Мәдениет

«Орскі суретшілері» көрмесі ашылды

Облыстық өнер музейінде Қазақстан мен Ресей елдерінің мәдени достық  қарым-қатынасы аясында «Орскі суретшілері» атты топтық көрмесінің ашылуы салтанаты өтті.

Оған ақтөбелік суретшілер, өнерді бағалайтын қала тұрғындары қатысты.

Шараны Ақтөбе облыстық өнер музейі, Ресей Суретшілер

одағының Орскі филиалы бірігіп ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Жанар Туғамбайқызы, облыстық өнер музейінің директоры Марат Ғабдрахманов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, танымал суретші Ирина Құрманалиналар сөз сөйледі. Сондай-ақ Орскі қаласының көрнекті суретшілері, көрмедегі бірқатар туындылардың авторлары, яғни Ресей Федерациясының еңбек сіңірген суретшісі Александр Ерёмин, Ресей Суретшілер одағының мүшелері Олег Китаев, Маргарита және Артур Изактар да Ақтөбеге келді.

Көрмеге Орск суретшілерінің 57 жұмысы қойылған.

Қысқаша мәлімет бере кетейік. Орск ұйымы Орынбор Суретшілер одағының бөлімі ретінде 1970 жылы құрылған. 1991 жылдан бері өз алдына бөлек отау тікті. Ал 1993 жылдан бастап Ресей суретшілер одағының Орскі қалалық филиалы болып құрылды.  Орскідегі филиалда бейнелеу өнерінің картина, сурет, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер тәрізді әртүрлі жанрда, түрлі техникамен жұмыс жұмыс жасайтын дарынды суретшілер бар.  Ресей Суретшілер одағы өткізген бүкілресейлік көрмелерде қашанда  Орскі қаласы суретшілерінің жұмыстары ойып орын алады. Қазіргі таңда Ұйым құрамында Ресей суретшілер одағының 29 мүшесі бар екен.

Соңғы уақыттарда Орскі суретшілері бірқатар басқа қалаларда өз көрмелерін өткізіп жүр. Ал бұрын, 2003 жылы Мәскеу қаласында Беговойда «Орск суретшілері», 2004 жылы Орынбор қаласында «Орскі Орынборда»,  Челябинск қаласында (2006 жылы) көрмелері  өткен. Сол сияқты  Новотроицк, Гай, Медногорскі қалаларында, шетелдерде «Орскі суретшілері» көрмелерін өткізген.

Орскі суретшілері үнемі шығармашылық үйлеріне барып, жалпыресейлік пленэрлерге қатысып, шетелдерге шығармашылық іссапарларға шығып тұрады. Осындай шығармашылық саяхаттардың ықпалынан туған туындылар  көрмелерде көрініс табады.

Ақтөбеде қойылған көрмені көрем деушілерге әлі бір ай уақыт бар. Жаманқаладан келген көрмеден суретшілердің тамаша шығармаларын көруге асығыңыздар!

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button