«Ақтөбе — құтты мекен»

Қайрат пен бейнет

Тұрар Рысқұлов, Ұзақбай Құлымбетов бастаған қайраткерлеріміз Қазақстанның бар аймағында үлкен кәсіпорындар ашуды, өнеркәсіпті, жол қатынасын дамытуды жоспарлады. Алайда олар 1937-нің сүргініне ұшырады. Жұрт бұл сүргіннен ес жиып үлгермей, соғыс басталды. Ал соғыс біткеннен кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдарында Сталин жетекшілік еткен КСРО басшылығы біздің республикаға қатысты түпкі ниетін ашық жария етті: «Қазақстанды шығыстағы социалистік мал шаруашылығының негізгі базасына айналдырайық!» — деген ұран көтерді. Бұл тұста қазақ мемлекеттік наградамен марапатталу, Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайлану не басқалай құрметке бөлену үшін, ең алдымен, малшы болуы тиіс еді. 1946 жылғы сайлауда — КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 1947 жылғы сайлауда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанған ақтөбеліктер, негізінен, мал шаруашылығы саласының үздіктері болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен 1948 жылы облысымызда — 50, ал 1949 жылы 17 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Олар да түгелдей мал шаруашылығы саласының үздіктері еді.

Әрине, олардың ерен еңбектерін, жеткен жетістіктерін қазіргі ұрпақ та тарихымыздың қымбат беттеріне балайды, сөзсіз мақтан тұтады. Соғыс жылдарының ауыртпалықтарынан жүдеп-жадаған жұрт солардың қайраты мен бейнеті арқасында еңсе тіктеді.

Ал қазақты тек бір ғана салада «алға оздыруды» көздеген саясаттың түпкі сұрқия мақсаттары мен зардаптары өз алдына бөлек әңгіме екені түсінікті…

Екі жылда — 67 Еңбек Ері

…сонымен, соғыстан кейінгі жылдарда, Қазақстанның басқа аймақтары секілді, Ақтөбеде де мал шаруашылығын дамыту ең басты мәселе болды. 1946 жылы мал шаруашылығын өркендету жоспарының асыра орындалуына орай, Ақтөбе облысына КСРО Министрлер Кеңесінің ауыспалы Қызыл туы берілген. Ол кез үшін бұл үлкен абырой еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1948 жылы облысымызда — 50, ал 1949 жылы 17 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонымен қатар, 1949 жылы бұрын Социалистік Еңбек Ері атанған малшылардың қатарынан 12 адам Ленин орденімен марапатталды. Сол тұстағы ең жоғары құрметті атаққа ие болғандар қатарында Ырғыз ауданы «Басқұдық» колхозының аға шопаны Құтмәмбет Ақбанов болды. Ол 1948 жылы әр 100 саулық қойдан 123 қозыдан алған және енесінен айырғанда, әр қозының салмағы, орта есеппен, 41 килограмға жеткен. Темір ауданы «Кеңесту» колхозының аға шопаны Керей Артықбаев 100 саулықтан 120 қозы алған. Ал Байғанин ауданы «Ноғайты» колхозының аға шопаны Ораз Түркиннің көрсеткіші әлдеқайда жоғары: ол әр 100 саулыққа шаққанда, 148 қозы өсірген, енесінен айырған кезде қозылардың әрбірінің салмағы, орта есеппен, 41,4 килограмм болған…

Малшылардың дамылсыз еңбегі арқасында облыстың осы сала бойынша көрсеткіштері де тез көтеріліп, дала төсі малға тола бастады. Сол кездегі ресми деректер бойынша, облыста 1948 жылы мал саны, 1947 жылмен салыстырғанда, 50 пайызға өскен. Оның ішінде, мүйізді ірі қара 29,6 пайызға, қой-ешкі 58,8 пайызға, жылқы саны 48,5 пайызға көбейген.

1946 жылы облыста әр 100 аналық малға шаққанда, орта есеппен, 77 бұзау; 99 қозы-лақ және 77 құлын алынған болса, 1948 жылы бұл көрсеткіштер әлдеқайда өсіп, тиісінше, 88 бұзау, 101 қозы-лақ және 95 құлын болды. 1946 жылы облыс колхоздары қысқы маусымға 155 мың бас малмен кірсе, 1948-1949 жылғы мал қыстату науқанында бұл көрсеткіш 258 мыңға жеткен. Облыста 318 колхоз — сиыр; 176 колхоз — қой-ешкі; 124 колхоз жылқы саны жөнінен бесжылдыққа міндеттелген жоспарды мерзімінен бұрын орындап шықты. Ал 41 колхоз бен 1 совхоз барлық төрт түлік бойынша бесжылдықтың жоспарын мерзімінен бұрын орындапты.

Бесінші күн…

Еткен еңбек еш кетпеді дегенмен, мал бағудың оңайға түспейтіні түсінікті. Облыстық «Социалистік жол» газетінің 1947 жылғы 17 ақпандағы санында «Жылқышының қайраты» деген шағын ғана мақала бар. Былай делінген: «Ақтөбе ауданы «Ақшат» колхозының 115 жылқысы Ашасай деген жерде тебінде жатыр. Жылқыны 67 жастағы жылқышы Шәріп Жапаров қарт бағады.

Январь айының аяқ кезінде қатты боран соғып, жылқыны ықтырды. Шәріп 4 күн бойы ыққан жылқымен бірге болады, жылқыны бытыратпай қайырмалап, өзі білетін адырдың ығына иіріп, аман сақтап қалады.

Жылқы мен жылқышыны іздеуге жіберілген колхоздың адамдары оларды 5-күні тауып алады».

Республиканы «социалистік мал шаруашылығының негізгі базасына» айналдыру жолында қарапайым еңбек адамдары кешкен бейнеттің мыңнан бір мезеті осындай…

16 «мәрте» депутат

Соғыстан кейінгі жылдар сол кездегі ұрпақтың жадында бітпейтін сайлаулар арқылы да қалған болса керек. 1946 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесі сайлауы жөнінде газетіміздің 1 маусым күнгі санында жазған едік. Ал 1947 жылдың қысында қазақстандықтар республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттарын сайлауға қызу әзірленіп жатты. Сайлау 16 ақпанға белгіленді.

Облысымыз бойынша 15 сайлау округінен кандидаттар тіркелді. Олардың арасында «Мағаджан» совхозы 5-фермасының меңгерушісі Қалдығара Шерниязова (Новоресей сайлау округі), «Қаракөл» колхозының басқарма төрайымы Ақжанай Қарекенова (Ойыл сайлау округі) сынды өздері басқаратын шаруашылықтарды жақсы табыстарға жеткізген әйел адамдар да болды. Сондай-ақ, Шалқар округінен депутаттыққа кандидат болып Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Дінмұхамбет Қонаев тіркеліпті. Сайлау қорытындысында жарияланған депутаттар тізімінде олардың үшеуі де бар…

Осындай сайлаулар КСРО-ның барлық республикаларында өткен. Бір қызығы, сол тұстағы кеңестік баспасөзде былай жазылыпты: «Барлық республикаларда Жоғарғы Советтердің депутаты болып халықтардың көсемі Иосиф Виссарионович Сталин бірауыздан сайланды». Сталиннің 1946 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне де сайланғаны белгілі. Сонда ол бір уақытта 16 бірдей (!) заң шығарушы органның депутаты болған…

Келесі, яғни 1948 жылды да Одақ жұрты сайлаумен қарсы алды. Бұл жолы жергілікті кеңестерге депутаттар сайланды. Ақтөбе қалалық кеңесіне 231 депутат сайланған.

32 миллион 669 мың сом қарыз

Кеңес басшылығы әр бесжылдыққа үлкен жоспарлар қабылдады. Қираған шаруашылықты қалпына келтіру, жаңа кәсіпорындар, жолдар салу, әр сала бойынша алға қойылған қыруар міндеттерді жүзеге асыру үшін өте көп қаржы қажет еді. Үкімет бұл мәселені шешудің бір жолы «халықтан қарыз алу» деп білді. 1948 жылдың 3 мамырында «КСРО халық шарушылығын қалпына келтірудің және өркендетудің» мемлекеттік үшінші заемы шығарылды. Үшінші заем 20 миллиард сом көлемінде шықты. 8 мамырда КСРО қаржы министрі А. Косыгин заемның 2 миллиард  592 миллион 233 мың сомға артық таралғанын айтып, оған жазылудың тоқтатылатынын хабарлаған.

Бұл науқаннан, әрине, ақтөбеліктер де тыс қалмады. Мәселен, Шалқан паровоз депосында осы істің басталғаны жария етілген алғашқы сағаттың ішінде 152 жұмысшы 193 мың сомның заемына жазылған: машинист Есин мемлекетке 4 мың сом, машинист Есбосынов — 2,7 мың сом, инженер Недуев — 2 мың сом, мастер Қарамергенов 1,6 мың сом көлемінде қарыз берген.

Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ұжымы заемге түгел жазылған. Олар мемлекетке 2 миллион сом қарыз беріпті. Бұл аталмыш кәсіпорындағы айлық еңбекақы қорының 143 пайызына тең сома екен.

Жалпы, облыс еңбеккерлері 3-7 мамыр аралығында 32 миллион 669 мың сом көлемінде заемге жазылған. Оның ішінде колхозшылар 4 миллион 125 мың сомдық заемге жазылып, бұның 3 миллион 722 мың сомын қолма-қол тапсырған. Мысалы, Қобда ауданының «Серп и молот» колхозының мүшелері 13 мың сом көлемінде заемге жазылып, бұл қаржыны толықтай қолма-қол тапсырыпты.

Берсиевті еске алу

Әйгілі диқан Шығанақ Берсиев 1944 жылдың 28 мамырында қайтыс болды. 1949 жылдың көктемінде оның қайтыс болғанына 5 жыл толуына орай еске алу шаралары өтті.

Облыстық «Социалистік жол» газетінің 1949 жылғы мамыр айындағы бірнеше санына «Шығанақ Берсиев — социалистік егіншіліктің новаторы» атты көлемді мақала жарияланды. Мақаланың жоғары жағында автордың аты-жөні «Х. Мұстафин» деп көрсетіліпті.

Мақалада Берсиевтің академик Лысенкомен әңгіме кезіндегі мынадай пікірлері берілген: «Біз әрбір келдектен орта есеппен 6 грамнан дән жинадық. Әрбір келдектен алынған дәнді 8 грамға жеткізу үшін мен көп ойландым және әрбір гектарға себілетін тұқымды 4 килограмға кем себуді ұйғардым, тұқымды егістік жердің бәріне шахматты тәртіппен себемін, сонда тарының әрбір түбіне күн сәулесі бірқалыпты түсетін болады. Біз егістік жерді құс саңырағымен және қойдың көңімен өңдейміз. Менің ойымша, тағы бір сырды аштым деп ойлаймын. Жазғытұрым Каспий теңізі жағынан жел еседі. Менше, осы желден бұрын егілген тары егісі оның соңынан егілгеннен өнімді аз береді».

Соғыстан соңғы жылдарда берсиевшілер қозғалысы өрістеді. 1949 жылы бір ғана Ойыл ауданында мол өнімші звенолар саны 50-ге жетті. Мұндай звенолар Ырғыз, Қобда, т.б. аудандарда, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында да құрылды. Соқыр Қашқынов, Ақбала Берсиева, Зәуре Баймолдина, Өксікбай Ашамбаев сынды берсиевшілер даңқы алысқа жайылды.

Радио байланысы орнатылды

1949 жылдың жазында облыстық совхоздар тресіне қарасты15 совхоздың орталығында радио байланысын орнату ісі аяқталды.

Ол кез үшін бұл үлкен жетістік еді. Осының арқасында шалғайдағы совхоздардың барлығы облыс орталығымен радио арқылы байланыс жасап тұруға мүмкіндік алған.

Барлық совхоздар орталықтарымен қатар, «Ақырап», «Қопа», «Пролетарий» және «Жиренқопа» совхоздарының бір-бір фермасында радиостансалар орнатылды. Сондай-ақ, 1949 жылдың соңына дейін Мағаджан және партияның ХVІІІ съезі атындағы совхоздардың бір-бір фермасында, яғни тағы 2 радиостанса орнату жоспарланыпты.

Ауылдарға электр жарығы келді

1948 жылдан бастап ауыл-селоларда электр стансаларын салу жоспары біртіндеп іске асырыла бастады. Колхоздарда шағын электр стансаларын салуға облыстың ірі кәсіпорындары да көмектескен. Ол кезде ірі кәсіпорындардың әрқайсысы, партияның талабы бойынша, шалғайдағы шаруашылықтарды қамқорлыққа алуға міндетті еді. Ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе көмір тресі, Шұбарқұдық паровоз депосы сынды кәсіпорындар өздері қамқорлыққа алған колхоздарға құрылыс материалдарын, электр жабдықтарын жеткізіп берген. Соның арқасында 1948 жылы облыста 31 шағын электр стансасы салынған.

1949 жылдың көктемінде облыстағы 40 колхозда, 22 МТС-та және 10 совхозда электр стансалары бар еді. Бұлар арқылы тек үйлер мен кеңселер жарықтандырылып қана қоймай, МТС-тар шеберханалары, ұстаханалар да электр қуатымен жұмыс істей бастаған. Мысалы, Родников ауданының «Пролетарская революция», Жұрын ауданының «Пахарь» колхоздарында электр қуатының ұсталық жұмыстарға, астық бастыруға пайдаланылуы облыс жұртшылығына жаңалық ретінде таратылды.

1949 жылы облыста тағы да жаңа 16 шағын электр стансасы және 1 су электр стансасын салып, сол арқылы 21 елді мекенді электрлендіру көзделген.

Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Деректер облыстық мемлекеттік архивтен алынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button