Этнофестиваль: ұлттық құндылықтар ұлықталды

Қала
Биыл Ақтөбе қаласының құрылғанына — 156 жыл. 28 мамыр қала күніне орай Астана саябағында«Әнім сенсің — Ақтөбем» аттыэтнофестиваль өтті. Мақсат — қазақ халқының ежелгі тарихын, төл мәдениетін жаңғырту, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді насихаттау. Іс-шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен шеберлер, зергерлер, суретшілер мен өнер адамдары, ұлттық аспап жасаушылар және қолөнершілер қатысты.Этнофестивальді қала әкімі Азамат Бекет тұрғындармен бірге аралап көрді.
Астана саябағының алаңы бірнеше бөлікке бөлінді. Мәселен, «Тоқымаparty» алаңында 156 әженің қатысуымен ұршық иіру, жүн түту, киіз басудан шеберлік сағаттары және жіптен тоқылған бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Оған «Дәстүрге жол» қоғамдық ұйымының, «Әжелер» ансамблінің мүшелері қатысты.
«Зергерлер» алаңында қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарының көрмесі және зергерлердің шеберлік сағаты өтті. «Геолог» мәдениет үйіндегі «Шолпы» қыздар клубының қатысушылары шаш өрудің түрлерін көрсетіп, оған 156 бұрымды қыз қатысты. Ең шашы ұзын қызға «Бұрымды қыз — 2025» кубогы табысталды.
Жаңақоныс тұрғын алабынан келген зейнеткер Жаңаөмір Жукина «Тоқымаparty»-ғаалғаш рет қатысып отырғанын айтты. Іс-шара өтетінін естіген әже қатарластарымен бірге келіпті.
— Фестивальге Жаңақоныстан үш әже болып келдік. Жастарға жүн иіру, тоқыма тоқу секілді ұлттық қолөнердің түрлерін көрсетіп жатырмыз. Қазір жасым жетпіске жақындаса да әлі күнге дейін жүн иіремін. Биыл түйе жүнінің келісін 2 мың теңгеден сатып алдым. Балаларыма, немерелерімекеудеше, қолғап тоқимын, — деді Жаңаөмір Жукина.
«Ұлттық аспаптар» алаңында қазақтың кең танылмаған ұлттық музыкалық аспаптары насихатталды. Сондай-ақ қолөнер шеберлері өздеріне бөлінген алаңда қыштан құмыра жасаудан шеберлік сағатын өткізді. «Ақтөбе қаласының 156 көрнекті жері» атты сурет байқауына қатысқан суретшілер қаламыздың көрікті орындарын, табиғатын қыл қаламмен бейнелеп, қала күніне ерекше сый жасады. Жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.
«Ұлттық ойындар» алаңында асық, ләңгі, тоғызқұмалақ, арқан тартыс ойындары өтті. «Балалар шығармашылығы» алаңында қазақ ертегілерінің кейіпкерлері кішкентай балалармен бірге ойындар ойнады. «Алтыбақан» ойын-сауық алаңында ұлттық ойындар көрсетілді. Сондай-ақ викториналық сұрақтар арқылы танымдық шаралар ұйымдастырылды.
Ал «Ақтөбе — тарының астанасы» гастрофестивал өңірдің гастрономиялық брендін нығайтып, мыңдаған қонақты жинады. Оның ішінде туристер, қала тұрғындары мен аудандардан келген қатысушылар гастрономиялық инновациялар тоғысқан ерекше атмосферада бас қосты. Қазақтың тарысы мәдени мұраның бір бөлігі және жергілікті бренд ретінде насихатталды.
Ақтөбе облысында әлі күнге өсірілетін бұл дәстүрлі дақыл Қазақстанның батыс бөлігінің тарихы мен асханасында ерекше орын алады. Фестиваль қонақтары дәстүрлі рецептерден бастап, фьюжн стиліндегі авторлық интерпретацияларға дейін тарыдан жасалған 50-ден астам тағамның дәмін татып көрді. Сонымен қатар шеберлік сағаттары, қолөнер жәрмеңкесі мен дәм тату аймақтары фестивальдің гастрономиялық мазмұнын толықтырып қана қоймай, жергілікті фермерлер мен қолөнершілерге өз өнімдерін ұсынуға мүмкіндік берді.
Қонақтардың ерекше назары тарының жоғары өнімділігі бойынша әлемдік рекорд орнатқан көрнекті агроном Шығанақ Берсиевтің туған өлкесі — Ойыл ауданынан келгендерге ауды. Келушілер аудандық мұражайдан әкелінген бірегей экспонаттарды тамашалап, тары өсіру тарихы, оның рухани және мәдени мәнімен танысты. Тарыны өңдеудің дәстүрлі әдістері көрсетіліп, театрландырылған қойылымдар қойылды. Ойылдан келген әжелер тарыдан жасалған 14 түрлі тағамды көпшілікке ұсынды.
— Кейінгі жастар тарыны қалай дайындауды біле бермейтін болар. Ал үлкендер ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін тарыны әжелеріміз үйреткен әдіспен дайындаймыз. Бүгінгі іс-шарада тарыны кебегінен айырып, оны қайнату, ақтау, қаралау әдістері және қуырып, түю бәрі көрсетіліп жатыр.
Тарыдан неше түрлі дәм дайындауға болады. Бүгін біз тарыдан жасалған 14 түрлі тағамды әкелдік. Соның бірі — тарыдан жасалған десерт.Бұл үшін дайын тарыны сүтке 5 минут қайнатып алып, оған қаймақ, балқаймақ қосамыз. Әбден араластырып, тәрелкеге салған соң үстіне үккіштен өткізіп шоколад себеміз. Дәмі тәтті десертті шаймен ішуге болады, — дейді «Замандас» аналар клубының төрайымы, зейнеткер Айсұлу Мәмбетова.
Ал Ойылдан келген мәдениет саласының ардагері, зейнеткер Балқия Ырысбаева тарының бойға қуат, күш беретінін айтты.
— Тары — киелі ас. Біз бергі жағын ғана білеміз, негізгі тарихы алтыншы ғасырдан басталады. Сол дәуірден бастап тағам ретінде қолданылған. Бұл — тойымды тағам. Қазақ «кеспе көже — күн батқанша, бидай көже — ел жатқанша, тары көже — таң атқанша» деген. Тарының бойында бүкіл дәрумен бар. Бұны жеген адамның иммунитеті күшті болады, — деді Балқия Ырысбаева.
Сондай-ақ гастрофестивальге қаладағы жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін әкелді. Мәселен, «Матбаева» жеке кәсіпкерлігі әкелген тары өнімдерін жұртшылық таласып алды.
— Жылына 150 тоннадай жент дайындаймыз. Негізгі шикізатты Сарыжар ауылындағы кәсіпкерлерден аламыз. Бұрынғыдай емес, халық ұлттық тағамның құндылығын түсінді. Сұраныс өте жоғары. Мәселен, бір ғана жентті 15 түрлі қылып жасаймыз. Алушылар қалағанына тапсырыс береді, — дейді кәсіпкер Кәмила Матбаева.
Фестиваль аймақтың мәдени және гастрономиялық мұрасын кеңінен танытатын маңызды алаңға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы жылдары дәстүрлі шара ретінде жалғасын тауып, географиясын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден қонақтарды тартуға бағытталмақ.
Фестиваль аясында сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Онда тары өсіру дәстүрін қайта жандандыру, оның пайдалы қасиеттерін насихаттау және тарыны өңірлік бренд ретінде дамыту мәселелері талқыланды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



