Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!

Бекіш ҒАЛЫМОВ: еңбекпен тапқан нан тәтті

Әке мен бала

Кешегі кеңестік дәуірде адал еңбек, маңдай терімен Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауына Алтын жұлдыз таққан адамдар болды. Олардың қатарлары аз да емес еді, әр өңірде ұшырасатын. Заманында ардақталған  бұл адамдар туралы кейін көп айтылмады, ұмытылды. Соңғы ширек ғасырда дүниеге келген жастар олардың есімдерін білмеуі де мүмкін. Көбі дүниеден өтіп кетті. Біздіңше, біз әңгімелегелі отырған Бекіш Ғалымов еңбекте батыр атағын алған ақтөбеліктердің көзі тірі соңғы тұяғы. Жақында 80 жасқа толды. Кейінгі кезде сырқаттанып, жүріп-тұруы қиындап, үйден шыға алмай қалды. Осыны білетін Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаева еңбек ардагерін мерейтойымен құттықтауға ол тұратын Қарасу ауылына, шаңырағына келді. Әкімнің жанында аудандық мәслихат кеңесшісі Берік Бисекенов, облыс әкімінің аудандағы қоғамдық кеңесшісі Сансызбай Өткелбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов, еңбек ардагері Ғұсман Жұмбергенов болды. Ардагердің төрінде отырып, Ойылдан арнайы келген делегация, кезінде еңбектің шыңына шыққан ардақты азаматқа жүрек тебірентерлік құттықтауларын айтты, көрнекі етіп жасалған үлкен портретін тапсырды. Еңбекте де, өмірде де серігі, «Алтын алқа» иегері Айсұлудың иығына камзол жапты.

Жерлестері көрсеткен осы азғантай ілтипатқа ардагер, оның отбасы едәуір марқайып, көтеріліп қалды. Адамға жетпейтіні ықылас, көңіл екен.

Кешегі кездерде Бекіш ештеңеден кенде болған жоқ. Оған көрсетілген құрмет те аз болмады. Қой шаруашылығын дамытуға қосқан зор еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өйткені оның қой шаруашылығы саласындағы жеңісі ерлікке пара-пар болатын. Ол жоғары көрсеткішке жеткенге дейін ғалымдар еділбай қойының төл беру мүмкіндігі әр жүз саулықтан 116-118 қозы деп көрсетіп келді. Ал Бекіш оған дейін отарындағы әр жүз саулықтан бір жылы —120, екінші жылы — 130, үшінші жылы 140 қозы өргізіп келіп, 1979 жылы 163 қозы алды. Сөйтіп, ғылым болжамынан да асып түсті. Немесе даңқты жерлесі Шығанақ Берсиевтің егіншілік саласындағы рекордын мал шаруашылығында қайталап, күллі елді таңырқатты.

Мен өзімді даңқты шопанның еңбектегі ерлігінің куәгерінің қатарында санаймын. Себебі, оның еңбектегі кемел шағында аудандық, облыстық газеттерде қызмет істей жүріп жақын білдім. Үйінде де, жұмыс бабында да талай кездесіп,  әңімелестім.

Әсіресе, Бекеңнің әкесі ақылгөй, дана қарт Ғалым ақсақалмен сұхбаттасқаным есімде берік сақталып қалды. Шынында да, қой жайып жүрсе де ол кісіде Шығыстың зиялы қарттарына тән даналық, тілінде шешендік бар еді. Қонақжайылық танытып үйге ертіп әкеліп, жүрелеп отыра кетіп:

— Қарағым, баяғының байы бай емес, қазіргінің шопаны бай, — деп бастап әңгіме шерткені, одан бері қанша жыл өтсе де, көз алдымда тұр. Көйлегінің етегін делеңдетіп бос жіберіп жүретін, әңгіме айтқанда сақалын сауып отыратын әдеті бар екен. Жай ғана сөздерінің өзі мақал-мәтелдей естілетін.

Өмірінің арғы жағына тереңдемей, беріден қайырып, ұзақ жыл мал баққанын, бұл саланың қыр-сырын жақсы білетінін, бірақ өзі көп мақсатқа жете алмағанын, оған жоқтық, қол қысқалық оралғы болғанын, ұзақ жылғы тәжірибесін үйретіп, соның арқасында  баласының биікке жеткенін шаттанып айтып еді.

Арғы заманда Маңғыстауды жайлаған бұл әулеттің, анау жылдары теперішке ұшырап, Өзбекстанға өтіп, одан Түркіменстан асып, араға ұзақ жыл салып, атамекенге  алпысыншы жылдарға қарай оралғанын Бекіштің аузынан бергіректе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін естідім. Бекіш сол түркімен жерінде туып, сауатын сол тілде ашқан. Қазақстанға оралғанда бар құжаттарының түркіменше болғанын, тіпті есімінің де солай қойылып, қазақша атауға ыңғайланғанын айтады.

Бекіштің балалық, бозбалалық шағы өзге елде өткенмен, азамат болып қалыптасуы атажұртпен байланысты. Түркіменстаннан оралған соң, Ойыл ауданының Көптоғай, Қарасу ауылдарына қоныс тепкен еңбеккер әулет мал шаруашылығында бірден көзге түседі. Әуелі озат малшы, кейін тәуір шопан болып танылған әке 1963 жылы өзіне көмекші болып жүрген баласына отардың билігін біржола береді. Тек отар емес, ұзақ жылғы тәжірибесін де үйретіп, батасын беріп, енді одан әрі әкелі-балалы болып Атансауған қыстағында еңбекке құлшына кіріседі.

Ғалекең қарт шаруа аралап келген аудан, облыс басшыларына: «Сіздер басшылықтың, мен қойдың тілін білемін ғой» деп бастайды екен әңгімесін. Мұнысы — кеңседен басқа ештеңе көрмеген қайсыбір белсенділердің өзін үйретіп, басын қатырмасын дегені. Расында да, көзін малмен ашып, тіршілігін малдан айырған зерек шаруа төрт түліктің, оның ішінде қойдың, одан көп қозы алудың  жолын бір кісідей-ақ білетін еді. Ол ғылым тілімен айтқанда селекциялық, ақсақалдың өз сөзіне жүгінсек, сұрыптау жұмысы болатын. Былай қарағанда, бұл тың шаруа да емес. Ойыл жерінде егіншілікте даңқты диқан Шығанақ жүзеге асырып, әлемді таңғалдырған әдіс. Суармалы тарының ең толық, салмақты сабағындағы дәндерді бөлектеп іріктеп, сұрыптап, жылма-жыл егілетін тұқымды толықтырып отыруды жүзеге асырған. Жетпісінші жылдары бір әңгіме үстінде ойылдық құрметті ақсақал Өткелбай Қошқарбаев айтқан әңгіме де мал өсірудегі осындай сұрыптау әдісін еске салатын.

— Маңғыстаудан жұмыс іздеп Ойылға келдім, — деп бастайтын әңгімесін. — Ол кезде Көкжар жәрмеңкесі дүрілдеп жұмыс істеп тұр. Қазақ «Микол» атаған орыс байына жолықтым. Жәрмеңкеге  өңшең тайөгіз шығарып сатады екен. Соның 100 сиырын бағуға шарттастым. Сиыр еркек бұзау туса — онікі, ұрғашы бұзау туса —менікі. Алғашқыда байып кететіндей көрдім. Бірақ олай болмады. Сиыр табыны өңшең еркек бұзау туады. Ұрғашы бұзау біреу-екеу ғана. Бақсам сиырларды сұрыптап тастаған екен.

Алпысыншы жылдардан бастап Атансауғанда әке мен бала жүргізген жұмыс та осы еді. Ұзақ жыл отардың ішінен егіз, үштен, төрттен туатын саулықтардың тоқтыларын іріктеп алып қала береді. Осы әдісті ұзақ жыл арасын үзбей жүргізеді.

«Малды бағатын кәсіпкер ме?»

Осы жылдарды еске алғанда Бекіш:

— Жалпы мал өсіру қазіргі кәсіпкерлер ойлайтындай бір күннің ісі емес. Бұл салада аз уақытта, қысқа мерзімде табысқа жете алмайсың. Рас, қазір мал бағамын деген адамға мемлекет көп жәрдем көрсетіп отыр. Мал тұқымын асылдандыруға көмектеседі. Шаруасын жүргізуге ойдай қаржы береді. Бірақ мұны кәсіпкерлердің бәрі бірдей түсініп, өз орнына жұмсап отырған жоқ. Берген қаржыны малға салмай, олжа ақша сынды көреді. Оның ертең сұрауы бар-ау деп ойламайды, — дейді.

Бұл — оның мал шаруашылығында  ұзақ мерзімді табанды еңбекпен ғана мақсатқа жетуге болатынын білдіргендегісі. Ол тәлімгерліксіз, аға буын кіші буынға іс-тәжірибесін үйретпей мал шаруашылығында табысқа жетем деу бос әурешілік деп қарайды.

— Қазіргі бір өріссіз әдет кәсіпкерді ғана айтып, малшыны, шопанды ауызға алмайды. Ал малды бағатын кәсіпкер ме? Ол көп жағдайда істі ұйымдастырушы. Жақсы малшың, шопаның болғанда ғана малдың көбейетінін ұмытпау керек. Бірінші кезекте кәсіпкер осыны ойлағаны жөн. Естіп, көріп жүрміз, көпшілік шаруа қожалықтарына мал бағатын адам шықпай, табылмай жатады. Табылса да, көп құтаймайды, тұрақтамайды. Мұның себебі көп болуы мүмкін. Көп жағдайда еңбекақысы дұрыс төленбейді. Тиісінше жағдай жасалмайды. Осы жерде мал бағудың, оның ішінде қой бағудың жеңіл шаруа еместігін айтқым келеді. Қазір мұны шаруаға қыры жоқ кейбір адамдар 8 сағат кеңсеге барып келетіндей жұмысқа айналдырып алған. Ондай малшы, шопанның малы қалай жақсы болады? Малдың жайылыста ұзақ ұсталуы, қажет болса баяғы біз сияқты түнектетіп жаю талабы қай кезде де маңызын жоймауға тиіс. Біз таңның атысы, күннің батысымен жүрдік мал соңында. Күндіз-түні ойыңда отар тұратын. Күндіз бағып келіп, түнде ит-құстан күзетеміз. Уақытпен санасу деген жоқ, малдың жайымен жүреміз. Ал қазір шаруаның жайын жете білмейтін жастар малды мотоциклмен, тіпті машинамен бағуды шығарған, — деп ренжиді.

Осыны айтқанда, менің есіме мал шаруашылығының «оқымаған академигі» атанған Ғалым қарттың  күйек алу кезінде отарға бөгде адамдардың келгенін жарата бермейтіні түсті. Мұның мәнісін сұрағанымда: «Өрістегі мал тыныштықты қалайды. Соның ішінде қой малы үркек. Автокөліктің шуынан шошып үркіп тұрады. Жайылыстың шетінен көлікпен тосын біреу шыға келсе, жапырылып қашады. Мал баққан адамға бұл қалай ұнайды?» дегені бар. Бекіш те малдың жайына келгенде осы қағидаға берік.

Еңбек ерінің әлгіндегі шопанның қалыптасуы бір күннің ісі емес, ұзақ жол деген ойын өрістетсек, бұл кәсіптің қиын шаруа екенін ұға түсеміз. Ол бірден еңбектің батыры болып, абырой-атаққа бөлене қалған жоқ. Оған дейін 20 жыл бойы әкесінің, өзінің, тұтастай отбасының маңдай тері, табан ақысы кетті. Бұл шыңға ұзақ жыл өгіздей еңбек етіп жеткені өзіне аян, елге аян. Өзімен тұстас мал баққан адамдар отардан отар өргізуді меже тұтса, ол жыл сайын бір отар қойдан бір жарым отардан артық мал шығарып отырған екен. Егер алпысыншы жылдан бастап, кешегі тоқсаныншы жылдарға дейінгі Бекіштің өсірген қойының есебін шығаратын болсақ, анық Көптоғайдың аумағына сыймас еді. Бұл оның еліне, халқына берген ырыздығы. Бір адамның жасаған байлығы. Ал қазір осыған балама болатындай мысал бар ма? Мүмкін, бар да шығар, бірақ көп болмас.

— Оны көбейту үшін еңбек адамына деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Басқа ештеңе де емес, адамды ұшпаққа еңбек қана шығаратынын жастардың бойына сіңіруіміз керек. Тек мал емес, шаруаның қай саласына да еңбек қажет. Сосын кәсіпкерлер еңбек адамының маңдай тер, табан ақысын адал төлеуі керек. Оларды қанауға жол берілмеуі қажет. Сонда адал еңбекке жол ашылады. Еңбекпен тапқан нан тәтті. Оңай жерден ылдым-жылдыммен пайда тапсам деген оймен адам алысқа бармайды. Тіпті пайда тапқанның өзінде оның қайыры болмайды. Жеңіл келген байлықтың опа бермейтінін бүгінгі өмірден аз көріп жүргеніміз жоқ, — деп толғайды ойын Бекіш.

«Еңбек бәрін де жеңбек»

Ол еңбегімен тапқаннан асып дүниеге құнықпады. Жекешелендіру науқаны басталғанда, облыстық басшылар айтып тұрса да, бағымындағы бір отар қойды меншігіне аударудан бас тартты. Өзі еңбек еткен жерден ұзамай, бұрынғы ферманың орталығы Қарасу ауылына қоныс тепті. Қазір оның қарашаңырағының төрінде бір кездегі елге сіңірген еңбегін әйгілеп Алтын жұлдызы, ордендері, әр жылдарда алған чемпиондық ленталары мен өзге де марапаттары ғана ілулі тұр. Бір кезде Ойыл ауданында екі үлкен Мәдениет үйі болды, оның бірі — аудан орталығында, екіншісі Құрманов кеңшарының орталығы Көптоғайда болатын. Сол Мәдениет үйлерінің қабырғаларын тұтас көмкеріп, Бекіштің майлы бояумен салынған суреттері тұратын, қазірде де болу керек.

Сексеннің сеңгіріне өрлеген Бекіш пен Айсұлудың негізгі байлығы балалары деуге болады. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген даналық сөз бар. Қарапайым шопан өзінің еңбегі арқылы көп игіліктерге қол жеткізді. Балаларын ішіндірді-киіндірді, оқытты, олардың жоғары білім алуларына жағдай жасады. Қазір балалары Бейбіт Талғат, Разия, Замарт, Әлия, Сырбай, Ыбырай әр салада қызмет істеп, кейінгі жастарға үлгі боп, өнегелі отбасынан ұшқандарын көрсетіп жүр. Олардан немере, шөбере сүйіп, Бекіш пен Айсұлу бақытты қарттықтың қызығын көруде. Ата мен әженің тілегі де сол ғой!

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button