Қала күні тойланды

Ақтөбе қаласының 156-шы туған күні ерекше тойланды.«Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласының алаңындамерекелік гала-концерт ұйымдастырылды.Сахнаның екі жағындағы ледэкран арқылы концерт алаңға жиналған тұрғындардың барлығына еркін көрініп тұрды. Облыс әкімі Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет тұрғындармен бірге концертті тамашалады.
— Қала мерекесіне орайластырылған іс-шаралар 21 мамырдан бастап өткізілді.
Қала кітапханаларында, Мәдениет үйлері мен аула клубтарында сурет салу, көрме секілді түрлі мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Ақтөбе даусы — 2025», «Караоке» чемпионаты өтті. Шағын аудандар мен саябақтарда концерттер ұйымдастырылып, көшелерде «Туған күніңмен, Ақтөбе!» атты керуен жүріп өтті. Ал бүгінгі гала-концерт осы іс-шаралардың қорытындысы деп айтуға болады. Жергілікті өнерпаздар мен республикаға танымал әншілер өнер көрсетеді. Жалпы 300-ден аса өнерпаз бен арнайы шақырылған қонақтар тұрғындардың көңілін көтереді, — деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева.

Алаң кешкілік адамға лық толды. Жүргізушілердің құттықтау сөзінен кейін сахнаға Дәулет-Нұршат дуэті шығып, «Оңай ма?» әнін шырқады. Бұдан кейін жергілікті әншілер — Нұргүл Рамазанова, Жанерке Әбдірахманова, Нұршат Серік, Нұрладдин Сағынов, Сағадат Бөлебаев және Дулат-Рита Айтжановтар ән салды. Концертті жұртшылық екі сағаттан астам уақыт тапжылмай тамашалады.
— Алаңға отбасымызбен сағат сегізге таман келдік. Концерт өте керемет өтті. Жалпы, қаламыздың туған күнін жыл сайын асыға күтеміз. Әр жылда мерекелік іс-шаралар ерекше ұйымдастырылады. Бұл жолы да өте жоғары деңгейде өтті. Сүйікті қаламыздың туған күнімен барша ақтөбеліктерді құттықтаймын, — деді қала тұрғыны Айнара Мырзабаева.
Мерекелік концертке кішкентай сәбиімен келген Мереке Жұмабаева да өз әсерімен бөлісті.
— Ақтөбенің туған күніне орай гала-концерт өтетінін әлеуметтік желіден көріп қалдым. Сәбиім кішкентай болса да, қалғым келмеді. Жолдасым айтып, екеуміз алаңға тоғызға таман келдік. Біз келгенде адам тым көп екен, сахнаға жақын тұруға мүмкіндік болмады. Әрі баламен қыстырылып қалармын деп, шетте тұрдық. Бірақ үлкен экраннан барлығы анық көрініп тұрды. Дастан Оразбеков пен Айгүл Иманбаеваның әндерін сүйіп тыңдаймын. Сондықтан концертті соңына дейін қарадым, — деді жас келіншек.
Жергілікті әншілерден кейін Айгүл Иманбаева, Жандос Қаржаубай, Дастан Оразбеков, Диана Исмайлова, Фархат Қалиев (Калифарния) секілді республикаға танымал өнер иелері сахнаға шығып, әннен шашу шашты. Концерттің соңында отшашу болды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



