БілімЖаңалықтар

20-ға жуық мұғалім емтиханнан құлады

Бұған дейін жаңа бағдарлама бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткен мұғалімдер кәсіби жарамдылығын дәлелдей алмады. Оның көбі аудандарда ағылшын тілі пәнінен сабақ берген.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталық» АҚ филиалының директоры Нұргүл Әбішеваның айтуынша, былтыр үш мұғалім емтиханнан құлаған. Ал биыл бірден 18 мұғалім жетілдіру курстарынан алған білімдерін растай алмады. Мамандар мұғалімдердің тест тапсыра алмауына алаңдап отыр. Олардың сөзінше, егер осылай жалғаса берсе, онда Ақтөбе облысы білікті мұғалімдер саны жағынан өзге өңірлерден артта қалып қоюы мүмкін.

— Мұғалімдер ұзақ мерзімдік курстарға келіп жатады. Сосын олар жүктілігіне байланысты стационарға жатып қалады. Немесе зейнет жасына жеткен мұғалімдер курстан өтіп, тест тапсыруда қиналады, — деді Нұргүл Әбішева.

Ол аудандық білім бөлімі өкілдерінен курстарға мұғалімдерді жібермес бұрын, олардың денсаулығы мен жас мөлшеріне назар аударуын сұрады.

Айта кеткен жөн, емтихан тапсыра алмағандардың көбі аудандарда ағылшын тілі пәнінен сабақ берген. «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған Комиссия отырысында облыстық білім беру саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанна Қайшығұлова наразылығын жасырмады.

— Аудандарда онсыз да орыс тілін үйрету мәселесі ақсап тұр. Менің ойымша, онда ағылшын тілі тіптен оқытылмауы да мүмкін, — деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, аудандарда орыс тілі пәнінің мұғалімі жетіспейді. Мәселен, Байғанин мен Ырғыз аудандарында қазақ тілі мұғалімі өз пәнінен бөлек орыс тілінен да сабақ береді. Аудандар былай тұрсын, тіпті Ақтөбе қаласының өзінде мұғалім мамандар жетпей жатады. Жанна Қайшығұлованың айтуынша,  мұғалімдердің жұмысы ауыр, сондықтан жастар ұстаз болуға құштарлық танытпайды.

— Мысалы, 2016 жылы 80 мектепті, биыл 75 мектепті аттестациядан өткіздік. Облыстағы 75 мектепке 200-дің үстінде маман қажет, — деді білім беру саласындағы бақылау департаментінің басшысы.

Қамбар МҰҚАШЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button