Құқық

Медиацияның тиімділігі көп

Сот

«Медиация туралы» Заң — дала даналығының дара заңдылыққа айналуының нақты көрінісі. Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында шыққан және қолданысқа тамыз айында енген «Медиация туралы» Заң сот жүйесіне жаңашыл өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тетігін айқындап берді.

Медиация делдалдықтың нысаны ретінде біздің елде жеке іс жүргізу құқығы институты ретінде заңды түрде бекітілді. Медиация үшінші бейтарап тұлға — медиатордың көмегімен іске асырылатын соттан тыс дау-жанжалды шешу рәсімі әрі балама шешудің неғұрлым оңтайлы тәсілі.

Медиатордың негізгі функциясы — бұл тараптардың бірыңғай көзқарасын қалыптастыру. Бұл ретте медиатор мәселені шешу жолын өз көзқарасы бойынша тараптарды көндіруге құқылы емес, себебі бұл кезде тараптар жүргізілген рәсім нәтижесінің дұрыстығына кәміл сенеді. Заңға сай, медиация рәсіміне қатысудың шарты тараптардың өзара ерікті ниет білдіруінен көрініс табады. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса, олар медиатор іздемей-ақ, мәселелерін өзара шешуге, ортаға ағайындар салуға талаптанып жатады.

Алайда, бұл заңға сай емес ауызша келісімшарт болып қалады. Жалпы, медиация тәсілімен дауды реттеу азаматтық іс жүргізуде кең көрініс алған. Тәжірибе бұл заңды қылмыстық іс жүргізуде де қолдануға болатынын көрсетті. Көп жағдайларда жәбірленуші мен қылмыс жасауда айыпталушының арасында жағымсыз қатынас орнығып, жәбірленуші жақ байланысқа өте сирек түседі. Айыпталушы жәбірленушіден кешірім сұрап, келтірген залалдың орнын толтырғысы келгенімен, жәбірленушінің көкейінде ұялаған реніштен ол өзі байланысқа шыға қоймайды.

Қазіргі кезде әлемде медиация тәсілі өте кеңінен таралған. Халықаралық статистикаға жүгенсек, медиация тәсілі арқылы даулардың 30-40 пайызы шешіледі, ал оның оң нәтижесі 85 пайызға дейін жетеді. Қытай елінде барлық даулардың 20 пайызы осындай тәсілмен шешіледі екен.

Осы ретте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2017 жылдың қаңтар айындағы өкімімен бекітілген даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы Ережесін баса айтып кетуге болады. Осы пилоттық жобаның мақсаты — даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу.

Медиацияның тиімділігі тараптардың өзара оңтайлы және өзара тиімді шешімге келуінде, сонымен қатар, ол сот тәртібімен шешілетін дауларға қарағанда өте қысқа уақытта өз шешімін табуында және қабылданған шешімнің жалпы жұртқа жария болмауында болып отыр.

Мейірбек САБЫРОВ,

Ақтөбе гарнизоны әскери сотының кеңсе бас маманы-сот отырысының хатшысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button