Тарих

Есетпен бірге жүрген батыр баба

«Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады».

                                                                                               Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Тар заманда жазу-сызудың болмауы себепті есімі тарих қойнауында көмескіленіп қалған тұлғалар бар. Солардың бірі — талай қанды шайқастарды Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлармен бірге бастан кешкен, жоңғарларға қарсы жорықтарда сан рет ерлігімен көзге түскен Ұзын Қыпшақ Тілеулі батыр.

Жоғарыда аталған батырлар қазақ тарихына еніп, есімдері оқулықтардан орын алып, жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынылды. Ал Тілеулі батырдың ерлік істері, жау қоршауына түсіп қалған Есет Көкіұлын қалай құтқарып алғаны туралы әңгімелерді тек үлкендерден ғана естіп өстік.

Сол ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Тілеулі Әбдірахманұлы ең алғаш Жәнібек батырға еріп келіп, Әбілқайыр ханға қосылған. Ол — үш жүздің біріккен жасақтары құрамында тоқсан екі баулы қыпшақтың қолын басқарған сардар. Үлкендер оның Аңырақай шайқасында Есет батырды жау қоршауынан алып шыққаны туралы жиі айтатын. Оқиғаның анық-қанығын есімізде сақтап қалмағанымыз өкінішті-ақ. Тілеулі де, Есет те жоңғар соғысы аяқталғаннан кейін, бейбіт заманда өз ажалдарынан көз жұмған. Екеуі Ор-Елек өзендері бойына қатар жерленген. Тілеулі бабамыздың Есеттің қарындасы Жапалаққа үйленгенін де сол көнекөз қариялардан есіткен едік.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тарихымыздың ақтаңдақ тұстарына зер салып, елім деп, жерім деп өткен жаугершілік замандағы батырларымыз бен кешегі кеңестік дәуірде тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақтың зиялы азаматтарын ұлықтап, есімдерін насихаттау ісі кеңінен қолға алынды.

Осы тұста өзінің саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендетуге арнаған ардагер, Жезді ауданының сыйлы азаматы Алтынбек Өмекешұлы Тілеулі батыр туралы ел аузында сақталған деректерді алға тартып, «Енді аталарыңа іздеуші болыңдар» — деп, аманаттаған еді. 1997 жылғы қазан айының соңына қарай осы жолдардың авторы, Тілеулі батыр туралы мағлұмат жинау мақсатында, Астана, Ақтөбе, Орал, Орынбор қалаларына іссапарға жіберілді.

Ақтөбеге бірінші келуім. Жезқазғандағы өндіріс орындарында басшылық қызметтер атқарған Мыңжасар Айсауытов деген жолдас жігіт осыдан бірер жыл бұрын туған жері Ақтөбеге көшіп кеткен. Қонақжайға орналасқаннан кейін Мыңжасарды тауып алып, келген шаруамды айттым. Үш ғасырдан астам уақыт бұрын өмір сүрген адамды кім біле қояды? Жезқазғаннан шығарда бабам туралы мағлұматты қайдан, қалай жинау керектігі де беймағлұм еді, «бара көрерміз» — деген үміт қана…

Мыңжасармен редакцияға соқтық. Облыстық газеттің редакторы ұзақ жылдардан бері баспасөз саласында қызмет істеп келе жатқан журналист, көпті көрген азамат біздің шаруамызға түсіністікпен қарап, бір сәт ойланып қалды. Сосын:

— Қанша адаммен таныс болсақ та, олардың руын сұрап көрмеппіз, заман солай болды, біз солай өстік. Ертеде осы өңірде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен бір кісі болды. Колхоз басқарған, кейін шопан болды. Қазір мына іргедегі Қызылжар деген жерде тұруға тиісті. Зейнетке шыққанына да біраз уақыт өтті. Өзі бар ма, жоқ па — білмеймін. Аты да есімде жоқ. Ауылға барған соң сұрастырсаңыздар, тауып береді, — деді.

Мұны естігенде қатты қуандым. Газеттегі әріптесіме рақметімді жаудыра-жаудыра жолға шықтық. Күздің күні қысқа  ғой. Кеш түсті. Қызылжарға келдік. Көшеде  жөн сұрай қоятын адам көрінбейді. Бір-екі үйдің есігін қағып едік, біздің сұраған адамымыз жөнінде ештеңе айта алмады. Келесі үйде бір қарт кісі:

— Балалар, ол біздің көрші ғой. Кімі боласыңдар, қайдан келдіңдер? Өзім ертіп барып, «туысың келді» деп, Әбекеңнен сүйінші сұрайын — деп, бөтен болсақ та, бізді көргеніне қуанып жатыр.

Біз іздеп келе жатқан қыпшақ бауырымыздың аты Әбдібек екен. Ашаршылық кезінде ата-анасынан айырылып, жетім қалған. Өзінің етінің тірілігі арқасында қатарға қосылған…

Туыс-туғаннан жырақта өскендіктен болар, Әбдібек аға маған өте бауырмал болып көрінді. Жөн сұрасып жатырмыз. Екеуіміз де — Тілеулі  ұрпағымыз. Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі қолдан жасалған ашаршылық тұсында  ағалы-інілі Дәулетбек пен Әбдібек Әбдіхалықовтар әке-шешеден айырылады. Кәмелетке толмаған екі бала Торғай  бойындағы туған өлке — Албарбөгетті тастап, қаңғып кетеді. Ағайындылар бір-бірінен ажырап та қалып, арада біршама уақыт өткенде Ақтөбе жерінде қайта табысыпты.  Ауылдық жердің халқы қайырымды болады емес пе, екеуі әркімнің босағасында жүріп, есейді.  Дәулетбек Петропавловск селосындағы машина-трактор станциясына механик болып жұмысқа тұрады,  Әбдібек трактор руліне отырып, колхоздың жерін жыртып, егін егеді. Алайда Дәулетбек ерте қайтыс болады, артында ұрпақ та қалмаған.

— Соғыс басталғанда жиырмаға енді толған едім. Майданға бармай қалуыма Әліби Жанкелдин себепші болды. Колхозда тракторшы, басқарма болып қызмет істедім, — дейді Әбдібек.

Соғыс біткесін Әбекең өз алдына жеке бір отар қой алып, еңбегінің арқасында зор құрметке бөленді. Үш дүркін облыс чемпионы атанды. Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендері, ондаған медальдармен марапатталған.

— Тілеулі бабамыздың осы жерде Тама Есетпен бірге, бір қорымда жатқаны рас. Соғыс аяқталған тұста үйлендім. Мына отырған кемпірім Сәлік те — кішкентайынан жетімдіктің тауқыметін көрген жан. Үйленгеннен кейін біраз жыл бала көтермей жүрді. Сол тұста Торғай өңірінен өзіммен аталас Әлжан Қарабайұлы деген ағам мені іздеп келді. «Сұрай-сұрай әрең таптым» — деді. Ол — 1916 жылғы көтеріліс кезінде Аманкелді сарбаздарының құрамында мыңбасы болған, бүкіл Қазақстанға белгілі адам. Бірер күн жатып, жетім баланың жетілгенін көрді.

«Шаруашылығың жаман емес. Бірақ, келіннің бала көтермей жүргені қиын екен. Аллаға жалбарын, сұра, мына іргеңде Тілеулі бабаң жатыр, соның басына барып түне, аруақтарға мінажат ет» — деді. Мұны естігенде, күліп жібердім. «Құдай жоқ» деп жүрген коммуниспін ғой. Ал ағам қатты ашуланды.

«Ертең бабаңның басына баруға дайындал» — деп, тоқетерін бір-ақ айтты. Жұмыстан қолым тимейтінін алға тартып, азар да безер болдым. Жұмыс — жай сылтау, менің Құдайға жалбарынып жүргенімді естісе, басшылар не дейді?! Ертеңіне ағам үйдегі арық, жаман биені арбаға жегіп, келінін отырғызды да, маған ашулы қарап алып, жөнеле берді. Келесі күні түс ауа оралды. Өзі осыдан кейін елге жүріп кетті, — деді Әбдібек аға әңгімесінде.

Әбдібек ағамыз бен Сәлік жеңгеміз кейіннен Дәмет, Үміт, Рысбек, Бақыт, Қалыбек, Темірбек, Оразбек, Нұрлыбек сынды ұл-қыздар сүйіпті. Тілеулі бабаның басына арбаға жегіп барған арық бие кейін бір үйірлі жылқы болған. Әбдібек ағаның айтуынша, бұл жердің тұрғылықты халқы Есет пен Тілеулінің бір қорымда жерленгенін бұрыннан біледі, Есетке барарда әуелі Тілеуліге соғып, Құран оқиды. Есеттің өз өсиеті бойынша осылай істеледі екен. Ұзақ уақыттар бойы ұрпақтары осыны бұлжытпай орындаған. Абылай ханның бас билерінің бірі болған Нияз Тілеуліұлы Есеттің қарындасы Жапалақтан туған…

Біз ертеңіне Мыңжасардың машинасымен Ақтөбеден он сегіз шақырым жердегі Бестамақ ауылының шығыс жағында тұрған Есет Көкіұлына 1992 жылы салынған кесенеге келдік. Кесене — биік төбенің басында. Төбенің етегінде тастан үйілген ескі зираттар көп. Бұл қорымның ертеден тұрғаны бірден байқалады…

Ертеңіне Есет батырдың өмірі мен жорық жолдарынан мағлұмат жинау үшін Орынбор архивіне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым Зәкретдин Байдосов ағамызды тауып алдым. Кандидаттық жұмысының тақырыбы Есет туралы болғандықтан, Орынбордың архивінде ұзақ уақыт отырып, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Қазақстан-Ресей қатынастарын зерттегенін айтты. Сол кезде құжаттарда Тілеулі Әбдірахманұлының есімі де кездескенін айтты. Архивті қалай тауып, қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде нұсқау берді. Көп материалдардың ескі славян тілінде жазылғанын, оның аудармашысы болатынын ескертті.

Екі күннен кейін Орынборға келіп түстім. Батыр да саясаткер Тілеулі бабамыздың ізі қалған байырғы қазақ қаласына оның жоқтаушысы ретінде тұңғыш рет ұрпағының табаны тиді. Келген шаруамды айтқан соң, архив қызметкерлері бірден қажет материалдарды табуға көмектесті. Материалдар жеткілікті-ақ екен, өкінішке қарай, Байдосов айтқандай, бәрі ескі славян тілінде…

Осы сапардан кейін, жиған материалдарға сүйеніп, Жезқазған қаласының әкіміне, мәслихат депутаттарына, қалалық ономастика бөліміне Тілеулі баба ұрпақтары мен соғыс және еңбек ардагерлерінің атынан хат жазылды. Сөйтіп, 2007 жылдың сәуір айында  Жезқазғанда салынып жатқан  шағын ауданның бір көшесіне Тілеулі батыр Әбдірахманұлының есімін беру жөнінде мәслихат шешімі шықты.

Шешім қолға тигеннен кейін, «Тілеулі батыр атындағы қайырымдылық қорының» ұйымдастыруымен осы көше бойына белгі қою жұмыстары жүргізілді, ас берілді.

Ұзын Қыпшақ Тілеулі Әбдірахманұлы 1690 жылы дүниеге келген, ал қайтыс болған жылы белгісіз. Өкінішке қарай, оның өмірбаянына қатысты қолдағы деректер аз.

Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының 8-томының 632-бетінде ол туралы былай делінген: «…Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте  қол бастаған батыр. Бұланты-Білеуті, Аңырақай шайқастарына қатысып, ерлік көрсеткен. Бөгенбай, Саурық, Тайлақ және тағы басқа да батырлармен бірге Әбілқайыр ханға жасақ ұйымдастыруға көмектесті. Жәнібек тархан, тама Есет батырлармен жауға бірге шауып, қиын-қыстау күндерді бастан кешкен елінің біртуар азаматы».

Академик Манаш Қозыбаевтың мақалаларында, журналист М.Сүлейменовтың «Әбдіғапар хан» атты ғылыми-танымдық еңбегінде, жазушы Қ.Ахметовтың зерттеулерінде, «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабында Тілеулі батырдың жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ерліктері, талай ұрыста Шақшақ Жәнібек, Бөгенбай, Қабанбай, Есет сынды батырлармен бірге басқыншыларға қарсы қол бастап шыққаны, шешуші тұстарда елдік мәселелерге араласқаны туралы нақты деректер және ел ауызындағы әңгімелерге сүйене сөз етіледі.

Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың «Елең-алаң» романында, Қ.Салғариннің «Шақшақ Жәнібек батыр» шығармасында, Қ.Сәрсекеевтің «Заманақыр» романында, ақын Ж.Ерманның «Құдіретке жүгіну» толғау-өлеңінде батырдың есімі аталып, ерлігі суреттеледі.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарапынан Тілеулі батыр Әбдірахманұлына қатысты былай тұжырым жасалған:

«Тілеулі батыр Әбдірахманұлы — тарихи тұлға, жоңғар шапқыншылығы кезінде тоқсан екі баулы қыпшақ құрамасын басқарған батыр, қолбасшы;

Қазақ елін сыртқы жаулардан қорғауға қатысқан айбынды батыр; Шақшақ Жәнібек, Тама Есет батырлармен жорықтас болған; оның есімі қазақтың қол бастаған Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Саурық, Тайлақ сияқты батырларымен қатар аталады; Тілеулі батыр ержүрек  баһадүр ғана емес, ол — елдің ішкі-сыртқы қарым-қатынас, байланысына қатысты  шараларға да араласқан адам; Ұзын Қыпшақ Тілеулі батыр — Қазақ хандығының дәуірлеуіне, оның саяси-территориялық тұтастығының сақталуына, азаттық (сыртқы жау шапқыншылығынан) жолындағы күресте қазақ қолының үстем болуына, толайым жетістіктерге қол жеткізуіне үлес қосқан, сол жолға басын тіккен даңқты тарихи тұлғалардың бірі».

Тілеулі батырдың зор құрметке лайық тұлға екенін Әбіш Кекілбаев та айғақтайды: «Ұзын Қыпшақ Тілеулі Әбдірахманұлы жоңғар қалмақтарымен болған шайқастардан кейінгі бейбіт кезеңде де бес қаруын белінен шешпеген. Бұл — сол кездегі батырлардың бәрінің  басында болған жайттар. Ол Есетпен бірге жүріп, үнемі елдің мазасын алып, жиі жаугершілікке ұшыратып отырған құба қалмақтармен, башқұрттармен, ноғайлармен, түркімендермен, орыс-казактарымен шайқасқан. Бабаларымыздың сол қайсарлығы, ерлігі арқасында Маңғыстау түбегі, Жайық бойы мәңгі атақонысымыз болып қалды».

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» — деген еді. Сол бабаларды ұлықтау — бүгінгі ұрпақтың парызы. Биыл Ақтөбе өңірі тархан Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойын лайықты атап өтпек. Мерейтой аясындағы шаралар қатарында Бестамақ ауылындағы Есет батыр атындағы мемориалдық кешенде ашық аспан астындағы музей ашу жоспарланып отыр.

Осы музейден Есеттің талай шайқасқа қатар шыққан жорықтас досы Ұзын Қыпшақ Тілеулі батыр Әбдірахманұлының да есімі орын алады деп үміттенеміз.

Шамхан РАХМЕТОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жезқазған қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button