Балсұлу ҚОНДЫБАЙ: Серікболдың он алты томдық еңбегі жарық көрді

СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ ЕСІМІ КӨКІРЕГІ ОЯУ КӨПШІЛІККЕ ЖАҚСЫ ТАНЫС. ОЛ СОНАУ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛЫНДА МҮГЕДЕКТІК ХАЛДЕ ЖАТЫП, ТАЛАЙ ТАҒЫЛЫМДЫҚ-ТАНЫМДЫҚ ЕҢБЕК ЖАЗЫП, АРТЫНА ҚЫРУАР ДҮНИЕ ҚАЛДЫРҒАН ЕҢБЕКҚОР ЖАН.
ЖАҚЫНДА СЕРІКБОЛДЫҢ АПАСЫ БАЛСҰЛУ ҚОНДЫБАЙ «АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫНДА БОЛЫП, БІЗДІҢ САУАЛДАРЫМЫЗҒА ЖАУАП ҚАЙТАРҒАН ЕДІ.
— Ең алдымен Серікболдың өмірбаянын қысқаша айтып берсеңіз. Өйткені, оның жазған дүниелерін үзбей оқып жүрген оқырмандардың бір тобы өмірдің біраз белесінен өткен, жасы тоқтасқан, егде тартқан адам деп ұғатынға ұқсайды.
— Менің бауырым небәрі отыз алты жыл ғана ғұмыр кешті. Ол 1968 жылы 14 наурызда Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында дүниеге келді. Сол жылы тамыз айында отбасымызбен Шетпеге қоныс аудардық. Әкеміз Әділбек отыз тоғыз жасында жаман аурудан дүниеден өтті, сол кезде Серікбол анамыздың құрсағында жатқан бала еді.
Ол 1986 жылы Шетпедегі №3 мектепті бітірді. Одан кейін Қазақ Мемлекеттік университетінде географ-геоморфолог мамандығы бойынша білім алды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, он күндей қамауда отырып шыққаны бар.
Университетті бітіргеннен кейін Маңғыстау, Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология және биоресурстар басқармасында қызмет етті. Орта мектепте мұғалім болды.
Отыз үш жасында жесір қалған анамыз Тәрбие алты баланы аялап өсіріп, бір жағы бізге әке орнына әке болуға тырысты. Мен үйдің үлкені болғандықтан анамның жанына жалау болғым келіп жүретін. Төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұл Әбдіғапарға серік болсын деген тілектегі Серікбол еді ғой ол. Өзі балаң кезінен ұяң, қақ-соқпен ісі жоқ, өз бетімен өсті.
Әлі есімде, әкем дүниеден өтіп, анамның жабырқап жүрген кезі. Бір күні оянсам, шешем жылап жатыр екен. Ол кезде мен он екі жастамын. Анамды аяп, оның көңілін бөлгім келді. Содан ауылдағы кітапханадан небір кітаптарды әкеліп, мен оқимын, анам тыңдап отырады. Екеуміз де әбден шаршап, талығып барып ұйықтаймыз. Қазір ойлаймын, сол кезде құрсақтағы Серікбол осының бәрін тыңдап жатқан шығар, кейінгі мол білімінің негізі бәлкім сол кезде қаланған шығар деп.
Кейін Серікбол нағашы әжеміз Бәтиманың бауырында тәрбиеленді. Әжеміз ауыз әдебиетінің небір үлгілерін жақсы білетін. Сөйтіп бауырымыз кішкентайынан рухани уызға тойып өсті. Содан да болар, алты жасында мектепке барды.
— Еңбектеніп жазу бар да, сол ойларыңды, ұстанымыңды таныту, мойындату бар ғой. Бұл жағынан Серікболдың өмірі қалай қалыптасты?
— Оның жазғандары бірден қалың жұртшылыққа жол тартып кете қойған жоқ. Бастапқыда редакциялардың қоржынында жатыңқырап қалған кездері болды. Осы ғасырдың басында жарық көре бастаған «Алтын Орда» апталығында қырықтан астам мақаласы жарық көрген екен. Белгілі публицист Мейірхан Ақдәулетұлы кезінде бауырымызды қолдап, оның жазған дүниелеріне ерекше назар аударды. Сол «Алтын Ордада» Серікболдың бір сұхбаты «Мен зиялы емеспін» деген атпен берілген еді. Сұхбат авторы — Зәкіржан Кәлкенбаев. Ол Серікболды Шетпеге арнайы іздеп барып, әңгімелескен болатын.
Осы сұхбат оның танымалдығының басы болды ғой деймін. Кейін еңбектері баспасөз бетінде тұрақты жариялана бастағанда, ол өзінің қоғамға қажеттілігін сезінгендей болып, ерекше құлшыныспен еңбек ете бастады.
— Серікболдың қандай еңбектері жарық көргенін айтып өтсеңіз.
— Ол ең алдымен байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздар, туған жер географиясы тұрғысынан мол мағлұматтар жинастырып, кітаптарын осы арнада жазды. Оның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Есен-қазақ», «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Арғықазақ мифологиясы», «Эстетика ландшафтов Мангистау», «Маңғыстаунама», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Жауынгерлік рух кітабы» сынды зерттеу еңбектеріне тоқталсам да аздық етпес.
— Серікболдың ішкі жан дүниесі көп адам үшін жұмбақ болып қалған сияқты. Ол не ойлайтын еді? Сіз қалай түсіндіңіз бауырыңызды?
— Серікболдың өз жазбаларына көз салайық. Оның былай деп жазғаны бар: «Мен осы әлеммен алғаш ұшырасқанымда оны тіпті білмейтін едім. Соған қарамастан осы бір жұмбақ әлем мені өзіне баурап алды. Сосын осы біздің қазақта бар ма екен? – деп ынта қойып, дереккөз жинай бастадым. Сөйтіп осындай мол мұраға тап болдым. Ізденуге, уақыт жағынан мүмкіндігім болды. Жалпы қапелімде “миф” дегенді айтудың өзі оңай емес. Жалпы адамзат баласы жарық дүниеге келгеннен бастап о дүниеге кеткенге дейін сағат сайын, күн сайын, өмір бойына құдайдың адамды жаратқанынан бастап, оның ұжмақтан қуылған сәтінен бергі басынан өткендерін үздіксіз қайталай береді».
Ол осы ой жетегінде жұмыс істеді. Оның ауыр халде жатса да, осындай бағытты ұстанғанына, соны өмірінің қуаты іспетті пайдаланғанына қуандым.
Ол Олжас Сүлейменовтің еңбектерін көп оқыды, одан үлгі алды десем де болады. Ақынның еңбектерін мифология мен тарихты тексеріп, саралауға, сараптауға пайдаланды.
— Одан кейінгі бір тұста Серікбол Қондыбайдың танымалдық кезеңі басталды. Кімдер не айтты, қандай баға берді, жадыңызда бар ма?
— «Талантты ғалым Серікбол Қондыбай – ұлттық руханиятымыздағы аса сирек құбылыс. Ол этнография мен археология, география мен ономастика, агиография мен теология, эпос пен тарих, мифология мен философия деректерін салғастыра зерттеп, түріктану мен қазақ тануға мейлінше үлес қосты. Отандық ғылым үшін жемісті болар жаңа бағыт бастап берді». Бұл — ғұлама қаламгер Әбіш Кекілбаевтың пікірі.
Ал жазушы Қойшығара Салғарин «Серікболдың артында қалдырған рухани мол мұрасын тану үшін, жасалынған ғылыми тұжырымдардың парқын пайымдап, құндылық деңгейінің қаншалықты маңыздылығын сараптап, жете түсінуіміз үшін, ең алдымен, осы мұраларды тудырушы Серікболдың өзінің кім екенін, оның азаматтық болмысын танып білуіміздің, дұрыс түсінуіміздің маңызы зор. Бұл арада, мәселе әрине, оның Маңғыстаудың баласы екені, болмаса университет бітіргендігі секілді өмірбаяндық деректі білуде емес. Мәселе – әлемдік өркениеттен тысқары, шалғай жерде өмір сүріп, тым қысқа ғұмыр кешкеніне қарамай, қыруар іс тындыра алған осы бір ғажайып жанның жан дүниесіне үңіліп, оның арман-аңсарын, көздеген мақсат-мүддесін танып білуде…» деп жазды.
«Алтын Орда» арқылы бауырымның жолын ашқан рухани ағасы Мейірхан Ақдәулетұлы ол туралы «қазақ тарихында бұрын болмаған құбылыс. Серікбол —Тәңірдің бізге жіберген құдды бір мұғжизасы сияқты. Академик түгілі, кандидаттық атағы жоқ, ғылыми ортадан жырақта, кішкентай бір ауылда тұрып, әлемдік деңгейде зерттелуге тиіс тақырыптарға із салды. Ол өз еңбектері арқылы тарихи ақиқатты тануға ұмтылды» деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлы: «Серікбол – қазақ халқының ұлылығының, даналығының тағы да бір дәлелі» деп бағалапты.
Мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұловтың: «Серікболды қазақ тарихындағы Шоқан Уәлиханов феноменімен салыстыруға болады» дегені есте қалыпты. Философ-аудармашы Зира Наурызбаева оның еңбектерін орыс тіліне аударды. Бұл да бауырымның еңбегінің бір бағалануы деп білемін.
— Серікбол өмірінің соңғы сәттері есіңізде ме? Сол тұстарда ол өзін қалай сезінді?
— Бірде үйге келсем, жұмыс істейтін компьютерін жинап тастап отыр екен. Айтқаны — «шамалы демаламын» деді. Содан компьютері қайта іске қосылмады. Жабулы күйінде қалды. Бәлкім, өмірдің ақырғы сәті жақындағанын сезген шығар…
«Арғы жақ» деп аталатын 8 томдық кітап шығарамын дейтін, сол еңбегі жазылмай қалды…
Сұхбаттасқан: Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



