Спорт

Тең текетірес

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 1:1

6-турда «Қайрат» төрт тең ойыннан соң ақыры зарыққан жеңісіне жетті. Рас, онсыз да 11-орында келе жатқан «Шахтерді» ұтты. «Астана» 12-орында тұрған «Атыраудың» қақпасына 84-минутта соққан голы арқылы ұтысқа ие болды. Алғашқы үштікте келе жатқан «Қайсар» мен «Тобыл» тең ойнады.

Өз алаңында өткізген екінші кездесуінде де «Ақтөбе» жеңіске жете алмады, тіпті тағы да жеңіліп қала жаздады. Жоқ, нашар ойнады дей алмайсыз. Тіпті оралдықтарды тықсырып бақты-ақ. Бірақ тағы да нәтижесіз шабуылдардың куәсі болдық.

Өткен турдағы сенімді жеңістен соң қанаттанып қалған жерлестеріміз бірден-ақ ойын тізгінін қолға алғандай көрінген. Әсіресе, қай кездегідей де Жуниньо желе жортумен болды. Оған Кассиано мен Мамуте қосылды. Әттең, стандартты жағдай сан соқтырды. 10-минутта қарсыластарымыздың қорғаушысы Аренас Дельгадо алаңның орта тұсынан айып добын орындады да, біздің қорғаушыларымыздың ортасында жүрген Мейрам Сапановты дәл тапты. Ол допты баспен соғып қақпаға тура бағыттай қойды, қорғаушыларымыз бөгет жасай алмады, Андрей Сидельников қапы қалды — 0:1.

Әрине, ақтөбеліктер аса абыржи қойған жоқ, алда әлі 80 минут уақыт бар еді. Тіпті есепті теңестірудің ауылы да алыс қалмаған сияқты еді. 20-минутта Хуан Торрес тамаша соққы жасады, бірақ оралдық қақпашы шалт қимылдап үлгерді. Бұдан соң да жерлестеріміз бірнеше шабуылдар жасады, бұрыштама доптар соқты, Жуниньоның соққысын Антон Шурыгин қақпаға дәл бағыттай алмай қалды, әйтеуір бірінші таймда есеп өзгермеді. Бірде қақпашы шеберлік көрсетсе, бірде футболшыларымызға дәлдік жетіспеді.

Екінші таймда да алаң иелері шабуылдаудан тынбады. Жуниньо, Кассиано, Антон Шурыгин, Кирилл Шестков, әйтеуір, қай-қайсысы да ілгері ұмтылумен болды. Өкінішке қарай, қай кездегідей де нүкте қояр футболшы табылмай қойды. Ойын аяқталуға он минут қалғанда павлодарлық төреші Григорий Московченко екінші рет ескерту қағазын алған Руслан Валиуллинді алаңнан қууға мәжбүр болды. «Ақтөбе» ерекше белсене түсті. 87-минутта Александр Воловик сол қанаттан тастаған доп оң қанатта жүрген Асланбек Кәкімовке жетті де, ол допты кідірместен айып алаңына қарай әуелете тепті, осы жерде Кассиано шалт қимылдап, допты көз ілеспес жылдамдықпен баспен соғып қақпаға енгізді де жіберді — 1:1.

Соңғы минуттарда «Ақтөбе» есепті ұлғайтпақ ниетпен жанталасып-ақ бақты. Бірақ оңтайлы сәттер тағы да пайдаланусыз қалды. Оның үстіне «Ақжайық» уақытты созудың түрлі айла-шарғыларын жасаумен болды. Сөйтіп, төреші негізгі уақытқа қосқан 6 минут та зырлап өте шықты.

Осылайша «Ақтөбе» жалпы алғанда өз алаңында өткен 2 ойында 1 ұпай ғана жинады. Әрине, өкінішті.

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 1:1

Гол авторлары: Мейрам Сапанов, 10-минут (0:1); Кассиано, 87-минут (1:1).

80-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Р.Валиуллин («Ақжайық») жасыл алаңнан қуылды.

«Ақтөбе»: Андрей Сидельников (капитан), Касиано, Жуниньо, Хуан Торрес (Игорь Зенькович, 54-минут), Александр Воловик, Папа Гуйе, Иури Мамуте, Рафхат Аслан (Бауыржан Байтана, 72-минут), Бағдат Қайыров (Асланбек Кәкімов, 46-минут), Кирилл Шестаков, Антон Шурыгин.

«Ақжайық»: Денис Төлебаев, Предраг Говедарица, Ортиз (Матиас Рубио, 86-минут), Йован Николич, Майкл Одибе, Азука Изу, Аренас Дельгадо (Иван Антипов, 69-минут), Руслан Валиуллин, Андрей Шабаев (Дмитрий Шмидт, 64-минут), Мейрам Сапанов (капитан), Азат Ерсалимов.

Ескерту қағазын алғандар: Кассиано, 30-минут; Р. Аслан, 56-минут («Ақтөбе») — А.Шабаев, 53-минут; М.Сапанов, 60-минут; Р.Валиуллин, 67-минут; Й.Николич, 76-минут; М.Рубио, 90+3 минут («Ақжайық»).

8 сәуір. Ақтөбе. №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы. 3000 адам.

*   *   *

 

Басқа кездесулер:

«Шахтер»-«Қайрат» — 1:4

Гол авторлары: Исаэль, 12-минут (0:1); Жерар Гоу, 17-минут (0:2); Жерар Гоу, 19-минут (0:3); Жерар Гоу, 65-минут (0:4); , Аллегриа, 81-минут (1:4).

8 сәуір. Теміртау. «Металлург» стадионы. 1000 адам.

«Оқжетпес»-«Ертіс» — 0:2

Гол авторлары: Исмаэль Фофан, 57-минут (0:1); Александр Кислицын, 65-минут (0:2).

8 сәуір. Щучинск кенті. «Жақсы» стадионы. 150 адам.

«Атырау»-«Астана» — 0:1

Гол авторы: Юрий Логвиненко, 84-минут (0:1).

8 сәуір. Атырау. «Судоремонтник» стадионы. 1500 адам.

«Қайсар»-«Тобыл» — 0:0

8 сәуір. Қызылорда. «Локомотив» стадионы. 3640 адам.

«Тараз»-«Ордабасы» — 2:1

Гол авторлары: Руслан Мухаметшин, 16-минут (1:0); Мардан  Төлебек, 30-минут (1:1); Жақып Қожамберді, 31-минут (2:1).

8-сәуір. Тараз. «Ұлан» стадионы. 3000 адам.

 

*   *   *

5-турдың нәтижелері:

Бұл турда барлығы 13 гол соғылды. Бір ерекшелігі, алаң иелері 4 гол соқса, қонақтар 9 доп өткізді.

Үш ойында қонақтар жеңіске жетті, екі кездесу тең есептермен аяқталды, ал алаң иелері бір ойында ғана ұтты.

Чемпионат басталғалы бір турда алты ойын алты түрлі есеппен аяқталды.

Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. Сондай-ақ 4:1 және 2:0 есептері чемпионат басталғалы алғаш рет тіркелді.

Бір футболшы бір ойында үш гол соқты — Жерар Гоу («Қайрат»)

Ең шапшаң голдың авторы — Мейрам Сапанов, 10-минут («Ақжайық»).

Бір футболшы жасыл алаңнан қуылды.

Пенальти белгіленген жоқ.

«Шахтер» қатарынан төртінші рет ұтылды.

Турнир кестесіне келсек, 1-3 орындарды 11 ұпайдан жинаған үш команда бөлісіп тұр: «Тобыл», «Қайсар», «Ертіс».

10 ұпайдан жинаған және үш команда 4-6 орындарға шықты: «Қайрат», «Ордабасы», «Астана».

7-9 орындар да үш команданың еншісінде — 5 ұпайдан жинаған «Ақтөбе», «Ақжайық», «Тараз».

10-орында 4 ұпаймен «Оқжетпес» қалды.

11-орындағы «Шахтердің» 1 ұпайы бар.

12-орында «Атырау» тұр (-7). Чемпионат басталарда атыраулық командадан ФИФА шешімімен 9 ұпай шегерілгенін еске саламыз.

Чемпионат басталғалы 32 кездесу өтті. 14 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 7 тайталаста қонақтар басым түсті, 11 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 67 гол соғылды (алаң иелері — 38, қонақтар — 29), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,09 гол енді.

Әзірге ұтылмаған командалар екеу болса («Қайсар», «Қайрат»), әлі жеңіске жетпеген командалар да екеу («Шахтер», «Атырау»).

Мергендер көшін 5 доппен Жерар Гоу («Қайрат») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Жуниньо — 1 доп;

Кирилл Шестаков — 1;

Игорь Зенькович — 1;

Кассиано — 1.

*   *   *

 

6-турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнайды. 12 сәуір, сәрсенбі күні «Астанамен» кездеседі.

Басқа ойындар:

«Атырау» — «Шахтер»

«Ақжайық» — «Оқжетпес»

«Ертіс» — «Тараз»

«Ордабасы» — «Қайсар»

«Тобыл» — «Қайрат»

 

Қазақстан кубогы

 БҰЛ КЕЗДЕСУ ТЕҢ АЯҚТАЛМАЙДЫ

Футболдан Қазақстан Кубогы үшін болатын 1/8 финалдың жеребесі тартылды.

«Ақтөбе» 19 сәуір күні өтетін бұл кездесуде «Ақжайықпен» күш сынасады. Ойын Орал қаласында өтеді.

Бұл сатыда жеңімпаздар осындай бір кездесудің қорытындысы бойынша ғана анықталады.

Басқа кездесулер:

«Қызыл-Жар СК» (Петропавл) — «Ордабасы» (Шымкент)
«Тобыл» (Қостанай) — «Шахтер» (Қарағанды)
«Мақтаарал» (Шымкент облысы, Мақтаарал ауданы) — «Оқжетпес» (Көкшетау)
«Ертіс» (Павлодар) — «Қайсар» (Қызылорда)
«Қыран» (Шымкент) — «Атырау» (Атырау)
«Қайрат» (Алматы) — «Тараз» (Тараз)

«Жетісу» (Талдықорған) — «Астана» (Астана)

Жеңіске жеткен 8 команда ойындарын одан әрі төмендегі мерзімдерде өткізеді:

10 мамыр, сәрсенбі

1/4 финал

24 мамыр, сәрсенбі

1/2 финал, бірінші кездесулер

21 маусым, сәрсенбі

1/2 финал, қарымта кездесулер

14 қазан, сенбі

Финал

Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстан кубогын «Астана» командасы еншілеген болатын. Елордалықтар «Қайратты» жеңді. Ал «Ақтөбе» командасы бұл Кубокқа 2008 жылы ие болған еді.

 Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button