БилікӘлеумет

Жұртшылықты ойландырған сауалдар

ОБЛЫС ӘКІМІ Б.САПАРБАЕВТЫҢ 2017 ЖЫЛҒЫ ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУІ БАРЫСЫНДА ТҰРҒЫНДАРДАН ТҮСКЕН ӨТІНІШТЕРГЕ БЕРІЛГЕН ЖАУАПТАР

 

Облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуіне дайындық барысында облыс тұрғындарының ұсыныстарын, ескертулерін және пікірлерін жинау ұйымдастырылған болатын.

Облыстағы өзекті мәселелер бойынша тұрғындар өздерінің ұсыныстарын және сын-ескертпелерін жазбаша түрде арнайы орнатылған жәшіктер немесе облыс әкімдігінің сайты арқылы жіберуге мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, есептік кездесу өткізілген күні сұрақтарды интернет желісі және ұйымдастырылған саІІ-орталық арқылы қоюға мүмкіндік жасалды.

Есептік кездесу барысында 34 адам өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын жолдады, жалпы 49 сұрақ қойылды (әлеуметтік сала мәселелері бойынша — 10, ТКШ мәселесі — 6, жол жөндеу — 5, тұрғын үй — 5, 2 мәселеден қоғамдық көліктердің жұмысы, жер мәселелері, жұмысқа орналасу бойынша және басқа да мәселелер бойынша — 17).  

Залдан қойылған сұрақтарға негізінен жауап кездесу барысында берілді.

Одан басқа, 30 адам негізінен жеке сипаттағы жазбаша және ауызша өтініштерін қалдырды.

Есептік кездесуге дайындық және өткізу барысында түскен барлық сұрақтар талданды және қаралды.  

Ақтөбе облысы әкімінің есептік кездесуіне дайындық және өткізу барысында халықтың айтылған ұсыныстарын және сын-ескертпелерін жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына 4 сұрақ енгізілді: мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін оңалту орталығын ұйымдастыру, жауын-шашын және еріген қар сулары жиналатын суағар жүйесін салу, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, жерүсті жаяу жүргіншілер өтпесінің құрылысы.

7 адам облыс әкімінің жеке қабылдауында болды.

Барлық түскен сұрақтарға жауаптар өтініш иелеріне берілді немесе облыстық  әкімдік сайтына орналастырылды.

 

І. Жолдарды жөндеу, көлік қатынасы, абаттандыру мәселелері бойынша

 

Қобда ауданы Бұлақ ауылының тұрғындары, жол, газдандыру және ауызсумен қамту мәселелері бойынша.

Аудандық маңызы бар «Бұлақ ауылына кіреберіс» автомобиль жолына күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін конкурс жарияланды. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленген (ведомстволық сараптама жүргізу) соң бюджет қаражатының бөліну көлеміне қарай құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін болады.

Елді мекендерді газдандыру және ауызсумен қамту мәселелерін шешу барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, дамуы, соңғы 5 жыл ішіндегі демографиялық өсім және халық көші-қон деңгейі ерекше ескеріледі.

Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеттік көрсеткіші басым елді мекендерді бірінші кезекте газдандыру және орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланған.

Бүгінгі күнге Бұлақ ауылының халық саны – 177 адам (35 аула). Тұрғындар саны аз, елді мекендерді газдандыру және ауызсумен қамту мәселелерін шешу 2020-2025 жылдарға жоспарланған.

 

М.Дәрібаев, Ж.Қабыл, М.Бисеналин, А.Сәрсембаев,  Заречный-3 елді мекенінің тұрғындары (көше атауы, қоғамдық көлік, көше жарығы бойынша).

Қазіргі кезде Заречный-3 елді мекеніндегі 33 көшенің 2-еуіне атау берілген. 2016 жылдың 12 желтоқсанында Жұмабек Тәшенов пен Әбидолла Биекенов есімдерін осы елді мекен көшелеріне беруге шешім шығарылды. Атау берілген көшелерге көше аттары мен үй нөмірлерін ілуге 2017 жылы 25 миллион теңге қаржы қарастырылды.

Көшелерге атау беру бойынша жұмыс алдағы уақытта заңда көрсетілген тәртіпте жалғасын таппақ.

2016 жылы Заречный-3 елді мекенінде орналасқан орталық көшенің автомобиль жолына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. 2017 жылдың жұмыс жоспарында Заречный-3 ауылына қарасты көшелердің автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қаржы көлемінің жеткіліксіздігіне байланысты қарастырылмағандығын хабарлаймыз.

Жолаушылар көлігі мәселесі бойынша, Сіздің өтінішіңізге сәйкес №5 Пушкин саябағы-Заречный-3 бағытындағы автобустар тексерілді. Тексеріс барысында қозғалыс аралық уақытының және автобустар санының жеткіліксіздігі  анықталды.

Тасымалдаушы мекеме «Автопарк» ЖШС-на №5 Пушкин саябағы-Заречный бағытының сызбасын қайта қарау жөніндегі арнайы хабарлама жолданды. Жоғарыда аталған бағыттағы автобустармен көрсетілетін қызмет сапасы «Ақтөбе қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-нің қадағалауына алынғандығын хабарлаймыз.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сәуір айында өткен 2017 жылдың 3 айы қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы әкімінің есебінде қаладағы барлық бағыттағы жолаушылар көлігінің жұмыс істеу уақытын түнгі сағат 00.00-ге дейін ұзарту жөнінде тапсырма берілді.

Қазіргі уақытта Заречный-3 елді мекеніндегі барлық көшелерді жарықтандыру қаржы тапшылығына байланысты мүмкін емес. Көше шамдарының қосылуы және сөндірілу уақыты электр таратушы мекеме «Энергосистема» ЖШС мен қала әкімдігі арасында келісіліп белгіленген болатын. Алдағы уақытта аталған елді мекен бойынша көше шамдарының жану уақытын ұзарту мәселесі қосымша қаралатын болады.

 

П.Қуанышбаева, Оңтүстік-батыс-2, әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша.

Оңтүстік-батыс-2 ауданының жоспарлау жобасына сәйкес ауданда балабақша мен мектеп салу үшін жер учаскелері бөлінген.

Қазіргі таңда «Ақтөбе қаласы Оңтүстік-батыс-2 тұрғын мекеніне 320 орынға арналған орта мектеп салу» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауды бастау жоспарлануда.

Осы ауданда балабақша құрылысы үшін 0,74 гектар жер учаскесі аукцион арқылы азаматша К.Скендироваға берілді. Құрылысты бастау 2017 жылы жоспарланып отыр.

Сіздің арызыңызда көрсетілген монша-кір жуатын кешен құрылысы үшін де осы аудандағы басқа орыннан 0,2 гектар жер телімі сатылым арқылы жеке кәсіпкерлерге сатылды.

 

С.Тобағұлов, А.Шекпенова, У.Батырханова, «Мехколонна 168» көшесі, жолдарды жөндеу, қарды тазалау бойынша.

Бөлінген қаржы көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты, бір жылда барлық көшелердің автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан бұл жұмыстар кезеңімен атқарылады.

Ағымдағы жылдың жұмыс жоспарында Мехколонна көшесінің автомобиль жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша қаржы бөлу қарастырылуда. Қосымша қаржы көлемі бөлінген жағдайда Мехколонна көшесінің автомобиль жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, жұмыс жоспарына енгізілетін болады.

2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында мердігер мекемелер қала көшелерінен қар шығару жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді. Қар шығару жұмыстары су тасқынына қарсы шаралардың ең басты бағыты болғандықтан бұл мәселе қатаң бақылауда болды.

 

ІІ. Әлеуметтік сала мәселелері бойынша

 

Сивирин Виктор Иванович, Алға қаласында шахмат клубының  ашылуы бойынша:
Шахмат клубының ашылуына жағдай жасау бойынша бастамаңызды қолдаймыз. Балалар мен оқушылардың шахмат ойынымен шұғылдануы өте пайдалы деп санаймыз, өйткені бұл олардың логикалық ойлау қабілетін арттырып, шешім қабылдауға септігін тигізеді.

Алға ауданы әкімдігінің мәліметтері бойынша қазіргі уақытта Алға қаласының №1, №2, №3, №4 мектептерінде, «Нұрталап» балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының шахмат секцияларында 140 бала үйірмеге қатысады.

Алға ауданының әкімдігіне аула клубтарының жанынан шахмат клубтарын ашуға және оған жаттықтырушы-оқытушыларды тарту бойынша мәселені қарастыруға тапсырма берілді.

 

 К.Бегалиев, инвесторларды тарту бойынша.

Аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы бастамаңызға алғысымызды білдіреміз.

Сіз ұсынылған барлық жобалар сыртқы байланыстар және туризм басқармасында қарастырылды және қала мен облыс инфрақұрылымын дамытудың басты бағыттарына сай екендігін жеткіземіз. Нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ-ның «Ақтөбе индустриалды аймағының» аумағында қажетті инфрақұрылым ұсынылуы мүмкін.

Инвестициялық жобаларды рәсімдеудің заңды талаптарын және жобаларды ұсыну кезінде инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша халықаралық ұйымдардың, басқа да әлеуетті инвесторлардың критерийлерін ескеруге кеңес береміз.

Инвестициялық жобаларды қолдау, әлеуетті инвесторларды тартуға қатысты сұрақтар бойынша Сіз «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін Инвесторларға қызмет көрсету орталығына (ЦОИ) хабарласа аласыз. Байланыс мәліметтері: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 22-к, 1-қабат, «Қазына» БО; тел. – 8 7132 74-20-40 (41)

 

Б.Қуатова, Қаратал ауылындағы Ш.Берсиев ескерткішін реставрациялау мәселесі  жөніндегі сұрағы бойынша.

Қаратал ауылындағы Ш.Берсиев ескерткіші облыс әкімдігінің 2010 жылғы 4 маусымдағы №180 қаулысы негізінде Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Ш.Берсиевтің ескерткішіне 2016 жылдың жаз айында ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Қазіргі таңда ескерткіш жағдайы қанағаттанарлық жағдайда.

Ескерткішке реставрациялау жұмыстарын жүргізу мәселесі тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның  бақылауында.

 

Оразбай Сарин, Алға ауданы, инсульт орталығын ашу мәселесі бойынша.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «ҚР неврологиялық көмекті ұйымдастырудың стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес өңірлік инсульт орталығы облыстардың өңірлік стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының 250 мың халыққа шаққанда 30 төсек есебінен ұсынылған халық санын, «терапиялық саңылау» кезеңінде географиялық қашықтықта қолжетімділікті ескере отырып, онда тәулік бойы қызмет ететін бөлімшелер бар болған жағдайда ми-қан айналымының жіті бұзылулары бар наукастарға көмек көрсету үшін республикалық және көп бейінді ұйымдардың базасында құрылады.

Сонымен қатар, ҚР-да 2016-2019 жылдары жедел инсультке шалдыққан ауруларға медициналық көмектің интеграциялық модельдерін енгізу Жол картасына сәйкес инсульт орталықтары 3 деңгейге бөлінеді:

1) І деңгейлі инсульт бөлімшелері невропатолог, терапевт мамандары, реанимация бөлімшесі, зертхана бар аудандық орталық ауруханаларда ашылады (Ақтөбе облысы бойынша Алға,  Ойыл,  Қарғалы,  Мәртөк,  Шалқар,  Мұғалжар,  Әйтекеби аудандық ауруханаларда І деңгейлі инсульт бөлімшелері бар);

2) ІІ деңгейлі инсульт орталықтар 30 кереуеті, компьютерлік  (КТ) және магнитті резонанстық томографтары (МРТ), нейрохирургиялық бөлімі бар емдеу ұйымдарында ашылады (Ақтөбе облыстық ауруханасында ІІ  деңгейлі инсульт орталығы жұмыс істейді);

3) ІІІ деңгейлі инсульт орталықтары 30 кереуеті, КТ және МРТ, нейрохирургиялық бөлімге қоса ангиограф құрылғысы бар медициналық мекемелерінде ашылады (жедел медициналық көмек ауруханасында ІІІ деңгейлі инсульт орталығы қызмет атқарады).

Алға аудандық орталық ауруханасында І деңгейлі инсульт бөлімше инсультқа шалдыққан науқастарға терапиялық саңылаудан тыс (6 сағат) білікті медициналық көмек көрсетіледі.

Аудандық ауруханаға түскен науқастың медициналық  көрсеткіштеріне байланысты оның ем алуы қай деңгейде өткізілетіні анықталады. Көрсеткіштеріне сәйкес негіз болған жағдайда науқас облыс орталығындағы 2 және 3 деңгейдегі инсульт орталықтарына жолданады.

 

Әйгерім Исмурзина, Шалқар туберкулез ауруханасының қысқартылған медицина қызметкерлерін жұмысқа орналастыру туралы.

ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ҚР туберкулезбен күресудің 2014-2016 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес 40 кереуетке арналған Шалқар аудандық туберкулез ауруханасы жабылды.

Аталған аурухананы жабу барысында 59 қызметкер қысқартылған, оның 51-і жұмыссыз ретінде тіркелді (8 адам өз-өздерін қамтыған).

Бүгінгі күні барлығы 41 адам әртүрлі жұмыстарға орналасқан, 2-уі тұрғылықты жерін өзгертіп, Ақтөбе қаласына көшкен, 4-еуі зейнеткерлік демалысқа шыққан.

Ал жұмыссыз ретінде тіркелген 12 азаматты жұмысқа орналастыру мәселесі Шалқар ауданы әкімдігінің тұрақты бақылауында. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл азаматтарға бос немесе жұмыс орындарының пайда болуына қарай жұмыстар ұсынылатын болады.

 

Өмірзақ қажы Жұмабаев, Шалқар ауданы, ШҚ-на ветеринар мамандарды даярлау бойынша.

Ветеринария мамандарын Ақтөбе ауыл шаруашылығы және Ойыл аграрлық колледждерінде даярлайды.Оқу мерзімі 9 сынып базасында 3 жыл 10 ай, 11 сынып базасында 2 жыл 10 ай.

Сонымен қатар, Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде 1-3 айлық мерзімді ветеринарлық санитарларды оқытады. Оқу тегін.

Бозой ауылдық округінде Шалқар аудандық ветеринарлық станциясының штаттық кестесіне сәйкес 5 маман жұмыс жасайды. Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырыс негізінде ветеринарлық станция мамандары жұқпалы ауруларға қарсы егу, тексеру шараларын жүргізеді.

Малдарды сату үшін құжаттарды беру мемлекеттік қызмет көрсету болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес құжаттарды тек аттестациядан өткен ветеринарлық пункттің меңгерушісі бере алады.

 

Шалқар ауданы Ақтоғай селолық округі №60 разъездің тұрғындары И.Исмайлова, И.Ермекова және басқаларының Шалқар-Жем пойызының демалыс күндері жүруі туралы.

2015 жылдың 11 желтоқсаны күні №450/357 Ақтөбе облыстық әкімдігі қаулысымен және облыстық мәслихаттың шешімімен ауданаралық бағыттағы Ақтөбе-Шалқар теміржолы көлігі әлеуметтік маңызы бар болып айқындалған.

Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе маршруты демалыс күндерін қосқанда аптасына 5 күн жүреді. Плацкарт вагондарындағы 1 орын құны — 1565 теңге, жалпы вагонның 1 орын құны — 780 теңге.

Тасымалдауды «Сарыарқа Компани» ЖШС жүзеге асырады.

2017 жылы Ақтөбе-Шалқар теміржол маршрутының тасымалдаушысының шығындарын субсидиялауға облыстық бюджеттен 230,0 миллион теңге бөлінген.

Қазіргі таңда Шалқар-Жем пойызының демалыс күндері жүруі бюджет қаражатын тиімді пайдалану және үнемдеу мақсатында мүмкін болмай тұр.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button