Мәдениет

Жәрмеңкесі Ойылдың аз ғана күн

Көкжар жәрмеңкесіне 150 жыл                             

Айдынына Ойылдың қаз қонатын,

Қалжың айтсам жеңешем мәз болатын.

Ойнайық та күлейік жәрмеңкеде

Жәрмеңкесі Ойылдың аз ғана күн…

Қызыл Тұрдалыұлы.

ХIХ ғасырдың ІІ-ші жартысынан бастап қазақ  даласы мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстар ұлғайып, әсіресе, сауда-саттық жедел түрде дами бастады. Сауда-саттықтың қызу жандануына екі жақ та мүдделі болды және сол кезде қалалар мен бекіністердің көп салынуы да өз ықпалын тигізді. Олардың кейбіреулері, мысалы, Орынбор Қазақстан мен Орта Азия арасындағы үлкен сауда орталығына айналды. Орыс әкімшілігі қазақтармен осындай қарым-қатынас жүргізуді әрдайым қолдап отырды. Қазақстанның батыс аймағын зерттеген белгілі ғалым саяхатшылар П.С.Паллас, Фальк, Г.Георги, П.И.Рычков, тағы басқалары өз жазбаларында сауда жолдары мен орталықтары жөнінде көптеген мәліметтер қалдырды.

Осы тұста жәрмеңкелік сауда қызу қарқынмен жүрді. Жәрмеңкелер көшпелілер көбірек шоғырланған аймақта жылына 2 рет ұйымдастырылды. Қазақстан аумағында сол кезде 150-дей жәрмеңкелік пункт болса, оның 70-ке жуығы тұрақты жұмыс істеген. Біздің жерімізде Ойыл бойындағы Көкжар жәрмеңкесі Қазақстандағы аса ірі сауда орталықтарының біріне айналды. Отарлау кезеңіндегі қазақ жерінің тарихын терең зерттеген әйгілі ғалым Ермахан Бекмаханов осы жәрмеңкенің ашылуы жөнінде төмендегідей нақты деректер келтіреді: «Басқарушы орындардың тәртібі бойынша алғашқы рет 1867 жылы көктемде Орынбор даласындағы Ойыл өзенінің жанында ашылған жәрмеңкенің сауда нәтижесі жақсы болды. Оған 250 000 сомның тауары әкелінді де, одан 100 000 сомның тауары сатылды не айырбасталды. Жәрмеңкеден 20 000 бас ірілі-уақты мал сатылып алынды».

1869 жылы сауда орталығы ыңғайлы болғандықтан Барқын бойына көшірілді. Жәрмеңке жылына 2 рет,  көктемде 15 мамырдан 15 маусымға дейін, күзде 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін өткізіліп, дүйсенбі күндері базар жұмыс істеді. Әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Көкжар жәрмеңкесінің үлес салмағы артты. Ол Ресейдің атақты 10 жәрмеңкесінің қатарына енсе, Қазақстандағы атақты 3 жәрмеңкенің бірі болды. 1913 жылы сауда айналымы 2 млн 140 мың сомды құрады. Сауда қатарларын Ойыл бекінісінде ХІХ ғасырдың 90-шы жылдары Орал көпестері күйдірілген қызыл кірпіштен салдырған. Ойылдан керуен жолдары жан-жаққа тарап, орыс, башқұрт, өзбек, түркімен саудагерлері Орынбор, Саратов, Орал, Орта Азия, тағы басқа аймақтардан келген. Оны қазақ даласына келген орыс зерттеушілерінің жазбаларынан да айқын аңғаруға болады. Ф.Гельмгольц былай деп жазды: «В Уиле воздвигаются в настоящее время громадные каменные корпуса с лавками и складами товаров. Всех корпусов строится 18, в каждом по 9 лавок, из которых 15 корпусов уже готовы. Ярморочная торговля в Уиле, продолжающаяся 2 месяца, прошла в 1893 году очень бойко. Скота в прогоне было в трое больше чем в Оренбурге, а шерсть и кожи раскупались на расхват. Торговое значение Уилской ярмарки растет с каждым годом все больше и больше, так что Общество Рязаньско – Уральской железной дороги, предвидя громадное значение этой ярмарки, предполагает соединить Уил с г. Уральском рельсовым путем. Уил имеет еще то преимущество перед Оренбургом, что он находится на 279 верст ближе к центру киргизских степей, а потому киргизы охотнее продают свой скот и другие продукты в Уиле, чем на Оренбургском меновом дворе».

Белгілі Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың әйелі Мария Шоқай былай деп еске алады: «…Таң сәріде жолға шықтық. Біз Қызылқұрт деген ауылға келдік. Қызылқұртта қазақ, татар аралас тұрады. Осы жерде жазда жәрмеңке өтеді. Бұл жәрмеңкеге қазақтар жүн мен тері әкеледі. Осы ауылда Мұстафаның дәрігер жолдасы Халил Досмемет (Халел Досмұхамедовті айтып отыр. Р.Д.) тұрады… Ойыл өзенінің суына қазақтар жүн жуып, жағасында тері мен жүнді кептіреді екен».

Азамат соғысы жылдары тоқтап қалған жәрмеңкелер жұмысы 1922 жылы қайта жанданып, Ақтөбе губерниясында 16 жәрмеңке жұмыс істеді. 1923 жылы Ойыл жәрмеңкесінің айналымы 6.000000 алтын сомды құрады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы жаңа экономикалық саясат кезінде бұқара арасында саяси жұмыстар жүргізу үшін жәрмеңкелер кеңінен пайдаланылған. Көпшілік халық жиналған жәрмеңкелер мәдени-ағарту жұмыстарының да орталығына айналды. 1923 жылы жазда өткен жәрмеңкеде үгіт пукті мен 300 адамға арналған театр жұмыс істеген.

Белгілі жазушы өлкеміздің тарихын жақсы білген жерлесіміз Ғалым Ахмедов өзінің «Ескі достар» деген кітабындағы «Жәрмеңкеде» атты әңгімесінде ХХ ғасырдың 20-шы жылдары өткізілген жәрмеңкені былай деп суреттейді: «Ойыл, ел Көкжар деп те айтады, теміржолдан қашық, нағыз малды елдің қақ ортасында, айналасы құм, топырағы сортаң, көп жерінің суы да ащы, нағыз қой мен түйенің, жылқының жері. Басында осы Ойылдан дүкен ашып, орын тепкен саудагер кім де болса бұл жер нағыз байлықтың сарқылмас бұлағы екенін біліп салған.

Батыс Қазақстан жерінде Ойыл жәрмеңкесі патша заманында да атақты жәрмеңкелердің бірі болатын. Қаласы аяқтың аумағындай болғанымен де, атағы зор. Ол кездері жәрмеңке қай жерде де жылына екі рет жаздың басында, малдың төлі аяқтанып, қой мен түйенің жабағы жүні алынған, елдің былтырғы күзгі жәрмеңкеде алған заттары таусылып бола келген кезде, сонсоң күзде ел күзем алып, басы артық малын, қойының күзем жүні мен жаздайғы сойған малының терісін сатып қысқа керекті заттарын қамдап алар кезде өткізіледі…

Жаңа экономика саясаты кезі. Мұны орыс тілінде қысқартып НЭП дейді… Мына жәрмеңкеде де солай жайма дүкендерін өрмекшінің ауындай етіп жағалата құрып, ішіне қызыл, жасыл бұйымдарды адамның көзін қызықтырарлықтай етіп жайната жайған.

Бұхардың таза жібек шайысынан бастап, Ресей, тіпті шетел фабрикаларының тоқып шығарған мауыт, трико, қызыл, жасыл, сары мақпал, ұштап, қыздар басына тартатын шашақты жібек орамал, ақсүп, арзанқол шыт пен бөзге дейін толы. Енді бір дүкендерде қазақтар көбірек алатын қара былғары, ұлтандық қызыл былғары, іспірттелген сары ұлтан, қыз-келіншектер кебіс тіктіріп киетін көксәуір, байырақ адамдар киетін жұрт «әмірқан» деп атайтын жылтыр былғарыдан тігілген жеңіл кебіс, мәсі дегендер үйіліп жатыр. Әне бір сәндірек дүкенде қыздар мақпал бешпенттерінің өңіріне, жеңі мен жағасына ұстайтын алтын, күміс жалпақ зерлер, жібек көйлектерінің етегіне салатын шашақты, собықты зерлер неше түрлі інжу-маржан моншақтар, алтын, күміс сақина, жүзіктер, он саусағынан өнер төгілген қыз-келіншектер бірінен-бірі өнерлерін асырып оюлап, мәнерлей шегулеріне керекті алтын, күміс зер жіптер арнайы істелген жіп-жіңішке инелерімен, шеккен зердің әр жеріне қойып кететін кішкентай ғана дөңгелек «кәнәтілдерімен» қоса жарқырап жатыр. Одан әрі әне бақалшылар шай, шекер, жөке жіпке тізген «кірәндір» крендели, өрік, мейіз, одан әрі айна, тарақ, ине, жіп, сабын сияқты ұсақ-түйек.

Бақалшылар да басқалардан қалыспай, әрлі-берлі өтіп жүрген аттылы-жаяу қазақтарға: «Айна менен тарақ бар, алмасаң да қарап қал!» деп шақырып айқайлайды. Бақалшылардың кейбіреулерінде, қайдан әкелгендерін кім білсін, ағылшын сигареттері бар, олар да. «Английский сигарет, без спички не горит, двадцать штук деревянный мундштук!» деп айқайлайды. Шынында да ағылшын сигареттерінің қорабында жиырма сигаретпен қоса қамыс мундштугі болады. Енді бір шетте тамақ сатылады. Помидор, қияр да бар. Олардың сатушылары да өңештерін  соза, қырылдай айқайлап жұртты: «Подходи народ, свой огород, дешевый оборот, палавина сахар, палавина мед!» деп шақырады. Бір шетте қауын, қарбыз да төбе болып үйіліп жатыр. Елден келген етек-жеңдері мол қыр адамдары дүкендерді салт жүріп аралайды. Мына күннің ыссысында қалың киіммен жаяу жүру оларға да қиын. Әр дүкеннің алдына аттарын тебіне жақындап: «Әй, орыс, ана көк шытың қаншадан?» немесе «Әй, ноғай, ана кебісіңді бері әперші, киіп көрейін» деп айқайлайды. Әне бір басына тақыр дөңгелек қара мақпал тебетей киген қырма сақал қарт татардың дүкенінде  көк, қызыл сақтиянмен түптелген Құран, әптиек, жұқалтаң иман шарт, «Қисса-и-салсал», «Қисса-и- Зарқом» сияқты көбі арабшадан аударылған өлең-жыр кітаптары, арабша шимайлап, мәнерлеп жазылған, қабырғаға іліп қоятын дұғалықтар, жайнамаз, самаурын, құман, шыныаяқ, кесе, ағаш табақ, тостаған, қасық, ожау сияқты заттармен араласып толып тұр.

Базардың бір шетінде жәрмеңкеге сүйек оюмен, жезбен мәнерлеп істеген әдемі ер, сүйекпен әшекейлеп оюлап сырлаған, әр жеріне жылтыратып айна қойған ағаш кереует, жастықағаш, бетіне оюлы мәнер салып айналасын көксауырлап, мыспен оюлап шалған тебінгі, күмістелген өмілдірік, құйысқан, ноқта, жүген салған қазақ шеберлері, олардың шетін ала алтын, күміс сақина, балдақ, білезік, қапсырма, өңіржиек, шашбау істейтін зергерлер сатуға жасаған заттарымен қатар, алдарына кішкентай ғана көріктерін, балға, төстерін жайып, қыз ұзататын байларға керек деген заттарын істеп беруге дайын отыр. Мал базары өз алдына. Қаланың шетінде үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, түйе, бірен-саран сиыр малы да көрінеді».

1937 жылдың жазында да ірі жәрмеңке ұйымдастырылған. Жәрмеңкенің ашылып, жабылуы үлкен мереке, той ретінде өткен. Ат жарыс, атан жарыс, теңге ілу, тағы да басқа ат үсті ойындары өткізіліп, мергендер мен палуандар күш сынасқан. Жан-жақтан ат арытып келген күміс көмей әншілер мен жыршылар, күйшілер жәрмеңкені тамаша думанға айналдырған.

Көкжар жәрмеңкесі 1937 жылғы қуғын-сүргін, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейін ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында  баяғы деңгейде дүркіреп өтпегені анық. Бүгінде Көкжар жәрмеңкесінің көзіндей болып  ескі сауда қатарлары, көне ғимараттар сақталған.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ойылда тұрғызылған тарихи ғимараттар — тұтас ансамбль, «Керуен-сарай» тарихи-архитектуралық кешені (мешіт, сауда орны, жәрмеңке комитеті) облыс әкімдігінің 4 маусым 2010 жылғы №180 қаулысымен Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Астанадағы халықаралық ЭКСПО көрмесінің қарсаңында бір кездері Ойыл бойын сауда-саттықтың қызу думанына бөлеген Көкжар жәрмеңкесінің тарихы да жаңғырып еске түседі.

                                                          Рысты ДОСОВА,

ҚР Мәдениет қайраткері, музей ардагері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button