Мақпал ЖҮНІСОВА: Түркияға жұмыс істеуге шақырып еді, бас тарттым

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова екеуара әңгіме барысында өзінің өмірі мен өнері туралы кино түсіруге қалай қарайтынын, жұртшылықтың сынына жиі ұшырайтын жас әншілер туралы пікірін, жазғы демалыста оны кімдер қайда шақырып жатқанын, тағы да басқа жайттарды айтып берді.
— Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбеге гастрольдік сапармен келгеніңізде сұхбаттасып едік. Сапарларыңызды, жалпы шығармашылық жұмыстарыңызды қанша уақыт бұрын жоспарлап қоясыз және тек соған сүйеніп әрекет етесіз бе?
— Жоқ. Кейде алдын ала жоспарлап қойған жұмыстардың өзі жүзеге аспай қалады. Сондықтан бірнеше жыл бұрын концерттерімнің күнін белгілеймін деп айта алмаймын. Бәрі шабытқа, көңіл күйге байланысты ғой. Бірақ аймақтарда жыл сайын шығармашылық кештерімді өткізе бермеуге тырысамын. Тыңдарманды жалықтырып алуға тағы болмайды. Ал қайта-қайта шақырып, ел жақтағы ұйымдастырушылардың өздері тілек білдіріп жатса, ешкімнің бетін қайтармаймын.
Репертуарға әндерді қосқанда да солай. Өзіме сазы мен сөзі қатты ұнап жатса, бірден студияға қарай жүгіремін. Ел жаңа әнімді естісе екен деймін. Жалпы, жақсы әндер жазылып жатыр. Оның бәріне клип түсіру мүмкін емес болғандықтан, осындай жер-жердегі концерттерімде орындап жүрмін. Ақтөбеден кейін Талдықорған қаласын, сосын Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының бірнеше ауданын араламақ ойым бар.
— Қазір сахнадағы әріптестеріңіздің арасында өзі жайында кино түсіріп, кітап жазу сәнге айналды. Мақпал Жүнісованың көркем туындысын көрермендер таяу болашақта көре ала ма?
— Ондайдан Құдай сақтасын (күліп)! Онсыз да халық бәрін біліп, бақылап отыр ғой. Кімнің не істеп жүргені, қай әншінің шынымен шығармашылықпен айналысатыны дүйім жұртшылыққа мәлім. Интернет деген жақсы болды, қас қағымда сенің тыныс-тіршілігің төңірегінде хабар береді.
Меніңше, өзім туралы кино түсіруге, болмаса кітап жазуға әлі ерте. Тыңдармандарыма ұсынғанымнан ұсынарым көп. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, күрделі әндерді орындағым келеді. Менің шығармашылық «потенциалым» сарқылған жоқ, шүкір.
Бәлкім, зейнетке шыққаннан соң, бұл туралы ойланып көрермін. Обалы не керек, қаншама киногерлер, жазушылар мұндай ұсынысты талай білдірген. Олар менің өмір жолымның ерекше екенін айтып, тағдырым, өнерім жөнінде әлгіндей дүниелерді жарыққа шығарғысы келді. Мен келісімімді бермедім.
— Шынында, сіз тосын һәм қызықты оқиғаларға жиі тап болатын әншілердің бірісіз ғой…
— Жас ақын Жамбылдың концертіндегі жағдайды меңзеп отырсаң, оның өзі ойламаған жерден болды. Әннің ырғағынан қалыспай, билеп тұрғанмын, бір кезде бір жақ аяғымнан біреу қатты соғып жібергендей болды да, сахнада тұрған жерімнен жерге «топ ете қалдым». Сахнаның сыртында тұрғандарға әрі-бері қараймын, ешқайсысының демеп, көтеріп жіберетін түрі жоқ. Амалсыздан лезде биік өкшелі туфлиімді шешіп тастап, ұшып тұра келдім. Сол мезетте тобығым сынған шығар деп ойлап едім, абырой болғанда еш жеріме зақым келмепті. Тұзым жеңіл ме, сондай жағдайлар аяқ астынан болып тұрады, қайтейін. Бірақ сахнада бұлай құлап қалуым бірінші рет болды.
Әлгі оқиғадан кейін біреулер «Жүнісова сахнаға арақ ішіп шығыпты» деп қауесет таратыпты… Үлкен сахнада жүргеніме, міне, 36 жыл жарым болыпты, осы аралықта «ұрттап» шығып, халықтың алдында бірде-бір рет ән салғаным жоқ. Бәрін Алла көріп тұр ғой… Мейлі, кейбіреулер мені ішкіш қылып көрсеткісі келсе, өздері білсін. Ешкімнің алдында ақталмаймын.
Иә, жұрт қатарлы мерекелерде, отырыстарда анда-санда шарап ішетінімді жасырмаймын. Ол қылмыс па? Мен ешқашан өзгелерге судан таза, сүттен ақпын деген емеспін.
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында әңгімелесушіміз — Мақпал Мұхамедиярқызынан балалық шақтағы естелігінен сыр ақтаруын сұраған едік.
— Қай адам болмасын, бала кезінде көптеген шым-шытырық оқиғаларға тап болады. Шыны керек, олардың түгелдей дерлік барлығы есте қалмайды. Дегенмен, ешқашан ұмытылмайтын оқыс оқиғалар да бар… Мәселен, қыздардың көбісі кішкентайында «хозяйка» болып ойнауға шебер ғой. Олардың арасында, әрине, мен де бармын. Нақты неше жасымда болғаны есімде жоқ, әйтеуір, бір күні әке-шешемнен сол үшін «таяқ жегенмін». Ата-анам әдеттегідей жұмысқа кеткен, үйде жоқ. Содан көрші қыздармен бірігіп, аулада ойнайтын болдық. Әрқайсысы қолда бар «алтындарын» әкеліп, ортаға қойып жатыр. Менде анау айтқандай бұйым да жоқ. Әрі-бері қарап қоямын, әлгі құрбыларымның заттары көздің жауын алады. Жұтынып тұр. Содан намысқа тырысып, үйге қарай қайта жүгірдім. Қонақ бөлмеге кірсем, көзіме бірден шкафтың жоғарғы бөлігінде тұрған кеселер оттай басылды. Қолыма іліккенін алдым да қыздармен «үй» ойнауға лезде кірісіп кеттім. «Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» демекші, ойдан құрастырған «асүйімізде» де анау-мынау шынылардың барлығын қираттық. Балалық қой… Қызықтың бәрі шешем жұмыстан келгеннен кейін басталды. Анамның «қонақ келгенде қоярмын» деп, бізге ұстатпайтын ою-өрнекке толы кеселерінің сынықтарын көргенде, маған нағыз ойынның «көкесін» көрсетпесі бар ма (күліп)? Сәл есейгеннен кейін білгенімдей, жаңағы ыдыс-аяқтардың дені қаладан арнайы тапсырыспен әкелініпті. Ал олардың құны — бөлек әңгіме…
— Қазақ эстрадасы күн санап жаңа есімдермен толығуда. Осы орайда аты шулы «91» тобына қатысты көзқарасыңыз қандай?
— Шыны керек, ол жігіттердің әндерін тыңдап көрмеппін. Десе де, Қазақстанда соларға қатысты шу болып жатқанын естідім. Шашын түрлі түске бояйтынын, киіну стилі де басқа екенін өнердегі іні-сіңлілерімнің әңгімесінен құлағым шалды. Әйтпесе, менде теледидар көріп отыратын уақыт тапшы. Осындай гастрольдік сапарлар, телевизиялық түсірілімдер, одан өзге шығып тұратын тойларым бар. Біздікі бітпейтін бір қарбалас қой.
Бір ғана айтарым, сахнаның өзіндік мәдениеті болуы керек. Мысалы, біз, аға буын өкілдері, ашық-шашық киінсек, жастар әлгіндей болса, оның соңы жақсылыққа апармайды. Өзіміздің қаракөздеріміз болғандықтан, сахнаға табиғи қалпымен шыққанын қалар едім. Жастықтың өзі әдемілік емес пе? Ешкімге жеккөрінішті болмай, қазақы әдептен аттамаса екен деймін. Көпшілік әндерінің сапасы жаман емес, жігіттердің музыкалық сауаты бар дейді. Демек, «91» тобы сыртқы көрінісін жөндесе, бәрі өз орнына келеді.
— Ал кейінгі буыннан кімге көңіліңіз толады? Халық артисі ретінде кімді атап өтер едіңіз?
— Сіздердің жерлестеріңіз Димашты атауға болатын шығар. Қазірде ол елдің аузында жүр ғой. Қытайдағы байқауда бәріміз жеңіске жеткенін тіледік.
Ол баланың дауысының ерекшелігі эстрададан бұрын классикаға келеді. Маған, әсіресе, оның төменгі дауыста айтқаны ұнайды. Талантты жасқа тек ақ жол дейміз. Сосын шетелге кететін болса, тек қазақ әндерін насихаттау керек деп ойлаймын. Әрине, жүз пайыз ана тілінде ешкім оны шырқата қоймас. Шақырушы тарап өз талап-тілегін қояды ғой. Дей тұрғанмен, амалын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әндерім эфирден алынып тасталып, «қуғында» жүрген кезімде мені Түркияға жұмыс істеуге шақырған. Сондағы байқаудың біріне қазы болып барғанымда, егде жастағы профессор «бізге келсеңіз, барлық жағдайыңызды жасаймыз» деп ұсынысын айтты. Бірақ, шартына сәйкес, орындайтын әндерімнің 70 пайызы түрік тілінде болуы керек екен. Бұны естіген бойда, әлбетте, бас тарттым. Мен шығармашылықтағы еркіндігімді ештеңеге айырбастамайтын адаммын. Біреудің нұсқауымен жүруге о бастан-ақ қарсымын.
Рас, кейде өзге тілдегі романстарды орындайтыным бар. Репертуарымдағы орысша әндердің саны 25-ке жуықтайды. Оның өзі ортаға байланысты, сұранысқа қарай айтылады. Жалпы, әндерімнің 99 пайызы қазақша ғой.
— Жаз мезгілі де келіп қалды. Биыл, құпия болмаса, қайда демалмақсыз?
— Әдеттегідей осы елде демаламыз ғой. Бұйыртса, қызым Мерей каникулға шыққасын алдымен үйімізге аз-кем жөндеу жұмыстарын жүргізгелі отырмыз. Содан кейін Алакөлге, болмаса Балқашқа баратын шығармыз. Соны әлдеқашан дәстүрге айналдырғанбыз. Суға шомылып, балық аулап, күнге қыздырынып, қызым екеуміз бір жасап қаламыз (күліп). Сондай-ақ, өзімнің жақын туыстарым «Ауылға келсеңші, жайлауда жатып, қымыз ішіп кет» деп қолқа салып жатыр. Олардың да айтқан сөзін жерге тастамай, бір жағынан, өзім де туған жерімді сағынып, ойланып жүрмін. Атпен шауып, таза ауада тыныстағанға не жетсін (күлді)?! Мақтанғаным емес, мені көргісі келетіндер, бізге келсеңші деп шақыратындар көп.
— Әлі де атпен шаба аласыз ғой?
— Шапқанда қандай! Баяғыда ауылда қап-қара боп күнге әбден күйіп, мал да баққанбыз. Қанша жылдан бері қалада тұрсам да, «ақсаусақтардың» қатарынан емеспін. Үйдегі бүкіл шаруаны өзім атқара беремін, үй қызметшісін де ұстамаймын.
Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.




