Білім

Ұлттық бірыңғай тестілеу: 120 сұрақ, 140 балл

Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгергені белгілі. Осыған байланысты жақында Ақтөбе қаласында Білім және ғылым министрлігі өкілдеріне  арналған семинар өтті. Біз осы орайда «Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты  Қуанышбек Мәліковпен биылғы ҰБТ-ның ерекшелігі туралы сөйлескен едік.

Қуанышбек Тұрарбекұлы, биылғы ұлт­тық бірыңғай тестілеу жүйесіне қандай өзгерістер енгізілді?

— Ұлттық бірыңғай тестілеу екі форматта ұйымдастырылады. Біріншісі —  мектептегі қорытындылау аттестация. Оқушы мектепте емтихан тапсырып, аттестат алады. Екіншісі, жоғары оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер үшін өткізіледі.

Түлектер 5 пәннен емтихан тапсырады. Олар: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және екі таңдау пәні.

— Тапсырмалардың бәріне дұрыс жауап бергенде 140 балл жиналады екен. Сұрақ — 120, дұрыс жауап неге 140 балл?

— 5 пәннен барлығы 120 сұрақ беріледі. Таңдау пәндеріндегі 30 сұрақтың 10-ының дұрыс жауабы 2 балдан тұрады. Тесттің технологиясында күрделіленген әдіс бар,  яғни бір сұрақтың екі немесе үш дұрыс жауабы болуы мүмкін. Бір сұрақтың екі жауабын немесе үш жауабын бірдей тапқан балаға 2 балл қойылады. Сонда 10 сұраққа 2 балдан қойылғанда, екі таңдау пәні бойынша 20 балл қосылады. Сонда ең жоғары балл 140 болады.

— Тестілеу кезіндегі тәртіп туралы айтсаңыз?

— Аудиторияға Менделеевтің таблицасы ілінеді. Сондай-ақ, талапкерлерге тұз қышқылдарының кестесі беріледі. Ал ұялы телефон, шпаргалка сияқты заттарға қатаң тыйым салынады.

— Ал апелляцияға өтініштер беруде өзгерістер бола ма?

— Ешқандай өзгеріс жоқ. Түлек белгілі бір сұрақтың жауабының қате екенін дәлелдейтін болса, апелляцияға бере алады. Техникалық қателер кетсе де, өтініш жазуына болады.

— Тест өткізілетін күн жақындағанда көшелерде «Тест жауаптарын сатамын!» деген хабарландыруларды кө­реміз. Бұдан кейін көпшілік тестілеудің құ­пиялығына күмәнданады.  

— Менің ойымша, көшедегі хабарландыруларды алаяқтар таратады. Әйтпесе, тестілеудің жауаптары — мемлекеттік құпия. Сол себепті, ата-аналар көрінгеннен тест жауаптарын сатып алып, босқа шығындалмағандары дұрыс.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университеті

баспасөз қызметі бөлімінің маманы.

           

Ұлттық бірыңғай тестілеу: ерекшеліктері қандай? 

Ғаламтордың қарыштап дамып тұрған заманында көкейіңіздегі қандай да бір сауалға қажетті жауапты іздеп табу аса қиынға соқпайды. Дегенмен, баласы үшін жаны алаң ата-ана баспасөз бетіндегі ресми материалдарға ғана сенім артады. Сол себепті, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшеліктері туралы нақтырақ бергенді жөн көрдік.

Білім алушыларды қорытынды аттестаттау — бұл тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін, олардың меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін процесс. Мектеп бітірушілерге арналған 4 міндетті пән және 1 таңдау пәні бойынша емтихандар мектептерде өткізіледі.

Ұлттық бірыңғай тестілеу — жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтиханы. Бұл облыс орталықтарында, жергілікті жердегі ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінде өтеді (ҰБТӨП).

Қазір республика бойынша — 165, ал біздің облыста 15  ҰБТӨП ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу жұмыстарын ұйымдастыруды қызу жүргізіп жатыр. Барлық мектептерде биылғы ҰБТ-ның өткізілу ерекшеліктері түсіндірілді. Семинарлар да ұйымдастырылды.

Мектеп бітіруші түлектердің тестілеуге қатысуға өтініштерін қабылдау 10 мамырда аяқталды. Тестілеу Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген мерзімге сәйкес ҰБТӨП базаларында 20 маусым – 1 шілде аралығында өткізіледі.

ҰБТ өтетін күні ауырып қалған түлек дәлелді құжаттарын білім саласындағы уәкілетті органдарға тапсырса, осы жылғы кешенді тестілеуге қатыса алады.

Биылғы жылғы тестілеу төмендегідей пәндер бойынша жүргізіледі: математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы. Үш пәннен де  20 тапсырмадан болады. Сондай-ақ, екі бейінді пән, яғни таңдау пәнінен сын тапсырады. Бұл пәндерден 30 тапсырмадан болады. Тапсырмалардың жалпы саны — 120. Ең жоғары  балл — 140. Тест тапсырмаларын орындау үшін 3,5 сағат беріледі.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін ең төменгі шектік деңгей —  50 балл.

Айта кету керек, биылдан бастап ҰБТ-ға оқушының таңдау пәндері бойынша, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмалары енгізілді.

Бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларын бағалау тәртібі: дұрыс жауаптарын толық таңдау — 2 балл; 1 қате — 1 балл; 2 немесе одан көп қателер — 0 балл.

Соңғы екі пәнді таңдау оқушылардың өз еркінде. (Ескерту: білім алушының қорытынды аттестаттау  кезінде таңдаған пәнін қайта таңдауға немесе өзге пәнді таңдауға толық құқығы бар).

Бейінді пәндердің тізімі Білім және ғылым министрлігімен келісілді және ұлттық тестілеу орталығының сайтында, әлеуметтік желілерінде (vkontakte, facebook, instagram) жарияланды.

Оқушылардың білім сапасын анықтауда тест тапсырмалары жыл сайын үнемі толықтырылып, жетілдіріліп келеді. Биылғы тест тапсырмалары қорына енгізілген жаңартылуларға тоқталып өтсек, олар: логикалық түрдегі тест тапсырмалар саны көбейді, тест тапсырмаларына диаграммалар, суреттер, сызбалар (математика, физика, биология, география, химия пәндері бойынша) енгізілді.

Тестілеу кезінде мектеп бітірушінің алған балдарын ресми растайтын сертификат тестілеу өткеннен кейін 3 күн ішінде беріледі.

Сонымен, ҰБТ өткізуде салыстырмалы түрде өзгеріс көп, дегенмен қойылатын талап — бір.

           Ғалымжан ИСАЕВ,

 ұлттық тестілеу орталығы

 №18 филиалының жетекшісі.  

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button