатын шаһардың қазақ өміріне, оның күнделікті тыныс-тіршілігіне өте пайдалы екендігін болжай білген Дербісәлі осы жаңа істі қолдауға қадам жасайды. Сол мақсатта 1867 жылы сол өңірдегі ру басыларын Ойсылқара әулие басында үлкен асқа жинайды. Астан соң қала салу мәселесін талқыға ұсынып, барлығын тегіс тыңдап, соңында сөз алған ол «қала салып, қазақтарды шоғырландырмаса, болашағымыз болмай қалады» деп жиналғандарды сендіруге тырысады.

Жер мәселесі қай кезде де қазақ үшін елдіктің тұғыры саналғандықтан бір жиналғанда жұртшылықты иландыру, бұрын болмаған жайға көндіру бір жағынан алғанда мүмкін де емес еді. Сондықтан алғашқы бас қосу оншалықты нәтиже берді деп айтуға болмайды.

Келесі жиналыс 1868 жылдың жазында Қостөбенің қасында Бекқұлы әулиенің басында берілген астан соң өтеді. Мұнда да былтырғы әңгіме жалғасын табады. Өздерінің ауылдарында бұл мәселені жан-жақты талқылап, жергілікті халықтың алдынан өтіп, ризашылығын алып келген ру басшылары жиын соңында қала салуға келісімдерін береді. Бұдан кейін сол ру басылары Орынборға шақырылып, «қала салынсын» деген құжат қабылданады. Сонымен, 1869 жылы Ақтөбе қаласының іргетасы қаланады.

Дербісәлі бірыңғай дін жолында жүрген адам болмағанымен, мұсылмандықты қолдайды, иманды істердің үлгісі болып жүреді. Сол тұста қазақ халқының арасында Ислам діні қайта қарқын алып дамыған сияқты. Орыс империясының күшімен дін тұтқасын ұстап келген татар молдалар ысырылып, қазақ қауымынан шыққан хазіреттер елді имандылыққа баули бастайды. Міне, осы кезде заман ыңғайын, ислам дінінің мұсылман баласын жақсылыққа жетелейтінін ұғынған Дербісәлі мешіт салу керек деген ұстанымын жүзеге асыруға кіріседі. Сол уақытта Орынбор маңында ислам дінін ұстаған ұлттар қырық шақты мешіт салу ісіне кіріседі. Орынбор губернаторы мұндай талап қылғандардың барлығына да ағаштан мешіт салуға ұлықсатын береді.

Ағаштан салынған мешіттің ғұмыры уақытша екенін түсінген Дербісәлі болашақтың қамымен көп ойға батады. Құйтұрқы саясаттың көз алдау екенін санасынан өткізеді. Бұл сауалына жергілікті биліктен дұрыс жауап ала алмай, аттың басын тағы да Петерборға бұрады. ІІ Николайдың қабылдауына кіріп, тастан мешіт салуға ұлықсат алады. Сөйтіп, Орск қаласынан жарының қалыңдығы екі метрге жуық мешіт ғимаратын тұрғызады.

Оның көрегендігі әлі күнге дейін таңғалдырады. Дербісәлі мешіті күні бүгінге дейін қабырғасы бүтін сақталып, халыққа қызмет етіп келеді.

Елімізде діни қызметімен даңқы шыққан Нұрпеке хазірет — Дербісәлі Беркімбаевтың замандасы. Нұрпеке заманында атағы әйгілі, қазақтың ислам дініндегі алатын орнын дәлелдеп берген, ұлтымызға арнап қасиетті мекен Меккеден жер белгілеткен еліміздің елеулі перзенті еді, дініміздегі халқымыздың ірі тұлғасы болды. Міне, осы кісіге Орск қаласынан сексен шақырымдай жерде, Қарғалы өзенінің саласында өте таза, тоқсан бұлақтың тоғысында мешіт салуға көмегін тигізеді.

Сол мешіттің қалған қаңқасының өзі халықтың рухын көтеріп, мұсылман елі екенімізді кеңес заманында да еске салып тұрды. Енді, міне, осы жерден шыққан жас кәсіпкер Қайрат Аманғосұлы Төлеуов бабалардан қалған жәдігерді жаңғыртып, мешіт үйін қалпына келтіруге талап қылуда. Бұған біз қуанамыз, қолдаймыз және жас буынның санасындағы сілкіністі сезіну бізге зор қанағат сезімін тудырады.

Міне, бар саналы ғұмырын қазақтың арын арлап, жоғын жоқтап, жарғақ құлағы жастыққа тимей өткізген Дербісәлі Беркімбаевтың туғанына биыл 180 жыл.

Ол өмірден өткелі бері де қаншама жыл дөңгелегі айналды, алайда бабамыздың жақсы есімі жыл өткен сайын жаңғыра түсуде. Ол дүниеге келген Хромтау өңірінде оның ескірмейтін есімін ардақтауға арналып ас берілмекші, ұлан-асыр жиын өтпекші. Ұйымдастыру жұмыстары тізгінін аудан әкімі Аманғали Бердалин өз қолына алды. Үлкен асқа Ресей Федерациясының Орынбор облысынан, Қазақстанның бірқатар облыстарынан қонақтар шақырылмақшы. Шараның жоғары деңгейде өтуіне халық та жұмыла кірісуде. Хромтау ауданы Ақжар ауылының ақсақалдары сондай ақ азаматтары баба рухын ұлықтауға қызмет етуде белсенділік танытуда.

Ақтөбе қаласында Дербісәлі Беркімбаевқа, оның халық үшін жасаған қызметтеріне арналған шаралар ұйымдастырылып, Құдайберген Жұбанов атындағы өңіраралық университетінде оқу бөлмесін ашу көзделуде. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ақтөбеден, Орынбордан, Астанадан бас қосатын оқымысты-ғалымдар дана Дербісәлінің тұтас тұлғасын халыққа жеткізеді деп ойлаймыз.

Хромтаудағы кеншілер Мәдениет үйінде ақындар айтысы өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл да бір рухани жаңғыру, даналықты дәріптеу бағытындағы игілікті іс болмақшы.

Заманында дүниені дүбірлетіп өткен Дербісәлідей дара тұлғаның артына қалдырған жақсы істері туралы алда да зерттеулер жүргізіле беретін болар. Ал биылғы өткізілетін шаралар сол игі іске дем беретіндігіне сенгіміз келеді.

 Баянғали ҚҰЛТАЕВ,

өлкетанушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button