Білім

Курс: мол мүмкіндік, зор тәжірибе

Бүгінгі күні мұғалімдер оқытудың тиімді стратегияларын меңгеріп, түрлі педагогикалық тәсілдерді үйлесіммен қолдануға мүмкіндік алып отыр. Оқушыға сапалы білім беру үшін ұжымның әрбір мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыру, ұжымды басқару үлкен шеберлікті, терең білімді қажет етеді.

Осыған орай биыл 26 маусым-5 шілде аралығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институттың ұйымдастыруымен «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектептің инновациялық дамуын басқару» тақырыбында біліктілік арттыру курсы өткізілуде.

Курсқа Ақтөбе қаласының №11, №16, №20, №30, №31, №33, №36, №55, №60, №61, Новый орта мектебі, сондай-ақ Темір, Қобда, Шалқар, Қарғалы, Әйтеке би, Мұғалжар, Ырғыз аудандарының мектептерінен келген 25 тыңдаушы қатысуда.

Курсқа келген күннен бастап курс жетекшісі педагогика және инклюзивті білім беру кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Сандуғаш Көмековадан көп сауалдарға жауап алдық. Курс жұмыстары қызықты өтіп, қатысушылар өз жұмыстарын қорғап қана қоймай, тың идеялар мен жобаларды ортаға сала білді. Біліктілікті арттыру курсында «Жалпы білім беретін мектептегі қазіргі менеджмент пен оны ақпараттық қамтамасыз ету: теория және технология», «Инновациялық менеджмент білім беру мазмұнын жүйелі жаңарту аясында басқару сапасын арттыру негізі ретінде», «Мектеп жұмысын басқару мен автоматтандыру үшін АКТ заманауи құралдарын, медиа ресурстарды қолдану» тақырыптарында дәрістер оқылып, «Директор және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының жеке және кәсіби өсуінің психологиялық-педагогикалық негіздері», «Swot»-талдау мен Smart-мақсат техникаларының көмегімен мақсат қою, оған жетудің жолын анықтау бойынша мектептің стратегиялық моделі» тақырыптарында тренингтер, сондай-ақ «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясындағы құндылықтар», « Білім беру ұйымдарын басқару әдістері» атты коучингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар  ерекше білім алу қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың ерекшеліктері туралы әдістемелік ұсыныстар жөнінде кеңестер берілді. Курста қазіргі таңдағы білім саласында кезең-кезеңмен үш тілді оқуға көшу мәселесі де тілге тиек етілді.

Тәжірибе алмасу мақсатында №60 орта мектепте «Қазақстан Республикасында орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының тұжырымдамалық негіздері» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізілді. Шара барысында аталған мектептің директоры Абзал Тажимишев, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Шамғонова мектептің жетістіктерімен таныстырып, оқу-тәрбие үрдісіндегі жаңашыл технологияларымен бөлісті.

Мектепте жаңартылған білім мазмұнына кезең-кезеңмен көшу жұмыстары іс жүзінде орындалып жатқан мезгілде аталған курстың директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарларына берер көмегі зор. Сондықтан республикалық институт басшысы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жансәуле Мақатоваға, курс жетекшісі Сандуғаш Көмековаға, сондай-ақ облыстық ғылыми-тәжірибелік орталыққа, №60 орта мектеп ұжымына өз ризашылығымызды білдіре отырып, әріптестерімізге шығармашылық табыстар тілейміз.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, білім беру ұйымдарын басқарудың жаңашыл әдіс-тәсілдерін үйрену мақсатында осындай курстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, онлаин түрінде ғана емес, тәжірибе алмасу үшін бетпе-бет жүздесу арқылы өткізілсе, бұл — біз үшін үлкен мүмкіндік. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта облыс, аудан көлемінде осындай курстар жиі ұйымдастырылса деген ұсынысымызды айтқымыз келеді.

109-топ тыңдаушылары —

Қ.Карибаева, Б.Сатмағанбетов,

Ж.Ұзақбаева, Қ.Сүлейменова.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button