Әскерде барлығы тәртіптен басталады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 7 мамырдағы №745 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанын жариялады. Міне, сол кезден бастап қазіргі Қазақстан армиясының іргетасы қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді. Кәсіби мамандардың күшімен елімізде әскери жүйе пайда болды.

Өзгерген жағдайға байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері, оны шешудің жолдары белгіленген нормативті-құқықтық база жасалды. Айта кетейік, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы — Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ал тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов болды.
Алғашқы күннен бастап Қарулы Күш орнату үлкен патриоттық сезіммен басталды. Қарулы Күштің «миы» — ол әскери штаб, сондықтан штаб Алматыдағы бұрынғы Орта Азия әскери округі штабының орнына орналасты. Ал әскери бөлімдер сол кезде Қазақстан жерінде орналасқан 40 армияның әскери бөлімшелері, құрылымдары бұрыннан келе жатқан Орта Азия және Түркістан әскери округінен қалған әскери бөлімдер Қазақстан Қарулы Күші санына кіре бастады. Кеңес Одағы кезінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан Орта Азия әскери округіне кірген еді, ал қайта құру кезінде Орта Азия әскери округі қысқартылып, бүкіл Орта Азия елдерінің жері Түркістан әскери округіне кірді, штаб Ташкент қаласында болатын.
Кейбір әскери шоғырланған жерлерде Тәуелсіз елдер кеңесі бойынша (ТМД) техникаларды алып кетуге тыйым салынды, себебі техника сол жердің билігінде қалатын болады. Кейбір дөрекі командирлер бұйрықты елемей, соның ішінде ресейліктер тәртіпсіздік көрсетіп, қараңғылықты пайдаланып, түнде техникаларын Қазақстан жерінен алып шығуға қадамдар жасады, ал кейбір жерлерде бұл ойлар іске асырылды. Осындай жағдай Ақтөбе облысында да болды. Алға қаласында тұрған әскери құрылысшылар батальоны бүкіл техниканы өздерімен бірге алып кетті.
Мынадай оқиға есімде қалды: 1992 жылдың қазан айы. Мен ол кезде Маңғыстау облысының әскери комиссары едім. Бір түнде қараңғылықты пайдаланып, құпия түрде Баутинода тұрған Каспий әскери дивизионы Астрахань портына қоныс аударып, қашып кетті. Хабарды ести сала Баутино портына бардым. Барсам, алқа-салқам, есіктері қалай болса солай жабылған, ырым-жырым әскери қалашық және отбасы жағдайларына байланысты көше алмаған екі мичман қалған. Мен дереу Қорғаныс министрін хабардар етіп, әскери қалашықты және қалып қойған екі мичманды тізімге алып, уақытша қызмет жасауды жоспарладым.
Қазір көрсеңіз, бұрынғы болған әскери қалашықтан еске алатын Баутино деген атынан бөтен, бірде-бір зат қалмаған. Тап-таза қалашық, әдемі салынған оқу-жаттығу орындары. Өзіміздің Қазақстан жауынгерлері еліміздің «батыс» өлкесін, соның ішінде Каспий теңізінен кесіп өтем деген бұзақыларға, заңсыз балық аулап жүрген браконьерлерге тосқауыл қойып, шекара күзетінде күні-түні қызмет атқарып жүр. Жағада әскери тәртіппен, уақытқа сай су жаңа әскери кемелер, әскери катерлер жарқырап тұр. Бұл өте қуанарлық жағдай.
Әрине, қазір әскеріміздің жақсы болғанына қатты қуанамыз, бірақ ол кезде Қарулы Күшіміздің қандай болатынын білген жоқпыз, алдымызда үлкен жауапты жұмыс, яғни қалайда әскери қызметті ыждағаттылықпен орнына келтіру мақсаты тұрды. Сол кездегі ең қиын мәселе — офицер кадрлардың тапшылығы.
Мен 1993 жылдың желтоқсанында Қорғаныс министрінің бұйрығымен Ақтөбе облысының әскери комиссары болып ауыстым. Сол кезде Ақтөбе облысының әскери жағдайы да айтарлықтай мәз емес еді. Офицерлер құрамының 90 пайызы орыс, беларус, украин ұлтының өкілдері болды. Олардың бәрі қызметін өз елдерінде жалғастыруға келісім алып, жазбаша шақырту күтіп жүрген офицерлер еді. Оларға енді сенім жоқ, ал өзіміздің кадрларымыз жоқтың қасында. Мысалы, сол кездегі Қарабұтақ ауданының әскери комиссариатында жалғыз офицер, әскери комиссар болды. Ол да өз еліне кетуге дайындалып жүрген кадрлардың бірі болды. Егер ол кетсе, комиссариат басшысыз, офицерсіз қалатын болды. Сондықтан жедел түрде жоғары білімі бар азаматтарды, кешегі агроном, зоотехниктер, әскери бастауыш дайындық мұғалімдерімен кездесіп, оларды әскери қызметке тарттық. Әрине, бәрі бірдей келісімін берген жоқ, дегенмен ол азаматтардың отбасымен сөйлесіп, патриоттық сезімдерін оятып, ойымызды ашық айтып, қызметке шақыруға тура келді.
Содан бері көп жыл өтті…
Сол кезде жап-жас, запастан шақырылған офицерлер бүгінде ұстаз, аға, ақылшы ретінде танылды. Олар қазір еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет атқарып, кейбіреулері құрметті демалысқа шығып жатыр. Бірақ бұл жасалып жатқан қимылдар әлі де аз болатын. Сондықтан Үкімет шұғыл шешім қабылдап, Алматыдағы Кеңес Одағының Маршалы И.Конев атындағы жалпы әскери училищенің әртүрлі мамандар даярлайтын кафедралар санын көбейтті. Бізге әскери мамандар ауадай қажет еді. Мысалы, танкішілер, артеллеристер , байланысшылар, ұшқыштар, саперлер, т.б. әскери мамандар көптеп керек болды. Себебі мұндай мамандарсыз әскер толыққанды әскер бола алмайды. Кейбір әскери мамандарды ҚР Үкіметі Ресеймен арадағы келісімнің нәтижесінде сол елде дайындайтын болды. Сонымен қатар, Түркия, АҚШ сияқты әскери қуаты дамыған шетелдермен де келіссөздер жүргізіле бастады. Бөтен елде қызметте жүрген офицерлеріміз кіндік қаны тамған еліне орала бастады. Міне, осылай кадр мәселесін ыждағаттылықпен шешу ісі қолға алынды.
Әлі есімде, 1994 жылы Қорғаныс министрі, генерал-полковник С.Нұрмағанбетов әскери кеңес біткен соң мені шақырып алып, Ақтөбедегі жоғары азаматтық әуе училищесі туралы сөз қозғап, соны анықтап білуге тапсырма берді. Көп ұзамай Қорғаныс министрлігінен арнайы комиссия келді. Комиссияны сол кезде әскери Әуе күшінің қолбасшысы, генерал-лейтенант М.Алтынбаев басқарып келген еді. Міне, осы күннен бастап әскери ұшқыштар институтын ашу жұмысы күннен-күнге қыза бастады. Сол кезде бұл ісіміздің нәтижесіне күмәнмен қараушылардың қатары (скептиктер) көп болғанын да айта кеткен жөн. Әскери училищенің Қазақстанға керегі қанша деген мағынадағы кертартпа әңгімелерді жиі еститінмін. Бұл оқу орнының мәртебесін көтеру үшін мекемелер, әскери бөлімдер бар күшін аяған жоқ. Облыстық әскери комиссариат өздерінде офицерлер жетіспей жатқандығына қарамастан, 5 офицерінің осы институтқа қызметке келуіне келісімін берді.
Үкімет қаулысымен 1996 жылы 4 маусымда Ақтөбеде әскери ұшқыштар институты ашылып, кейіннен оған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Талғат Бигелдиновтің есімі берілді. Училищенің бастығы болып техника ғылымдарының докторы, профессор, полковник М.Исмайлов тағайындалды. Міне, содан бері 21 жыл өтті…
Қазір осы әскери ұшқыштар институтын бітірген түлектер тәуелсіз еліміздің аспанында шарықтап, талай ерліктер жасауда. Жаңа, заманауи ұшақтарды да шебер игеріп, Отан қорғау алдындағы борышын адал атқарып жүр.
Бүгінде бұл оқу орнында елімізден өзге, көршілес Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен келіп, білім алып жатқандар бар.
Еліміз әскери мамандар даярлайтын, барлық жағынан толық, әлемдік стандартқа сай Қарулы Күшін орнатты. Әскери академиямыз бар. Алматыдағы жалпы жаяу әскери институтында керекті мамандар даярлайтын кафедралар жұмыс істеп жатыр. Кейіннен осы Алматыда жоғары әскери радио-электрондық институты да ашылды. Кейбір әскери мамандықтар бойынша шетелдерде оқып, білім алған жастар қатары жылдан-жылға көбеюде.
1993-1994 жылдар — сарбаздардың әскерден қашқан кез еді. Осы жағдайға орай сарбаздардың не себепті әскерден қашатынын, оларға қандай көмектің қажет екенін білу мақсатында халық қалаулылары ел аралап, іссапарға шықты. Сол кездегі Мәжіліс депутаты, запастағы генерал-майор Е.Мұстафетов, генерал-майор (ол кезде полковник) А.Тоғұсов бастаған делегация мүшелері Ақтөбеге келді. Бір апта бойы осы жағдайға байланысты әскери комиссариатпен бірлесіп жұмыс істеді. Облыс тұрғандарын қабылдап, олардың қойған сауалдарына жауап берілді. Жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әрбір болған жағдайға қатысты қорытындылар жасалып, сол жерде керекті шешімдер қабылданды. Әскер қатарынан қашқандардың басым көпшілігі әскери комиссариатқа тіркелмей, үйлерінде тығылып отырғандар болатын. Сол жылдары әскери комиссариат мамандары күн демей, түн демей жұмыс істеп,әскерден қашқандардың тізімін толық жинап, статистикалық есепті орнына келтірді. Әрине, бұл енді қайталанбайтын жағдай болар деп есептеймін. Сол 1994 жылдан 2002 жылға дейін, әсіресе қыс кезінде Ақтөбе әскери комиссариаты облыс әкімшілігінің көмегімен жыл сайын шоғырланған үлкен әскери гарнизондарға барып, ондағы жерлестермен танысып, командирлермен кездесіп, сарбаздарға ата-аналарының хаттарын тапсырып, үйлерінен пошта арқылы келген заттарын беріп, қуантқан едік. Ол кезде қаражат тапшылығы көп іске қолбайлау болатын, алайда облыс әкімшілігі біздің бұл ісімізге ерекше қолдау танытты. Делегация құрамына әскери комиссариаттан, жауынгерлер аналары комитетінен, әншілер мен БАҚ өкілдері және басқалары енгізілетін, тіпті баласының жағдайын білуге ықылас танытқан ата-аналарды да қатарға алатынбыз. Делегация елге оралғаннан кейін, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барып-көрген жағдайды халыққа паш етіп, сарбаздардың бізге тапсырған хаттарын тарататынбыз. Бұл жаңадан барған жас сарбазға үлкен психологиялық көмек еді.
Осы орайда, сол кезде ҚР Президентінің әскери кеңесшісі болған жерлесіміз, полковник Ким Серікбаев туралы айтпай кетуге болмас. Ақтөбе қаласының, Хромтау ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдардың докторы, профессор, полковник К.Серікбаевтың Қазақстан Қарулы Күшінің қорғаныс доктринасын жазуға, Парламентте әскери сарапшы ретінде жұмыс атқарып, депутаттармен бірлесе отырып әскери заңның жандануына айрықша зор үлес қосып, атсалысқанын бүгінгі ұрпақтың есіне сала кетуді өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Ол — ҚР Қарулы Күштерінің қалыптасу жолында айрықша еңбек сіңірген тұлғаларымыздың бірі.
Міне, содан бері 25 жыл өтті. Қазір әскери гарнизонға барсаң, таңғаласың, баяғы казармалар атымен жоқ. Әскери қалашықтар тап-таза, үлкен әрі әдемі плакаттарға ана тілімізде жазылған патриоттық рухтағы ұрандар Отан қорғаудың әрбір азаматтың мойнындағы қасиетті борыш екенін жауынгерлеріміздің есіне салып тұрғандай сезіледі.
Кеңес заманы кезіндегідей, сарбаздарға түнімен асханада картоп тазалату, көмір түсіртіп, күндіз сабаққа отырғызу секілді келеңсіз істер атымен жоқ. Жауынгерлер тамағын ішіп, қызметін жалғастыра береді. Демалатын бөлмелерге кірсең, мұражайға кіргендей күй кешесің, түрлі түсті теледидар, сұлу табиғат көріністері бейнеленген пейзаждық портреттер, түрлі көрнекіліктерге сүйсіне қарайсың.
Әскери адамдарға эталон болған, Кеңес Одағының Батыры, полковник Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген. Сондықтан әскердегі барлық іс тәртіптен басталады. Әскери тәртіп қатал, оған бағына білу керек.
ХХІ ғасыр — техниканың дамыған кезеңі. Адам психологиясы техниканың қарқынды дамуына ілесе алмай қалатын жағдайлар да ұшырасады. Соның ішінде, компьютер, электроника өмірге көп өзгеріс енгізіп жатыр. Бірақ, өмірде бір ғана нәрсе өзгермейді: ол — туған жерге, Отанға деген махаббат. Отанды сүю патриоттық тәрбиеден бастау алады. Бұл ұғым — әр азаматтың бойында туған жеріне, ана тіліне, дініне, салтына мәңгілік сүйіспеншілігі болу керек деген сөз. Онсыз еліміздің ертеңі бұлыңғыр болмақ.
Қ.СӘТЕНОВ,
отставкадағы полковник,
интернационалист-жауынгер,
облыстық әскери
ардагерлер қоғамының төрағасы.



