АуылРухани жаңғыру

Миялы, Оймауыт, Дияр — өзгеше бағыт

Аудан  

Жер шеті…

Ақтөбеден шыққан жолаушы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіге шаршап-шалдығып жетеді. Себебі шалғай, оның үстіне жол нашар. Өткен заманда төселген күре жолдың облыс орталығынан Қандыағаш қаласына, одан әрі Кеңқияққа бұрылар тұсқа дейінгі бөлігін мұнай өндірісінің  ауыр көліктері буынтық-буынтық етіп тастаған. Одан кейін де қазан шұқыр көбейіп жолдың жағдайы ауырлай береді. Осы заманғы жайлы көліктер саналатын джиптердің өзі мынадай жолда дүрсітіп соғады да отырады. Міне, осылай жол азабын тартып, аудан орталығына аяғы тигенде, көп адамдар бұдан әрі ел жоқтай көреді. Алайда, одан әрі де бұл өңірде талай шалғай ауылдар, бұдан да азапты жолдар бар. Соның ең ауыры — Қарауылкелдіден Алтай батыр ауылының үстімен оңтүстікке қарай Миялы, Оймауыт, Дияр ауылдарына бастайтын бағыт.

Елу жылға созылған журналистік қызметімде маған осы бағытпен үш рет жүрудің орайы келді. 1987 жылы, жаздың іші болғанмен, жетіқараңғы түнде сол кездегі «Оймауыт» кеңшарының директоры Естөре Құлшынбаевтың көлігімен нешеме сағат жүріп барған едім. Ол кезде аудан орталығынан бұл кеңшар 300 шақырым деп есептелетін. Өйткені қазіргі көтерме жол жоқ, Жем өзенінің үстіне көпір түспеген, өткел қуып көлік біраз жер айналып, жол ұзартып жүреді. Сөйтіп барған ауылды алғаш көргенде, қайран қалғанмын. Мидай дала, айналасында дым жоқ, тақыр, шөп өспейді. Шөп өсетін реті де жоқ, су жоқ. Бұл маңайдағы бар тіршілік  600 метр тереңдіктен қазып шығарған артезиан құдықтың суына қарайды екен. Бірақ сондай жерде 300-400 түтіні бар ел тұтасып отырды. Шаруашылық сол тұста 50-60 мың қой, 2-3 мың жылқы, 400-500-дей түйе ұстады.

Осыншама малға қажетті  қыстық шөпті, айналада шабындық жер болмағандықтан, 200 шақырым ба, тіпті одан да қашық па, Доңызтаудан дайындайды. Бұған дейін бұл ел жері де құнарлы, шабындығы да, кең матау жайлымдығы да мол, жер ұйығы атанған сол өлкені  жайлап келіпті. Сондай жерде сүттей ұйып отырған ауылды кеңес өкіметі 1959 жылы Ембіге әскери полигонның орналасуына байланысты  ол жерден осылай қарай көшірген. Енді мал азығын сол ит арқасы қияннан дайындап, осы жаққа орналасқан мал баздарына тасып беріп күн көріп отырған жайы бар екен. Оның өзін әскери полигонның басшыларының ба, үкіметтің бе, келісімімен жүргізеді. Әйтпесе ол жаққа бейсауыт адамның аяғын басқызбайды. Сондықтан жер шеті осы Оймауыт, Диярмен  аяқталады, одан арғы жер Доңызтау, Үстірт деп, жол бастаушыларым мені әрі қарай апармады.

Екінші рет бұл өлкеге 2006 жылы шілде айында жолым түсіп еді. Аспан айналып жерге түскендей ыстықта, Сағыз өзенін жағалап, Жемге шығып, көлігіміз төзімді «УАЗ» болғанының арқасында, жайсыз көтерме жолдан қашып, көбіне даланың айдау қара жолына түсіп, әзер жетіп едік.

Бұл кезде бұрынғы мен көрген Оймауыт, Дияр ауылдары кешегі қиын кезде көш-қонға түсіп, шағындалып қалған. Дегенмен, біраз жылдар бойы жоғары кернеулі электр желісінің өзінен ажырап, қараңғы жерде қалған ауылдарға жарық барып, елдің үміті оянып, еңсесі көтеріліп жатыр екен. Жақсы тіршілік, байлық малмен байланысты екенін білген ауыл азаматтары үйірлеп жылқы, келелеп түйе, қоралап қой, сиыр ұстаудың қызығына түсіп, алаңсыз еңбекке кірісіпті. Осы жағы бізді қызықтырып, қытымыр өлкеде бақытын еңбектен тапқан талай жайсаң жандар туралы қалам тербеп едік.

Ақсақалдармен бірге

«Ат баспаймын деген жерін үш басады, ер көрмеймін деген жерін үш көреді» деп, бір кезде шаршап-шалдығып қайтқан сол алыс өлкеге тағы келе жатырмыз. Бұл жолы алды тоқсан жасты қаусырған, соңы сексенді артқа тастаған Сапар Сағынтаев, Ниетжан Берік, Мұхамбет Молдағазин, Бақберген Қарақов, Іжіл Шарохин сынды ардагер ағаларымызға еріп жолға шықтық. Ұзақ жыл басшылық қызметте жасаған, оның ішінде екі  ауданда бірінші басшы, облыстық атқару комитетінде төрағалық қызмет атқарған, еліміз тәуелсіздік алған кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкең — Сапар Сағынтаев «Ел тағдыры еңбекпен еншілес» атты мемуарлық кітабын оқырман қауымға таныстырып, байғаниндік жұртшылықпен кездесуді көздеп келеді. Жанындағы әріптес серіктері бір кезде осы өңірде туып-өсіп, еңбек жолдарын бастап, жұмыс бабымен облыс орталығына жоғарылап, лауазымды қызметтерде болған ақсақалдар. Топтың бастаушысы, облыстық кәсіподақтары орталығының төрағасы Түрікпенбай Айжарықов та байғаниндік, ұзақ жылдар осы ауданды басқарған азамат.

Ақсақал жасына жеткен, беделдері жоғары, ауыздары дуалы зиялы қарттармен кездесу бұған дейін аудан орталығында өткен-ді. Аудан әкімі Асқар Шериязданов қарсы алып, аудандық орталық кітапханада өткен алқа-қотан отырыста Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған әңгіме ардагер ағалардың, байғаниндік зиялы қауымның қолдауымен жиналған жұртшылықты жақсы әсерге бөлеген.

Жергілікті басшылық тарапынан қонақжайлық танытылып, сый-сияпат көрсетіліп, аудан орталығының көрнекі орындарын аралатқан соң, ауылдарға шығу мәселесі қозғалғанда, қонақтардың қалауы сұралды. Сонда олардың тілегі осы бағыт болды. Себебі, Сапар Сағынтаев облыс басшысы болған тұста, яғни осыдан 30 жылға жуық бұрын Жем өзенінің үстіне салынған көпірді көріп, сол маңдағы ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысқысы келді.

Бұлай жол қиыншылығын көтеруге тағы бір себеп — ардагер ағаға көлденең біреу: «Сіздің басшылығыңызбен салынған көпір құлап, қазір халықтың кәдесіне аспай тұр» деп хабарлаған. Сондықтан көпірді көзбен көріп, шындыққа көз жеткізгісі келуі жөн де сияқты.

Жолдың жайсыздығы Қарауылкелдіден шыға байқалды. Тас-талқаны шыққан тасжолмен екі джип, бір жеңіл көлік Алтай батыр ауылының тұсынан өте бергенде, тік тұрып дәм-тұзын — бауырсағын, шұбатын ұсынып, қонақжай топ күтіп алды. Бұл «Марқабай» шаруа қожалығының басшысы Қошқарбай Жартыбаев және осы әулеттің бала-шағасы екен. Алдында, кітапханада өткен кездесу кезінде, Сапар Сағынтаев қой шаруашылығында аты шыққан Марқабай Жартыбаевпен сыйлас болғанын айтып, арнайы арнап алып шыққан шапанын марқұмның қызына табыстаған-ды.  Кезінде еңбектің дүлділі болған ағайынды Жартыбаевтарды бұл өңірде білмейтіндер кемде-кем. Біраздан зейнеткерлік жаста болса да, Қошқарбай ақсақал ағасының атына құрылған шаруа қожалығына ақылшы-кеңесші болып келеді. Өткен уақыттағы еңбегінің куәсіндей омырауында бірнеше ордендері мен медальдары жарқырайды.

Тобылғы гүлдеген кез

Жол нашар болғанмен, табиғат әсем, дүние көкке оранып, тасжол жиегінде өскен тобылғы, торынға дейін гүлдеп тұр. Мезгілдің тез өтпелілігін білдіргендей, түйежапырақ қана қурап ұшып жатыр. Ерте көктемде өзге шөптен бұрын қаулап көтерілетін осы түйе жапырақты ауыл адамдары, қыстан арып өріске шыққан малдың, соның ішінде түйенің тез қоңдануына жәрдемдесетін кенеулі азық деседі.

Біз Жемнің үстіндегі көпірге күннің ұзақтығының арқасында ғана қараңғы түспей жеттік. Көпірді көріп, ақсақалдардың көңілі орнына түсті, дін аман. Көктемде арғы басындағы көтерме жолды ғана су шайыпты, оны да жергілікті тұрғындар өз күштерімен қалпына келтіріп алған.

Бұл көпірдің салынуының өз тарихы бар. Айнала берекесіздік жайлаған кеңес өкіметінің соңғы сәтінде жергілікті жердің тілегі, облыстық басшылықтың тегеурінді қолдауының арқасында тұрғызылып қалған. Елдің құрылыс министрлерін шақыру арқылы әлденеше рет  көпір тоқтап қалу, мүлде салынбай қалу  қауіптерінен құтқарылып, істің аяғы сәтті біткен. Тек бұл емес, сол жылдары бұл жолдың бойына тағы екі көпір салынған. Оның  Ащылысай, Саралжынсай аталатын көпірлері шағын 18 метрден. Ал Жем үстіндегі ең үлкен мына көпірдің ұзындығы 175 метрге тең.

Осы жерден Оймауыт 25 шақырым жер. Ал Миялы ауылы іргеде тұр. Ілгерідегі Оймауытқа, одан арғы Диярға, Доңызтау, Үстіртке қарай шығу үшін тек осы жол, көпір арқылы жүру керек. Әрине, қазір жүріс көп емес. Бірақ алда бұл бағыттың жанданатынына, маңызының артатынына шек келтіруге болмайды. Өткен жылы пайдалануға берілген Бейнеу-Жезқазған теміржолы, оның Тассай станциясы осы жерден 200 шақырымға жетпейтін жерде. Демек, осы күнге дейін игерілмей тың жатқан Доңызтау, Үстірт үсті байлығының енді қолға алынатыны, ол жақтарға ел баратыны даусыз.

Сол кезде жермен қозғалыс осы бағыт арқылы жүреді деп күтілуде. Ілгері заманда Қоңыраттан бері қарайғы «Мақта жолы» аталған керуен сапарының осы бағытпен Көкжар жәрмеңкесіне құлауы тегін емес.

Бұл мәселені іргедегі Миялы ауылына түнеп, келесі күні ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, мәдениет үйінде бас қосқанда ақсақалдар да айтыңқырады. Сондағы әңгіменің түйіні — жолды жақсарту бағытындағы жұмыстарды қолға алу керек. Оның бір мүмкіндігі — тура осы жылдың іргесіндегі 4 миллион тонна қоры бар Дөңгелексордың «кир» аталатын материалын пайдалану. Бұл — мұнайдың жердің беткі қабатына шығуы арқылы түзілген жол құрылысына аса тиімді, арзан жергілікті материал. Тоқсаныншы жылдары осы материалды пайдаланып, Ойыл, Байғанин аудандары жолдарды, көшелерді асфальттады. Неге екенін, кейін ұмытылды. Әрине, мұны жүзеге асыру үшін жоғары жақтың азды-көпті қаржылай қолдау-көмегі қажет.

Шұбаты көп ауыл

Жем өзенінің іргесінде тұрған Миялы ауылы жинақы, сәнді көрінеді. Осында бізбен бірге келген Мұхамбет Молдағазин тыңнан «Дияр» кеңшары ашылғанда басшы болып, осы ауылды өз қолынан құрған және арада жиырма жыл өткенде шарасыздан таратқан. Бір сүйсінерлігі, ауылдың сол кездегі екі қабатты мектебін, жаңа үлгімен салынған балабақшасын, дәрігерлік бөлімшесін, өзге де әлеуметтік-өндірістік ғимараттарын бұзбай, талан-таражға түсірмей сақтап қалған. Берік құрылыстар әлі де халыққа мінсіз қызмет етуде.Тек бұл емес, осындай үрдіс ауданның өзге ауылдық округтерінде де жалғасып келгенін білдік.

Мұның мәнісін осы ауданды 11 жыл басқарған Түрікпенбай Айжарықов елді мекендердің іргесінің кезінде берік қалануымен байланыстырады. Оған облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда Сапар Сағынтаевтың көп көмегі болғанын айтып, оған нақты мысалдар келтіреді.

— Біздің, ауданның халқы тарапынан қойылған мәселелердің бәрін шешті. Тек осы өңірдегі Оймауыт пен Диярға не істеді дегенге нақты мысал. Олардың жоғары кернеулі электр қуаты, мектебі, дүкені, өзге де әлеуметтік нысандары жоқ бөлімшелеріне, соның бәрін апарды. Жол, көпір мәселесін шешті. Жерасты суы көтеріліп, ауданның бірнеше елді мекендері су астында қалып, үйлер құлағанда, оларды тыңнан жаңа мекендер салып көшірді. Мұндай елге жаны ашитын басшыны көргенім жоқ, — деді кездесуде Түрікпенбай ардагер аға туралы.

Миялы ауылдық округінің әкімі Исатай  Мәмтаев — басшылықты енді қолға алып жатқан жас жігіт. Жас болғанмен, әңгімесі түзу, істі білетіні көрініп тұр. Көкейіңдегіні сезіп, көп деректің бізге керегін айтатындай:

— Бүкіл округте 740 адам тұрады, оның 443-і осы Миялыда, 397-і — Диярда. 142 отбасы, 149 тұрғын үй бар. Округтің аумағы 752 мың гектардан астам жерді алып жатыр. Негізгі шаруа малмен байланысты, өсім бар, жақсы субсидия да алады. Қазір түйе 1010, қой 10160, жылқы 2 200, сиыр 3 300 басқа жетті. Округтегі 18 шаруа қожалығы 13-15 миллион теңге аралығында субсидия алып отыр. Тұрғындар бау-бақша егумен де айналысады. Көкөніс пен картопты, қарбыз-қауынды бұрын артезиан құдықтары маңына егетін. Биыл Жем өзенінің жағасына егіп жатыр. Екі шаруа қожалығы 3 гектар жерге картоп салды, — деп баяндады ауыл әкімі.

Округ басшысының әңгімесінен бұл өңірдің түйе түлігін көбірек өсіретінін білдік. Әр үй түйе ұстайды десек, артық болар ма екен? Әйтеуір қай үйге барсаң да, қонаққа төре кесе шұбат ұсынады. Әкім баланың әкесі он бала тәрбиелеп өсірген шаруа адам екен. Соның өзі 7 түйе сауып отыр, қолындағы 14 інген  жыл сайын кезек туады екен. Бұл округтегі түйелі бай атағы «Асылзат» шаруа қожалғына тиесілі. Белгілі кәсіпкер Төремұрат Әліпов басқаратын бұл қожалық 70-тей түйе сауып, шұбат өндіруді жақсы жолға қойған.

Ауылда әлеуметтік мәселелер шешілген. Төлеген Айбергенов атында екі қабатты сәнді орта  мектеп бар. Балабақша ғимараты да үлкен. Тұрғындар арасында балабақшаға кезек жоқ. Байланыс, теледидар көру — бәрі жақсы. Жалғыз-ақ көптің талабы — жол, сосын қалта телефоны байланысын орнатуға тіреледі. Бұл жерде халықтың санының аздығына байланысты мұндай байланыстың әзір бірде-бір түрі орнатылмаған.

Жол мәселесі тек біз әңгімелеп отырған ауылдарда ғана емес, аудан көлемінде күрделі  жағдайда қалып отыр. Алайда, таяу жылдарда оның шешіле бастайтыны анық. Республикалық бюджет арқылы құрылысы басталып жатқан Астрахан-Ақтөбе жолы осы ауданның үстімен өтеді. Ал соған қосылатын мынау Алтай-Миялы-Оймауыт–Дияр көтерме тасжолына жөндеу жұмыстары керек. Әзірге бүлінген жерлеріне жамау, ойдым-ойдым шұқырларына тегістеу жұмыстарын жүргізсе де,  бұл бағытпен жүретін халыққа үлкен көмек болар еді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Ақтөбе-Байғанин-Ақтөбе.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button