Білім

Үш тілде білім беру — заман талабы

«Жаңа мазмұнды білім беру философиясы аясындағы көптілділік және инновациялық идеялар». Ақтөбе қаласында осындай атпен республикалық семинар өтті. Екі күндік шараға өңір мұғалімдерімен бірге, еліміздің өзге облыстарынан 200-ге жуық педагог қатысты.

Мақсат — инновациялық идеялар негізінде көптілді білім беруді жүзеге асыруда жоспарланған жұмыстарды пысықтау, гимназиялардың іс-тәжірибесін тарату, талқылау.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптың оқушылары төрт пәнді (информатика, физика, химия, биология пәндері) ағылшын тілінде оқитын болады. Бұл мақсаттағы жұмыстар, яғни үш тілде білім беру жүйесін енгізу елімізде бұдан он жыл бұрын қолға алынды. Осы бағытта республиканың әр өңіріндегі 33 мектеп-гимназия, мектеп-лицей жұмыс істеп, педагогтер өзара тәжірибе алмасты. Сол мектептердің бірі — Астана қаласындағы №48 мектеп-лицей.

2007 жылы үш тілде білім беру жүйесін эксперимент ретінде енгізген еліміздегі 33 мектеп он жылдың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біздің мектеп-лицейде он  жылдан бері 7-11 сынып оқушыларына биология мен география пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Қазір мектебіміздегі, әсіресе, жоғары сынып оқушылары ағылшын тілінде еркін сөйлей алады. Сол себепті, 2019 жылдан бастап еліміздің барлық мектептеріне енгізілетін үш тілді білім беру жүйесіне көшуге біз толық дайынбыз, — дейді бес тілді жетік меңгерген мектеп-лицей директоры Зәуре Садықова. Ол көпшілік үштілділік дегенде тек қана ағылшын тілі үйретіледі деп түсінетінін, дегенмен, бұл — қате пікір екенін айтады.

Өйткені мектепте кейбір пәндер қазақ тілінде де, орыс тілінде де, ағылшын тілінде де тереңдетіліп оқытылады. Тіпті қосымша сабақтар да үш тілде, яғни бірі қазақша, екіншісі орысша, үшіншісі ағылшынша өткізілуі керек. Бұл көп ретте мектеп басшысының біліктілігіне байланысты. «Орыс мектептеріндегі балалар қазақ тілін білмейді» дейміз. Олардың қазақ тілін жетік меңгеруі үшін  балалар қызығушылықпен, ынта-ықыласпен ден қойып оқитын сабақтарды қазақ тілінде өткізуге болады. Мысалы, робототехника пәні қазақ тілінде өтсе, балалар қазақша сайрап кетер еді. Сондай-ақ, меніңше, орыс мектептерінде Қазақстан тарихы пәні міндетті түрде қазақ тілінде өткізілгені дұрыс, — дейді Зәуре Садықова.

Біздің облыста қазір үш мектеп — Назарбаев зияткерлік мектебі, Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназия және облыстық мамандандырылған қазақ-түрік лицейі үш тілде сабақ береді.

Мысалы, №21 мектеп-гимназияда 7-сыныптан бастап 4 пән — математика, физика, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде өтеді. Сондай-ақ, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады. Орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндері орыс мектептерінің бағдарламасымен оқытылады.

2019-2020 оқу жылында облыс мектептеріне информатика, физика, химия, биология пәндерінен сабақ беретін жалпы 724 педагог қажет.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button