«Ақтөбе — құтты мекен»

Алғаны қалаға айналдырған комбинат

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, халық шаруашылығының барлық салаларын, оның ішінде химия өнеркәсібін қалпына келтіру жұмыстары жедел қолға алынғаны тарихтан белгілі. 1945 жылдың тамыз айында КСРО Химия өнеркәсібі халық комиссариаты Ақтөбе химия комбинатын қайта құру және кеңейту  жөнінде шешім алды.

КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің 1945 жылғы желтоқсандағы «Химия өнеркәсібін қалпына келтіруге және дамытуға көмек шаралары туралы» қаулысында соғыс кезеңінде бүлінген халық шаруашылығы салаларының бірі химия өнеркәсібі және оның азот, фосфор, калий тыңайтқыштары, кен химиясы, улы химикаттар саласы екенін атап көрсетілді. Осы қаулының 21-тармағында Ақтөбе химия комбинатының өндірістік негізде 200 адам қабылдайтын №6 қолөнер училищесін қалпына келтіру міндеті қойылды және Химия өнеркәсібі халық комиссариатына училищені жатақханамен, өндірістік базамен қамтамасыз ету міндеттелді.

Сол жылы жобалау  және құрылыс жұмыстары басталды. Комбинатта  1945 жылы реактивті бура, 1946 жылы бор қышқылын өндіру іске асырылды. Кеңес қоғамында  халықты еңбекке ынталандырудың жақсы әдісі социалистік жарыс еді. Комбинат ұжымы да осындай жарысқа қосыла отырып, 1946 жылдың бірінші тоқсанында Бүкілодақтық ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болды. Сол кезеңнің қиындықтарына қарамастан, 40-шы жылдардың аяғына қарай зауытта қышқыл өндіретін жаңа нысандар іске қосылды, жылына 120 мың тонна өнім беретін суперфосфат цехының құрылысы жүріп жатты. 1950 жылы бор қышқылы мен бура өндіретін жаңа цех іске қосылды, 1952 жылы соғыс жылдары жұмысын тоқтатқан супефосфат цехы қайта пайдалануға берілді, бұл цехтың кадрлары Винница суперфосфат зауытында даярланды.

Суперфосфат цехының жұмыс істей бастауы Орта Азия мен Қазақстанның мақта өндіретін аудандарын бағалы тыңайтқышпен қамтуға мүмкіндік туғызды. Цехтың іске қосылуына байланысты кәсіпорында күкірт қышқылының қажеттігі білінді, сондықтан күкірт қышқылы цехын қайта жабдықтау қолға алынды, нәтижесінде бұрын жұмыс істеп тұрған цехтан бірнеше есе үлкен жаңа цех іске қосылды. 1958 жылы оның қуаты жобадағыдан  екі есе артты. 1953 жылдың наурыз айында жылу электр орталығының жаңа бу қазаны пайдалануға берілді, бұл өндіріс пен поселкені жылумен және электр қуатымен қамтуды жақсартты. 1954 жылы комбинат рационализаторлары экономикалық тиімділігі 170 мың сом көлеміндегі ұсыныстарды өндіріске енгізді. Бұл істе, әсіресе, суперфосфат цехының бастығы Новиковтың кешенді бригадасының үлесі зор болды.

Өндірістік  цехтар бақылау-өлшеу құрылғыларымен, автоматика құралдарымен жабдықтала бастады. Мысалы, 1958 жылы суперфосфат өндірісі автоматтандырылды. Комбинатта еңбек жағдайы біршама жақсарды, өндіріс мәдениеті арта түсті. Мәдени-тұрмыстық және тұрғын үйлер құрылысы жүріп жатты. Ескі және жаңа үйлер бір орталықтан жылыту жүйесіне қосылды. 1950 жылы зауыттың көмегімен физиотерапиялық емдеу орны ашылды. Жаңа тұрғын үйлер, қонақүй, балабақшалар мен яслилер, дүкендер, тұрмыстық қамту шеберханасы, нан пісіретін орын салынды. Мәдениет және  демалыс паркі кеңейтілді. Поселкені көгалдандыру жұмыстары қолға алынды. Екі қатарлы емханасы мен әйелдер босанатын бөлімшесі бар 100 орындық аурухана ашылды.

Ірі химия кәсіпорнына айналған комбинат  1959 жылы өзінің 25 жылдығын мерекеледі.

Сол жылы комбинат жалпы құны 8 миллион сомның үстінде өнім шығарып, 218,8 мың тонна суперфосфат, 100 мың тоннадан астам күкірт қышқылын өндірді. Комбинатта 2300 адам еңбек етті. Жетіжылдық жылдарында өнім өндіруді арттыру жаңа қуаттарды іске қосу арқылы емес, құрал-жабдықтың жұмысын жетілдіру, өндірістік процестерді механикаландыру және автоматтандыру, технологияны жетілдіру арқылы жүзеге асып отырды. Бұрын бормагний тыңайтқыштарын өндіріп келген бөлімшені магний боратын шығаруға лайықтап қайта құру аяқталды. Күкірт қышқылы цехында жаңа электрлік сүзгі іске қосылып, тотықтыру мұнарасының жұмысы автоматтандырылды. 1960-1961 жылдары колчедан пештерінің жұмысы автоматтандырылды. 1962-1965 жылдары сорғы бөлімшесі қайта жабдықталды. 1958 жылмен салыстырғанда, 1965 жылы күкірт  қышқылын өндіру 24,6  пайызға артты.

1960 жылы электр желісінің құрылысы аяқталды. 1960-1963 жылдары жылу-электр стансасының қазаны монтаждаудан өтті, су тазартқыштың жаңа құрылымы пайдалануға берілді. 1963 жылы Орск-Ақтөбе-Алға  электр желісі тұрақты жұмыс істей бастады.

1961 жылғы 15 тамызда Алға қала типтес поселкесіне қала статусы берілді.

1964 жылы зауыттың орталық зертханасы, 1965 жылы жаңа жөндеу-механикалық цех іске қосылды. Жүк түсіру-тиеу машиналары мен механизмдерінің көлемі артты.

1958 жылмен салыстырғанда, 1965 жылы өнім өндірудің жалпы көлемі 27,5 пайыз, еңбек өнімділігі 28,2 пайыз артты.

Жетіжылдықтың 4 жыл 10 айы ішінде рационализаторлар экономикалық тиімділігі 700 мың сом құраған 1450 бағалы жаңалықты өндіріске енгізді. Ал жалпы жетіжылдық жылдарында комбинатта екі мыңнан астам ұсыныстар болып, оның көпшілігі өндіріске енгізілді. Бұлардың жылдық экономикалық тиімділігі миллион сомнан асты. Осындай жаңашыл ұсыныстардың нәтижесінде өнім өндіруге жұмсалатын шығын кеміді, цехтардың жұмысы жақсарды, еңбек өнімділігі артты.

Жыл сайын цехтар арасында өнертапқыштық ұсыныстардың қорытындысы шығарылып отырылды. Таңдаулы өнертапқыштар мадақтау ретінде тәжірибе алмасу үшін КСРО-ның осы саладағы басқа кәсіпорындарына жіберілетін еді. Олардың қатарында В.Рыжкин, А.Кандыбко, А.Ястржемский, А.Крылов, А.Корунов, В.Базанов, А.Запорожец, т.б. болды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1966 жылғы 4 мамырдағы жарлығымен Ақтөбе химия комбинаты минералдық тыңайтқыштар өндіру жөнінде жетіжылдық жоспардың  тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындағаны, жаңа техника мен озық технологияны енгізгені, шығарылатын өнімнің сапасын жақсартқаны үшін, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.

1966-1970 жылдары комбинат алдында үлкен міндеттер тұрды. Бұл жылдар ішінде өнім өндіруді екі есе арттыру, ұнтақ суперфосфатқа қарағанда 2-2,5 есе тиімдірек түйіршіктелген суперфосфат өндіруге көшуді шешу қажет еді. 1969 жылы 30 желтоқсанда С.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Ақтөбе химия комбинатының жылына 540 мың тонна кәдімгі суперфосфат өндіретін жаңа кешені, ал келесі жылғы желтоқсанда жыл сайын 520 мың тонна түйіршіктелген суперфосфат шығаратын кешен іске қосылды.

Әрбір ауысым мен бригадада өндіріс алаңынан неғұрлым өнімді көп алуға, шикізат пен электр  қуатының шығынын азайтуға бағытталған социалистік жарыс өрістетілді. Коммунист, техник Н.Самарскийдің ауысымында істейтін Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген химик, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, аға аппаратшы Құлымбет Рысмағанбетов технологиялық процестерді үздік меңгеріп, оның ауысымы айдан-айға жоғарғы көрсеткіштерге жетті.

Кремнефторлы натрий бөлімшесінде істейтін А.Шахов жоспар бойынша 1 тонна суперфосфаттан 8 килограмм орнына 9 килограмм кремнефторлы натрий алды. Шаховтың бұл табысқа қалай жеткеніне озат тәжірибе мектебінде кеңінен талдау жасалынды. Соның нәтижесінде, барлық ауысымда өнім мөлшерден көп алатын болды. Цех ұжымы өнім өндіруді 24 пайыз арттырып, 1 тонна өнімнің өзіндік құнын 17 сом 5 тиын орнына 15 сом 44 тиынға түсірді.

1969 жылы жоспардан тыс 11 315 тонна суперфосфат, 1374 тонна күкірт қышқылы, 1363 тонна микротыңайтқыш өндірілді. Еңбек өнімділігі жоспары 106,2 пайыз орындалды. Комбинат 676 мың сом пайда келтірді, мұның 266 мың сомы — жоспардан тыс пайда. Жыл ішінде өндіріске енгізілген 160 рационализаторлық ұсыныстардың тиімділігі 150,6 мың сом болды. Таңдаулы рационализаторлар қатарында Игенов, Мосин, Крылов, Якимов, Ситников, Джамалов, т.б. есімдері аталды. Комбинатта өндірістік оқу жақсы жолға қойылып, теориялық курсты аяқтаған соң жұмысшылар тектес кәсіпорындарда еңбек тәжірибесінен өтті.

1975 жылы күкірт қышқылын өндіретін жаңа, қуатты кешеннің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Бес жыл ішінде жоспардан тыс 71 мың тонна ұнтақ суперфосфат, 48 мың тонна түйіршіктелген суперфосфат, 547 тонна кремнефторлы натрий өндіріліп, жоспардан тыс пайда  1240 мың сом болды.

Комбинат біздің облыста КСРО-ның құрылуының  50 жылдығын лайықты қарсы алу жолындағы  социалистік жарыстың бастамашысы болып, қорытындысы бойынша Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің және Қазақ республикалық кәсіподақ комитетінің ескерткіш Қызыл туын жеңіп алды. Бұл құрамында 22 ұлттың өкілдері еңбек еткен ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі еді. Теміржол цехының жүкшісі А.Алдоңғаров бесжылдық жоспарын екі жыл сегіз айда, түйіршіктелген суперфосфат цехының аға аппаратшысы К.Мацина мерзімінен бір жыл бұрын орындап шықса, электр жөндеу цехының электрмен ораушысы Б.Баймұратов, жөндеу механикалық цехтың токары В.Емельянов жеке бесжылдық жоспарларын үш жыл төрт айда орындады. Барлығы 126 адам өздерінің жеке бесжылдық жоспарларын мерзімінен бұрын орындауға қол жеткізді.

1971-1975 жылдары комбинатта жаңа техника мен озат технологияны енгізу жолында 52 түрлі шара жүзеге асырылды. Мұның тиімділігі 522,5 мың сом болды. Бұл жылдары рационализаторлар экономикалық тиімділігі 945 мың сом болған 1100 өнертапқыштық ұсынысты өндіріске енгізді. Таңдаулы рационализаторлар қатарында Юсупов, Троценко, Судариков, Швец, тағы басқалары болды. Еңбекті ғылыми ұйымдастыруға бес жыл ішінде экономикалық тиімділігі 218 мың сом құраған 46 шара алынды. Кадрлар даярлау жөнінде көп жұмыстар атқарылды. 1558 жаңа жұмысшы даярланды. Озат тәжірибе мектептерінде, мамандық арттыру курстарында — 2255 жұмысшы, институттар мен оның филиалдарында 95 инженер-техник қызметкерлер өз біліктіліктерін жетілдірді.

Тоғызыншы бесжылдықта жұмысшылардың тұрғын үй, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға ғана 7,3 миллион сом қаржы жұмсалды, 26,716 шаршы метр тұрғын үй мен жатақханалар, 280 орындық балалар бақшасы, үлкен емхана салынып, пайдалануға берілді.

С.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Ақтөбе химия зауытының өндірістік қуаты артып, көлемі ұлғаюына 1975 жылы іске қосылған күкірт қышқылы кешенінің бірінші кезегі үлкен ықпал етті. Сөйтіп, өнім өндіру мен таратудың көлемі, өткен бесжылдықтарға  қарағанда, едәуір дәрежеде артты.

1978 жылы наурызда күкірт қышқылы кешенінің екінші кезегі пайдалануға беріліп, екі айдан кейін, белгіленген мерзімнен 7 ай бұрын  оның жобалық қуаты игерілді.

Комбинаттың химиялық өнімдер өндірудегі жоғары жетістіктері кеңес үкіметі тарапынан лайықты бағаланды. Соғыстан кейінгі бесжылдықта жоғары еңбек өнімділігіне жеткен бір топ озаттар КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1951 жылғы 28 қарашадағы жарлығымен жоғары наградаларға ие болды. Олардың ішінде күкірт қышқылы цехының механигі  А.Тесленко — Ленин орденін, аға аппаратшы С.Абдрахманов, бас инженер Стерлин, пешші Кенигесов, Чекмаревтар Еңбек Қызыл Ту орденін, 35 адам медальдар алды. Ал 1950 жылғы 5 қаңтарда 5 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен, 14 адам «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 62 адам «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен наградталған еді. 70-ші жылдары да тапсырманы орындау жолында қажырлы еңбек еткен бір топ озаттарға үкімет наградалары тапсырылды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген химигі, аға аппаратшы И.Бегзенко, комбинат директоры Н.Стерлин Ленин орденін, Әнсетбаев, Поршнев — «Октябрь революциясы», алты адам — Еңбек Қызыл Ту, он адам «Құрмет белгісі» ордендерін, тоғыз адам медальдар алды. 1975 жылы бір адам «Октябрь Революциясы», алты адам Еңбек Қызыл Ту, алты адам «Құрмет белгісі», сегіз жұмысшы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендеріне ие болды. Комбинаттың жарты ғасырдан астам тарихында ұлттық жұмысшы кадрлары өсіп шықты. Олардың  арасында қиын да жауапты жұмыстарды меңгерген әйелдер де болды.  Солардың бірі зауыт өндірісіне соңғы бесжылдықтар кезінде келіп, аппаратшы мамандығын игерген қазақ қызы Шолпан Ботабаева еді, ол 1975 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталып, СОКП-ның ХХV съезіне делегат болып сайланды.

Рақымжан ӨТЕМІСОВ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button