Тарих

Жанұзақ Жәнібеков — «Кедей» газетінің редакторы

«Аргументы и факты» газетінің өткен жылғы №45 санында «Қонаевтың серігі» («О соратнике Кунаева») атты шағын мақала шықты. Онда «Алаш қозғалысының» негізін қалаушылардың бірі Жәнібек Жанұзақов туралы айтылған. Бұл мақалада жарияланған біз үшін ең құнды ақпарат — Жәнібек Әлжанұлының сол жылдары «Кедей» газетінің  (қазіргі «Ақтөбе») редакторы болғандығы.

Тың ақпарат болғаны сол, осы уақытқа дейін 86 жыл тарихы бар «Ақтөбе» газетінде мына кісілер редактор болған деп келдік: І.Құрамысов, Өтемісов, А.Құлыбеков, Д.Хангереев, Ә.Лекеров, А.Ерназаров, Қ.Қожамұратов, С.Мұқашев, Н.Телеуов, Қ.Тектіғұлов, И.Асқар, Ә.Оралбай, Қ.Байсадақов және қазіргі редакторы Б.Өтеулиев. Енді бұл қатарға Жанұзақ Жәнібеков қосылды.

Әлгі газет қолымызға тиген күні Ж.Жәнібековтің ұрпақтарын іздеп, жан-жаққа сұрау салдық. Жәнібековтің үш қызы болған — үлкені Әмина, Гүлнар және Эленур. Астанада тұратын Әминаның қызы Маяш Қожабаева мен Алматы және Жетісай қалаларында тұратын Эленурдың қыздары Ұлжан Молдабекова және  Гүлжан Иманқұловалармен хабарласып, қажетті деректерді алдық.

— Бізге хабарласып, «Кедей» газетінің жалғасы — «Ақтөбе» газетінің 85 жылдан бері шығып келе жатқаны туралы айтқаныңызға ерекше қуаныштымыз. «Алаш» партиясы мүшелері бастаған тағы бір игі істің үзіліп қалмағандығы, жалғасын тауып келе жатқаны қуантады, — дейді Г.Иманқұлова.

Г.Иманқұлова редакцияға бауырлары Ұ.Молдабекова, М.Иманқұловпен бірлесіп шығарған  «Айна. Зеркало моей жизни» атты кітабы мен әкесі Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі Ысқақ Иманқұлұлының «Осы ма Көлмек атты туған жерім…» кітабын және атасы Ж.Жәнібеков туралы мол мағлұматтар жолдапты. Маяш Қожабаева да нағашы атасы туралы тың деректер мен атасының ескі суреттерін жіберіпті.

«Ақтөбе» газетінің редакциясы үшін бұл дүниелер үлкен олжа болып саналады.

«Ақтөбе» газетінің түп-тамыры болып саналатын «Кедей» газетінің алғашқы редакторларының бірі — Жанұзақ Жәнібеков туралы келесі әңгіменің негізгі шикізаты — осы кітаптар мен құжаттар болмақ.

***

«Алаш қозғалысы» кітабында Жәнібековтің есімі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды алашордашылармен қатар тұр. Ол туралы С.Мұқановтың, С.Сейфуллиннің кітаптарында да көп айтылған.

Жанұзақ Жәнібеков 1889 жылы Петропавл қаласында кедей отбасында туған. Шамамен 1911 жылы сондағы Хасен Пономарев атындағы татар медресесін тәмамдап, бір жылдай баспаханада әріп теруші болып қызмет етеді. Бұдан соң Полудин және Есілкөл болыстары ауылдарында мұғалім болады. Сол кезде «молда бала» деп аталыпты. Кейін отбасымен Орынборға көшіп келеді. «1916 жылдардағы толқулар басталған кезде Жанұзақ жасына байланысты тылдағы жұмыстарға баруға тиіс еді, бірақ одан құтылып кетті. Бұлай жасауына оны бұрыннан танитын Міржақып Дулатов көмектесті. Міржақып Орынбордан шығатын «Қазақ» газеті редакциясының хатшысы болды. Жанұзақты газет экспедиторы етіп қызметке орналастырған сол», — деп жазады С.Мұқанов «Өмір мектебінің» үшінші кітабында. Яғни, Жәнібеков 1916-17 жылдары Орынборда шығатын «Қазақ» газетінің экспедиторы болыпты. 1917-18 жылдары «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов болған.

1917-18 жылдары генерал Дутов пен қызыл әскер арасында қақтығыстар болып жатқан аласапыран кезде қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу зиялыларының монархиялық патша билігіне қарсы «Алаш» партиясы мен «Алаш орда» демократиялық үкіметі құрылады. «Алаш» партиясының Орынборда Торғай облыстық комитеті ашылды. Комитетке Орынборда тұратын 10 қазақ және төрт уезден 4 қазақ, барлығы 14 ағза сайланды… «Алаш» партиясының облыстық комитетінің төрағасы Әлихан Бөкейханов, серігі Ахмет Байтұрсынов, секретары Міржақып Дулатов және Казынашысы Жанұзақ Жәнібекұлы», — деп жазады С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында.

1917-18 жылдары Орынбордағы жағдайлардың куәсі болған Ж.Жәнібеков «Қазақ» газетінің 261-санына «Орынбор жайы» деген тұңғыш мақаласын жазады. Бұл мақала кейін Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» басылған. Иманқұловтардың «Айна» кітабында да мақала толық берілген. Мұнда автор «аумалы сағаттардағы қаланың қыл үстінде тұрған» халін, Орынбордағы мұсылман Қарби комитетінің «қалаға большевиктер кіріп, әкімшілік орныққанша, өзін Орынборға әкім екендігін жария еткенін», қалада шығып тұрған бірнеше газеттің жабылғанын, большевиктер келген соң ғана Орынборда, оған жақын ауылдарда тыныштық орнағанын, т.б. жазады.

«Қазақ» газетінде «Алаш» партиясы мүшелерінің, қазақ зиялыларының «Алаш азаматтарына» арналған үндеулері, ақыл-кеңестері жиі жарияланып тұрған. Мысалы, 1917 жылдың 24 маусымындағы «Қазақ халқының жан, мал басы және жер-суының есебін алу пайдалылығын баяндайтын қазақ зиялыларының «Қазақ халқына» мақаласы және Торғай облысына есеп алуға жіберілетін қазақ жігіттерінің тізімі» туралы үндеу-мақаласының астына Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейхановтармен қатар Жәнібековтің де аты жазылыпты.

1917 жылдың мамыр айының басында Мәскеуде жалпы мұсылман съезі өткен. Сол съезд қарарында бүкіл мұсылман істерін басқарып тұратын «Шура-И-Ислам»  ұйымының құрылғандығы жөнінде қазақ зиялылары жазған мақаланың, Қытайға босқан қырғыздардың ауыр тұрмысына көмек көрсетуге шақырған қазақ зиялыларының «Алаш азаматтары!» үндеуінің соңында да жоғарыда аталған кісілермен бірге Жәнібеков те қол қойған.

1917 жылдың ақпан революциясынан кейін оқыған жастардан  20 шақты ұйым құрылады. Мәселен, Семейде құрылған «Жанар» ұйымын  Мұхтар Әуезов, Манан Тұрғамбаев, Жүсіпбек Аймауытовтар, Семей уезінің Шыңғыс болысындағы «Талап» ұйымын Абай Құнанбаев, Ақтөбедегі «Жас тілек» ұйымын О.Нұрмұхамедов, Әлімгерей Ершиндер басқарған, ал Орынбордағы «Еркін дала» ұйымының жетекшісі Ж.Жәнібеков болған екен. («Алаш қозғалысы» кітабынан алынған деректер «Айнада» көшіріліп басылған).

Билікке большевиктер партиясы келген соң, «Алаш» партиясы таратылып, оның мүшелері де жан-жаққа кетеді. 1919 жылы Колчак әскері жеңіліс тапқан соң, Петропавлда Совет билігі орнап, Жанұзақ Жәнібеков туған қаласы Петропавлға қайтып келеді де, халықтық білім беру мекемелерінде қызмет етеді. Халықтық білім берудің губерниялық бөлімінде, мұғалімдерді оқытатын үш жылдық курстарда, кейін Қазақ педагогикалық техникумында қызмет етеді. 1920 жылы коммунистік партия қатарына өтеді.

1923-1924 жылдың күзі аралығында Жәнібеков Ақмола губкомы төрағасының орынбасары болып қызмет етті.

1925 жылдан бастап Жәнібеков губерниялық «Бостандық туы» газеті редакторының орынбасары, кейін осы газеттің редакторы қызметін атқарады. «Сырдария» университетінің проректоры Н.Қадырбаевтың жазуынша, («Айна» кітабы) Жәнібеков «Бостандық туында» уақытша редактор болып атқарған жылы Сәбит Мұқанов губкомның жіберуі бойынша осы газеттің жауапты хатшысы болып қызмет еткен. Жәнібеков Сәбит Мұқановпен шығармашылық әрі қызметтік тікелей байланыста болыпты.

«1926 жылы Ж.Жәнібековті «тәжірибесі мол, қолынан іс келеді деп, оған Ақтөбе губерниясының «Кедей» атты газетін басқаруды сеніп тапсырады. Бұл газет таза қазақ тілінде, жұмасына бір рет, 1600 данамен шығып тұрған. Газеттің беттерінде Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев сияқты атақты ақын-жазушылардың мақалалары мен еңбектері, әдеби шығармалары басылып отырған.

… — Сол газеттерде не жайында басылып тұрды? — деген ОГПУ тергеушісінің сұрағына түрмеде отырған Жанұзақ Жәнібековтің берген жауабы мынадай: «Негізгі мақсатымыз — жастарды тәрбиелеу. Оларға қазақтың ескі әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін үйрету, жаңа демократиялық мемлекет құру…

Жанұзақты «Кедей» газетінің редакторлығынан «Редакцияны ұлтшылдық пиғылдағы қоғамға зиянды элементтермен былғағаны» үшін түсіреді», —  деп жазады Ғалым Қадірәлі «Көкарал» атты кітабында (бұл мақала «Айна» кітабында көшіріліп басылған).

Жәнібеков жайлы бұл деректі Ақмола облысы бойынша ҰҚК департаменті материалы бойынша Қарлыға Мұқтаева да әзірлеген. («Айна» кітабы, 280-бет).

Яғни, Жәнібеков «Кедей» газетін 1926-1929 жылдары — үш жыл басқарған. Ғылым докторы Серікқали Байменшиннің деректеріне сенсек, 1925 жылдың бас кезінде газеттің жауапты редакторы болып Д.Хангереев тағайындалады, іле-шала газеттің шыққанына бір жыл толған күннен, яғни 1925 жылдың 8 маусымынан Әзімбай Лекеров жауапты редактор болып бекітілді. («Ақтөбе» газетінің  80 жылдығында шығарылған шағын кітапшадағы мәліметтер).

Осы кітапшада 1925 жылдың қазан айында «Кедей» газеті редакторының  орынбасарлығына Жиенғали Тілепбергенов тағайындалғанын, ол 1926 жылдың желтоқсанынан 1927 жылдың тамызына дейін Петропавлда шығып тұрған «Бостандық туы» газетінің редакторы болғандығы айтылады.

Көріп отырғанымыздай, 1926-1929 жылдар аралығында редактордың кім болғаны туралы ештеңе айтылмапты. Яғни, осы тұс белгісіз боп келген.

1929-32 жылдары Ж.Жәнібеков Ақтөбе облысының Шыңғырлау ауданындағы №36 мектептің директоры болып қызмет етеді. 1933 жылы Петропавлға қайтып келіп, кооперативтік техникумның директоры болады.

Осы жылы Жәнібековтер отбасымен Еңбекшілер ауданынына көшіп барып, Жанұзақ сондағы «Қазалтын» тресіне қарасты «Степняк» руда өндіруші ауылдық кеңесін басқарады.

«1937 жылдың жазы, бір күні таңертең кіші қызы Эленурға да көңіл аудармастан, әйелін құшақтап, оңаша бөлмеге алып келеді де, қолындағы пакетке салынған бір бума құжатты әйеліне тапсырып тұрып былай деді: «Міне, Мәриям, саған бұл құжаттарды сақтауға беріп отырмын. Бұл мен үшін және менің серіктерім үшін өте маңызды құжаттар. Бұның не туралы екенін сен де сұрама, мен де айтпай-ақ қояйын. Бірақ осыларды көзіңнің қарашығындай сақтауға тырыс, ешкімге көрсетпе, және бұл туралы ешкімге айтпа. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер мені тұтқындаса, сол тұтқыннан мен қайтып келмесем, бұл құжаттарды өз қолыңмен апарып Сәбитке тапсырарсың (Мұқановқа — М.Р.). Менің және партиядағы достарымның  ойынша, кедейлердің арасында аз адамның қатарында сол ғана тұтқындалмауы мүмкін», — дейді («Айна» кітабы, 150-бет).

1937 жылдың 29 шілдесінде оны «революцияға қарсы дұшпандық насихат жүргізгені үшін, дінге қарсы күрес жүргізудің орнына діни қызметкерлерді жұмысқа орналастыруға көмектесті» деп айыптап, Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасының қаулысымен тұтқындайды.  Жәнібековтің қылмыстық ісінде оның хаттама жасалған жауабы сақталыпты: «Біз жастарды қазақ халқының ескі дәстүрі бойынша тәрбиелеу жұмыстарын жүргіздік, буржуазиялық-демократиялық қазақ мемлекетін ұйымдастыру идеясын насихаттадық», — делінген онда. Ұсталғаннан кейін екі жарым айдан соң,  «халық жауы» атанған Жәнібековті Солтүстік Қазақстан облыстық НКВД басқармасы үштігінің шешімімен ату жазасына кеседі. Үкімнің жүзеге асқаны және денесі қай жерде дамыл тапқаны жөнінде мұрағаттағы қылмыстық істе мағлұматтар жоқ.

Көкшетау облыстық сотының 1958 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен Ж.Жәнібековке қатысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД басқармасы үштігінің қаулысы жойылған және іс өндірісі қылмыс құрамының жоқтығы себепті тоқтатылған.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 4,5-баптарына сәйкес Жәнібеков жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны саналып, ақталды.

Жанұзақ Жәнібеков ұсталған кезде артында әйелі Мәриям, үш қызы — Әмина, Гүлнар, Эленурлар қалды. Мәриям үш қызын да оқытты, тоқытты, құтты орындарына қондырды.

— Жанұзақ — менің нағашы атам. Осы уақытқа дейін нағашы атамның тағдырын, қайғылы қасіретін біз — немерелері түгілі туған балалары да, туыстары да білмей келдік. Тек есте қалғандары: «Айдалды. Атылды. Халық жауы. Ақталды» деген сөздер ғана, — дейді Гүлжан Иманқұлова. Жәнібековтің үш қызынан тараған ұрпақтары бертін келе атасының өмірі мен қызметін тереңірек зерттеуге кірісіп, мұрағаттардан, ескі әдебиеттерден, газеттерден құнды дүниелер жинастырып келеді. Г.Молдабекова, Ұ.Иманқұлова мен М.Иманқұловтар атасының С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабындағы мақалаларды, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабындағы атасы туралы жазылған дүниелерді көшіріп, естеліктердің, түрлі басылымдарға жарияланған зерттеу мақалаларын топтастырып, шешесі Әмина мен әкесі Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі Ысқақ Иманқұлұлы туралы мағлұматтардың басын қосып,  «Айна»  атты кітап шығарады. Кітаптың атын «Айна» деп қоюының себебі — Жанұзақ Жәнібековтің де «Айна» атты кітабы болыпты. Ол 1908 жылы Ниязмұхаммед Сүлейменов деген кісінің бастыруымен Қазан қаласындағы «Шәрәф» баспаханасында басылған. Көлемі — 28 беттік болған. Бұл жайлы Х.Бекхожиннің 1981 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасында жарық көрген «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері» кітабында да айтылады.

Өкініштісі, Жәнібековтің бұл кітабы, басқа да қолжазбалары, құжаттары із-түзсіз кеткен. «Біздің Жәнібек атамыздың жұбайы Мәриям Жәнібекова 1937 жылдан (атамызды тұтқындаған кезден бері) бәрімізге беймәлім бір қағаздарды ешкімге көрсетпей, ешкімге бермей, көзі жұмылғанша — 1968 жылға дейін көзінің қарашығындай сақтап, атамыздың оралуын күтіп отырған. Тек 1968 жылы сырқаттанғанда ғана арнайы Көкшетаудан Алматыға келіп, Сәбит Мұқановтың өз қолына тапсырған. Қазір ойлаймын, Мәриям әженің берген қағаздарын Сәбит Мұқановтың мұражайынан іздесе, бәлкім, табылып қалар», — дейді Г.Ысқаққызы.

«Сырдария» университетінің проректоры Н.Қадырбаевтың 2008 жылы «Ақиқат» журналына жарияланған  мақаласында айтылғандай, «бүгінде «Қазақ және «Кедей» газеттерінің тігінділері немесе жекелеген сандары Ресейдегі Орынбор қаласындағы «Орынбор облысы мемлекеттік мекемесінің мұрағаты» мемлекеттік мекемесінің кітапхана қорында сақталмаған».

Жәнібековтің «Кедей» газетінде 1926-1929 жылдары редактор болып қызмет атқарғанына қатысты деректердің, құжаттардың аз болуының бір себебі осы болса керек. Ұрпақтары тек азды-көпті құжаттар мен атасының сарғайған ескі суретін және «ОСОВИАХИМ»-ге (Кеңес Одағы еңбекшілерінің көпшілік ерікті ұйымы) мүшелік билетін жүз жылдан астам уақыт бойы сақтап келе жатыр.

— Біз анамыздың бөле сіңлісі Әмина Ряшевадан басқа атамыздың  ешбір туысын таба алмадық. Оның жолдасы Ахметбек Ряшев Солтүстік Қазақстан облысының облыстық партия комитетінің хатшысы болған. Мүмкін, Ақтөбеде атамыздың туыстары, жақындары, мүмкін көзін көргендер, ол туралы естігендер табылып қалар. Осы тілегімді жеткізіңізші, — дейді Гүлжан Ысқаққызы…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

6 Comments

  1. Курметти ариптестер! Кездейсок козим тусип кетип, мына материалды кызыга окыдым, деректери назар аударарлыктай екен. Авторга кулаккагыс – Жанузак Жанибеков туралы менин «Сат сагат» деген китабымды тауып алып карауга болады, 2008  жылы «Таймас» баспасынан шыкты.  Газеттин алгашкы  редакторларынын аты-жонин биринши рет хронологиялык тартиппен Жиенгали Тлепбергенов туралы жазылган  китабымда корсеткенмин, казир сол тизим сакталып жур екен. Муны баска да макалалардан байкадым. Егер кажет деп тапсаныздар  газеттин Сиздер назар аудармай журген тагы бир  редакторы туралы материал жибере аламын, суретимен. Будан бирнеше жыл бурын мен осы адамдар туралы жазылган колемди танымдык макаламды китапка енбес  бурын актобеликтер билсин деп Актобе газетине бергенмин, алайда «тым колемди екен, баса алмаймыз гой» дегендей  жауап  болды. Содан кеиин мен де кыстамадым, макалам озиме кайтпады, шамасы  жогалып кеткен шыгар…  
    Жалпы, мактанганым емес,  шындыгы сол –  Актобе  газетинин 1924 жылдан басталатын тарихын менен баска зерттеген адам жок, копшилиги белгили деректерди кайталап, устирт баяндап отеди. Мен озим енбек жолымды бастаган газет болгандыктан онын сонау арабша, латыншасын, Казахстанда сакталган барлык номирлерин тугел карап шыктым.  Булар туралы ишинара китаптарымда, гылыми зерттеулеримде айттым. Алайда газет тарихы  али тутас жазылган жок, буган  ыкылас билдирип жаткан зерттеуши де байкалмайды.  Казах баспасозинин тарихы тек  кана республикалык денгейдеги газеттерден турмайтындыгы белгили.  Актобе газетинин 20-30  жылдардагы  тарихы, онда енбек еткен адамдар шыгармашылыгы  Казахстандагы бирде  бир  басылымнан кем емес. Муны ескерусиз калдыруга болмайды  гой деп ойлаймын.
    Откен жылгы газеттин 85  жылдыгы аталып отти деп сырттай естидим. Игиликтин ерте-кеши жок,   кутты болсын!  «Кутты болсынды кудыктын басында айтса да жарасады» дейди атам казах. Газеттин шынайы тарихын Актобенин тарихымен байланыстырып зерделеу жонинде усыныстарыныз болса,  колымнан келген комегимди  усынуга азирмин.

    Курметпен, Сериккали Байменше

  2. Құрметті Серікқали Байменше!
    Сіздің «Сат сағат» деген кітабіңізді қайдан табуға болады?
    Облыстық кітапханада бар ма?
    Нағашы атамыз Жанұзақ Жәнібеков туралы деректердің көшірмелерін алайын деп едік.

  3. Құрметті Мейрамгүл Рахатқызы! 100 жылдан кейін нағашы атамыздың жарқын бейнесін газет бетіне және де интернет жүйесіне шығарғаныңыз үшін Сізге өте ризамыз. Бақытты болыңыз! Жанұзақ атамыздың барлық  ұрпақтары атынан Сізге және де «Ақтөбе» газетінің редакциясы мүшелеріне зор денсаулық, жұмыста табыс, байлық, береке тілейміз! Егер интернет жүйесінен «Жанибеков Жанузак Альжанович» деп терсеңіз нағашы ата туралы  тағы бір мақаланы (Астана) табасыз, ал   «Иманкулов Искак Бекбауович» (папамның аты-жөні) деп терсеңіз Қ.Мұқановтың (СҚО) нағашы ата туралы мақаласын табасыз.  Гүлжан.ОҚО.26.05.2010

  4. Сериккали Байменше ага!
    Сиздин электронды поштанызды таба алмай-ак койдым. 
    Осы хатымды корсениз, хабарласуынызды отинип сураймын. 
    Менин поштамнын адреси sataeva81@mail.ru 
    Курметпен, Мейрамгул Рахаткызы

     

  5. Менің отаным-Қазақстан
    Қазақстан Евразияның кіндігнде жатыр. Қазақстан жер көлемі боиыншат әлемде тогызыншы орында тұр . Қазақстан жеріне басқа мемлекеттер
    қызығады.Қазақстанның табиғаты бай. Біздің Қазақстан Республикасын бүкіл әлем біледі және құрметтеиді. Біздің мемлекеттік тіліміз қазақ тілі және тұрғындарының көпшілігі қазақша сөйлеиді. Қазақстан Республикасының әрбір тұрғыны мемлекеттік сиволымызды сыйлайды, заңды сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Қазақстан Республикасының ең жогаргы байлығы-тәуелсіздік. Міне, қазір Қазақстанның тәуелсіздігне 20жыл толады. Мен өз отанымды сүиемін және құрметтеймін. Себебі мен осы елде туылдым және осы елде оқып, білім алып жатырмын. Қазақстанның өрлеуіне менде көмектесе аламын. Жаса, мәнгі ҚАЗАҚСТАН!!!
    Макала жазган, Хасен Арайлым
    5 В сынып окушысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button