Бір бақыттың көрінеді аралы…
Алғашқы жолы дәл қай күні жазылғаны мәлім емес Поэзияның ең соңғы жолы қай күні жазылатынын да ешкім білмейді. Сірә, олай болмайтын да шығар. Себебі, поэзия — жүректің дауысы. Ежелгі қазақтың есті жырларын, мысалы, кешегі өткен, бүгін арамызда жүрген аға-апаларымыз әр қиырға салса, оларды бүгінгі жас буын жарасымды жалғастырып келеді.
Сөз — жас буынға!
Ақберен ЕЛГЕЗЕК.
Бүгін сенің жанарыңа үңілдім,
Онда неге періштенің мұңы жүр?
Сүймей-ақ қой!
Бірақ маған өмірдің,
Жылуы мен сұлулығын ұғындыр!
Жарық шашқан жаның нұр да, тәнің гүл,
Сайтансың ба, перісің бе, бәрібір!
Сенің барлық болмысыңнан, құбылып,
Маған бүгін күліп тұрды Тәңірім!
Сескенбеймін күдіктер мен үміттен,
Жол бермеймін көндіру мен үгітке.
Сыйың болсын мен сияқты жігітке,
Ішіме еніп, жүрегімді көріп кел!
Сонда мүмкін жанарыңнан жаралы,
Бір бақыттың көрінеді аралы…
Жалт қарашы!
Өліп жатқан ішімнен,
Мен өмірге қайта келем оралып!
Бақытгүл БАБАШ.
Өткен шақпын сізге мен.
Еске алуға, ескеруге тұрмайтын.
Бізді бөлген шақырымдар
Ауыр үкім оқығаны болды айқын.
Сырым едің —
Жан адамға ашпайтұғын құпиям,
Жырың едім —
Тәтті ұйқыңды ұрлайтын.
Енді бәрі елес боп,
Жағасында жалғыз қалдым Жайықтың,
Көп ішінде күрсінемін.
(Несіне…)
Ертіс, сенің ерке ұлыңа сенгенім…
Бар айыбым.
(Ол да мені ала ма екен есіне?)
Біз әдемі сезімдерді жоғалттық,
Көк теңгеге айырбастап уақытты,
Сағынбайтын, сарылмайтын боп алдық,
Қолдан жасап бақытты.
Сұр қалаға қамалып,
Көкжиектер көрінбейтін көшемен,
Жан берісіп, жан алып,
Жүгірем деп,
Өлеңімді құрбан қылдым неше мен.
Енді бәрі ертегі.
Естелік қып бірге өткізген күздерден:
Сағынышым сіңіп қалған бойына,
Алтын түстес жапырақтар тізбегін,
Алқа қылсам мойыныңа деген ем.
Өкініш бар өміріме жетерлік,
… Өткен шақпын сізге мен…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.
Оралмадың көктем боп,
Отпантаудан бері өтіп.
Өмір еркелеткен жоқ,
Өкпем де жоқ және түк.
Қайтып келіп шалғайдан,
Құстар әнін шырқап жүр.
Сипамады маңдайдан,
Сонша сенген бір Тағдыр!
Бозқарған гүлдеді,
Бұтағына нұр іліп.
Миығынан күлмеді,
Мен аңсаған бір Үміт!
Тұмалардан су ақты,
Тарам-тарам бұралған.
Жүрегімді жылатты,
Жақсы көрген бір Арман!
Айдынына қаз қонды,
Ақ жем болып тірсегі.
Адасуға аз қалды,
Айнымаған бір Сенім!
Емеурін не, белгі не,
Емес пе еді шын сөзің?
Суынды ма, сөнді ме,
Сендегі от бір Сезім?..
Білмедің-ау, білмедің,
Бір Өзіңді жыр қылып…
Жолға қарап жүргенін,
Жаны таза бір Жігіт!
…Өмір еркелеткен жоқ,
Өкпелеуім керек пе ед?..
Оралмадың көктем боп,
Опасыз ең, о, неткен!!!
Ұларбек БАЙТАЙЛАҚ.
Бір күйді зарлата шертіп,
Ымырт та күйзелтті мені.
Келеді тұмандарды ертіп,
Ызғарлы Шығыстың желі.
Ажалға маңдайын иген,
Кеземін Шаһиттер елін.
…Шұғадай елігіп сүйген,
Ең дегдар мұратым едің!
Сәмбі тал сәнінен безген,
Тәңір-ау!
Одан не қайыр?
Жоқ іздеп жалғанды кезген,
Мен де бір жаралы Шайыр…
Қолдаса сол ғана қолдар,
Деп саған мойнымды бұрам.
Жан-жаққа шұбаған жолдар –
Түсімде көп көрген жылан…
Жанымда қабағын түйген,
Таңдайда жалғыздық дәмі.
Боз қырқа астындағы үйден,
Боздайды Шәмшінің әні.
Отты да ішуге дайын,
Жастықты тонатқам кеше.
Ес-түссіз егілген қайың…
Сертімді жоғалтқан көше.
Сен де ұзақ күттің бе мені,
Үмітке жаныңды жалғап.
Соқты ма Шығыстың желі,
Тырналар мезгілді қарғап.
Қайғыдан қанаты күйген,
Бұл нөсер – дәуірдің қаны.
Боз қырқа астындағы үйден,
Боздайды Шәмшінің әні…
Құралай ОМАР.
Жолымды бөгеді, білмеймін, неше ырым?
Өзіме тиді-ау қырсығым, кесірім…
Айтылмай не мұңым, не сырым,
Телефон көзімнің жасына тұншықты.
Сіздегі үнсіздік – ақталу,
Мендегі үнсіздік – кешірім.
Солай-ау, шамасы…
Жазмыштың жазуы –
Маңдайға сызғанға көндігу, бағыну.
Тыныштық тағы өлді ауыр дем арқалап,
Сіздегі күрсініс – жалғыздық,
Мендегі күрсініс – сағыну.
Аязға, мұзға да бергісіз,
Жүрекке сұп-суық ерді сыз.
Толқындар жеткізген үніңіз жауратты,
Сіздегі салқындық – үмітті жылату,
Мендегі салқындық… белгісіз…
Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ.
Көздеріңнің бір ойланып, бір күлген
Өзекті өртер дерт боларын кім білген?!
Бір-ақ рет билеймін деп өзіңмен
Біраз уақыт есеңгіреп жүрдім мен.
Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай,
Біраз уақыт ақылыма ере алмай,
Жынды болдым көз алдымнан біраз күн
Сенен басқа жан адамды көре алмай.
Арбап және әдеттенген жиі алдап,
Саусағыма сарқылмаған сиямды ап.
Біразырақ ақын да боп үлгердім,
Біраз уақыт оны-мұны қиялдап.
Сүйемін деп, айтпасаң да сенем деп,
Тосын хабар алатындай сенен бек.
Ханзададай асыл затын жоғалтқан,
Біраз уақыт жүрдім әйтеу елеңдеп.
Біраз уақыт арқыратып, бірер күн…
Біраз уақыт өзің болып күлер түн?!
Біраз дейтін бірақ осы бір сөзде
Тұтас өмір тұрғандығын білер кім?
Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ.
Трамвай да келмей қойды қырсығып,
Келмегенмен тоқтап міне тұр сынып.
Көрмеген боп көріп тұрмын мен сізді,
Көрмеген боп бір кіресіз, бір шығып.
Суық болып кеткен неге күз тіптен,
Жылы сезім жоқ па, бәлкім, сіз күткен?
Бөтен болып кеткенбіз бе біз мүлде
Көрсем деген үміт қайда үздіккен?
Жапырақтар құлап жатыр сүйісіп,
Жер бетінде қалай жүрміз сыйысып?
Тұра қашып кететіндей үркеміз
Жанарымыз қалса кенет түйісіп.
Кетіп қалмай неге тұрмын байланып?
Кетіп қалмай неге жүрсіз айналып?
Жанұшыра іздетеді сізді ылғи
Жүрегіме жайғасқан мұң жайланып.
Көрсем дағы көзім сізге тоймайды,
Бір жүрек бар
Тек сіз жайлы ойлайды.
Білмейсіз ғой…
Мүмкін іштей білесіз
Жек көруге сізді неге болмайды?
Алмас ТЕМІРБАЙ.
Жүрегін ұстап қолына жүгіріп алдан шығатын,
айтайын деген сөзімді айтқызбай жатып ұғатын,
қойып кеткен жерімде қозғалмай күтіп тұратын,
оңаша қалсақ,
отыз күн ойын, қырық күн тойын қылатын,
әдемі киім киетін,
әдемілікті сүйетін,
елге сәлем салғанда еңкейтіп басын иетін,
еңкейген сәтте бір құлаш бұрымы жерге тиетін,
суығыма тоңатын, ыстығыма күйетін,
маған тиген таяқтың бір ұшы соған тиетін,
шынын айтып жылатқан,
сырын айтып жұбатқан,
көк Аспанның астында, қара Жердің бетінде,
көп Еркектің ішінен Мені ғана ұнатқан,
у мен балды тең ішкен,
«Сізді ғана сүйем» деп, сертінде тұрып сеніскен,
Құдай қосқан қосағым болмақшы болып келіскен,
пешенеме бұйырып, пенде боп туған періштем,
осы елге келіп жоғалды-ау, адасып шығып пейіштен…
…жалғыз жүрген жан еді,
аққу құстай бөлініп, жүргені де әдемі,
ақ жүрегі көрініп, күлгені де әдемі,
мөлт-мөлт етіп моншағы, жылағаны әдемі,
жылап тұрып, кешірім сұрағаны әдемі,
бір періштем бар еді,
бір пе-ріш-тем бар е-ді,
бір пе-ріш-тем бар е-ді…
Сол періштемді жоғалттым!
Кім ұрлады?! Кім көрді?!
…
Көрсеңіз оны, замандас,
мына телефонға хабарлас:
8-701-534-2006.
Рахат Әбдірахманов.
Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп. Өкіндіріп. Өкпелетіп.
Хат беріп жібермедің неге түннен,
Кешірсең,
Кешіксем де, келетін бе ем?!
Сендік мұң- менің күнәм. Түн куәсі…
Жыр оқып берем енді не бетіммен?!
Қысты қойшы…
Келеді ғой күліп көктем,
әр күні шуағымен үміт төккен.
Жүремін өзімді-өзім іздеп күнде,
Күйбеңнің көшесіне сіңіп кеткен.
Таңыма тәубе етпесем, бағыма сын,
Өмірдің өлең дедім мағынасын.
Шөлдеген кездеріңді, тұңғиыққа
Тұншығып бара жатып сағынасың.
Бүгінгі сезім жалын, кешегі де от,
Кей кезде кезбе алаудың кеселі көп.
Тиер ме ед таңдайыңа тылсымға еру,
Жазылсам маңдайыңа бес елі боп.
Өзектен өрлігімді өктем етіп,
Көргенім осы еді ғой көкке бекіп.
Ең асыл адамымды Сүйемін мен,
Өксітіп.
Өкіндіріп.
Өкпелетіп.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМ.
Тағы да күз, күз тағы да…
тамсанам,
Жаз жамалын жалмай-жалмай таусаған.
Құлазиды құр сүлдерім менің де,
Құр үмітке құлшынудан шаршаған.
Жезөкше- түн жеңіл ұстап желкемнен,
Алып-ұшып кететіндей өлкемнен.
Көлеңкеме көнем үнсіз
көлбеңдеп,
Теріс кетіп бара жатып теңселген.
Бар бәлені өзім тауып басыма,
Көктемеде күзбен болдым ашына.
Кім кінәлі, кірпіктері дірілдеп,
Жаз- келіншек алмай қойса қасына?
Аспанында тұнып қалған мұңлы ырғақ,
Менен бетер тұнжырайды тұнжыр бақ.
Шайтан жүр ме деп шошынам қасымда,
Құлағыма күлкі тисе сыңғырлап.
Тұл дүниеге айтылғандай ақырғы ән,
Бұл қандай үн жалғыздыққа шақырған.
Ештеңе де сұрамаңдар ақыннан-
«Жапыраққа жаназа» оқып отырған.
Тоқтарәлі Таңжарық
Сезім нұры жауғанда себелектеп,
Ермен мұңға мас болған ебелектеп.
Қызыл гүлдің жабысып қауызына,
Қонса жалғыз қоңырқай көбелек кеп…
Ол менмін ғой,
Әлдене керек еткен.
Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,
Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.
Бозала таң атқанда бозторғай кеп,
Терезеңе қонақтап шырылдаса,
Ол менмін ғой…
Қайтейін ұғынбасаң.
Тырналарын түн бойы тыраулатқан,
Мұңлы әуенге тұншығып мұнарлы аспан.
Қара жолдың үстінде қайғы құшып,
Жапырақты көрсең сен құлап жатқан…
Ол менмін ғой,
Сені ойлап жылап жатқан!
Қыңыр боран қымсынбай қыңсыласа,
Қыңсыласа,
Бір сәтке тыншымаса.
Сенің алма жүзіңді аяз келіп
Ақырын шымшыласа…
Ол менмін ғой сүюге құштарланған,
Жүрегіңнен бір күні бүршік атам…
Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ.
Ұмыт мені… Ойлама, өшір мені есіңнен,
Өлсін ойлар,
Өлсін сөз,
Өлсін өмір есірген.
Менің досым – өкініш – сенің ессіз ғашығың,
Енді мен де мыңдаған ғасырлардың жасымын.
Қан аралас жаспын – Мен, өтінемін жолама,
Менің сорлы сезімім қаңғып өлсін далада!
Өлсін дала қамығып,
Өлсін қала қағынып,
Мен де өлейін дұғамда.
Өлсін қазір уақыт, ұмыт, ұмыт барлығын,
Өлсін түндер көміліп, өлсін шөлдеп зарлы күн!
Аңсар сөзін ұқпадың, мен адастым жоқ шара,
Кінә тақпа тағдырға, сосын, мені ақтама.
Өткен ғұмыр – хақ тағдыр, келер күндер еркіңде,
Мен еркіңде өртендім, сен айныма сертіңде,
Өлді.
Бітті.
Жоғалды.
Сөнді үміт – қайғылы ой,
Ұмыт мені, ұйықта, әлди, әлди, әлди-ай,
Кекіліңнің әр талын гүлмен тарап берейін,
Кірпігіңді жан сөзім – жырмен санап берейін,
Қайырындай сәлемнің, мейіріндей тілектің,
Көздеріңнен сүйейін ерінімен жүректің…
Ұмыт мені, болды енді, мүлде, мүлде ойлама,
Бірге өткізген тәтті түн – сенің түсің жай ғана,
Ғұмырымды өрнектеп ақ махаббат билеген,
Бірге өткізген сәтті күн – менің түсім жай ғана…
Нәзира БЕРДАЛЫ.
Көктің жүзі тылсым түспен түнеріп,
Көрпе-бұлтты серіппеуге бекінді.
Ғайып болған, кеткендей-ау күн еріп,
…Ғажап нәрсе төгілетін секілді.
Қоңыр-сары жапырақтар қалықтап,
Жауып жатыр жерге түскен әр ізді.
Қиял-құсым әлдеқайда шарықтап,
Түсінбедім… жыр туатын тәрізді.
Күзгі көңіл саябақты аралап,
Сені іздеген сабылыстан шаршады.
Екеу отыр сәмбі талды саялап,
Оңашалық орап апты аршаны.
Күндер бөлді арамызды бірге өтпей,
Мен — мұндамын, сен — андасың, шалғайда.
Мына жаңбыр, көктің жүзін түнертпей,
Жауар болса, жылдам жауа салмай ма?
Жапырақтар күз мұңына жуынып,
Жүректерін жоқтар еді, жұлынып,
Жер бетіне бара жатқан жығылып.
Сенде де жоқ, менде де жоқ жылылық
Күзде де жоқ.
Тұл үміт…
Сен қайтып келмейсің.
Тағы да таусылған әңгіме…
Далада — табиғат-анаға жан кіре,
Дүбірлі көктемгі дүние,
Айтқызып әсем тау-тасына,
Өзімнің қырсықтығымның арқасында
Жалғыз қалатынымды сездім… мәңгіге.
Аударылды да өмірімнің бір парағы
Көзілдірік таққан жанарым сен кеткен жаққа қарады.
Тық-тық еткен компьютердің ақ «тышқаны»
Санамды тесіп барады.
Көшедегі көктем, жайқалған көркем бау қалып,
Белгісіз жақта белгісіз отқа лауладық.
Құтқарушым сен бе ең,
Өртіме айналдың сөнбейтін
Ал мен барамын ештемені енді сезбейтін
Қуыршақ-қызға, қуыршақ-қызға айналып…
Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ.
Білесің бе, сені қалқам сағыну —
Кірпігіме кермек моншақ тағыну.
Саусағыма сыймай қалған күндерге
Құр кіжініп құдайыма шағыну.
Сенсіз қалу —
Уақытыңды уайымға кезгізу
Қызыл тілден тамшылаған сөз — қызу.
Сенсіз тірлік қаңыраған қаланың
Көшесіне бекер-бекер көз сүзу.
Өзіңді ойлау —
Қаламыңды қара мұңға матыру,
Қиялыңды қияндардан шақыру.
Сезіміңе куә болған Каспийдің
Толқындарын толғап-толғап сапыру.
Өзіңді аңсау —
Домбыраның күмбіріне қосылу.
Пойыз кеткен бетке қарай тосылу,
Бір-бірінсіз болмасына шүкір ғып
Бірікпейтін шойын жолдан шошыну.
Өмір осы…
Мың мұңайып, жүз күлу…
Үмітіңнің бар білері үздігу.
Тәңірімнің жазғаны да, тағдырды —
Сағыныштың сағымына жүздіру.
Сұлтанбек ҚҰДАЙБЕРГЕН.
Бозторғай шырлап ұшты — бабаға арман,
Бабадан бабаураған дала қалған.
Қайдақтан көрінген із сорға батып,
Мың тарау жол шығады Қарағаннан.
Бұл жолмен жүріп өткен дүйім дана,
(Жүгірдім шешілмеген түйінді ала).
Тоғыз жол торабына отырып ап,
Жеп отыр «сыбағасын» Сүйінғара!..
Заманның желі соғып құбылмалы,
Бәймембет «ұлы жолдан» бұру қалды.
Адайдың кірі тұтып дидарына,
Мәтекем теріс қарап, бұрылмады.
Тас қамал, арызыңды кім тыңдайды?..
Самұрық екі басты тың тыңдайды.
Досанды ақырғы рет жанай ұшып,
Қос аққу: «Қош, батыр!» — деп сұңқылдайды.
Тас қамал таспа жолды таратады,
(Тұйғындай түлеп ұшты қала, тағы).
Қазаққа қарға тамыр —
Күре тамыр
Жолды алып, Тобанияз баратады.
Сан тарау, бас айналып, жаңылғандай,
Жүгірдім алашапқын, жаным қалмай!..
Әркімнің таңдап алған өз жолы бар
Ал, менің түсетұғын жолым қандай?!.
Кәлламыз — Алла добы, сандалады,
Сүйемін алашаңдақ, сар даланы.
Аманат — сапардағы жолаушымын,
Алдымда — барсакелмес-жол барады…




әдемі жырлар