«Ақтөбе — құтты мекен»

Триатлон саябағы: тынығу, жаттығу, серуен

Шаһардың шырайлы жерінің бірі — Триатлон саябағы бүгінде қала тұрғындарының ең көп серуендейтін, спортпен айналысатын, отбасымен келіп тынығатын сүйікті орнына айналды. Таза ауа, кең жол, әсем табиғат пен қолайлы инфрақұрылым қаланың қарбаласынан шаршағандарға таптырмас жер.

Қолдау тапқан жоба көп

Соңғы бес-алты жылда елімізде триатлон спорты ерекше қарқынмен дамып келеді. Соған байланысты еліміздің ірі қалаларында триатлон саябағын ашу қарқын алған. 2020 жылы қала тұрғындарының игілігі үшін тапсырылған саябақ — өңірдегі триатлон спортына арналған алғашқы кешен.
Триатлон саябағы — Қазақстан Триатлон федерациясының аймақтық бастамаларының бірі. Федерацияның басты мақсаты — кәсіби және әуесқой триатлонды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және Қазақстан спортшыларының халықаралық аренада жоғары жетістікке жетуіне жол ашу.
Бүгінде Астана, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында үш ірі триатлон паркі жұмыс істейді. Онда тұрғындар велосипедпен жүріп, жүгіріп, жүзіп тегін жаттыға алады.
Аймақтағы Триатлон саябағының басшысы Серік Қаздаевтың айтуынша, мұндай кешеннің дамуы мен тұрақты жұмыс істеуі, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауына тікелей байланысты. Қала әкімдігі мен Қазақстан Триатлон федерациясының бірлескен еңбегінің нәтижесінде саябақ бүгінде Ақтөбедегі спорт мәдениетінің орталығына айналып отыр.
— Жалпы, саябақ аумағы 25 гектарды қамтиды. Мұндағы ұзындығы 2,4 шақырым жол тартан жабынымен жабдықталған. Сонымен қатар саябақ жанынан үш жыл бұрын балалар мен жасөспірімдерге арналған триатлон мектеп-академиясы ашылып, онда 6 кәсіби жаттықтырушы жұмыс істеп жүр. Мысалы, балаларға айына 15 мың теңгелік абонемент қарастырылған. Оған велосипед, жүзу және жалпы дене дайындығы сабақтары кіреді. Ал көпбалалы және күйсіздеу отбасының балалары үшін тегін қатысу мүмкіндігі бар. Орталықта арнайы медициналық қызметкер де жұмыс істейді. Ол жаттығу кезінде жарақат алған спортшыларға алғашқы көмек көрсетеді, — дейді С.Қаздаев.
Сонымен қатар мұнда демеушілер алып берген кәсіби спорттық жабдықтар да бар. Қала тұрғындары оларды жаттығу кезінде қолдана алады.
— Тұрғындар мұнда велосипед, шаңғы және конькиді жалға, кейбір спорттық жабдықтарды тегін ала алады. Триатлон саябағында экологиялық шаралар да жиі өткізіледі. Қала әкімдігімен бірлесіп, «Менің атаулы ағашым», «100 түп тал» сынды акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Соның нәтижесінде саябақ аумағында шырша, туя, қарағай, қайың ағаштарынан бөлек, алма, өрік, шие, жүзім, таңқурай секілді 200-ден астам жеміс ағашы егілді. Жасыл желекті күтіп-баптау, суаруды арнайы келісім негізінде жергілікті серіктес компания жүзеге асырып отыр, — дейді серіктестік директоры.
Серік Қаздаевтың айтуынша, алдағы уақытта саябақта спорттық жарыстарды тұрақты өткізу, балалар алаңын кеңейту және жаңа жаттығу аймақтарын салу жоспарланып отыр.
— Жуырда Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекетпен кездескенбіз. Осы кешенді жан-жақты дамытуға құны 1,5 миллиард теңге болатын бірнеше ірі жоба ұсындық. Оның ішінде теннис корттары мен демалыс аймақтарын қосу жобасы дайындалуда. Мұндай бастамалар Ақтөбе тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қаланың экологиялық және әлеуметтік дамуына да зор үлес қосады деген сенімдемін, — дейді Серік Жанатұлы.
Жаяу және велосипедпен жүруге арналған жолдар сырғанамайтын арнайы материалдан төселген. Мұнда жаз мезгілінде марафондар, эстафеталық жарыстар жиі ұйымдастырылады.
Парктың атқарушы директоры Серік Қаздаев өзі туып-өскен өңірінде орналасқан осы нысанды ерекше сүйіспеншілікпен басқарып келеді. Оның айтуынша, саябақтағы әрбір іс-шараның сапалы өтуі мұқият дайындық пен ұжымдық еңбекті талап етеді.
— Қай уақытта жарыс өтеді, жолды қай жерден жабу керек, қандай баннер орнатылады — бәрін алдын ала келісіп, қала әкімдігімен бірлесіп жоспарлаймыз. Әр істің артында нақты есеп пен жауапкершілік бар, — дейді ол.
Серік Жанатұлы саябақтың тазалығы мен техникалық жағдайына да ерекше мән береді.
— Жарық өшсе де, шөп өссе де, кей сәтте өзім жөндей беремін. «Ұлық болсаң — кішік бол» дегендей, мен үшін бастысы — халыққа ыңғайлы, таза, қауіпсіз орта қалыптастыру, — дейді ол күліп.
Қазір Триатлон саябағы тек спортшылардың ғана емес, бүкіл қала тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Мұнда күн сайын таңғы және кешкі уақытта жүгірушілер, велосипед тебушілер мен жай серуендеушілердің қарасы қалың. Таза ауада тынығып, спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін бұл кешен Ақтөбенің жаңа тынысын ашқан заманауи демалыс аймағы десек, артық айтқандық емес.
Мұнда биоәжетханалар, көлеңке болатын демалыс аймақтары мен ауызсуға арналған фильтрлі фонтан да қойылған.

Қала тұрғындары не дейді?
Саябақта серуендеуді әдетке айналдырған қала тұрғындары да аз емес.Соның бірі — 57 жастағы Жұлдыз Мырзабаева.
— Қазір жаяу жүру сәнге айналды десем де болады. Денсаулыққа өте пайдалы. Күннің көп бөлігін кеңседе, компьютер алдында өткізетіндіктен, осындай таза жерде серуендеу — үлкен демалыс. Саябақтың көркі жыл сайын жақсарып келеді. Биыл шырша егіпті. Енді осы маңда субұрқақ көбейсе, құстар ұшып келер еді, саябақта әдемі үйлесім орнар еді.
Өзім қаланың ескі бөлігінің тұрғынымын. Ол жақта да саябақтар, серуен орындары салынса екен. Мұндай демалыс аймақтары адамдардың көңіл күйін көтеріп, өмір сапасын жақсартады, — дейді ол.
Ал жүгіру спортының әуесқойлары үшін Триатлон саябағы — таптырмас жаттығу алаңы. Мұнда әр таң мен кеш сайын түрлі деңгейдегі спортшылар мен әуесқойлар дайындық жүргізеді. Соның бірі — «SN Running Aktobe» жүгіру командасының жаттықтырушысы Жарас Қалабаев.
— Мен қарапайым қала тұрғынымын, бірнеше жылдан бері жүгіремін. Жалпы, «SN Running» командасы 2023 жылы Алматыда құрылды. Ол кезде Ақтөбеде мұндай жүгіру спортына, марафондарға дайындайтын командалар болған жоқ. Бірден сол жақтағы командаға қосылып, бірге дайындала бастадым. Кейін туған қаламда осы бастаманы көтеріп, жергілікті деңгейде жалғастыруды ұйғардым. Қазір Ақтөбеде мен сияқты спортқа қызығушылығы бар 20-25 адам бірігіп, тұрақты жаттығып жүрміз. Команда құрамында 80-нен астам адам бар.
Біз көбіне жаттығуды Триатлон саябағында және «Мұнайшы» стадионында өткіземіз. Бұл саябақ жүгіруге өте ыңғайлы: жолы кең, ауасы таза, көлік қозғалысы кедергі келтірмейді. Жаз мезгілінде таңғы сағат 5-тен бастап жаттығу жасаймыз. Ал қыс кезінде ашық аспан астында дайындалу қиындау. Сондықтан алдағы уақытта қалада жабық манеж салынса деген үлкен үмітіміз бар. Бір марафонға дайындық кейде үш-төрт айға дейін созылады. Осындай спорт инфрақұрылымының дамуы — біз сияқты спортшылар үшін үлкен мүмкіндік, — дейді Ж.Қалабаев.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button