Мәдениет

Өнер өрісі

Әдетте қазақ киносы туралы сан алуан пікірлер көп-ақ. Біріміз барымызды алға тартып, тәуірімізді көрсеткіміз келіп ұмтылсақ, екіншіміз өзге елдермен салыстырып, бүгежектеп қалатынымыз бар. Дегенмен, көбіміздің осы тақырыпты терең біле бермейтініміз және рас. Бұл ретте ойымызды орнықтырып, дұрыс бағдар, жөн-жоба беретін зерттеу еңбектерінің де қолымызға тие бермегені бір шындық.

Жақында ғана «Қазақ киносының тарихынан» және «Аққумен ән қосқан әншілер» атты қос атаумен баспадан шыққан кітапты оқып шыққанымызда көп нәрсеге көзіміз ашылғандай болғанын жасырудың қажет болмас. Бұл дүниенің авторлары Салтанат Сауытбаева, Бағдат Масатова және Бақытжан Масатов біздің көңіліміздегі сан сауалдарға жауаптарды жұптап, танымдық-тағылымдық тұрғыдан біраз деректерді жинақтапты.

Екі бөлімнен тұратын жинақта кино өнерінің тарихы, қазақ елінің ән-саз өнері, оның талантты орындаушылары туралы айтылады.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында өз жұмысын бастаған «Шығыс кино» тресінің алғашқы өнімдері — «Алматы және оның төңірегі», «Жайлауда» атты деректі фильмдері үлкен жолдың басы еді. Зерттеушілер өз еңбектерін осы оқиғадан өрбітіп, қазақ киносының даму, іздену, қалыптасу жолдарын жүйелейді. Кезінде көрермендердің ықыласына бөленген «Аманкелді» фильмі туралы ой-пікірлер айтылады. «Абай әні» туындысының ерекшеліктері сараланады. Еңбекте қазақ кино өнерін жолға салуға аянбай атсалысқан ардагерлер есімдері аталады.

Кітапта бәріміз біле бермейтін деректер біраз келтіріліпті. Мәселен, авторлардың баяндауынша бағамдасақ, «Қазақстан киноматографиясында 250-ден астам фильм бар. 2000-2001 жылдары жылына екі кино түсірілсе, 2005 жылы бұл көрсеткіш жетіге жетіпті».

Сондай-ақ, екінші бөлімде қазақ өнеріндегі ерекше тұлғалар Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, тағы басқа таланттар туралы қызғылықты материалдар берілген.

Н. ДОСЫМОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button