Мәдениет

Серікбол Қондыбайды еске алды

Осындай атаумен С.Бәйішев  атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында қазақ мифологиясының білгірі Серікбол Қондыбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға ғалымның апасы  Балсұлу Қондыбай, ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, «Тарлан» колледжінің директоры Жәрдемғали Шүкіров және тағы басқа ақтөбелік ғалымдар мен өнертанушылар, студент-жастар қатысты.   Балсұлу Қондыбай інісі туралы естеліктер айтты. Оның бала кезінен зерек болып өскенін, туған жерін, Отанын ерекше сүйетінін әңгімеледі. Алыстағы Маңғыстау облысы Шетпе ауылында мүгедек арбасында отырып жазған інісінің тарихи-ғылыми еңбектерінің танылуына  «Алтын Орда» газетінің ықпалы зор болғанын айтты. Осы газет арқылы М.Ақдәулетұлы, Т.Әсемқұлов, З.Наурызбаева секілді пікірлес достар табады. Газетке сол уақыттағы мемлекеттік хатшы И.Тасмағанбетовтің назарына «Дарынды қолдайық» атты ашық хат жарияланады.

—  Ашық хат басылымға шыққаннан кейін Иманғали Тасмағанбетов Серікболға қоңырау шалады. Ол уақытта мен ғылыми-әдістемелік орталықта директормын. Үйге келсем, Серікбол Иманғали Тасмағанбетовтің қоңырау шалғанын, әңгімелескенін айтып, қуанып отыр. Иманғали Серікболға үй немесе басқа қандай көмек керек екенін сұрайды. Сонда Серікбол «Арғықазақ мифологиясы» кітабын шығарып беруден өзге көмектің қажет еместігін айтады. Осылайша інімнің кітабы жарық көрді. Кейін өмірден өткен соң қолжазбаларын музейге тапсырдық. Кабинетінен 72 дәптер табылды. Оның ішінде не бар екенін білмеймін. Оны қарап, жүйелейтін сауатты, сенімді адам керек, — деген Балсұлу Қондыбай інісінің еңбектері туралы әңгімелеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Ал «Алтын Орда» басылымы арқылы Серікбол Қондыбайдың еңбектерін жалпақ жұртқа жариялап, оның дүниетанымын елден бұрын байқаған ақын  Мейірхан Ақдәулетұлы былай деді:

— Серікбол туралы көп әңгіме айтуға болады. Менің өз басым әлі күнге дейін қайран қаламын. Серікбол Қондыбай — қазақ тарихында бұрын болмаған құбылыс. Серікбол — құдды Тәңірдің бізге жіберген бір мұғжизасы сияқты. Маңғыстаудың Шетпе ауылында тұрып, әлемдік деңгейде зерттелуге тиіс тақырыптарға із салды. Ол өз еңбектері арқылы тарихи ақиқатты тануға ұмтылды, — деген ақын Серікбол шығармаларының ұлттың қалыптасуы мен кемелденуі үшін құнды дүние екенін әңгімеледі.

Басқосуда «Тарлан» колледжінің директоры Жәрдемғали Шүкіров қазіргі Елбасының сананы жаңғырту ойлары Серікбол Қондыбай шығармаларында көрініс табатынын айтты. Кездесу барысында кітапхана директоры Несібелі Жұмағұл Серікбол Қондыбай шығармаларын насихаттау мақсатында әлі де жұмыстар жүру керектігін, осы мақсатта арнайы шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Және Балсұлу Қондыбайға ұжым атынан естелік сыйлық тапсырды. Жиын соңында ақтөбелік ғалымдар мен өнертанушылар ғалым туралы ойларын ортаға салды.

Сол күні «Алақай» театрында «Тарлан» колледжінің актерлік өнер мамандығының оқушылары ғалымға арналған «Мифтің түбі — ақиқат» атты драма қойды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button