Мен білетін бес қыз еді
Адам қанша өмір сүрсе де, еш уақыт есіңнен өшпейтін күндер болады. Сол өшпейтін күндердің бірі — соғыс басталған күн. Бала да болсақ, халықтың судай теңселіп, сілтідей тынған кезі.
Ел шетіне жау тиіп, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен шақ еді. Жаңа ғана көзін ашып, жігіт болған өрімдей жастарды майданға сыпырып әкетті. Әр отбасынан соғысқа адам аттанбағаны болмады. Солардың ішінде бес қаруын асынған бес қыз ерекше көзге түсіп еді. Олар — Айыш, Өрік, Қамажай, Балжан және Тотия болатын.
Сол кездерді еске алсақ, майдандағы балалары мен бауырларын сағынған елдегілердің, жесірлер мен жетімдердің басы қосыла қалғандағы өлеңдері зарлы әрі шерлі болып келетін.
Сол уақыттағы бір өлең есімде қалыпты:
Егел десем, екі тас егелмейді,
Пұл жіберсем базарға — не келмейді.
Жақсы да бар, бұл жерде жаман да бар,
Бәрі-дағы бауырыма теңелмейді.
Қайырмасы: Қайран-да-ау,
Қайранда-ау бауырым,
Қай жерде-ау, —
дейді де, аяғы жылауға ұласатын.
1941 жылы соғысқа алғашқы эшелонды жөнелткенін көзім көрді. Бірінші лектегі азаматтарды аттандырғанда халық пойыздың жолына жатып алып жібермеді. Олар түнімен күзетіп, жібермегесін, ертеңгісін «әзір жүрмейді, түстен кейін сағат төртте жүреді, үйлеріңе барып демалыңдар» деп хабарлап, жұртты таратып жіберді. Түстен кейін келсек, эшелонды жүргізіп жіберіпті. Адамдардың жолдың бойына жатып жылағаны есімде.
1942 жылдың жазы. Күн ашық, желсіз, тынық, мамыра-жай шақ болатын. Бірақ осы жақсы күнде жақсылық болмай, әрбір үйдің асылын қатерлі жолға аттандырып жатты.
Сол күні қыздар әскерге аттанады деген хабарды естіп, біздер темір жол вокзалына келдік. Вокзал толған адам. Кемпірі бар, шалы бар, тіпті қала мен даланың адамы түгел осы араға жиналғандай. Көп ұзамай эшелон ұзыннан шұбақ болып келіп, созыла тоқтады. Шалқар станциясының батыс жағында тастан салынған ұзынша үй бар. Бұл үйді «продпункт» деп атайды. Себебі, сол келіп тоқтаған эшелонға тамақ береді. Эшелонның қызыл вагондары толған солдаттар. Вагонның есігін үлкен белдеу ағашпен кергі жасап бекіткен. Солдаттар сол кергі ағаштың астынан еңкейіп кіріп, еңкейіп шығып жүр.
Біреу «Әне, қыздар» деді. Келсек, Қамажай екен. Қамажайдың үстінде ақтықтан көйлек, қара мақпалдан бешпент, басында қызыл сәтен орамал. Бойлы-сойлы әдемі қызды әрқайсысы жекелеп алып кетіп, әңгімелесіп жүр. Бір кезде менің қасымдағы қыз мені түртіп: «Әне, Өрікті қара!», — деді. Біз Өрікке қарай жүгірдік. Өрік — қатқан қара қыз, көзі көк. Бұл да Қамажай сияқты әңгімелесіп тұр. Қасында қазақы киім, жаулық тартқан бір әйел тұр. Ол — Өріктің шешесі екен. Бұлар соғысқа барудың не екенін білмеді ме, әлде ер адамдармен қатар соғысқа шақырғасын, өздерін ер адамша ұстады ма, білмеймін, бірақ әйелшілік жасап, қорсылдап жылаған жоқ. Көздері мөлдіреп, қыздар тиеген қызыл вагонға мініп, қолдарын бұлғап кете барды.
Бұлардың бәрінің де еліктеп өскен апалары Сара Мыңжасарова болды. Сара сол мектепте оқып жүргенде белсенді қыз еді. Толық, ақсары жүзі күлімдеп тұратын. Сырдың «Қара торғай» әнін тамылжытып айтатын. Кейін Алматыға оқуға барды, Жазушылар одағының мүшесі болды. Бұлардың бәрі темір жол интернатында жатқанымен, Шалқардағы жалғыз орта мектепте оқыды. Бірақ тәрбиешілері орыстар еді. Бәрі де — Кішіқұмның қыздары.
Бір қуанарлығы, сол қыздардың барлығы да 1946 жылы, соғыстан кейін елге оралды. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталайын.
Сүлейменова Айыш — күйеуі Сағынтаймен соғысқа кетерден үш-төрт ай ғана бұрын қосылған екен. 1946 жылы елге оралып, күйеуіне қайта қосылып, бірге ұзақ өмір сүрді.
Кінәзбаева Қамажай — Бекмұхамбетов Ахметке күйеуге шықты. Бірнеше перзентті болды.
Ерниязова Өрік — қырғыз жігітіне тұрмысқа шығып, бірнеше балалы болды. Қырғыздың Ош қаласында тұрады.
Бәтенова Балжан — орыс жігітіне күйеуге шыққан. Кейін елге қайтып, өз қандасымызбен тұрмыс құрды.
Тойбазарова Тотия — күйеуі өзімен бірге соғыстан ере келді, Оралдың жігіті, аты — Қабдеш.
Тотия Шалқар аудандық партия комитетінің хатшысы болды, кейін республикалық Орталық Комитетте награда бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Сөйтіп, бір ауданнан бес қыздың майданға аттанғанына куә болғанбыз. Ел басына күн туған күні бел буып, бес қаруын асынып, жауға аттанған бұл қыздарды батыр демеске кімнің дәті барады?
Қанша дегенмен, бұлар да төрт жыл бойы жылы төсек, әйелдік наз, той-думан, туысқандық қарым-қатынас көрген жоқ. Әскери тәртіппен өмір сүрді. Әскери ережеде әйелдерге бір бөлек, ер адамдарға бір бөлек деген жоқ, барлығына бірдей қатаң тәртіп жүрді.
Міне, біз бүгін соғыстың аяқталғанына алпыс бес жыл толмақ деп жатырмыз. Мен білетін осы бес қызға біз не құрмет көрсеттік деген ой көкейде тұрғанын айтпасқа болмайды. Ең болмаса олар оқыған қазақ орта мектебінде ескерткіш тақта орнатса қайтер еді? Тіпті ретін келтіріп, көше атын берсе де, артық болар ма?
Олар қайта айналып келмес жастық шағын майдан өтінде жүріп өткерді.
Бұл қыздардың соғыста жүргендегі көкейлерін кернеген бір арман — жауды жеңіп, елге аман-есен оралу ғана болғандығы анық.
Атыңнан айналайын атамекен,
Кім сені Ұлықұм деп атады екен?
Сүйегі топырағыңда жатқан адам,
Ол дағы мен өлдім деп жата ма екен?
Елді сағынған жауынгер жырынан да нақ осындай ойды сезінеміз.
Батыр қыздарымызды енді біз ардақтайық, бүгінгі бейбіт күннің жасампаздары солар екенін ұмытпайықшы.
Ақбике ТҮЙЕШОВА,
еңбек ардагері.
Ақтөбе қаласы.
****
он сегізінде от кешкен
Ардагер Бәймен Шыңдауылов 1925 жылы Байғанин ауданы Қаражар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келеді. Сонда өсіп, сол жерде жеті кластық білім алады. Он сегізге толып, азамат атанғаны 1943 жылға дөп келіп, Орынбор қаласына әскер қатарына шақырылады. Сөйтіп, жас өрім алты ай оқу-жаттығу жиынында болады. Алты айдан кейін, яғни 1944 жылдың қаңтарында майданға аттанады. Ол Белоруссияның Подольск поселкесінде шайқаста болады.
Сексеннің бесеуіне иек артқан, құлағы естіңкіремей қалған қарттан соғыс жылдарынан әңгіме айтып беруін сұраған едік. Ақсақалдың жүзінде өткен шақты еске түсіруде қиналыс байқалды:
— «Сол кезде жас болып, қорқыныш дегенді білмедік, — дейді қарт майдангер алпыс бес жылдай артқа шегініс жасап. — Белоруссия жерінде соғыс жүріп жатты. Біз өңкей жас жігіттер болып жиналып алып, оттың жарығымен неміс жауынгерлерін атқыштағанға мәз болатынбыз. Бірақ көп қиыншылықтар болды ғой. Шайқаста жүргенде қасымызға снаряд түсіп, снарядтың жарқыншақтарынан екі көзімнен және аяғымнан жарақат алып, госпитальге түстім».
Жарақат алған Бәймен ата соғысқа жарақсыз болып, 1944 жылдың тамыз айында елге оралғаннан кейін, алғашқы еңбек жолын Ақжар колхозында есепші қызметінен бастайды. Қызмет атқара жүріп 1964 жылы Темір қаласындағы училищені есепші мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Ол Жарқамыс селолық кеңесінде хатшы, шаруашылықтарда есепші, сондай-ақ Ойыл, Темір, Байғанин аудандарында ұжымшар, кеңшардың бас бухгалтерлік қызметін абыроймен атқарады. Еліне елеулі еңбек етіп, 40 жылдай өмірін есепші қызметіне арнаған соғыс ардагері Бәймен Шыңдауылов 1985 жылы зейнеткерлік демалысқа шығады.
Бәймен ата 1946 жылы отбасын құрып, бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Сол кездегі Абай атындағы кеңшардың әкімшілік ғимаратында аз ғана уақыт күзетші қызметін атқарған майдангердің жұбайы Үміт әжей 2004 жылы өмірден өтеді. Міне, содан бері майдангердің қолындағы баласы мүгедек әкесіне қамқорлық етіп келеді.
Соғыс ардагері Бәймен атай:
— Біз Отан үшін шайқастық, жеңіске жеттік. Қазір соның қызығын көріп отырмыз. Ендігі жерде ұрпағымыз еш қиянат көрмей, қауіп-қатерден сақ болсын және де балаларымыздың өмір жастары ұзақ, аман болсын деп тілеймін, — деген ақ батасын берді.
М.МАНАРБЕКҚЫЗЫ,
Байғанин ауданы.
***
Гвардия капитаны
Берлинге жетіп, 1945 жылдың 29 сәуірінде Рейхстаг қабырғасына
қолтаңбасын қалдырған, «Қызыл Жұлдыз» орденімен екі рет, «Александр Невский», 2 және 3 дәрежелі «Даңқ», 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталып, бірнеше рет Қарулы күштері Бас қолбасшысының Алғыс хатына ие болған, 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда Жеңіс шеруіне қатысқан гвардия капитаны Өтеген Махамбетұлы Тұрмағамбетов жүріп өткен жол — кейінгі ұрпаққа үлгі.
Байғанин ауданының 4-ші ауылында 1918 жылы дүниеге келген ол жастайынан қиындық көріп, ата-анасы қуғын-сүргінге ұшырап, балалар үйінде тәрбие алған.
1937 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады, Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылдың күз айында Орал қаласындағы әскери оқуға жіберіліп, 1942 жылдан бастап Сталинград, Курск, Белоруссия, Польша, Германия жерлерін жаудан азат еткен.
Қаһарман жауынгер осыдан алпыс бес жыл бұрын болған оқиғаны кезінде қағазға түсіріп кеткен екен. Оны бізге майдангердің келіні Мақпал Тұрмағамбетова әкеліп берді. Оқып көрелік.
Одердегі Франкфурт плацдармы үшін шайқас
1945 жылдың ақпан айының бас кезінде Кеңес Одағының Батыры гвардия полковнигі А. Евстигнеев бастаған полктің бір батальоны Франкфурт қаласының оңтүстігінде Одер өзенінен өтіп, жаудың плацдармын алуға тиісті болды. Біздің батальонның барлық офицерлерін полк командирінің орынбасары гвардия майоры Штыркин жинап алып, Одер өзенінен өтетінімізді, бұл операцияны полк командованиесі атынан өзі басқаратынын мәлімдеді. Өзеннен арғы бетке өтер кезде күні-түні тұман болып тұрды. Жаудың көпір сындыра беретін жынының да жұлыны үзілген. Күндегі күпілдейтін немістің биіктегі «жын сандығы» да жоқ, солдаттардың оқта-текте «қайықты қайда әкеттің, ертерек өту керек қой» деген бірін-бірі асықтырған үнінен басқа ешбір дыбыс естілмейді. Көп уақыт өтпей-ақ түн тыныштығын пайдаланып, жаяу әскерлер, пулеметшілер, артиллерия батареялары өзеннен өтті, түнде 14 шақырым жер жүріп, көлденеңі 7 шақырымға қанат жайдық, жаудың алдыңғы шебін бұзып, алдағы қырлардың баурайына бекініс жасадық. Енді алдымызда жаудың бір-екі дивизиясы бар екені анықталды.
Бұдан кейін жау да қарап жатқан жоқ, өздерінің кейінгі күштерін жетістіріп алып, келесі күні кескілескен ұрысқа шықты. Әуелі жаудың бірінші жеңіл танкілері, оның артында жаяу әскерлері шабуыл жасады. Бұл кезде біздің тікелей ататын зеңбіректер бергі бетке орналасуға үлгере алмаған еді. Бірақ бұрыннан соғысқа кәнігі солдаттар сержант Белоусов, кіші сержант Миронов жаудың «фаустымен» олардың өз танкілерін атып, жандыра бастады. Ал екі-үш танкісі өздерінің минасына ұшырап шығын болды да, қалғандары кері шегінді. Біздің пулеметшілердің және өзеннің арғы бетіндегі ауыр зеңбіректердің атқылауынан жау солдаттары бас көтере алмай, көп өлімге ұшырады. Осыдан кейін жау аз тыным алды, бірақ олар түгелдей құрып кетпеген еді. Жау тағы да жаңадан күш жинап, үшінші күні таң ата 20 танкісі бар бір батальон жаяу әскерімен бізге қарсы шабуылға шықты. Бұл кезде тікелей бағытқа қойылған бірнеше артиллерия батарея орнына келіп орналасқан еді, олардың үсті-үстіне оқ атқылауы нәтижесінде жаудың жеті танкісі құрып кетті, жау шабуылы үш рет тойтарылды.
Үлкен шайқас 13 ақпан күні болды, тоғыз сағат бойына қатты соғыс жүргізілді. Жау жеті рет шабуыл жасады. Біз оның алтауын тойтардық, жетінші шабуылға жақындағанда жау да, біз де шаршадық, бірақ тірілей жауға беріліп, деніміз сауда плацдармды тастау деген кеңестік гвардияшылардың ісі емес. Жау тағы да күш жинап, алдына ұстаған жеті танкімен тағы да көтерілді. Бұл уақытта біздің оң жағымыздағы бөгет шлюзін ашып жіберіп, артымыздағы 12-13 км плацдармды суға батырып жіберді. Осы кезде батальонның арт жағында соғысқа дайын тұрған миномет, артиллерия батареяларының техникасы суға батырылып, адамдары су кешіп, бекіністегі жаяу әскерлерге келіп қосылды. Біз үшін қатты сын сағаты туды.
Менің бұйрығым бойынша артиллерияшылар мен минометшілер алдыңғы шепке орналасып, жауынгерлер жауға қарсы дайын тұрды, соғыс тағы да қызды. Бұл сапарда біздің артиллерия үсті-үстіне оқ жаудырып, фашистердің үш танкісін өртеп жіберді және жау жағы қатты соққыға ұшырады. Ал біз жақтан лейтенант Суриков пен үш-төрт солдат жарақаттанды.
Осы шайқаста көптеген жауынгерлер лайықты наградталды. Сонда асқан ерлік көрсеткен пулеметшілер Н.Зеленский, Т.Жұмабаев, Ф.Олейников, минометшілер Мақашев, Тамабаев, артиллеристер Зайцев, Воробьевтер әлі күнге есімде. Ал мені тәрбиелеп, соғыс өнеріне үйреткен полк командирінің орынбасары, гвардия майоры Штыркинді мүлде ұмытпақ емеспін, онымен достасып, Орел-Курск түбінен соғыстың аяғына дейін бірге болдық.
14 ақпан күні кешкісін дивизия командирі Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Аскалеповтің бұйрығы бойынша түнгі сағат бірден үшке дейін жаңа келген полкке бекіністі тапсырдық. Келесі күні дивизия басшыларымен кездесу болды, маған Одер өзенінде соғыс плацдармын ұстап және жауға қатты соққы берудегі ерлігім үшін алғыс жариялаған құттықтау хат тапсырылды.
Мен сол бір отты, сұрапыл күндерді мүлде ұмытар емеспін және сол күндердің енді қайтып оралуын тілемеймін…»
Бұл гвардия капитаны, пулеметші Өтеген Тұрмағамбетовтің соғыс кезіндегі басынан өткізген күндерінің аз ғана бөлігі.
Жеңіспен елге оралған ол Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқып, Жұрын аупарткомының екінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1955 жылы артта қалған «Жаңа жол» кеңшарын басқаруға барып, алдыңғы қатарға шығарды.
… Оның бақилық ғұмырға өткеніне он екі жылдың жүзі болыпты. Қаһарман жауынгер Өтеген Тұрмағамбетовтің ұрпақтары аталарының ерлігін әлі күнге дейін мақтан тұтады.



