Мәдениет

Батыр атындағы көшелер

Малкеждар  Бөкенбаев

Ақтөбе жерінен майданға аттанған батырларымыздың бірі — Малкеждар Бөкенбаев. Ол 1924 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауданына қарасты Соцжол ауылында дүниеге келген. Орталау мектепті бітірген соң, аудандық газетте қызмет істейді,  кейін аудандық халықтық сотта сот орындаушысы болады.

1942 жылдың шілде айында майданға шақырылып, 1943 жылы кіші лейтенанттық курсты бітіріп, офицер атанады.

Полтава қаласы маңында бес «тілді» қолға түсіргені үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Майдан даласында төрт рет жарақат алады. Малкеждар 1-ші Белорусь майданында 1081-ші атқыштар полкінің 312-ші атқыштар дивизиясыда взвод басқарады.

Малкеждар басқарған взвод Белоруссияны азат етуге байланысты ұйымдастырылған әйгілі «Багратион» операциясына қатысады. Бұл операцияның нәтижесінде Белоруссия түгелдей жаудан азат етіліп, Латвия мен Литваның жартысындағы және  Польшаның шығыс бөлігіндегі жау әскерлерінің беті қайтады. Шайқас кезінде фашистің 400 мың әскері өліп, 200 мың адам тұтқынға алынады. Белоруссияны жаудан азат ету мақсатында біздің әскерлер табандаған 68 күн жаумен кескілесіп, шайқасады. Осы майданда 900 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алады. Солардың бірі жерлесіміз — Малкеждар Бөкенбаев.

Лейтенант Бөкенбаевқа жаумен  шайқаста ержүректілік пен табандылық танытқаны үшін, 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

1945 жылы  запастағы лейтенант елге оралады. 1947 жылы партия қатарына өтеді, 1949 жылы партиялық мектепті бітіріп, саяси жұмыстарға араласады. Соғыстан кейінгі жылдары елдің дамуына үлес қосқан батыр, 2002 жылы туған жерінде көз жұмады.

Қаламыздың Заречный -1 ауданындағы жаңа көшеге 1995 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының №61 шешімімен батырдың аты берілді.

Александр  Матросов

Александр Матросов 1924 жылы Украинаның Екатеринослав қаласында дүниеге келген. Ата-анасынан 5 жасында айырылған ол, балалар үйінде тәрбиеленеді. 1939 жылы Куйбышев қаласындағы вагон жөндейтін зауытқа жұмысқа жіберіледі. Ол жаққа көп тұрақтамай, қашып кетеді. Осы әрекеті үшін 1940 жылы Саратов қаласының Фрунзе аудандық халықтық сотының шешімімен паспорттық режимді бұзды деген айып тағылып, екі жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын Уфа қаласындағы балалардың еңбек  түзету колониясында өтейді. Соғыс басталғаннан кейін, майданға жіберуін өтініп, бірнеше рет жоғарғы жаққа хат жазады.

1942 жылы қызыл әскер қатарына алынып, Краснохолмск жаяу әскер училищесіне оқуға  жіберіледі. Көп ұзамай, Калинин майданына қосылады.

Сталин атындағы 91-ші Сібір еріктілері бригадасының 2-ші батальоны қатарында атқыш-автоматшы болады. Бұл бригада біраз уақыт бойы соғыс даласына жіберілмейді. Кейін  Псков қаласының маңындағы майданға араласады.

1943 жылы 2-ші батальон  Локнянск ауданына қарасты Плетень ауылының маңындағы немістердің бөлімшесіне шабуыл жасауға тапсырма алады.

Біздің жауынгерлер орман алаңқайына шыққан бойда күтпеген жерден пулемет оғының  астында қалады. Жаудың үш пулеметі әскерлерді немістер орналасқан ауылға жақындатпайды.  Автоматшылар мен танкіжарушы топ екі пулеметтің көзін жояды. Қалған біреуі оқты боратуын  тоқтатпайды. Осы кезде Александр Матросов оқ жаудырып жатқан жаққа  еңбектеп барып, пулеметке екі бірдей гранта лақтырады. Пулеметтің  дауысы өшеді. Сол сәтте біздің әскерлер жауға қарсы тұра ұмтылады. Осыны күткендей жау пулеметі қайтадан сартылдай жөнеледі. Сол кезде жауға жақын жатқан  Александр пулеметтің үстіне секіріп, кеудесімен үнін өшіреді.

Әскери  тапсырманы орындау барысында жанын құрбан еткен Александрдың мәйітін Чернушка ауылының маңына көмеді. 1948 жылы Матросовтың денесін Псков облысының Великие Луки  қаласына қайта жерлейді.

Батыр қаза болған кезде сол маңайда жүрген журналистер Матросовтың ерлігі жайындағы әңгімені барлық елге таратады. Оның қайтқан күні — 23 ақпан — Қызыл армияның құрылған күнімен сәйкестендіріледі.

Жалпы, кеудесін оққа тосып, Отан үшін жанын құрбан етіп, ерлік көрсеткен жауынгер 300-ден асады. Солардың ішінде Матросовтың ерлігі ерекше насихатталып, ұрпаққа жаужүректіліктің, қаһармандық пен отансүйгіштіктің символы іспеттес үлгі болып қалды.

1943 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының өкімімен әскери тапсырманы орындау барысында ержүректілік танытқаны үшін, Александр Матросовқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

1943 жылдың 3 қыркүйегінде КСРО Халық Қорғаныс Комисарының  бұйрығымен 254-ші гвардиялық атқыштар полкіне Александр Матросовтың аты беріледі.

Уфа қаласында батырға арналып үлкен монумент орнатылып, оның төменгі жағында мәңгі алау жағылады. Батырдың ескерткіштері одан өзге де біраз қалаларда орналасқан. Көптеген театрлар мен мұражайлар, көшелер мен мектептер, ауылдар мен кемелерге де батырдың есімі берілген.

Біздің қаламыздағы бір көше де осы батырдың атымен аталады. Қаланың ескі бөлігіндегі бұрын Кладбищенский аталған көше халық  депутаттарының Ақтөбе қалалық  кеңесі атқару комитетінің1952 жылғы №12 шешімімен Матросов болып өзгертілді.

Николай Ватутин

Николай Ватутин 1-ші Украина майданының әскербасшысы, армия генералы. 1901 жылы Белгород облысының Валуйск ауданына қарасты Чепухино ауылында дүниеге келген. Кейін бұл ауыл Ватутин деп өзгертілді.

1920 жылдан бастап, қызыл әскер қатарында қызмет етеді. Азамат соғысына қатысады. 1922 жылы Полтава жаяу әскері мектебін бітіреді, 1924 жылы Киев қаласындағы жоғарғы әскери мектепті, 1929 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, 1937 жылы Бас штаб академиясында білім алады.

Осы жылдар аралығында әскери  шені де өсіп отырады. Бөлім командирлігінен бастап,  Бас Штаб бастығына дейін көтеріледі.

Ұлы Отан соғысы кезінде Солтүстік-Батыс майданының  штаб бастығы қызметін атқарады. Жоғарғы қызметтерде жүргенде ол ерекше  басқару қабілеті мен мол тәжірибесінің  арқасында  Қарулы Күштер саласына айтарлықтай үлес қосады.

Әсіресе, ол 1942-1944 жылдар аралығында Воронеж, Оңтүстік-Батыс және 1-ші Украина майдандарын ерекше біліктілікпен басқарады.

Кеңес Одағының Маршалы А.Василевский генерал Ватутин туралы былай деп жазады: «Генерал Ватутин өзіне тапсырылған өте күрделі операцияларды іске асыруда және жауынгерлерді дайындау ісінде  жақсы нәтиже көрсетті.  Ол күш-жігерді басты мақсатқа  жұмылдыра білді. Жау тылына нақты соққы беріп отырды.

Ол өз еңбегінің арқасында халықтың ықыласына ие болды. Генерал Ватутинның Сталинград, Курск, Киев, Украина майдандарында біздің әскерлердің  жеңіске жетуінде  еңбегі зор. Оның аты Отанды сүйетін коммунист ретінде мәңгі сақталады».

1944 жылдың 29 ақпанында 1-ші Украина майданының басшысы, армия генералы Ватутин, генерал-майор К.Крайнюков екеуі қорғаушыларымен бірге, барлығы сегіз адам Славута ауданының маңында орналасқан штабқа келе жатқан жолда бір топты кездестіреді. Шамамен, 250-300 адамнан тұратын топтың арасында атылып жатқан мылтықтың да дауысы естіледі.

Ватутин көлікті тоқтатып, қасындағы жауынгерлерге болып жатқан жайды анықтап келуді бұйырады. Сол уақытта үйлердің терезесінен машиналарға оқ атылады.

Генерал  аяғынан жараланады. Жақын ауылға жеткенше біраз уақыт өтеді. Көп қан жоғалтқан Ватутинді  Ровно қаласындағы госпитальға жеткізеді. Ол жерден Киевке аттандырады. Ең жақсы дәрігерлер жанталасып күрескенімен, генералдың өмірін аман сақтап қала алмайды.

1944 жылы 15 сәуірде Николай Ватутин көз жұмады. Сол кездегі «Правда» газетінде КСРО Халық Комиссариаты былай деп жазады: «Мемлекет өте талантты әрі жас әскери басшыдан айырылды».

Оның мүрдесін 17 сәуірде Киев қаласына жерлейді.  1948 жылы генералдың бейітінің жанынан  ескерткіш орнатылады.

1965 жылы 6 мамырда Н. Ватутинге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының өкімімен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ол  екі мәрте Ленин орденімен, «Қызыл Ту», 1-ші дәрежелі Суворов, 1-ші дәрежелі Кутузов ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Белгород облысына қарасты Ватутин  ауылында батыр атындағы мұражай жұмыс істейді. Черкасск облысындағы бір қалаға да батырдың аты берілген. Мәскеу қаласындағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. Көптеген қалалардағы көшелерге Ватутин есімі берілген.

Николай Ватутин атындағы көше біздің қаламызда да бар. 1953 жылы қаланың Отарвановка ауданындағы бұрын Пролетарская деп аталған көше халық депутаттары  Ақтөбе қалалық кеңесі атқару комитетінің №309-24 шешімімен Ватутин атындағы көше болып өзгертілді.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button